Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 24 Қараша, 2021

Дұрыс тамақтану деген не?

Тиімді тамақтану деп организмнің қоректік заттарға деген физиологиялық қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуді айтады. Сапалы ас адамның дұрыс өмір салтын қалыптастыруда үлкен роль атқарады. Тиімді де сапалы тамақ – көптеген аурудан сақтандыратын, олардың алдын алатын қуатты фактор болғандықтан да адам денсаулығы мен өнімді еңбек ету қабілетін қамтамасыз етеді.

Адам тәулігіне қанша тамақ ішу керек? Бұл сауалға дұрыс жауап беру үшін ең алдымен лайықты тамақтану теориясына тоқталайық. Организмнің өсуі мен клеткаларының үнемі тұрақты түрде жаңарып тұруына қажетті тамақ, яғни қуаты мен құрылыс материалдарына деген қажеттілік адамның жасына, жынысына, жұмысының сипатына, мекендейтін жерінің климатына лайық болуға тиіс. Сонымен бірге адам бір тәулікте ішкен тамағынан бойына қаншалықты қуат алса, соншалықты қуат шығындауы да керек. Олай етпеген жағдайда артық ішкен тамақтың зардабы көп ұзамай-ақ біліне бастайды.

Біз толық тыныштық сақтаған күннің өзінде тәулігіне 1200-1800 килокалория жоғалтамыз. Мұншалықты энергия жүректің соғысына, өкпе мен ішектердің қозғалысына, организмнің басқа да функцияларын орындауға жұмсалады.

Егер сіздің еңбегіңіз көп қозғалуды талап етпесе, отырып еңбек ететін болсаңыз, онда да тәулігіне 2500-2800 килокалория энергия жұмсайсыз. Ал дене еңбегімен айналысатын адам бұдан әлдеқайда көп энергия жұмсайтындығына күмән болмас.

Азық-түліктің қандай түрі және қаншалықты мөлшері организмнің физиологиялық қажеттілігін қамтамасыз ететін тамақ рационына сәйкес келеді? Бұл орайда «ана азық-түліктен мына тамақты жасап іш», – деп кесіп-пішіп айтатын қағида жоқ. Адам организміне керегі кеспе де, борщ та, манты да емес, оған керегі: белоктар, амин қышқылдары, майлар, май қышқылдары, углеводтар, витаминдер, тұздар мен микроэлементтер. 

Тәбетпен өз мезгілінде ішпеген және жүре жүріп ішіп-жеген құрғақ тамақ ас болмайды.  Тамақты қарныңыз ашқан кезде ішкеніңіз жөн. Өкінішке орай, тойып, тамақ кеңірдегіне келгенше іше беретін адамдар да бар. Мұндай жағдайда қарын сөлі қажетінен артық, 3-4 есе көп бөлінеді, артық ішкен астың қарынға түсіретін қысымы молаяды. Соның салдарынан мешкей адамның мазасы кетіп, іші ауырады, қарны сыздап әлек қылады. 

Тамақты  асығып ішесіз бе, жоқ әлде сабырмен ішесіз бе – соған назар аудардыңыз ба?

Ішкен астың қорытылып, бойға сіңуі мен қоректік заттардың тотығуы тәуліктік биоритмдерге сәйкес келетінін есте ұстаған жөн. Сол себептен де түнге қарай, ұйқы алдында ішкен ас нашар қорытылады, майлар зат алмасу процесі арқылы толық пайдаланылмай, денеге жинала береді.

Жұмыстан қолы тимейтінін сылтауратып күніне 1-2 рет қана тамақтанатындар мен күні бойы ауыздарынан ас кетпейтіндердің де жағдайы қиын. Өйткені олардың бәрі бірдей ас қорыту органдарына орасан зор зиян келтіреді. Тамақтану режимін үнемі бұзып мезгілінде тамақтанбайтын адамдар гастрит, қарын мен ұлтабар жарасы, колит сияқты ауруларға ұшырайды.

Көп жағдайда біз дастархан жасауға, астың түріне, иісіне жете мән бере бермейміз. Өкінішті-ақ. Өйткені әсем безендіріп жасаған дастархан мен астың түрі, иісі асқазан сөлінің бөлінуін ынталандырады, соның нәтижесінде тамақ ішер сәтте ас қорыту жүйесі іске кірісіп даяр тұрады. Сондықтан да бойға белоктар мен майлар, углеводтар жақсы сіңеді. Сол себептен әзір асты дастарханға қазанмен, табамен әкеліп қоя салмай, әркімге жеке тәрелкеге құйып, бетіне көк пияз, петрушка, укроп, сельдерей, салат жапырақтарын т.б. салып берген жөн.

Ет пен балық, тауық сорпасы, щи, борщ сияқты сұйық тамақтар да қарын сөлін жақсы бөледі. Сол себептен мұндай астарды да қою тамақтардың алдында, бірінші ішу керек. Дәстүр бойынша барлық астың ең соңынан тәтті (десерт) тағамдар беріледі.

«Тамақ ішкен кезде мылқау, керең болып қаламын» дейтін орыс халқының мәтелі бар. Шынында да бұл мәтелдің айтылуының қисыны жоқ емес. Тамақ ішкен уақытта бәрін, әсіресе көңілге қаяу түсіретін жайларды ойламаған, әңгімелемеуге тырысқан жөн. Ас ішіп отырып смартфонға үңілуге, газет-журнал оқуға да болмайды. Біріншіден бұл жай тамақ ішуге кедергі келтірсе, екіншіден, дастарханда өзіңізбен бірге отырған адамдарды өкпелетеді. Тамақты асықпай, мұқият шайнап жұтқан дұрыс. Жақсы шайналған ас бойға да жақсы сіңеді, асқазанға да күш түсірмейді. Ал пайдалы әдет өзіңізге денсаулық, жақсы көңіл күй болып қайта оралады. Тамақты шала жұтқанда, асығып ішкенде ұтқан уақыттарыңыз асқазаныңызды, жүрегіңізді, бауырыңызды ауыртса, емханаға баруға, үйде немесе ауруханада жатуға мәжбүр етсе, онда тамақтанудан ұтқан уақытыңыздан өзіңізге де, қоғамға да пайда бола қояр ма екен?

 

Toregeldy Sharmanov

 

2535 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз