Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 24 Қараша, 2021

Тоғыз айдағы бюджет өрісі

Биылғы өткен үш тоқсанда мемлекеттік қарызды өтеу және қызмет көрсету шығындары 2 трлн теңгеден асты. Бұл туралы 2021 жылдың алғашқы тоғыз айындағы Қазақстан Республикасының шоғырландырылған бюджетіне шолуында Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы хабарлайды.

Енді еліміз экономикасының аталған уақыт аралығындағы өрісіне кеңірек тоқталсақ. Талдауда: «Энергия ресурстары нарығындағы рекорд­тық бағалар мен елдегі жоғары эко­номикалық белсенділік (ЖІӨ 3,4% өсті) аясында шоғырландырылған бюджетке (ШБ) салық түсімдері айтарлықтай өсті» деп атап көрсе­тілген. Бұл қалай және қандай қаржы­лық көздер есебінен мүмкін болып отыр?

Биыл қаңтар-қыркүйекте 9,0 трлн теңге салық жиналған, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыс­тырғанда 31%-ға немесе 2,1 трлн теңге жоғары. Ал, ШБ жиын­тық кіріс­те­рі 10,6 трлн теңгені (+23%) құраған (1-инфограмма).

Бұл ретте республикалық бюд­жет­тің абсолютті де, салыстырмалы да параметрлерінде салық түсімдерінің барынша ұлғаюы байқалатынын (инфографикаларды қараңыз) айта кеткен жөн. Корпорациялық табыс салығы (КТС), пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС), өндірістік тауарларға қосымша құн салықтары (ҚҚС) бойынша түсімдер асыра орындалған.

Осылайша, биыл үш тоқсанда салықтық алымдар бойынша жылдық жоспардың орындалуы 76%-ды құ­раған (жыл қорытындысы бойынша 12,0 трлн теңге салық жинау жоспарлануда). Өткен жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 69%-ды құраған екен.

Бұл ретте ШБ шығыстары кіріс бөлігі 34%-ға немесе 3,6 трлн теңгеге асыра орындалып, 10,4%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге артық, қорытындысында – 14,2 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл өсімнің жартысынан астамы (51% немесе 677 млрд теңге) борышқа қызмет көрсету және өтеу бойынша шығыстарға тиесілі. Осы баптарға жұмсалатын жиынтық шығыстар 2,0 трлн теңгеден асты, бұл ШБ барлық шығыстарының 14%-ын құрайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, былтыр көрсеткіш 1,3 трлн теңгені немесе ШБ барлық шығыстарының 10%-ын құрапты.

Бюджет тапшылығын қаржы­ландыру үшін 2,9 трлн теңге жұмсал­ған, жылдық жұмылдыру жоспарына сәйкес 3,9 трлн теңге (76%) қарыз тартылып отыр. Бұл ретте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер көлемі  биылға жоспарланған 4,6 трлн теңгенің 3,4 трлн теңгесін құрап отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы трансферттер көлемі 4,8 трлн теңгені құраған (2-инфограмма).

Мұнайдың орташа бағасы барреліне 75 доллар болғанда, келесі жылы ШБ балансы профицитпен (S&P болжамы бойынша) орындалуы мүмкін. Энергия ресурс­тарының рекордтық бағасы елдегі экономикалық белсенділіктің тез қалпына келуімен бірге салық түсімдерінің айтарлықтай өсуіне ықпал етеді, делінген талдауда.

Бір жағынан, бұл 2023 жылдан бастап бюджет заңнамасына контрциклдық фискалдық ережені жоспарлы енгізу қарсаңында бюд­жеттің кіріс бөлігінің Ұлттық қордан түсетін түсімдерге тәуел­ділігін тө­мендетеді, сондай-ақ борыштық ауыртпалықты одан әрі ұлғайту қажеттілігін әлсірете­ді. Халықаралық  S&P рейтингтік агент­тігінің болжамдары бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 75 доллар болған кезде, келесі жылы ШБ теңгерімі профицитпен орындалуы мүмкін.

Алайда, екінші жағынан, кірістің күрт өсуі бюджет тәр­тібіне және шикізат нарығы конъюнктурасының өзгеруіне бюджет кірістерінің жоғары сезімталдығын сақтай отырып, мемлекеттің экономикадағы жоғары үлесін (2026 жылға қарай 14%-ға дейін) төмендету жөніндегі жоспарларды іске асыруға теріс әсер етуі мүмкін (3-инфограмма).

Бюджеттің кіріс бөлігінен көлемі едәуір жоғары шығындар қарыздарды тарту арқылы аздап жабылса да, қарыз жүктемесінің деңгейі және қызмет көрсету мен қарызды өтеу шығындары тез өсуде. Осылайша, мемлекеттік қарыз ЖІӨ-ге қатысты 29%-ға дейін өсті (2022 жылдың басындағы болжам – 31%), ал оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар ШБ барлық шығыстарынан 14%-ға дейін өсіпті (бір жыл бұрын – 10%). Осыған орай мемлекеттік қарыздың жоғары деңгейі бойынша шектеу екі есеге жуық – 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті болжамында ЖІӨ қатысты 50%-ға дейін өсті (бұрын – 2019-2023 жж. әлеуметтік-эко­номикалық даму болжамында – 27%).

Естеріңізге сала кетейік, бюджет шығыстары мен мемлекеттік қарыз деңгейін басқару және болжамдау макроэкономикалық жағдайлардың, оның ішінде ин­фляциялық про­цестердің тұрақ­тылығы, экономикада ұзақ мерзімді пайыздық мөл­шерле­мелерді қалып­тастыру, сондай-ақ елдік тәуекел-сыйақылар мен тәуелсіз рей­тингтік бағалар үшін маңызды мәнге ие, деп түйіндейді  талдау орталығы шолуында.

2328 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз