Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 25 Қазан, 2021

Сбербанкпен арадағы меморандум қалай жүзеге асырылады?

Мәжілістегі Үкімет саағатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сбербанкпен арадағы меморандумға қатысты түсінік берді.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров цифрлық платформаны құруға байланысты Ресейдің «Сбербанкі» арасындағы қойылған меморандум жұртшылық ішінде резонанс туғызғанын еске салды.

«Сіз өткен күні азаматтармен кездесіп, біраз сұрақтарды сейілттіңіз, ол – дұрыс. Дегенмен жобаны іске асыруға қатысты сұрақтар әлі біткен жоқ. Біз жобаны іске асыру әділеттілік принциптеріне сәйкес келуі керек деп есептейміз. Яғни цифрлық платформа бойынша нақты көрсеткіштері бар, тиісті техникалық тапсырма әзірленіп, жобада қазақстандық үлесті қамту жоғары деңгейде болуы керек. Қазақстанның цифрлық платформасын әзірлеуге халықаралық ашық тендер жарияланғаны абзал. Онда елдің цифрлық тәуелсіздігіне, азаматтардың деректерін қорғауға қатысты барлық талаптар белгіленуі қажет. Жобаны отандық цифрлық индустрияны дамыту мен әртараптандыруға қуатты серпін беретіндей етіп іске асыруға тиіспіз. Осы орайда нақты техникалық тапсырма бар ма? Жобаны жүзеге асыруға ашық конкурс қашан жарияланады?», - деді сұрады депутат Цифрлық даму министріне қарата айтқан сөзінде.

Өз кезегінде Б. Мусин бұл бағытта тиісті түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. «Нақты айтсақ, меморандумға қол қойылды. Ол ешқандай келісімшарт емес. Техникалық негіздеме мен техникалық құжаттама даярлау үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 15 желтоқсанға дейін зерттеу аяқталғаннан кейін, техникалық құжаттамаға көшеміз. Алдағы жылғы 15 ақпанға дейін техникалық құжаттаманы дайындаймыз. Сол техникалық құжаттама негізінде техникалық әрі экономикалық негіздеме әзірленеді. Осы рәсімдер жасалмай, ешқандай келісімшарт бекітілмейді.

Екіншіден, платформаға тоқталсақ, біз бүгінге дейін жалпы осы технологияларды, яғни елімізде жасалмаған платформалардың арқасында цифрландыруды жүргіздік. Бірақ шетелдік платформаларды алып, өзіміздің қазақстандық мамандардың біліктілігімен қазіргі цифрландыру деңгейіне жеттік. Енді оны ары қарай ілгерілеті үшін, проблемаларды шешу үшін жаңа платформалық модельге көшу керек екенін айтып жатырмыз. Сондықтан бұл қадамдар заңға сәкес жүргізіледі. Осы бағытта талқылау жүріп жатыр. Осыған дейін қол қойылғаны – ол меморандум. Неліктен біз оған қол қойдық? Өйткені ашық кодтарды беруге ниетті қазіргі кезде тек сол платформа ғана болып тұр. Егер басқа да барлық технологиялары әрі біріктірілген бір платформасы барлар болса, сондай-ақ бізге ашық кодтарды берсе, өзіміз сол ашық кодтардың арқасында сүйемелдеу жұмыстарын жүргізе алсақ, онда оларды да қарастыратын боламыз», - деп түсіндірді Бағдат Мусин.

Сонымен қатар депутат Қазыбек Иса цифрландыру бойынша БҰҰ рейтингісінде Қазақстан жақсы деңгейде тұрғанын айтты. «Біз тіпті Ресейдің де алдындамыз. Ендеше, өзімізден кейін тұрған Ресейге 19 млн қазақстандықтың мәліметі бар электронды үкіметті тұтастай бере салу Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе? «Ақ жол» фракциясы бұл жайында депутаттық сауал жолдады. Осыған дейін меморандумға қол қойылды, бізде барлығы меморандумнан басталады. Халықтың қауіптеніп, наразалық айтқаны да осыған байланысты. Екіншіден, неліктен бұл қадамдар өзімізден кейін тұрған Ресеймен жасалып отыр? Алдыңғы қатарлы елдермен неге жүргізілмейді?», - деп сұрады Қ. Иса.

Бұл сауалға жауап ретінде Бағдат Мусин біріншіден техникалық құжаттар даяр болғанша ешқандай келісімшартқа қол қойылмайтынын қайталады.

«Осы күнге дейін жұмыстарды атқару үшін миллиардтаған сомаға лицензиялық бағдарламаларды сатып алған едік. Біз оларды өзіміз жасаған жоқпыз. Солардың базасында, негізінде үлкен жүйені жасау - біздің қазақстандықтарға тиесілі. Платформаны жасау, негізін сатып алу - тек бір ғана мәселе. Ал оны құрастыру, қажетті платформаны құру – ол біздің қолымызда. Бұл жұмысқа тек қазақстандық мамандар тартылады және біздің ІТ-секторға серпіліс береді. Жаңа идеяға, жаңа платформаға көшу отандық мамандар үшін қосымша тапсырыстар алып келеді. Атап айтқанда, бізге кім ашық кодтарды берсе, соларды қарастыруға дайынбыз деген сауал жібердік. Сондықтан ешкімге де тосқауыл қойып отырған жоқпыз», - деді министр.

Осы орайда ол «Сбердің» технологиясы қарастырылып жатқанын, өйткені олар ашық кодтарды беруге дайын екенін айтты.

«Олардың технологиялық деңгейін зерделеу үшін сарапшылық кеңеспен бірігіп пысықтаймыз», - деді Бағдат Мусин.

Сөз соңында министр аталған мәселе бойынша Парламент депутаттарының және сарапшылардың қатысуымен тыңғылықты талқылауға дайын екенін айтты.

701 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз