Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Қазан, 2021

Нұрлықыз Нұрлыбекқызы, логопед-дефектолог: Тілдегі кемшілік өмір сүруге əсер етеді

халықаралық симпозиумын қарап отырмыз. Осы саланың мамандары «отандық логопедия» деген сөзді жиі пайдаланады екен. Дефектология саласының түрлі проблемаларын талқылады. Соңғы жиырма жылда балалардың тіліндегі кемістік алты есеге көбейгенін де айтып қалды. Әрине, бұл Қазақстанға қатысты емес мәлімет. Елімізде тіл кемістігі қаншалықты көп, аз екенін көрсетіп беретін маман да, статистика да жоқ. Бірақ бұл мәселе бүгінде елімізде өте өзекті. Мұны мемлекеттік мекемелерден басқа, жекеменшік логопедия орталықтардың көбейгенінен байқауға болады. Нұрлықыз Нұрлыбекқызы логопед-дефектолог ретінде осы салада алты жылдан бері істеп келеді. Жеке орталығы бар. Логопедияға арналған қандай да бір ғылыми конференциялардың болып тұратынынан бейхабар. Бірақ балалардың тіліндегі кемістіктер туралы өзінің айтары бар.

– Логопед – тек тілдегі кемісті түзетумен айналысатын маман деп білеміз. Бұдан бөлек, оның қандай міндеттері бар? 

– Логопедия – дефектология саласының бір бөлігі. Логопед – баланың сөйлеу тілін дамытатын маман. Менің мамандығым – логопед-дефектолог. Логопед ретінде тілдегі кемшіліктермен жұмыс істесем, дефектолог ретінде баланың бойындағы артта қалушылық, дамуында, ойлауында, естуіндегі қиындықтармен жұмыс істеймін. 40 минут сабақтың 20 минутында баланың сөйлеу тіліне, артикуляциялық аппаратына көңіл аударамыз, қалған 20 минутты баланың танымдық процесіне, психологиялық тұрғыда өзінің жасына сай қаншалықты дамып келе жатқанына арнаймыз. 

– Баланың дұрыс сөйлей алмауына отбасындағы жағдайлар қаншалықты әсер етеді? 

– Өкінішке қарай, кейде баланың дұрыс сөйлеуіне ата-аналар да кедергі келтіреді. Еркелетеді, шектен тыс қамқорлық көрсетеді. Мұның балаға тек зияны тиеді. Мидағы қандай да бір қиындықтарды айтпағанда... Баланың ыммен көрсеткен нәрсесінің бәрін орындай салады. Сөйтіп, баласының дамуы баяулап жатқанын сезбейді. Екі жастан бастап мектеп жасына дейінгі балалардың елу пайызы денсаулығына байланысты артта қалып жатса, елу пайызы ата-анасының шектен тыс қамқорлығының кесірінен дамымай қалады. 

– Жақсы логопед пен нашар логопедті қалай ажыратуға болады? Қазір бір логопедтен екінші логопедке балаларын қаратып жүрген ата-аналар көп. 

– Ол үшін логопедтің осы салада тер төгіп, төрт жыл оқыған-оқымағанына көңіл аудару керек. Қазір неше түрлі курстар бар. Бір курсты оқып алып, өзін логопед маманмын деп есептейтіндер көп. Төрт жыл бакалавр, екі жыл магистратура оқыған маман мен бір ай курс оқыған маманның айырмашылығы жер мен көктей емес пе?!. Ол маман баланың сөйлеу тілінің дамымай қалғанының негізгі себебін анық ашып бере алды ма? Осыған назар аударған жөн. Себебін аша алмаса, тілдегі кемістікті түзету, жою мүмкін емес. Сосын түзету жұмысын қалай жүргізетінін ата-анасына айтып беру керек. Ата-ана қандай техникаларды пайдаланып жатқанынан хабарсыз болмауы қажет. Сіз барып жүрген маманның білікті-білікті емес екенін содан байқауға болады. Баланы кабинетке кіргізіп алып, бір сағаттан кейін «сау болыңыздар» деп алып шықса, бір таңғажайып болмаса, нәтижеге жету мүмкін емес. Сосын, әрине, баланы логопедке тапсырып қана қоймай, ата-анасы үйдегі логопедке айналу керек.  

Мысалы, анасынан басқа ешкім түсінбейтін бір бала орталығымызға келді. Тұтығады. Бала екі жыл бойы күнде бір жарым сағат логопедпен жұмыс жасаған. «Баланың сөйлеу тілі өте күрделі, сондықтан күнде келесіздер», – депті логопеді. Бірақ екі жылда ешқандай нәтиже шықпаған. Ата-анасы сабырмен соңына дейін күткен. Еш нәтиже көрмеген соң туыстарының айтуымен, маған алып келді. Бала алдымда отырған кезде неліктен сөйлей алмайтынын байқадым. Маман қанша жерден керемет техниканы пайдаланса да, аурудың негізгі себебін анықтай алмаса, нәтижесіз болады. Сөйтсе, бала мұрын арқылы тыныс ала алмайды екен. Оны анасы да, сабақ жүргізген маман да байқамаған. Жылдар бойы мұрынмен тыныс ала алмай, қиналып сөйлей бергеннен тұтықпа пайда болған. Ол баланы ЛОР маманға жібердім. Дәрігерлер бірден ота жасаған. Отадан соң, бір аптадан кейін келді. Баланың тұтықпасы жоқ. Қазір ол баланың сөйлеу тілін дамытып жатырмыз. Қанша дегенмен ұзақ уақыт бойы дұрыс сөйлемегеннен кейбір дыбыстарды айта алмайды.

– Мұны сұрап отырғаным, сіз 100 маман дайындадым депсіз. Олар қандай мамандар?

– Логопед мамандарды онлайн, офлайн оқытамын. Көбіне университетті енді бітірген мамандар офлайн курс оқиды. Өйткені теория бір бөлек, тәжірибе бір бөлек әсер етеді. Қандай да бір себептерге байланысты жұмыстан қол үзіп қалған мамандар бар, білімін толықтырғысы келгендер де біздің орталықта білім алады.

– «1200 баланың тілін түзеттім» деп жазыпсыз профиліңізде. Олардың көбі қай дыбысты айта алмайды?

– Бізге келетін балалардың он пайызы ғана р дыбысын айта алмай келетін шығар. Қалғаны одан да қиын мәселемен келеді. Беске келсе де сөйлеу тілі жоқ, дыбыс шығара алмайтын да балалар бар. Дамуы дұрыс, бірақ барлық дыбыстардың орнын ауыстырып сөйлейтіндер де бар. Түрлі ауыр диагнозы бар балалар да келеді.

– Жалпы ата-аналар баласын логопедке қай кезде қаратқан дұрыс?

– Екі жасқа дейін баламен жұмыс істемейміз. Екі жастан кейін баланың сөйлеу тілінің өздігінен дамығанын күтеміз. Онда да қол қусырып қарап отырмай, баламен әңгімелесіп, ертегілер оқып беріп, сөйлеу тілінің дамуына ықпал ету, күту керек. Ал екі жастан кейін сөйлемесе, 7-8 сөз ғана айтатын болса, осы кезде қимылдау қажет. Баланың не үшін сөйлемей жатқанын дәрігерлерге көрсетіп, анықтаған жөн. Егер бала р дыбысын бес жасқа дейін айтпай, қалған дыбыстарды айтатын болса, бұл жерде уайымдайтын ештеңе жоқ. Баланың артикуляциясы әлі дайын емес деген сөз. Бірақ «дрррр» деп автомат ойынын ойнату арқылы балаға көмектесу керек. Интернетте түрлі жаттығулар бар. Соларды қайталау арқылы баланың дыбысты дұрыс айтуына ықпал ету керек. С, ш, р деген дыбыстарды қанша жасында дұрыс айтады? Оны да интернеттен біліп алуға болады. Егер бес жасқа толған бала осы дыбыстарды дұрыс айта алмаса, логопед маманға баруы қажет.

– Бұл кішкентай балалардан бөлек, жасөспірімдерде де кездесетін проблема. Ересек балалардың, тіпті үлкен адамдардың тілін түзеу мүмкін ба?

– Мүмкін... Бірақ «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген бар. Кішкентай балаларды ата-анасы алып келеді. Мәжбүрлеп үйретеді. Оның үстіне бірнеше адам талап етіп тұрады. Бала болғаннан кейін тез қабылдайды. Ал өз еркі өзіндегі адамдар бір күні құлшыныспен келеді, екінші күні ерініп қалады. Бірақ біздің орталықта нәтижеге жетіп, соңына дейін тырысқан адамдар бар. Қызылордадан бір жігіт курсқа қатысты. Оқу бітіргелі бері бірде-бір рет жұмыс істемеген. Жұмысқа тұрған соң ұжыммен араласып, сөйлесу керек болғанда, сөйлесе алмай, жұмыстан шығып кетеді екен. Тұтығып сөйлейді. Яғни тұтығып сөйлеуі өміріне үлкен кедергі келтіріп отыр. Өзін кем сезінеді. 25 жаста адам жетістікке жетуге болады. Ал ол жігіттің не достары, не жеке өмірі жоқ. Бұл – ата-ананың кезінде жіберіп алған кішкентай қателігі. Дәлізде отырған ата-аналарды көрсе, қай жерге қарарын білмей, сасқалақтайды. Бірақ бұл барлық бала сөйтіп қалады деген сөз емес. «Балам жай ғана тұтығып жүр» дегенді қойып, маманға жүгіну керек.  

– Балалар р-ды айта алмаса, үлкендер ң деген дыбысты айта алмай жатады. Әсіресе радиода, телевидениеде жүргізуші болып істейтін әріптестеріміз ң-ды айта алмай жатады. Ң-ды айтуда қандай қиындық бар?

– Ң-ды айтқан кезде тілдің арты жоғарғы таңдайға тиіп тұру керек. Бұл да адамның бала кезінде түзету жұмыстары жүргізілмей қалғаннан. Сөйтіп ң-ды айтпауды әдетке айналдырды. Қазір оны түзеуге болады. Ол үшін күш-жігер керек.. 

– Қалада өсіп келе жатқан балалардың тілінде орысша акцент бар. Мысалы, балам оқитын сыныпта «бір» деген сөзді «быр», кітапты «кытап»  деп айтатын бала бар. Ң-ды айта алмау осындайдан басталатын сияқты. Осындай балаларға қалай көмек беруге болады? 

– Қалада балалар үйде қазақша, сыртта орысша сөйлейді. Әкесі орысша, шешесі қазақша сөйлейтін отбасылар бар. Бұл да баланың дыбысты дұрыс айтуына кедергі болуы мүмкін. Әсіресе ң, ғ дыбыстарын айту қиынға түседі. Баланың тілін түзету үшін ең алдымен артикуляциялық аппаратын жаттықтырамыз. Содан кейін жеке дыбыстарды дұрыс айтуға үйретеміз. Қазір ата-аналарда артық уақыт жоқ. Уақыт болса, қаржы болмай жатады. Бірақ жағдай осылай деп қарап отырмай, баламен жұмыс істеу керек. Баланың тіліндегі кішкентай кемшілікке назар аудармаса, кейін оның өміріне кері әсерін тигізуі мүмкін. 

– Сұқбатыңызға рақмет!

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы

3044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз