Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 26 Қазан, 2021

Түркістанда жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейеді

Түркістан облысында 2021 жылдың 9 айында жүргізілген түгендеу кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45,5 мың жер пайдаланылмай жатқандығы анықталды. Жерді тиімді пайдалану және карьерлерден заңсыз тас, құм алуға тосқауыл қою мәселесі бүгін Түркістан облысы әкімдігінің аппарат жиынында талқыланды. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев саладағы түйткілдерді тарқатып, заң талаптары қатаң сақталуы керек екенін жеткізді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Түркістан облысы жер инспекциясы басқармасының басшысы Қанат Мылтықбековтың айтуынша, өңірде 69 жер иесі 17,9 мың га жер телімдерін өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарған. 94 жер иелері 18,8 мың га жерді қайта игеруге кіріскен. Қазір Арыс қаласы мен Жетісай ауданы әкімдіктері тарапынан 8,8 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару іс-шаралары жүргізілуде. Нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жер телімдері тексеріліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы аумақтарға құрылыс салынған 874,5 га жер анықталды. Осы жер телімдерінің 39 иесіне 364,9 мың теңге айыппұл төлету жөнінде шешім қабылданды.

Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді заңсыз иеленгендер де тіркелді. Алаңы 139,9 га жердің иелеріне 431,5 мың теңге айыппұл салынып отыр. Облыс аумағында жайылым, егістік аумақтардың шекарасын заңсыз ор қазып (траншея) қоршаған 216 жер иесі анықталды. Ор қазылып, қоршалған жер телімдерінің көлемі – 57,1 мың га. Арыста 54 жер, Сарыағашта 88 жер, Бәйдібекте 17 жер, Келесте 20 жер, Отырарда 6 жер және өзге де аудан, қалаларда осындай деректер кездескен. Нәтижесінде 55 адамға 1 млн. 735 мың теңге айыппұл салынып, өндірілді. Жеріне ор қазып, қауіпті жағдай туындатқан 66 тұрғын қазған жерлерін қайта қалпына келтірді.

Тиісті мониторинг нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 803 га жерден заңсыз құм, тас өндіргендер анықталған. Экожүйеге зиянын тигізіп, заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша Сайрам ауданы мен Арыс қаласындағы 16 кәсіпкерге 2683,6 мың теңге айыппұл салынған. Алаңы 201,3 га болатын 14 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сотқа талап-арыздар беріліп, 3-еуі қанағаттандырылды.

Келес өзенінің бойында жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқан 4 драглайн техникасы анықталып, айыптұраққа жеткізілді.

Сонымен бірге Сайрам ауданы аумағында жер заңнамасын бұза отырып шлакаблок өндіріп жатқан 23 жер анықталып, әкімшілік айыппұл салынды. Осы деректерге тоқталған басқарма басшысы жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген бірнеше аудан, қала әкімі мен жер саласына қатысты орынбасарларының тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсынды.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі өзендер мен қорғалған аймақтарда мониторинг жұмыстары жалғасатынын, жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тосқауыл қойылатынын ескертті. Жер тиісті басшыларға қатынастары саласындағы мәселелерді уақтылы шешу жөнінде тапсырма берді.

467 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз