- Мотивация
- 16 Қараша, 2021
Қоқыс тастайтыны үшін адамдарға рақмет
Мен аула сыпырушымын. Грузинше менангве немесе қоқыс жинаушы. Таңғы сағат 5-те оянып, ұлымды ұйықтап жатқан әжесінің қасына қалдырамын. Үйден шыққандағы дыбысты тек тотықұс естиді.
5 жыл болды, қызғылт сары түсті киім үстімнен түскен емес. Тал-терек, көшелермен, жалпы Жермен күннен бұрын амандасамын.
Адамдардың өз шаруасы бар. Келіп, қоқыс төгіп кетеді. Мен оны жинап, жәшікке саламын. «Аула тазалаушының балалары ешқашан жерге қоқыс тастамайды, ұлымның атымен сөз беремін!» деп күлемін іштей.
Ағаш басын иіп, кешірім сұрайды. Қартайған шақта қолың дірілдеп, бәрі шашылуына ешкім кінәлі емес. Мен оларды кешіремін. Жерге түскен жапырақтарды да...
Көшеде ешкім мені адам құрлы көрмейді. Көршімнің өзі жанымнан өткенде амандаспайды.
Кейбіреулер менің лас киімімнен, екіншілері сыпырғышымнан, енді бірі сақалымнан қорқады. Осы сақалыма қарап бес жастағы ұлым мені «Аяз ата әке» деп атайды.
Қоқыс жинап жүріп үйде қалған ұлым мен қарт шешемді ойлаймын. Балабақшаға үлгерді ме екен деп қоямын. Аула сыпырушының баласы әсте балабақша немесе мектептен кешікпеуі керек.
Кім-кім де маған аяушылықпен, жеккөрініштілікпен қарайды. Көздерінен жылу көрмейсің. Тек көше иттері аяқ киімімді жалайды. Онда да қоқыс жәшігінен тамақ алып берсем...
Мен – аула сыпырушымын...
Аула сыпырушыны грузиндер «қоқыс тазалаушы» дейді.
Бес жыл бұрын қоқыс жәшігінен жаңа туған сәби тауып алдым. Қазір ол - менің ұлым. Адамдардың күнде қоқыс тастайтыны үшін үнемі Құдайға рахмет айтамын.
Анна Лашхели-Ониани
Аударған Назерке Саниязова
( Фото интернеттен алынды)
1338 рет
көрсетілді0
пікір