Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 19 Қазан, 2021

Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы қаралды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі хабарлайды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.

2019 жылы басталған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды жаңа өңірлік стандарттарға дейін жеткізу. 6,9 млн адам немесе ауыл халқының 89%-ы тұратын 3561 перспективалы ауыл іріктеп алынды.

2019-2020 жылдары ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың Жол картасын, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын ескере отырып, сомасы 618 млрд теңге болатын 12 мың жоба іске асырылды.

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары жобаларды іске асырудың төмен қарқынын көрсетіп отыр.

Алдағы 5 жылда «Ауыл – Ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал барлық қаржы көздерін ескере отырып, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жоспарланған.

2025 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге қол жеткізіледі, 10 мың км кентішілік жолдардың жай-күйі жақсартылады, 12 мың км инженерлік желілер, бірнеше мыңдаған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынды және жөнделді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылды.

АӨК саласында 4,5 трлн теңге сомасына 1 мыңға жуық жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады, қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есе артады. 1 млн ауыл тұрғыны өз табысын арттырады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады және ауылдарды дамытуға жаңа серпін береді», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді және бірыңғай тәсілін, 2025 жылға қарай нысаналы индикаторларға қол жеткізуді, сондай-ақ ауылдық жерлерде кредит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ні тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

740 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз