Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 24 Қараша, 2021

Сандуғаш Баймаханқызы: Қазіргі журналистер әмбебап болуы керек

Медиатренер, «Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы өзі түлеп ұшқан Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне келіп, болашақ журналистермен кездесіп, көрген-білгенін ортаға салды. Балалар контентін жасауға үлес қосып жүрген продюсер, тележурналист Сандуғаш ханыммен сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Сандуғаш апай, халықаралық Internews Kazakhstan  халықаралық ұйымының грантын жеңіп алып, АҚШ-қа екі айлық сапармен барған екенсіз. Өзіңізді қызықтырған, білген-түйген  дүниелеріңізді бөліссеңіз... 

– Онда бізді ең қызықтырғаны – журналистердің өз ісіне берілгені, әлеуметтік жағынан қорғалғаны. Журналистика төртінші билік деген сөзді заңмен де, сөзбен де құнды ете алады. Ондағы журналистер бір іске басы бүтін берілсе, соны аяқтамайынша бас көтермейді екен. Журналистиканың ең бір жақсы дамыған тұсы – салалық журналистика. Ол жақта журналист емін-еркін бір тақырыпты қозғап, тереңінен зерттегендіктен, сол тақырыпты мейлінше терең, жан-жақты етіп аша алады. Мәселен, экономика тақырыбында қалам тербейтіндер әдебиетті жазбайды. Сол саладағы сараптама, сол тұрғыдан олар білікті. «Вашингтон пост» газетіндегі қызметкерлердің өзі еденге түрлі парақтар, дүкеннен алынған чектерді жайып тастап, зерттеу жасап отырғанын көзім көрді. Өз ісіне қатты берілгені сонша, қасынан біреу өтіп жатса да, оған мән бермей, жұмысын істеп отыра береді.

– Қазіргі жаңа медиада жұмыс істейтін журналистер қандай болуы керек?

– Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, қазіргі журналисти-кадағы жас буынның арманы жоқ. Бәсекелестік бар жерде, әрине, сапа болады. Кез келген БАҚ-тың интернет нұсқасы, яғни сайты бар. Ондағы ақпарат экранға шықпауы мүмкін. Өзара бөлек дамып жатыр. Қазіргі журналистер әмбебап болуы қажет. АҚШ-тағы журналистиканың елімізден айырмашылығы сол, жұмысқа деген ынта, бәсекелестік жоғары. Ал бізде енді маман болғалы жатқан журналистердің дұрыс бағытталуы, қызметін сезіне алуы, бір саланы жетік меңгеруі әлі де кемшін. Қазіргі мүмкіншіліктің бәрін ескере отырып, сапалы материал жасауға болады. Жас журналистер ұдайы ізденіп, шығармашылық жауап-кершілікпен қызмет атқаруға тиіс.

– Түркияның TRT арнасымен жұмыс істеп, тәжірибе алмасу барысында қандай жаңашыл дүниелер алып келе алдыңыздар?

– Бізді қызықтырғаны – олардың аудиториясын зерттеуі, бағдарлама кестесін қалай жасауы және ең бастысы сценарий жазуы. Олар сценарийді бірнеше бағытта өрбітіп, анимациялық жоба жасауы контентті өтімді етеді. Техникалық тұрғыдан біз осал емеспіз. Рейтинг үшін деп тиімсіз жұмыс істейтін болсақ, уақыт жоғалтамыз. Жұмысымыз бала санасында қалса, бұл – біздің жеңісіміз. Телеарна директоры Бекир Йылдызжының сөзі есіме түсіп отыр. Ол: «Бізді көрермен сынай берсін. Рейтинг көтерілмесе де, біз осы еңбектің жемісін 20 жылдан соң көреміз. Дәл бүгінгіні келешекпен байланыстырамыз», – деп айтқан болатын. Керемет жарқын сәттер болды. Өзара үйлесімділігі, жарнаманың берілуі қызықтырды. Бұл екі тарап үшін де өзара тиімді тәжірибе алмасу болды.

– Бүгінде журналистердің бірнеше жұмысты қатар атқаруына мүмкіндігі бар ма? Қосымша табыс көзі ретінде журналист қандай қызметтер атқара алады?

– Бір жалақыға өмір сүру өте қиын, әрине. Жұмыстан тыс уақытта сайтқа мақала жазыңыз. Креатив мақалалар жазып және СММ-мен айналысу – шығармашылық жағынан да пайдалы. Бірнеше жерде жұмыс істеп, өзіңізді сата аласыз. Жұмыс беруші біліктілігіңізге сенсе, аудитория тарта аласыз, рейтинг көтерсеңіз, маман екеніңізді көрсетесіз. Тәжірибе жинап, бірнеше салада жүру сәтті бола бермейді, дегенмен мүмкіндігіңізбен жұмыс жасай алсаңыз, бұл – жетістік.

– Осы салада жүргеніңізге жиырма жылға жуықтады. Ендігі кезекте шәкірт дайындау ойыңызда бар ма?

– Басқару функциясы бар қызметте жүргеніме алты жылға жуықтады. Қоластымда қанша адам болса да, барлығына білгенімді айтуға  тырысамын. «Ұстазым» деп келген, білген үстіне біле түскісі келген жастардың бетін қайтармаймын. Аудитория жинап, ақылы курс өткізуге медиамектеп ашу жолын таңдауға да болар еді. Дегенмен журналистика саласын таңдаған болашақ маманды жаныма алып, нағыз тәжірибе ортасына шақырып үйретуден бас тартпаймын. Меніңше, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» демекші, осы салаға ден қойған мамандарды ғана дайындау – басты  принциптерімнің бірі. Ең бастысы, адамда ішкі цензура болуы керек. Қай кезде де ішкі критикаңыз мықты болсын.

– Балалар мультипликациясына енгізгім, алып келгім ке-леді деген қандай идеяңыз бар?

– Ондай дүние өте көп. Кейде бірі келіссе, бірі келіспей қалады. Бір идея болғанымен, оны жүзеге асыратын команда тапшы. Қазіргі балалардың тілі қазақша болғанымен, ойы мен пайымы орысша. Түптеп келгенде балалардың тәрбиедегі ерекшеліктеріне мән беру – басты назарымызда. Шетелдік телеарналарды тамашаласақ, өзін еркін ұстаған балаларды көресің. Ал біздің балалар бұл тұрғыда келгенде баяулау, өзін бұйығылау  ұстайды. Бұл біздің аудитория үшін тиімсіз екенін байқайсың. Іштей көнгенмен, «әттең қолдың келтесі-ай» деп қаласың. Телеарна өз әлеуетін сезіне отырып, қолы жеткеннің бәрін жасайды. Балалар үшін контент жасайтындар көбейсе, бәсеке көбейе түсетін еді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сандуғаш БЕКТҰРОВА, Қожа-Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ журналистика 
бөлімінің студенті.

«Ұлан» газеті, №44
2 қараша 2021 жыл

1870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз