Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 13 Қараша, 2021

Нағыз жігітке тəн бес қасиет

Көп жыл бұрын Гарвард университетінде жігіттер арасында әлеуметтік зерттеу жүргізіледі. «Өмірлік мақсатың бар ма?», «Оны қағазға жаздың ба?» деп сұрау салады. Студенттердің 3 пайызы қағазға жазса, 13 пайызы мақсат пен жоспар құрғанын айтады. Қалғандары «өмірді енді бастадық» дейді. Он жылдан кейін зерт-теуге қатысқан жігіттермен кездеседі. Қызығы сол, мақсатын қағазға түсірген жастар жетістікке жеткен. Жоспар құрғандардың да жолы болыпты. Ал өмірдің қызығы алда деген студенттердің қолы ештеңеге жетпеген... Нағыз жігіт қандай болады? Оның бойында болуға тиіс 5 қасиетті білесің бе? Ендеше, оқып көрейік...

АЙҚЫН МАҚСАТ

Туристер саяхатқа шыққанда қолында географиялық карта болады. Картаға қарап, межелі жерге жетуге асығады. Апта, ай, жылға арнап мақсат құр. Міндетті түрде қағазға түсір. Мақсатқа жету жолында не кедергі? Сарапқа сал, ойлан. Өзіңді дамытуға күш салсаң, басқа да қырың ашылады. Ұйықтар алдында ертеңгі күнге жоспар құр. Жоспар болмаса, күнің босқа өтеді. Бес жылдан кейін кім болғың келеді? Қазір не істеп жүрсің? Иә, жұмысың, айлығың бар. Бірақ мақсат адамның жандүниесінен жарып шығуы керек. 

Жолы болмайтын жігіт сәтсіздігіне ата-анасын, ұстазын, достарын кінәлайды. Өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Оған сын айтып, сырттан бақылаған оңай. Оның ішкі дауысы: «Елмен бірдей бол. Маңызды істі ертеңге қалдыр. Теледидар қара, компьютерде ойна, әлеуметтік желіде ұзақ отыр», – дейді...

Атақты Брюс Ли 33 жасында әлемге әйгілі үш адамның бірі болған. Оны танымайтын адам жоқ. Ол бұл дәрежеге қалай жетті? Алдына мақсат қойды. Лидің жетістігін ешкім қайталаған жоқ. Жұдырықты жылдам жұмсап, бір саусақпен жерден серпіле көтеріледі. Таспаға түсіргенде жылдамдығына көз ілеспейді екен. Ли өзін қамшылап, қайрауының арқасында жетістікке жетті.

ЖАУАПКЕРШІЛІК

Өміріңе өзің жауап бер. Жаңа нәрсені үйренуге келгенде, уақыт жоқ дейміз. Себебі – жауапкершіліктен қашу. Жауапкершілік басқа біреуді кінәлауды тоқтату. Барлық адамға берілген уақыт бірдей. Ал сенің уақытың қалай өтіп жатыр? Бірде ғалым саябақта серуендеп жүріп, ұядан шыққалы жатқан көбелекті көреді. Ұяда кішкене ғана саңылау бар екен. Көбелек әлгі тесікке тығылып, бар күшін салып жатыр. Ғалым ұяны пышағымен кесіп жібереді. Жарыққа ұмтылған көбелек ұшып кетер деп ойлайды. Көбелек қанатын қаға алмай, жерге құлайды. Ата-анасы бар жағдайын жасап берген балалар бар. Олар әлгі көбелек сынды ұшуды білмейді, қадірін түсінбейді.

СЕНІМДІ БОЛУ

Жігіт қай кезде өзіне сенімді болады? Бойдағы   жалқаулық, шешім қабылдай алмау сынды әдетті жеңгенде. Жанындағы адамдардың теріс пікіріне мән бермегенде. Ертеде бір қария немересіне мынадай өсиет айтыпты: «Адамның бойында екі қасқыр болады. Бірі жалқаулық, жамандық, өтірікті, енді бірі алғыс, жақсылық пен қуанышты жақсы көреді». Таңданған немересі қай қасқыр жеңіске жетеді деп сұраса, атасы: «Сен қай қасқырға ас-суын көп берсең, жеңіс сонікі», – деген екен. Жас кезіңде білім алу жеңіл. Жастықты бекер өткізбе. Жас кезде ойнап, көңіл көтеру керек деген – көзбояушылық. Күніне жарты сағат ағылшын тілін оқысаң, бір жылда кітапты еркін оқитын боласың. Қоғамдық көлікте ән емес, аудиокітап тыңда.

МІНЕЗДІ БОЛ!

Өмірде жетістікке жеткен адамдардың өмірбаянын оқы. Қандай маман болсаң да, өз ісіңді жақсы біл. Кәсіпті кез келген уақытта шыңдауға болады. Ал еңбекқор, ісіне жауапты адамды табу қиын. Бір ортада жеңіске жеткен идеалды іздеу қажет. Кітап оқу өте оңай. Оған адамның ішкі менін кіргізу керек. Жандүниең тыңдаса, барлық салада жеңіске жету оңай.

ЖАҚСЫ ӘДЕТ

Әдет адамның мінезін қалыптастырады. Мінезі жақсы болса, өмір сүру жеңіл. Бойыңдағы жаман әдеттен арылу. Кітап оқу, спортпен айналысу, дұрыс тамақтану. Алдымен өзіңнен баста. Өміріңді көз алдыңа елестетіп, оң және теріс тұсын есепте. Бай болу, жеңіске жету маңызды емес. Өз бойыңдағы жақсы жағыңды көрсет. Өзгеріс адамның өзінен басталады. Жігіт өзін жеңгенде ғана жігіт.

ӨЗГЕРУ ӨЗ ҚОЛЫҢДА!

Адам өз өмірінде көптеген нәрсе жасайды. Кейбір әрекеттер арнайы жоспар арқылы орын алса, енді бірі таңғажайып секілді. Егер өміріңізді өзгерткіңіз келсе, алдымен өмірлік әдеттеріңізге көз жүгірткеніңіз абзал. Әдет – адамның күнделікті қайталап тұратын қимылдары. Алайда, еске-ретін жағдай, әдеттер екі топқа бөлінеді: жақсы және жаман. 

Жақсы әдет өсуге, шыңдарды бағындырып, жетістікке жетуімізге көмектеседі. Жаман әдет сұрқиялығын көрсетіп, жақсы адамнан жалқауды орнатып, өмірінің күл-талқанын шығарып, кенеше жабысып алады, яғни әдет адамды ер немесе ез қылады. 

Әр тығырықтың шешімі болады. Адам шын ниетімен қаласа, өзгере алады. Өйткені адам бірінші әдетті қалыптастырады, содан кейін әдет оны қалыптастырады. Иә, өмірімізге жаман әдеттің қалай кіріп кеткенін байқамаймыз. Адам болған соң жаңылмайтын тұяқ жоқ. Ең бастысы, адам өзінің қалт кеткен жерін түсінгені абзал. 
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, кез келген әдет адамның бойында жиырма бір күнде үйреншікті болып қалады. 90 күнде автоматты түрде жасайтын іс-әрекетіне айналады. Мысалы, күн сайын тіс жуу өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Алдымен әдетке көз жүгіртеміз. Содан соң үлкен қадамдарға келеміз. Лао Цзы: «Үлкен сапардың өзі де ең алғашқы қадамнан басталады», – деген екен. 
1. Таңертең күн сайын жаттығу жасау;
2. Күніне бес бет кітап оқу;
3. Күнде бір уақытта ұйықтауға және бір уақытта тұруға тырысу; 
4. Теледидар, телефон көретін уақытты қысқарту; 
5. Күнде далада бес минут серуендеу. 

Адам өз-өзіне «challenge» жасағаны абзал. Батылдығымызды сынап көретін жағдайлар толып жатыр. Біз осылай сабырлы болуға да үйрене аламыз. Отыз күнге қанттан бас тартып, таңертең жүгіру сияқты керемет шешімдер толып жатыр. Адам өз-өзін жеңіп, әдеттерімен жұмыс істесе, бүкіл шыңды бағындыра алады. «Адам жаңа нәрсе көрмей, жаңа әдет қалыптастырмай, алға жылжымайды», – деген сөзді оқығаным бар еді. Өмірді тек жақсы жаққа өзгертейік.

Бекзада НАУРЫЗБАЙҚЫЗЫ

"Ұлан" газеті

1724 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз