Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 28 Қазан, 2021

Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге қатысты заң жобасы мақұлданды

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады, - деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Құжатқа енгізілетін жаңа нормаларға сәйкес, Үкіметтің бірқатар өкілеттіктерін Министрліктерге беру көзделген. Ал, Министрліктердің кейбір өкілеттіктері жергілікті атқарушы органдарға беріледі.

Нақты айтқанда, Білім және ғылым министрлігіне қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне және олардың мөлшеріне кепілдік беру қағидаларын бекіту қызметі жүктеледі. Сыртқы істер министрлігі халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне мониторинг жүргізуге жауапты болады. Ал, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту ұсынылып отыр. Сондай-ақ заң жобасында министрліктердің мойнындағы қызметтердің бір бөлігін әкімдіктерге беруге қатысты жаңашылдықтар жазылған.

«Осы Заң жобасы арқылы Қазақстан Республикасының 46 заңнамалық актісіне, оның ішінде Бюджеттік және Қылмыстық атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Одан бөлек, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің кейбір функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беру қарастырылған. Кейбір мәселелерде Экология, геология және табиғи ресурстар, Қорғаныс, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілеттіктерін күшейту үшін оларға да бірқатар қосымша қызметтер беріледі», – деді сенатор Ләззат Рысбекова.

Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлуге арналған бұл заң жобасы тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып саналады. Сенаторлар жан-жақты талқылағаннан кейін құжатты бірінші оқылымда мақұлдап, Палатаның әрі қарай қарауына жіберді.

Сонымен қатар Сенат отырысында бірқатар депутаттық сауал жолданды.

Нариман Төреғалиев Маңғыстау облысының туризм саласындағы әлеуетін күшейту үшін кешенді жұмыс жүргізудің, өңірді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешудің, әуе рейстерін арттырудың және автомобиль жолдарын жөндеудің маңызды екенін айтты.

Өз кезегінде Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облысында су қоймасын салу мәселесін көтерсе, Бауыржан Қаниев көтерме-тарату орталықтарын дамыту арқылы еліміздің сауда саясатын жетілдіру ісіне назар аударды.

596 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз