- Qazaq gazetteri TV
- 24 Қараша, 2021
Ресейдегі қандастарымыз қазақ тілін оқытатын мамандарға зәру
Ресейдегі қазақтар көп шоғырланған өлкенің бірі – Орынбор. Ресей Федерациясы, Орынбор қаласындағы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өкілдігінің төрайымы Сәуле Таикешеваның айтуынша, 2010 жылғы халық санағы бойынша Орынбор облысындағы қазақтардың саны 120 мыңнан асады.
- Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. 2000 жылдарға дейін қазақтар тұратын өңірлердегі мектептердің 80 пайызында қазақ тілі факультатив сабақ ретінде өткізіліп келді. Сондай-ақ, қазақ тілі пән ретінде мектептердің 43 пайызында оқытылып, жергілікті қазақтардың ана тілін үйренуіне азды-көпті мүмкіндіктер жасалды. Ал қазір бұл көрсеткіш түсіп кетті. Тіпті, тіл үйрететін курстар жоқтың қасы. Оның басты себебі, мамандар жоқ ,-дейді Сәуле Таикешева.
1992-1996 жылдар аралығында Ресеймен шекаралас Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен, Ресейге мамандар жіберіліп, тіл үйрету жұмыстары жүйелі жүргізіліпті. Тіпті, Қазақстаннан келген мамандар домбыра және би үйірмелерін ашқан. Әдістемелік құралдармен сондай-ақ мамандарды баспанамен қамту, жалақы төлеу мәселелеріне аталған облыс әкімдіктері қолдау жасап, Ресей қазақтарының өнері мен мәдениетін дамытуға үлес қосқан. "Бұл қазақ тіліне жасалған нағыз жанашырлық , қамқорлық болатын" дейді орынборлықтар. Өкінішке қарай, 1996 жылдан кейін ол жұмыстар тоқтап қалған.
Жалпы Ресейде ресми есеп бойынша 648 мыңдай қазақ тұрады. Бүгінде Алтай өңірінде бір қазақ мектебі бар.
Ресейдегі қандастарымыздың "Қазақ тілінің дамуы үшін Қазақстан тарапынан саяси да, қаржылық тұрғыдан да қолдау болса" деген бір ғана тілегі бар.
Атамекенге сапары барысында біздің "Қазақ газеттері" серіктестігінің ақпараттық порталына арнайы сұқбат берген Сәуле Таикешева сөз соңында "Ресейде қазақтардың қоғамдастықтары өте көп. Бірақ олар жүйелі жұмыс істемейді. Солардың басын қосып, жүйелендіру де өзекті мәселелердің бірі. "Саусақ бірікпей, ине ілікпейді" демекші, барлығы бір негізгі қоғамдастыққа біріксе, Ресейдегі қазақтардың мәселелерін шешу де жеңілірек болар еді" деген ойын жеткізді.
27003 рет
көрсетілді0
пікір