Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 07 Қараша, 2021

Туризмге салынған қаржы қайтарымы қаншалық?

Түркістан облысы туризм саласына артылған үмітті ақтамай отыр. Бұл аймақ әзірге шет елдіктерді айтпағанда, қазақстандық туристерді де онша қызықтырмайды, деп жазады finprom.kz сайты.

Иса Қамбар

Елімізде туризмді дамыту – басымдық берілген бағыттардың бірі. Осы сектордағы жағдайды жақсарту

үшін жыл сайын тиісті шаралар қабылдануда. Тарихи-мәдени мұрасын ескере отыра, Түркістан облысы келешегі зор аймақтардың бірі болып саналады. Осы ретте соңғы екі жылда Түркістан облысына теңдессіз көлемде инвестиция салынған. Егер 2019 жылға дейін аймақтың өнер, ойын-сауық және демалыс сала­ларындағы негізгі капиталға инвес­тициялар 8 млрд теңгеден де аспаса, 2020 жылы мұнда құйылған сома 125,3 млрд теңгені құраған. Биыл да инвестициялар өсімі жалғасуда. Мәселен, биылғы тоғыз айдың қорытынды­сы бойынша күрделі жұмсалым 80,8 млрд теңгеге жеткен, ал еліміздің қалған 16 аймағындағы инвестициялар жиынтығы 86 млрд теңгені құрапты. Іс жүзінде тек бір аймаққа ғана құйылған инвестициялар алпауыт мегаполистеріміз бен шипажайлық өңірлерді қосып есептегенде, елдің қалған барлық аймақтарына күрделі жұмсалымдармен салыстырғандай көлемде екен (1-инфографика).

Алайда Түркістан облысы атқар­ған іс-қимыл нәтижелері бойынша еліміздің көптеген аймақтарынан едәуір артта қалған. Мысалы, биыл­ғы жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша ішкі туризмде келушілерді орындармен қам­тамасыз етіп, қызмет көрсету жөнінде Алматы (447,2 мың адам), Нұр-Сұлтан (289,5 мың адам) қалалары мен Алматы облысы (165,9 мың адам) көш бастаған. Бұл ретте Түркістан облысы тек 9-шы орын ғана иеленіпті: есепті кезеңде орналасатын орындармен бар-жоғы 94,7 мың келушіге қызмет көрсетілген.

Кейбір аймақтар туризм секто­рындағы көпжылдық үстемділігінің арқасында көш бастаулары орынды. Алайда абсолютті мәндерді қа­растырмай, тек қана қызмет көр­сетілген келушілер саны өсімінің жыл­дық қарқынын ескергеннің өзінде, Түркістан облысы тіпті ТОП-3 қата­рына да кірмейді екен.

Әйтсе де, өткізілген шаралар ке­шені мен шығындар көлемін еске­рер болсақ, бұл аймақ ең болмағанда өсім бойынша көшбастаушы­лардың бірі болуы тиіс еді. Еске сала кету керек, Түркістан облысында туризмді дамыту концепциясы және Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданды. Соларға сәйкес, аймақ үшін дамудың негізгі бағыттарының бірі – нақ осы туризм. Бұдан басқа биылғы жылдың 10 сәуірінде Түркістан қаласында Орталық Азиядағы аса ірі көпбейінді «Керуен-сарай» туристік кешенінің ашылу салтанаты өтті. Алайда бұл да аймақты көшбастаушы ете алмады.

Биылғы 6 айда облыс бойынша орналастыру орындары барлығы 870 шетелдік туристке қызмет көр­сеткен – бұл еліміздегі ең нашар көр­сеткіштердің бірі. Мәселен, Алматы қаласы – 54,2 мың, Нұр-Сұлтан қаласы – 34,9 мың, Қостанай облысы – 5,5 мың шетелдік туристке қызмет көрсеткен (2-инфографика).

Еліміз бойынша жалпы алғанда биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында орналастыру орындары көрсеткен қызметтер көлемі 44,6 млрд теңгені құрапты. Көшбастаушылар – Алматы (11,2 млрд теңге), Нұр-Сұлтан (8,3 млрд теңге) қалалары және Ақмола облысы (4,5 млрд теңге).

Түркістан облысы 9-шы орынға ғана ие болған: бар-жоғы 1,8 млрд теңге.

Іс жүзінде туризмді дамытуға әжеп­теуір үлес қосылғанына қара­мастан, Түркістан облысында әлі күнге дейін тиісті нәтижелерге қол жет­кізілмеген. Осы жылдың басында-ақ ай­мақ­тың әкімдігі Түркістан туризмнің әлемдік орталығы болуға лайықты деп inform.kz сайтында хабарлаған болатын. Олай болса бұл аймақ ең алдымен ел ішінде бәсекеге қабілетті және қазақстандықтар үшін тартымды болуы керек емес пе (3-инфографика)?

2193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз