Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 20 Қазан, 2021

Мидың математикалық құпиясы

Англия. Ноттингем қаласы. 1811 жыл 

Чарльз кеңседен қолына бір жапырақ қағаз ұстап шықты. 20 жыл жұмыс істеген мақта өңдеу фабрикасындағы соңғы жұмыс күні осылай боларын біліп пе еді? Бозбала болып келіп, самайы боз тартқанша басы артық арман ойлап па еді? Артық жалақы сұрап, арам тірлік істеп пе еді? Ең құрығанда бір күн кеш келіп, ерте кеткен кезі болды ма? Есіне түсіре алмады. Сол үшін де жанындағылардың көбі осылай бір жапырақ қағаз ұстап кеңседен көңілсіз шығып жатқанында да ол сенімді жүрген. Міне, сенімі сетінеп тұр...

Күнқағарлы баскиімін киіп, жұмыс орнына келе жатыр. Бұрын адамдардың көңілді әңгімелері мен анда-санда құралдардың қақтығысып қалғаны ғана естілетін кең аңғардың   қазіргі шуынан құлақ тұнады. Тақырлаған темір. Иә, өзінің, досы Честердің, қария Стивеннің бәрінің жұмысын бүгінде осы темір құралдар тартып алған. Мойындауы керек, әрине, жалғыз құрылғы 10 жұмысшының ісін ат-қара алады. Бірақ ол 10 жұмысшының отбасын асырай алмайды ғой. Яки фабрика басшысы семіз Джон 10 есе байып кетер. Сонда ашынған отбасының обалы кімге? Темірге ме, семіз Джонға ма? 
Бүкіл фабрика жұмысшылары станоктарды алғаш көргенде күлісіп алды. Олар адам істейтін дүниені темірдің істей аларына сенбеген. Алғашында бұл қу темір өздерімен бірге істеді жұмысты. Араға он күн салып екіншісі келіп қосылды. Осылай фабрика ішінде темір станоктар көбейген сайын, жұмысшылар азая берген. Чарльздің негізгі жұмысы темірдің құзырына өткен кезде, басшылық оны бақылаушы ретінде алып қалды. Станокты майлау, қосып-өшіру секілді майда-шүйде жұмыстар бар еді. Кейде санасыз қу темір мақтаны артық қарпып, қақалып жататын. Сол кезде өшіріп, өңешін тазалап тұрады. Десек те мұндай оқиғалар сирек болатын. Сондықтан, міне, әрбір бес станокқа жалғыз бақылаушыдан қалдырыпты да, қалған төрт бақылаушы тағы жұмыстан шығып отыр. Ол темір станоктарға қарап тұрып, ашу шақырып көрді. Келмеді. Көңілін босатып, жылағысы келді. Жылай алмады. Көң болып кеуіп, тоң болып қатқан көңіл балаларын ойлағанда ғана жіпсігендей болған. Бірақ жанына келген Честер мен қария Стивенді байқап тез жиды бойын. 

– Қаралы қағазды сен де алдың ба? – деді Честер. Чарльз қолына қарады. Самайы боз тартқаны болмаса, бойында күші бар. Сондықтан ол қария Стивенді мүсіркеген кейіппен бұрылып еді:

– Чарльз, маған көңіл айтудың қажеті жоқ, – деп езуіне қыстырған мүштігін бұрқ еткізді. – Балаларымды өсірдім. Жеткіздім. Кемпірім екеуміздің нан-суымызды солар-ақ ажыратып берер тым болмаса. 

– Ал сендер ше? 

– Ал біз Луд корольдің соңынан ереміз, – деді Честер асығыс. 

– Ол жұмыс тауып бере ме? – деген Чарльзге екеуі күліп жіберген. 

– Жоқ. Жұмыс тауып бермейді. Бірақ станоктар тартып алған жұмысымызды өзімізге тартып әпереді. 

– Честер, – деді қария Стивен: – Сол істің түбі бұлыңғыр. Қосылмай-ақ қойсаңдар қайтеді?!

– Май зауытында да, тігін шеберханасында да, тіпті портта да осы жағдай. Жұмыссыз қаңғығандарға көшеде сүрініп жығыласың. Екі-ақ жол бар. Не Луд корольмен бірге бас көтеру, не Наполеонға қарсы соғысқа аттану. Мен соғыста өлуді ойлаған емеспін... Сен ше?

Чарльз қапелімде не дерін білмей қалды. Оның жұмыста қалатынына сенімділігі сонша, сенімі қамсыздыққа жеткен екен. Өзін ысырған станокқа келмеген ашуы енді өзіне келе бастады. Отбасым деп жұмыс істеді. Мақұл. Баламды қатарынан қалдырмаймын деді. Дұрыс-ақ. Бірақ осынша жұмыс пен үй ортасын ғана жол қылуға болар ма? Ал енді алдында не жол? Соғыс? Ол Чарльзсіз-ақ жүріп жатыр. Оның үстіне қырықтан асып, қолына мақта тарағыштан өзге құрал ұстамаған бұл соғыста не істемек? 

– Честер, Луд король деген кім? 

– Кешкісін порт маңындағы пабқа кел. Сонда сөйлесеміз. Кешкілік жиналған халық алдына өздері секілді киінген бір жұмысшы шықты. Өзін Луд корольдің осы қаладағы өкілі ретінде таныстырып, сампылдап сөйлеп кетті. 

– Біздің жұмысымызды станоктар тартып алды. Тек сендер ғана емес, қазір бүкіл Англия халқы сол темірден зардап шегіп отыр. Біздің жауымыз – станоктар. Оларды жаппай қиратқанда ғана біз өз жұмысымызға ораламыз. Бәрі баяғыша болмақ. Сондықтан баршамыз бірігіп, әрбір өндірістегі машиналар мен станоктарды қиратуымыз керек. Ал ең өндірісті қала – біздің Ноттингем. Яғни көтерілістің ошағы да осы болмақ. 

Осындай жиналыстардан кейін аздаған топтар жиналып, әр түн сайын кішкентай фабрикалардың станоктарын қирату науқаны басталды. Алғашында барлығы көтерілісшілердің ойындағыдай болған. Бірақ Луд корольдің соңынан ергендердің саны көбейіп, алпауыт зауыттарға ауыз салғанда, жазалаушы әскер шықты. Осылай Луд король соңынан ерушілер аяусыз жазаланған болатын. 17 адам орталық алаңда дарға асылды. Оның ішінде Чарльз де бар. Мойынына түйілген арқан салынған сәт ол өзіне дән риза еді. Өйткені көтеріліске қатысқан соңғы екі жыл оның өмірінің ең мәнді кезеңіндей көрінді. Иә, жұмыс пен үй арасында сүйретілген мақұлық емес, өзін адам сезінген. Балаларымен де осы сөзді айтып қоштасты. 
Жанындағы досына бұрылып, көкейіндегі сөзді айтып үлгерді. 

– Честер, соғыс біткен жоқ. Енді басталды...

* * * 
АҚШ. Массачусетс. 1943 жыл 

Ұмытып қалмау үшін қаламын жылдамдата түскен оның ойын қонақ креслосына біреудің келіп жайғасқаны бөліп жіберді. Қараңғы бөлмеде тек үстел шамымен отырған ғалым алғашында оған назар аударған жоқ. Тек жазуын одан әрі жылдамдата түсті. Жазуы тым көріксіз тартқанына назар салған жоқ. Әлден уақытта кресло жақтан: 

– Асықпа. Бәрібір ұмытпайсың, – деген өктем үн естілді. 

– Уолтер?

– Мені танымайсың... 

Ғалым жарықты жаққысы келіп, орнынан тұрып еді: 

– Мен жарықты ұнатпаймын. Әңгімемізге кедергі келтіреді. Егер қаласаң, мен кетейін...

– Жоқ, жақпаймын. Отыра тұр, – деп Мак Каллер кресло жаққа енді ғана анық назар аударды. Алакөлеңкеде қарайған бейнеден өзге ештеңе көре алмады. Адам, не адам кейіпті бір мақұлық. Ажырату қиын.

– Тыңдап отырмын. 

– Жоқ. Мен сені тыңдайын. Жаңалығың бар секілді, – деді креслодағы қонақ. 

– Иә, бар! Бірақ мұны бірінші Уолтерге айтуым керек еді...

– Қорықпа, сенің жаңалығың маған қажет емес. Ғалым емеспін. 

– Иә... Ғалымға ұқсамайсыз. Бірақ бәрін білетіндей сөйлейсіз.

– Білетінім рас. Ұмытпайсың дегенім де сондықтан. Сенің жаңалығың адам миына байланысты ғой, солай ма?

– Адам миы болғанда, соның көшірмесіне байланысты, – деп ғалым қағаздарын ақтарыстыра бастады. Егеуқұйрықтарға жүргізілген тәжірибе барысында олардың миының ақпаратты қалай өңдейтіні анықталған болатын. Адамдікі де солай болса керек. Яғни ми ақпаратты қабылдайды, өңдейді, шешім шығарады. Сол шешім бізді қажетті әрекеттерге бастамақ.

– Бұл жаңалық емес, – деді тағатсызданған қонақ. Ғалым тосылып қалды. Бір сәт өзін ыңғайсыз сезініп, танымайтын адамның алдында мұнша ақталып тұрғанына жыны келген еді. Бірақ ғалымдық қызығушылық пен бойына сыймаған қуанышы әңгімесін ары жалғауға итермелей берді. 

– Менің... біздің серіктесіміз екеуміздің жаңалығымыз сол, адам миындағыдай жасанды нейрондық желі жасау. Яғни адам миының көшірмесін жасауға деген ұмтылыс.

– Ол адамзатқа нендей көмек бермек?

– Оның практикалық маңызы аса ойландырған жоқ бізді. Тек...

– Тек ғылымға деген құштарлық па? 

– Бәлкім, – деді ғалым күмілжіп. Әлден уақытта есіне бірдеңе түскендей сөзін дереу жалғады. – Жасанды нейрондық желі немесе жасанды мидың артықшылығы көп. Ол шешім шығару кезінде тек суық ақылға бағынады. Адами фактордан тыс және адами эмоциясыз шешім шығара алатын болмақ. Ал бүгінгі көптеген мәселенің шешімін табары сөзсіз емес пе? 

– Оған келісемін. Яғни жасанды ми жасауға болады дейсің ғой?!

– Мен теоретикпін. Теориялық тұрғыда, әбден болады. 

– Ол өзі шешім шығара алатын жасанды сана болса, күндердің күнінде адамзат баласына қастық ойлауы мүмкін бе?

– Жоқ. Ол тек адам салған ақпараттар негізінде жұмыс істейтін болады, – деді Мак Келлер. 

– ...деп сен ойлайсың, Мак Келлер мырза, – деп креслодағы қонақ нығыздай сөйледі. – Сенің идеяң Рене Декарттан басталатынын білесің ғой. Мен оның үйінде де қонақта болғанмын. Өмір бойы өзін кінәлап өткені де менің келуімнен болатын. Өйткені сен жасап отырған дүние адамзатты екінші Луд көтерілісіне әкеп соқтырады. Бірақ бұл екінші көтерілістің салдары ауыр болмақ. Өйткені баяғы станоктар адамнан физикалық жұмысын ғана тартып алса, сенің идеяң адамнан ойлауын да, санасын да тартып алатын болады. 

– Тым қоюлатпаңыз, мырза! – деуге ғана шамасы келді ғалымның. Содан кейін қолдары қалтырап қағаздарын жинастыра бастады. 

– Сейілте айтқаным – осы. ...Сен еңбегіңді өртеп жібергің келіп отыр ғой. Олай алқынба. Сен, бастысы, бұл тұжырымды ойлап, ноосфераға, ой ағынына ұзатып салдың. Енді ол ой өлмейді. 

– Сен... сен... ібіліс боларсың?

– Неге олай дейсің? Жақсылық пен жамандық, қайғы мен қасірет – осы жұптың бәрі Құдайдан. 

– Адамзатқа жамандық өзінен! 

– Математиканың қарапайым заңын түсінбепсің. 3 әрқашан 9-дан кіші.

* * * 
АҚШ. Нью-Йорк. 2017 жыл 

Goldman Sachs банкінің штаб пәтерінен екі жігіт шығып келе жатты. Бірінің жанарынан қуаныш байқалса, екіншісі үнсіздігімен көңіліндегі алаңын жасыра алмай келе жатыр. Қуаныштысы – Джим. Көңілсізі – Уилл. 

– Атап өтелік! Мен төлеймін.

– Зауқым жоқ! – деп Уилл такси тоқтатқысы келіп еді, Джим қайта жармаса кетті:

– Жүр деймін. Сергіп қаласың! 

Екеуі жақын маңдағы пабтардың біріне келді де, даяшыға тапсырыс берген. Джим сөзді өзі бастады. 

– Қуанбайсың ба? 600 адамның ішінен екеуміз үздік деп танылдық. Жұмысымыздағы басты мақсатымыздың өзі осы емес пе еді?

– Үздік болуға менің де қарсылығым жоқ, Джим. Тек екеумізден басқа 598 адам жұмыстан босады ғой. Олардың ұнжырғасы түсіп, бас ғимараттан қалай шығып бара жатқанын өз көзіңмен көрдің емес пе?!

– Көрдім. Бірақ көңіліме алмадым. Бұл – өмірдің, заманның талабы. Бүгінгі таңда әлемнің ірі банктерінің барлығы дерлік трейдерлердің қызметінен бас тартып жатыр. Оның орнын нейрондық желілер, һәм жасанды интеллект басады. Бұл әлдеқайда тиімді және банк үшін арзанға түседі. 

– Оның рас! Бірақ бір ғана біздің сала емес, тұтас әлемдегі байқалатын тенденция – осы. Адамның өзі жасаған жасанды интеллект өзін жұмыстан айырып отыр. Адамдардың ой жұмысын тартып алды. 

– Сен нео-луддиттер тобына қосылсаңшы, – деп Джим қарқылдап күліп алды. 

– Олар кімдер еді?

– ХІХ ғасыр басында машина, станоктарға қарсы күресушілер болған. Ал бүгінгі нео-луддиттер жаңа технология біткеннің бәріне жаны қас. 

– Сонда олар компьютер, смартфондарды мүлде пайдаланбай ма? 

– Ондайлары да бар. Олардың көбі сен айтқан құрылғыларды ерекше «диетамен» пайдаланады екен. 

– Тұтас адамзат нео-луддит болып кетпесі белгілі ғой. Оның үстіне бұл бағыт жұмыс нарығынан адамның шеттетілуін тоқтата алмайды. 

– Олай болса, болашақ ұрпақ тек шығармашылықпен айналысатын болады. 

– Бәлкім. Шығармашылық пен жарату – тек адамның еншісіне берілген қасиет қой. 

– Соған сенейік!

* * *
Қазақстан. Нұр-Сұлтан қаласы. 2021 жыл 

Қазмедиа орталағының №5 студиясында «Сана» бағдарламасының түсірілімі басталғалы тұр. Жүргізуші спикерлердің барлығын үшбұрыш үстелдің басына жинап, қандай сұрақтар болатынын түсіндіріп жатты. Келген төрт спикердің үшеуі технократ болатын. Олардың әңгімелеріне көбіне тыңдаушы болып бір ғана жазушы отырды. Бағдарламаның бүгінгі тақырыбы – жасанды интеллект. 

Тарихы мен даму тенденциясы біршама айтылып болғаннан кейін, жасанды интеллекттің өзіндік дамуы, сол даму арқылы болашақта адамды жұмыс нарығынан ысырып шығару қаупі туралы да біраз әңгіме өрбіді. Осы тұста жүргізуші жазушыға тікелей сұрақ қойды:

– Жасанды интеллект шығармашылық адамдарын, яғни жазушы, ақын, композиторлардың орнын баса ала ма?

– Қазіргі таңда жасанды интеллект өзінше мәтін құрап, адамның сөзі мен эмоциясын ұғына алатын деңгейге жетті. Десек те ол шығармашылық адамдарының орнын баса алмайды. Өйткені көркем шығармада адамға әсер ететін мәтіндегі сөздер жиынтығы емес, энергия. Яки сол шығарманы жазып отырғандағы автордың көңіл-күйі. Ол жазуға сіңіп, оқырманға жетеді. Ал жасанды интеллект сағыныш, махаббат деген қасиетті, қастерлі сезімдерден ада. Онда тіпті көңіл күй деген дүниенің өзі болмауы керек. Сондықтан жасанды интеллект қарапайым мәтіндерді құрай алғанымен, адам эмоциясына әсер ететін мәтін, көркем мәтін жаза алмайды. 

Жазушы осы сөздерді айтып, «тәмам» дегендей алдындағы стакан суды қолына ала бергенде, жасанды интеллекттің бағдарламалау тілімен айналысатын үлкен кісі биязы ғана сөз сұрады. Бағанадан бері байқап отыр. Бұл кісілер бір-бірінің сөзіне аса килікпейді және өзіне сөз берілгенде ғана айтарын айтып тына қалатын. Сөз сұраған кісі баяу ғана әңгімесін бастап кетті. 

– Жасанды интеллект көп мамандықты қажетсіз етері даусыз. Осы мәселенің шешімін ғалымдар іздестіруде. Сонымен бірге бүгінгі ғалымдардың басты зерттеу тақырыптарының бірі – мидың кодын табу болып отыр. Сіздің компьютер, планшет, смартфонның барлығы екілік кодпен жұмыс істесе, ғалымдар мидың қандай кодпен жұмыс істейтінін зерттеп жатыр. Шынында егер мидың кодын таба алсақ, онда адамның бүкіл эмоциясының коды бізге белгілі болмақ. Сол код арқылы біз жасанды интеллектті жылатып, күлдіріп, қайғырта да аламыз. Сондықтан жасанды интеллекттің шығармашылық адамдарын алмастыра алмауы – уақыттың ғана еншісінде. Жазушы үнсіз басын изеді. Қарсы жауабы жоқ. Оның ойына шығарма жазып отырған жасанды интеллект елестей берді. Бірақ ол оны бәрібір адам кейпінде елестете алған жоқ.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы

856 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз