Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Қараша, 2021

Тіл табыса білуге баса мəн береміз

«Ұлан» газетінде «Елбасы медалі» жобасы туралы біршама материал жарияланды. Ал бүгінгі мақалада жобаның өзгеріске ұшыраған талаптарына көбірек тоқталдық. Толыққанды ақпарат алу үшін «Елбасы медалі» жобасының Алматы қаласы бойынша сарапшысы Қуаныш Жасұлан Бостандықұлымен әңгімелескен едік.

– Жасұлан мырза, алдымен «Елбасы медалі» жобасының маңызына тоқталсаңыз. 

– Жоба Елбасының қолдауымен «Ел үміті» жобасы аясында 2019 жылы басталды. Жобаның негізгі мақсаты – жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануы мен жан-жақты дамуына мүмкіндік сыйлау. Негізгі артықшылығы – жастарға патриотизм мен азаматтық ұстанымы үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығынан кейінгі берілетін екінші марапат. Жоба үш медаль негізінде қола, күміс, алтын деңгейге бөлінген. Мұндағы негізгі ерекшелік қатысушылардың жас мөлшері мен таңдау мерзіміне байланысты. Қола деңгей алты ай уақытты қамтиды. Күміс деңгей он екі ай, алтын деңгейдің мерзімі – жиырма төрт ай. Жас ерекшелігіне келер болсақ, қола деңгейге 14 жастан, күміс деңгейге 15 жастан, алтын деңгейге 16 жастан бастап қатысу құпталған. Жастар жеті бағыт бойынша тұлғалық дамудан өтеді. Алматы қаласы бойынша 36 тәлімгер жоба аясында 1050 қатысушымен бірлесе жұмыс атқарады. Біз тек жеті бағыт бойынша жұмыс атқарып қоймай, қатысушылар арасында түрлі мерекелік жиындар мен байқаулар ұйым-дастырамыз.

– Жоба жастардың рухани тәрбиесіне, тұлғалық дамуына, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруіне пайдасы мол дейсіз. Ал әлеуметтік жағынан қандай басымдығы бар? Мысалы, Қазақ Ұлттық университеті студенттердің жатақханаға орналасуына қойылатын талаптардың бірі ретінде «Елбасы медалін» де қатарға қосыпты.

– Иә, жоғарыда айтқанымдай, бұл медаль жастар арасындағы екінші награда болып есептеледі. Сонымен қатар, мектеп оқушылары грант конкурсына тапсырған уақытта, екі талапкердің ұпай көрсеткіші тең болған жағдайда «Елбасы медалі» иегеріне біршама басымдық береді. Сондай-ақ, шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға тапсыру кезінде артықшылығын көрсетеді. Жоба қатысушыларының көпшілігі жиырма жастан асқандар. Неге десеңіз, «Болашақ» бағдарламасына тапсыру кезінде осы марапаттың артықшылығы басым. Көптеген шетелдік оқу орны оқуға қабылдау кезінде еріктілікпен айналысатын жастарға едәуір көңіл бөледі. «Елбасы медалі» жобасында да еріктілікке арналған жеке бағыт бар. 

– Өзіңіз де білесіз, пандемия кезінде қатысушылар жеті бағыт бойынша емес, бес бағыт бойынша өзін жетілдіріп, жобаны ертерек  аяқтады. «Туристік жорықтар» және «Еңбек тәжірибесі» бағыттары бойынша жұмыс атқара алмадық. Болашақта осы бағыттар пандемия уақытымен тұспа-тұс келсе де, қатысушылар бұл бағыттар бойынша ізденіске түсе алады деп ойлайсыз ба?

– Иә, біз жыл басында осы мәселені қарастырған едік. Карантинге орай шектеу болуына байланысты туристік және «Еңбек тәжірибесі» бағыттары қарастырылмады. Бүгінде ол шектеулер әлі алынған жоқ. Біз үшін ең бастысы – қатысушылардың қауіпсіздігі. Сондықтан да бұл бағыттар бойынша жұмыстар тоқтап тұр. Бірақ оған бола қол қусырып отырған жоқпыз. Туризм бағыты мен еңбек тәжірибесі әзірге болмаса да, жастар өзге бағыттарда жұмыстарын үздік аяқтаса, медалін табыстап отырмыз. Жақында қола медаль еншілеген он бес қатысушы қала әкімінің орынбасарынан сыйлықтарын алып, марапатталды. Жыл соңында да медаль иегерлерін қоғам алдында жүрген беделді тұлғалар марапаттамақ. 

– Керемет! Дегенмен, қатысушылар бес бағытпен шектелмей, мұражайларға барып, ел көріп, жер көргісі келеді. Пандемия аяқталған соң бұл бағыттар бойынша жұмыс істеу қолға алынса, қандай тапсырмалар бол-мақ? Жастарға алдын ала қызықты ақпараттарды айтып қойсаңыз.

– Мысалы, «Туристік жорықтар» бағыты бойынша белгіленген талаптарға сай екі немесе үш күндік туристік сапарларға шығуға болады. Ескеретін бір жайт, кез келген қатысушы қай бағытта болсын тапсырманы тәлімгермен ақылдаса отыра анықтайды. Қатысушының шамасы жетпейтін немесе қатысушы-ның мүмкіндігі жоқ дүниелерді тапсырма ретінде жүктемейміз. Бәрі қатысушының жағдайы-на қарай жасалады. Бағдарлама болғанмен де, қатысушының қаржылық жағынан да қиындықтар болуы мүмкін. Біз қымбатқа түсетін туристік аймақтарға бар деп ауырлық салмаймыз. Қатысушының сұранысына сәйкестендіріп тапсырма ұсынамыз. Алдағы уақытта пандемия аяқталса, бұл екі бағытты да қолға аламыз деген ниетіміз бар. Бізге басшылық қандай нұсқау жасаса, сол бойынша жұмысымызды жалғастырамыз.

– Жобаға кез келген жас қатыса бермейді. Оның үстіне күннен-күнге жоба талаптары күшейіп жатыр. Бұрын қатысушылар тапсырманы енгізіп үлгермей қалса, тәлімгерлер кешіріммен қарайтын. Ал қазір тапсырманы белгіленген мерзімге дейін платформаға жүктеп үлгермесе, тапсырма орындалмаған болып есептеліп, қатысушының көрсеткіші төмендейді.

– «Елбасы медалі» жобасында әр қатысушының жеке кабинеті болады, арнайы сайт арқылы бәрі де бақыланады. Иә, сөзіңіздің жаны бар. Жоба басталған уақытта қатысушыларға барынша түсіністікпен қарап, тапсырма кешіктіріліп орындалып қалса, қайта жүктеуге мүмкіндік беретін едік. Бүгінде медальға сұраныстың артуына байланысты белгілі тәртіпке келтіру туын-дады. Біздің мақсатымыз – аз-аздан, үздіксіз жастарды тәртіпке үйрету. Осыған орай сайттың да жұмысы оңтайланып, барынша талаптар да күрде-леніп отыр. Мысалы, сіз тапсырманы бүгін, түнгі он екіге дейін жүктей алмасаңыз, ол тапсырма «орындалмаған тапсырмалар» тізіміне кетіп қалады. Оны енді өзгерте алмайсыз. Тапсырмаларды орындау KPI деңгейі бойынша бағаланады. Егер KPI деңгейі-ңіз жоғары нәтиже көрсетер болса, медаль алуға мүмкіндік жоғары болмақ. Медальді беру-бермеу жөнінде шешімді арнайы комиссия қабылдайды. Қатысушылар деңгейі бойынша тапсырмалардың бәрін орындап болған соң, комиссия орындалған тапсырмалар бойынша арнайы мониторинг жүргізеді. 

– Қатысушының медаль алуы KPI деңгейінің жоғары болуына байланысты деп қалдыңыз. Медаль алу үшін KPI деңгейі міндетті түрде 100% болуы қажет пе? Мысалы, 99,45% болса, екі жылдық еңбегі зая кетті деген сөз бе?

– Оның бәрін «мынау медаль алады, мынау алмайды» деп тікелей айта алмаймыз. Тәлімгерлеріміз әр қатысушының жұмысын әрдайым бақылап отырады. Тапсырма дұрыс орындалмаған болса, тәлімгерлер оны қабылдамай, ескертіп, қайта орындауға жібереді. Оны бекітілген комиссия мүшелері анықтайды.

– Сонымен қатар, тапсырманың уақытын шегеру мүмкіндігіне қатысты да өзгертулер енгізілді. Мұны да көп қатысушы алғашқыда түсінбей, тапсырмаларын жүктей алмай қалды.

– Иә, бұрын қатысушылар тапсырмасын белгілі бір себептермен жүктей алмаса, уақытын шегеруге өтінім береді. Жағдайыңызға байланысты өтінім берерде, анықтамалар мен қажетті құжаттарды тіркейсіз. Біз баланың дәл жағдайына қарап, тапсырманы орындауға мүмкіндік берер едік. Бірақ соңғы уақытта жастар түрлі себеп-сылтау жаза бергендіктен, сайт қайта жаңартылып, бұл мүмкіндік алынып тасталды. Алайда бүгінде бұл сұрақтар жастардың бәрін мазалап жүргені анық. Сайт болғандықтан түрлі ақау болады, түрлі жағдай болады. Қандай да бір мәселе туындаса, қатысушылардың жағдайын түсіне отыра, «Техникалық қолдау» бөлімі арқылы мәселені шешеміз. 

– Жобаға қатысуға ниет білдірген, алдына мақсат қоя білген жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Біріншіден, қатысушыларға шыдам мен төзім керек. Себебі бір іс-әрекетті үздіксіз ұзақ уақыт бойы орындау үлкен төзімді қажет етеді. Бүгінде смартфонмен ғана тіл алмасқан жастар айналамен шынайы байланыс құруды білмейді. Ақпараттық технологияның дамыған заманында адам мен адамның сөйлесуі мұң болды. Сондықтан коммуникация құруды басты назарға аламыз. Тәлімгермен байланыс орната білуі – бірінші орында. Егер сөзге сараң, тұйық адам болса, бірлесе жұмыс атқару қиынға соғады.

– Жауабыңызға көп рақмет! 

– Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің айтар ақпараты таусылмасын! Ел жастарының білімін арттыру жолында қажымас қайрат тілеймін!

Сұқбаттасқан 
Айсұлу СЪЕЗХАН

"Ұлан" газеті

1426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз