Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Қазан, 2021

2021 жылы Apple не ұсынды?

18 қазанда Apple компаниясы биылғы жылға соңғы презентациясын өткізді. Таныстыру әдеттегіден өзгеше басталды. Бұған дейін Тим Кук Стив Джобс атындағы театрда немесе сол кампус ішінде тұрып бастайтын. Ал осы жолы далада көк майсада бастады. Өнімдерін таныстырмас бұрын әдеттегідей бейнероликтер көрсетілді. Содан кейін Apple Music-ке жаңа тариф қосқанын жарнамалады. Сосын бірте-бірте өнімдеріне көшті. Биылғы презентацияда AirPods, HomePod Mini және су жаңа 14 және 16 дюймдік MacBook Pro таныстырылды. Енді соларға жеке-жеке тоқталсақ.

AirPods

AirPods құлаққаптары 2016 жылы шыққан болатын. Содан бері сыртқы формасына еш өзгерту енбеген еді. Алайда биыл Apple компаниясы AirPods 3 шығарған кезде ғана сыртқы формасына сәл өзгерту жасаған. Қалай? АirPods-тың гарнитуралары бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қысқарған. Сыртқы пішініндегі өзгеріс осы. Ал ішкі құрылымында құлаққап ішіндегі микрофон-ның сапасы жақсарған. Ол дыбыстың барынша тұнық естілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ аздаған мөлшердегі ылғал мен терге бола бұзылып қалмауы үшін қосымша қорғаныш құралдарын да қосқан. Енді «су тиіп кетті, бұзылды» деп қорықпауыңызға болады. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ екенін білесіз ғой. Сонымен қатар бір рет толық қуаттағаннан кейін 6 сағат бойы үзіліссіз әуен тыңдай аласыз. Құрылғының бағасы – 179 доллар. Осы айдың 26-сынан бастап сатылымға шығады. 

HomePod Mini

Биылғы презентацияда AirPods-тан өзге Homepad-ты да ұсынды. Әдетте HomePod mini ақ және қара түсті ғана болатын. Енді көк, қызыл, сары түсті түрлерімен толықты. Apple тек сыртқы формасындағы түстерін өзгерткен, ал ішкі құрылғылары, бағдарламалары жайлы сөз қозғаған жоқ. Apple-дің әртүрлі түсті smart колонкалары 99 доллар тұрады. Қараша айынан бастап тапсырыс беруге болады.

MacBook Pro

Бір сағатқа жуық созыл-ған презентацияның соңына таман макбуктерді таныстырды. Биылғы жаңалық – Macbook Pro-ның 14 және 16 дюймдік моделі. Дәл осы Pro моделінде ғана болатын Touch Bar-ды алып тастап, оның орнына пернетақтада қосымша батырмалар қойған. Ал жадына тоқталсақ, опера-тивті жады – 64 Гб, ішкі жады – 8 Тб. Бұл MacBook Pro-да Apple-дің өзі жасаған M1 Pro және Max чиптері орнатылған. Apple компа-ниясы өкілдерінің айтуынша, M1 чипі – әлемдегі ең тез жұмыс істейтін чип. Дисплейге тоқталсақ, бұл макбукте 14,2 дюймдік ProMotion дисплейі орнатылған. Дисплей 3024x1964 пиксельге мүмкіндік береді.

ProMotion дегеніміз – экранның жаңару жылдамдығын екі есе арттырады, нақтырақ айтсақ, бір секундта стан-дарт 60-тан 120 кадрға дейін лезде жаңартады. Ал батареясына келсек, егер сіз қандай да бір видео немесе фильм қойып қойсаңыз, бір толық қуатпен (100% зарядка) 17 сағат бойы еш уайымдамастан киноңызды я болмаса видеоңызды көре аласыз, яғни батареясы үзіліссіз жұмыс істеген кезде 17 сағатқа дейін шыдайды. М1 чипі орнатылған Macbook Pro 1999 доллар тұрады. Ал М1 Max чипі болса, оның бағасы – 5899 доллар.

Біз презентацияда таныстырылған өнімдердің ең маңыздыларын атап өттік. Енді жалпы Apple-дің бұл іс-шарасы қалай өткеніне назар аударсақ.

Данияр Мұқанов, Android Developer:

– Әдетте жыл сайын Apple презентациясы болар алдында онда не көрсетілуі мүмкін деп болжам жасалатын. Шамамен мына нәрселерді таныстырады, мынандай жаңалық болады деп ақпарат тарайтын. Алайда сол мәлімет үнемі өтірік болып шығатын. Ал биыл басқаша. Осы жылы не таныстырады деп болжам жасалса, тура сол шамалап айтқан мәліметтері рас болып шықты, яғни презентацияда осыны көремін-ау деп күткенім ақталды. Мысалы, мен Touch Bar-ды алып тастағанын қалап едім, шынымен де алып тастапты. Осы жолы Macbook Pro шынымен де кәсіби мамандарға арналған ноутбук болып шықты. Дизайнмен айналысатын, монтаж жасап, код жазатын адамдарға арналып жасалған мак болды. Өзіме бір макбук алмақ ойым бар. Егер осы жылғы макбук қолыма тисе, менің компьютерлерімнің ішіндегі ең жылдамы болады деп ойлаймын. Әрине, бағасы қымбат. Бірақ мұндай ноутбукты бір алғанда 5–7 жылға аласың, ешқандай кедергісіз тез жұмыс істейді. Сондықтан басқа компьютермен салыстырғанда екі есе қымбат болуы заңды. Ноутбук өз бағасын ақтайды деп есептеймін. Презентация толығымен көңілімнен шықты. Осы жолы Apple компаниясы өткен жылғы таныстырылымымен салыстырғанда өте жақсы презентация жасады. 

Тимур Бектұр,  ІТ кәсіпкер: 

– Презентацияда не нәрсені уәде етті, соның барлығы көрсетілді. Негізгі күтілген гаджеттерді шығарды деп айтсақ болады. Мысалы, Нomepad, AirPods, Macbook болсын, бәрі дерлік жаңа мықты функциялармен шықты. Өзіме ең қатты ұнағаны Макбуктен Touch Bar-ды алып тастап, оның орнына функционалдық батырмаларды қайтарғаны қуантты. Сондай-ақ HDMI, Magsafe қосқаны жақсы болды. Себебі менде USB Type-C-мен ғана жұмыс істейтін макбук бар. Бір жер-ге барған кезде, әсіресе, проекторға қосу үшін адап-тер іздеуге тура келеді. Сондықтан да осындай қосымша порттардың пайда болуы пайдасын тигізеді деген ойдамын. Бұдан басқа веб-камерасының сапасы Full HD форматта болғаны риза етті. Себебі пандемия басталғалы бері өміріміздің, жұмысымыздың басым бөлігі онлайн форматта іске асатындықтан, камераның жақсы болуы біз үшін өте пайдалы болды деп есептеймін. Жалпы, презентацияның өту барысы ұнады.

Презентацияны көре алмай қалдым... 

Егер сіз презентацияны көре алмай қалсаңыз немесе қайта көргіңіз келсе, YouTube желісіндегі Apple арнасынан қайталап тамашалай аласыз. Небәрі екі-үш күн ішінде ютуб арнасында бұл презентация 5,4 млн қаралым жинапты. Егер ағылшыншаңыз нашар болса, орыс тіліндегі нұсқасын іздеп таба аласыз.

Қания ТАБЫС

«Ұлан» газеті

899 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз