Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 30 Қазан, 2021

Қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығы неде?

Банктерде ақша жинау үшін депозит ашу барысында нені басшылыққа аламыз, осы ретте Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдіктері туралы не білеміз?

Осы тұрғыда қазақстан­дық­­­­тардың қаншалық хабардар екен­дігін білу үшін Қазақстан­ның депозиттерге кепілдік беру қоры екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, сауалнама жүргізді. Биыл 1-30 қыркүйек аралығындағы 14 банктің сайтында барлық ниет білдірушілерге онлайн-сауалнамаға қатысуға мүмкіндік берілді. Сауал­намаға ірілі-ұсақты 128 қала мен елдімекендерден 16-79 жас аралы­ғында жалпы 2 773 адам қатысты, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.  

Жауап берушілердің 92%-ы депозит ашқысы келеді, оның ішінде 19%-ы сыйақысы жоғары, мерзімінен бұрын алуға болмайтын жинақ салымдарын қалайды, ал 73%-ы сыйақысы төмен, бірақ кез келген уақытта үстінен ақша салуға және алуға болатын депозитті жөн санайды; 6%-ы артық ақшаға валюта сатып алады, ал 2%-ы ақша жинамайды немесе карточкада қалдырады.

Депозит ашатындардың ішін­де 22%-ы салым түрін таңда­ғанда бірінші кезекте сыйақы мөл­шер­лемесінің жоғары болуына көңіл бөледі. Бұл ретте жауап берушілердің 63%-ы үшін депозитті толықтыру және қажет кезінде ақша алу мүмкіндігі – ең басты шарт. Бұл ресми статистика бойынша да расталып отыр. Қазіргі уақытта мерзімсіз салымдар басымдыққа ие. Олардың үлесі жеке тұлғалар жиынтық депозиттерінің 62%-ын құрайды.

Жауап берушілердің 36%-ы үшін банкті таңдаудағы бас­ты фактор – депозит жөніндегі жоғары мөлшерлеме. Алайда жоғары сыйақы мөлшерле­месі әдетте жинақ салымдарға тән. Ал жинақ салымдардан мерзімінен бұрын ақша алуға болмайды. Яғни қазақстандықтардың бір жағынан депозит бойынша жоғары мөлшерде сыйақы алсам және екінші жағынан тиімді депозит түрін таңдасам деген ниетінде қарама-қайшылық бар. Бұл шамамен салымшылардың депозит түрлерінің ерекшеліктерін түсінбегендіктерінен туындайды. Соның салдарынан олар ақша салу барысында салымды дұрыс таңдамайды. Мерзімсіз салымдар – инфляцияны басып озатын, қосымша табыс алуды көздемейтін транзакциялық (төлемдер, аударымдар); мерзімді және жинақ салымдар – қор аясында қаражатты еселендіруді көздейтін, тәуекелі төмен, ақшаны тиімді жинауды қамтамасыз ететін өнімер.

Жауаптарға сәйкес, қазақстан­дықтар банкті таңдау барысында негізінен «ыңғайлы мобильді банкингті», «банктің беделін» және «рейтингтік агенттіктердің баға­ларын» басшылыққа алады.

Алғашқы жауап – транзакция­лық мақсатты көздейтін, мерзімсіз салымдарды таңдау барысында ай­қындаушы фактор болып табылады. Жоғарыда келтірілген, табысты­лық мөлшерлемесіне байланысы жоқ  жауаптардың сүбелі жиынтық ықпалы (43%), жеке тұлғаларға арналған қазақстандағы депозиттік өнімдер нарығының жұмысында бағадан тыс факторлардың үлкен рөл атқаратындығын көрсетеді. Бұл жағдай салымдар бойынша жоға­ры мөлшерлемелерді ұсыну, оның ішінде мөлшерлемелерді ақша-несие саясатының талабы мен инфля­цияға ыңғайластыру арқылы айқын емес бәсекелестікке әкеп соғады. «Банктің беделі» және «Рейтингтік агенттіктердің бағалары» деген жауаптарға қатысты айтар болсақ – бұл жерде халық арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға байланысты Қаржы на­рығын реттеу және дамыту агент­тігі жүргізген ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарының нәтижесі екендігін айтуға болады. Сондай-ақ қор өзінің ресми сайтындағы «ЕДБ рейтингі» парағында банктердің рейтингі туралы ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді ай сайын жариялап отырады. Қор сайтында орналастырылған банктердің тәуекелдерін кешенді бағалауға мүмкіндік беретін әдістеме мен өзге де бірқатар ашық деректерді негізге ала отырып, банктің сенімділігі туралы дұрыс пікір қалыптастыруға болады.

Салымшылардың 63%-ы заң баршаға банктердегі жинақ ақшала­рына қатысты қорғау құқығын бере­тіндігін жақсы біледі. Жауап беру­ші­лердің сол шамалас пайызы кепілдік нысандарын біледі, бұл ретте 35%-ы салымдар бойынша сыйақыларға және карточкалардағы ақшаларға кепілдік берілмейді деп санайды. Бұл әрине, қате пікір. Демек, қор банк секторының барлық мүдделі қатысушыларымен бірлесе отырып, белсенді түрде ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Жалпы сауалнама нәтижесі жауап берушілердің депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы хабар­дар­ екендігін көрсетті: 70%-ы депозиттерге кепілдік бе­рілген ең жоғары сомалар туралы, 76%-ы кепілдік берілген өтемді қор төлейтіндігін, 68%-ы кепілдік берілген өтемнің ұлттық валютада төленетіндігін жақсы біледі.

Дегенмен сауалнама халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстарын белсенді жүргізу керектігін көрсетіп берді. Бұл жеке қаржыны басқару, ақша жинау мен оны тұтынудың ара-қатынасын оң­тайландыру, тәуекелдерді бағалау, ақшаны инвестициялауда парасатты шешімдер қабылдау үшін, сондай-ақ әр түрлі қаржылық өнімдер мен қызметтерді пайдаланғанда қажет. Халықтың қаржылық сауаттылығы қаражаттың экономиканы дамыту­ға жұмсалуына, қаржы нарығында бәсекелестіктің дамуына және қар­жылық тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізеді.

ЕРНАР ОРМАНОВ

1635 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз