Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 27 Қараша, 2021

Күткен күн

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев «Ана тілі» газетінің  бас редакторы Қали Сәрсенбайдың сұрақтарына жауап береді

Біршама уақыттан бері классикалық, дәстүрлі журналистиканың даңқты өкілінің бірі ­Жанболат Әлиханұлы Аупбаевпен бірге «Сұхбат – сараптама» атты жаңа жоба бастап, екеуара әңгіме жүргізіп келеміз. Бұл жолғы тақырып – Тәуелсіздік және баспасөз бағытында өрбіді.
Рас, әуелде кертартпа пікірдің жетегіндегілер үшін Тәуелсіздік біздің басымызға кездейсоқ қонған бақыт құсы секілді көрінді. Оны айтасыз, кейбір аты бар азаматтардың өзі «Енді осы Тәуелсіздікті ұстап тұра алар ма екенбіз?» деп күпірлік жасағандары да бар.
Күткен күн келді. Азаттық таңы атты. Тәуелсіздік тұғырына қонды. Бәрі осымен бола қалды деп ойлайсыз ба? Жоқ, оны енді қорғау керек болды. Қалай, қайтіп? Біз оған дайын ба едік? Тәуелсіздіктің орнына тәуелділік тудыруға жанұшырып ұмтылған шовинистік пиғылдағы топтармен күрес жолындағы журналистердің жанкешті жұмысы, арпалыстар, тартыстар, қиян-кескі ұрыстар басталды. Баспасөздегі тұлғалар мен қарапайым тілшілерге дейін бүлікшіл топтарға қарсы парасатты майдан жүргізді. Олар кімдер еді? 
Бір өзі бір байтақ, қазына, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Жанболат Аупбаевтың ағынан жарылып, бүкпесіз айтқан әңгімесінде сол бір сұрапыл күндердің күркірі жадымызда қайта жаңғырды.

– Ойлап қарасақ, ағасы, еліміз күн санап үлкен бір мерекеге жақындап келе жатыр. Ол – енді ­жиырма шақты күннен кейін атап өтілетін Тәуелсіздік мейрамы. Демек, бүгінгі әңгімеміздің тақырыбы да түсінікті ғой деймін.

– Түсіндім.

– Алайда бұл сұхбаттың бір ерекшелігі бар. Егемендік және еліміздің сол уақыттағы, одан кейінгі төл баспасөзі туралы әңгіме. Оған қазіргі кездегі газет-журналдарымыздың жағдайы жөніндегі ой-пікіріңізді де қоса кетсеңіз деген тілегіміз бар.

– Жақсы. Онда былай болсын. Алдымен сөз етілетін тақырып темірқазығы – Тәуелсіздік алғышарты деген ұғымға аз-кем тоқталып өтейік. Арман болған азаттық... Ғасырлар бойы аңсаған оның ақ таңы... Ол тоталитарлық тәртіп үстемдік еткен Кеңес елінде қалай, неден туындаған еді? Оның 80-жылдарға дейінгі томаға-тұйық, жабық қоғам түкпірінен себезгілей сәуле шаша көрінуіне не нәрсе себеп болды деп ойлауға негіз бар? Міне, бірінші кезекте бізге осыны біліп алу маңызды. Содан соң барып негізгі әңгімеге байланысты сыр суыртпақтауға болады.

– Бәрекелді. Мархабат.

– Менің ойымша, Тәуелсіздік тақырыбын зерт­теуші кейбір ғалымдарымыз кеше де, бүгін де жалпылама нәрсеге ұмтылып, белгілі іздерді шиырлап, егемендікке қозғаушы күш болған бір жайтқа баса назар аудармай келеді. Ол КСРО басшысы Ю.В.Андроповтың 1983 жылы мамырдағы «Коммунист» журналында жария­ланған мақаласындағы тұжырым. Атақты Карл Маркстың туғанына 165 жыл толуына орай жазыл­ған жоғарыдағы материалда мынадай сөйлем бар-тын. «Біз, – деді Бас хатшы, – шыны­мен-ақ ­социализм құра алсақ, тек сол социализмнің алғашқы баспалдақтарының бірінде тұрмыз». Міне, саған «кемелденген социализм»... Міне, саған «таяуда орнай қояр коммунизм»... Бұлай дейтініміз, қоғам авангарды деп сипатталған Коммунистік партия құжат­тарындағы «1936 жылы «одақта социализм толық орнады», ал 1977 жылы бүкіл ел «кемелденген социализм дәуіріне өтті» деп жазылмап па еді. Алдымызда енді тек қоғамымыздың ең жоғарғы фазасы – коммунизм қол бұлғап тұрған болатын. Бірақ олай емес екен. Өзі билік тізгінін ұстаған 6 айдан соң Кеңес еліндегі бүкіл жағдайды ой тезінен өткізген Ю.В.Андропов жоғарыдағы догма­ның қате екенін айтты. Бұл Бас хатшының үлкен ерлігі еді. Өйткені мұндай мойындауды оған дейінгі басшылардың ішінен ешкім айта алған жоқ болатын.  

«Ол неге бұлай деді?» деген сұрақ туады осы арада. Мұны қысқа әрі нұсқа түрде айтсақ, елдегі жағдай төмендегідей-тін. Атомды ауыздықтадық дегенімізбен, одақтағы алып зауыт-фабрикалар 40 жылдан бері жаңартылмады. Ғарышқа кеме ұшыр­ғанымызбен, кеңестік ғылым шетелдердегі ЭВМ, компьютерлік технологиядан 20 жылға артта қалып қойды. Бесжылдықтар жоспары асыра орындалды деп ұрандағанымызбен, олар жалпы өнім есебі арқылы жүзеге асты да негізгі көрсет­кіштер орындалмады. Ең қауіптісі, елде «өкімет өлтірмейді» ұғымындағы бойкүйездік, немқұ­райлылық кең етек алды. Сондықтан қоғамға өзгеріс қажет еді.

– Ол қалай басталды?

– Мұны Бас хатшы 1982 жылдың желтоқса­нындағы КОКП пленумындағы «Бір процент» атты баяндамасындағы тәртіп мәселесінен ­бастады. Бұл ой өте қарапайым-тын. Ондағы ­талап бойынша елдегі ірілі-ұсақты мыңдаған еңбек ұжымдары еңбек өнімділігін бір процент, иә, нақты түрде бір процент қана арттырса, соның өзі көп нәтижеге қол жеткізуге жеткілікті екен. Бұл рас болып шықты.

1983 жылдың қорытындысы бойынша КСРО-дағы өнеркәсіп өндірісі 4 процентке өсіп, еңбек өнімділігі 3,5 процентке артты да ауыл шаруашылығы өнімдері 5 процентке ұлғайды. Елдің еңсесін осылай көтерген Мемлекет басшысы енді коррупция мен көзбояушылыққа қарсы күрес жүргізуге кірісті. Нәтижесінде аз ғана мерзім аралығында 18 министр орнынан алынды немесе істеген ісі атқарып отырған қызметіне сай емес деген ұйғарыммен төменгі буынға жұмыс істеуге жіберілді. Мұнымен қатар Ішкі істер министрі Щелоков пен Краснояр өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Медуновтың және «Мосторг» директоры Трегубов пен осы сауда жүйесіне қатысы бар 25 лауазымды тұлғаның ісі сотқа берілді. Сондай-ақ 1983 жылдың ортасында елде «Еңбек ұжымдары туралы» Заңның қабылдануы жұрт үшін үлкен жаңалық болды. Онда кез келген жұмысшы, ғалым немесе колхозшы түрлі өндірістік, ғылыми кеңес, шаруашылық жиналыстарында басшылардың алдын ала дайындап қойған адамы ретінде емес, сол басқосуларда өз атынан сөз алып, ой-пікірін ашық айтуға құқылы екені, ол үшін жаңа заңда қудаланбайтынына кепілдік берілетіні туралы арнайы бап енгізілгендігі атап тұрып көрсетілген-тін. Сөз ретіне қарай тағы да айта кететін жайт, Ю.В.Андроповтың сол 1983 жылдың ортасында Орталық Комитеттің тиісті бөлімдеріне демократия мен жариялылыққа жол ашып, оған, әсіресе баспасөз саласында мүмкіндік жасау ­туралы тапсырма бергендігі. Мұны зерттеуші И.Фроянов «Тұңғиық түбіне үңілу» атты еңбегінде жақсы айтқан.

– Әдетте Кеңес Одағын басқарған Бас хатшылардың ішінде Андропов жөнінде көбіне жағымды пікір айтылады. Егер бұл кісі ұзағырақ отырғанда одақтас республикалар үшін тәуелсіздік таңы ертерек атар ма еді деген де пікір болған. Мына көпшілік біле бермейтін қызықты деректеріңіз де сондай бір ойға иек артқызады ғой.

– Иә, сол кездегі Кеңес адамдары «үмітке толы 15 ай» деп атап кеткен 1982 жылғы қараша мен 1984 жылғы ақпан аралығындағы аз уақытта атқарылған жұмыстар жұртшылықты жігерлендірді. Қайраттандырды. Сөйтіп, бұлар халықтың алға қарай ұмтылуына негіз қалады. Кейін Үкімет төрағасы болған Н.И.Рыжковтың: «Өз басым Одақтағы қайта құру 1983 жылдан басталды деп есептеймін. Себебі Ю.В.Андропов өн бойынан жаңғыру, жаңару атты ұғымдарды сыйғызып тұрған жоғарыдағы сөздерді бізге алғаш айтқан адам. Және елді басқарған 1,5 жыл ішінде ол оның алғышарттарын жасап та кетті. Содан кейін бұл бастамаға КОКП хатшысы Яковлев дем берді», – деуі тегін емес. Мұндай пікірді сол кездері Орталық Комитеттегі Жалпы бөлімнің бірінші орынбасары болған А.И.Лукьянов та айтады: «Қайта құру, – дейді ол, – 1985 жылғы «сәуір самалы» деп алаулатып-жалаулатқан Горбачевтің жарнамасы мол науқанынан 2 жыл бұрын-ақ басталған-тын. Атап айтқанда, 1983 жылдың тамызында Ю.В.Андропов өзіне Рыжков, Воротников пен мені шақырып алды да қайта құру деген ұғымға ерекше мән бере сөйледі. Сөйтті де оның бағдарлама жобасын жасауға кірісу қажет екенімізді айтты».

Міне, куәгерлер осылай дейді. Сөздің тоқетері, содан басталған санадағы сілкініс адамдардың жан дүниесіндегі жаңаша ойлау машығына жетелегені анық. Ал ол, өз кезегінде, 1985 жылғы жеделдету мен адам факторын жандандыру атты жаңғырып, жаңару үдерісіне алып келді деп айтуға негіз бар.

– Ғафу етіңіз! Жоғарыда сіз демократия мен жариялылыққа жол ашу үшін тиісті орындарға Бас хатшы Ю.В.Андропов 1983 жылы-ақ тапсырма бергені, сонда баспасөзге арқа сүйеу қажеттігі туралы айтып қалдыңыз. Есіңізге түсіріп көріңізші, сол уақытта бұл мүмкіндікке қай газет-журнал бірінші болып ұмтылып, мұндай еркіндік ұшқынын олар қалай пайдалана білді деп ойлайсыз?

– Бұған алғашқы кезекте В.Яковлев жетекшілік еткен «Московские новости» апталығын айтуға болады. 1984 жылдан бастап: «Жариялылықтың локомотиві» деген атты иеленген ол Кеңес өкіметі жазуға тыйым салып келген жасырын жайларды жалғанның жарығына шығарды дер едік. Атап айтқанда, бұлар Мәскеудегі ­мафия, Қазан вокзалы маңындағы Орта Азия ­республикаларынан жиналған қылмыстық топ, РСФР-дың Магнитогорск, Арзамас, Иваново-Вознесенск қалаларында белең алған наркомания сияқты тақырыптар еді. Бұлардан сол жылдары В.Старков редактор болған «Аргументы и факты» газеті де қалысқан жоқ. «Сұраққа – жауап» деген айдармен мақаланы елдің бірден әрі өте тез оқуына жол тауып алған бұл басылым одақтағы Үкімет адамдары пайдаланып келген қисапсыз жеңілдіктер, КСРО Қорғаныс министрлігіндегі әскери кеңес атты қоғамдық ұйымға кіріп алған маршалдар мен генералдарға жасалатын жосықсыз қамқорлықтар жөніндегі масылдықтан жұртшылықты хабардар етуге кірісті. «АиФ» назарынан сондай-ақ КОКП-ның өз отандастарымыздың аузынан жырып алып, шетел коммунистік партияларының басшы аппараттарын ұстап тұру мен съездерін өткізуді қаржыландыру мақсаттарына орай бөлінген валюталық ақшаны да жазып көрсету ұмыт қалған жоқ.

Сөз ретіне қарай «Огонек» журналы туралы да айта кеткеніміз жөн ғой деп ойлаймын. Өйткені сол кезде бұл басылым да өзгеше сипатқа ие болған еді. Бұрынғы редактор А.Софроновтың орнына тағайындалған В.Коротич мұнда келісімен қызметкерлерін бірден төмендегідей тақырыптарға жұмылдырды. Ол Кеңес өкіметінің қысы­мымен шетелге эмиграцияға кеткен Ресейдің атақты адамдарын іздестіртіп, бар болса өздерін, жоқ болса ұрпақтарын жазуға тапсырма беруі еді. Нәтижесінде оқырман Николай патшаның немере інісі мен генерал Деникиннің қызының Парижде тұратындығынан хабардар болып, атақты әнші Шаляпиннің баласының Миландағы, суретші Рерихтің ұлының Делидегі тұрмыс-тіршіліктерін осы «Огонек» арқылы оқып білді. Мұнымен қатар журнал редакциясы 1937 жылғы репрессиядағы Сталиннің, сосын 1957 жылғы партия қатарын тазалаудағы Хрущевтің қаһарына ілігіп, саясат сахнасынан кеткен қайраткерлер жөніндегі тақырыптарды да жаңаша жазып көрсетуге кірісті. Басылымның мұндағы тауып кеткен тәсілі мұрағат құжаттары емес, жоғарыдағы жазалауға ұшыраған Мемлекет басшыларын білетін көзкөргендерді тауып, солар арқылы мақалалар сериясын жасауы еді. Соның арқасында, мәселен... Иә, атақты, 37-де атылған Бухарин бар емес пе? Міне, сол қайраткердің жан жары табылып, ғажап сенсациялық сұхбат жарыққа шыққаны! Одан соң 50-жылдардың ортасындағы «антипартиялық әрекеттері үшін» Үкімет құрамынан шығарылған Молотов пен ­Маленков та тірі, сол 80 жылдары аман-есен жүр екен. Міне, олардан алынған ­интервьюлер де елді біраз тың, соны жайттарға қанықтырғаны бар.

Жоғарыдағы сөз етілген үш басылымдағы өзгерістер одақтағы бас газеттер «Правда» мен «Известия» редакцияларына да әсер етпей қоймады. Өйткені оқырман назары уақыт лебімен түлеп шыға келген баспасөз өнімдеріне ауып, бір кездегі құдіретті басылымдарға енді тізгіннен айрылып қалу қаупі төнген-ді. Бұл жай сөз емес. Оған, мысалы «Огонек» тиражының сол қайта құрудың алғашқы кезеңінде 1,4 миллионнан 3,2 миллионға, ал «Аргументы и факты» газетінің 6,2 миллионнан 12,3 миллионға жеткені анық дәлел. О­сындай бәсекелестіктің тууына ­байланысты өздерінің қатаң партиялық, үкіметтік ұстаным жағдайларына қарамастан «Правда» мен «Известия» да реті келіп қалған жердегі мүмкіндіктерді қалт жібермей, қайта құрудағы жаңаруға ыңғай таныта бастады. Мұның көрінісі деп сол кездегі алғашқы аталған газеттің «Республика атынан!» деген жаңа айдар ашып, онда бұрын мүлде болмаған үрдіс – КСРО астанасы Мәскеудегі шетел елшілерімен әңгіме-сұхбаттарды бере бастауын айтуға болар еді. Ал «Известияға» келсек, мұндағы редакция қызметкерлері алдымен бұрыннан жауыр болған тақырыптар – бас мақалаларды беруді тоқтатты. Сөйтіп, оның орнына есімдері мен еңбектерін ел білетін тұлғалар: суретші И.Глазунов, дәрігер Г.Илизаров, физик Ж.Алферовтің тоқырау кезеңіндегі өз салаларында қордаланып қалған өзекті, көкейкесті мәселелерді қозғаған ойлы, шағын, жанды мақалаларымен алмастыра бастады. Бұдан кейін аталмыш басылымның бюрократизмге қарсы аяусыз күрес бастағаны да есімізде. Сонда бұл тақырыпты тереңнен қозғап, жеріне жеткізе жазуда редакциядағы өзге әріптестерінен А.Аграновскийдің шоқтығы биік көрінгені бар. Мәселен, оның 1984 жылғы «Известиядағы» бір мақаласында айтқан: «Мемлекеттік құрылымдардағы бюрократиялық аппараттың далиып кеткені сонша, қазір еліміздегі 1 қарапайым еңбек адамына орта есеппен 4 шенеуніктен келеді», – деген сөзін әлі ұмытқанымыз жоқ.

– Ал қазақ баспасөзі ше? Сол кездері өз республикамызда шығатын төл газет-журналдарымыз қайта құруды қашан, қалай бастады деп ойлайсыз?

– Қиянат болмасын, сол кездегі біздегі жағдайды еш қоспасыз, қаз-қалпында ­баяндау үшін алдымен төмендегі жайттарға тоқталайын. Сонда бәрі түсінікті әрі ­нанымды болмақ. Иә, Мәскеудегі 1985 жылғы сәуір пленумынан кейін Қазақстанда да қайта құру лебі есе бастады. Оны 1986 жылғы КОКП ХХVІІ съезі қуаттап, соған орай біздің республика жұртшылығы да жаңа өзгерістер дәуіріне аяқ басамыз деген үмітпен алға көз тікті. Есімде қалғаны, биліктің биік мінбелері мен түрлі жиындарда демократия, жариялылық мәселелеріне орай: «Қоғамға тың ой, озық идея керек» деп ұрандата айтып жатқан сөздері жақсы-тын, әрине. Бірақ республикамыздың қай саладағы басшылары да бұған дайын болмай шықты. Ол сол кездегі үлкенді-кішілі мекеме иелерінің жаңалық атаулыны жатырқап, ескі жұмыс тәсілдерінің жалына жармасып алған әдеттерінен анық байқалатын. Партия директивалары мен Үкімет қаулы-қарарларында: «Жеке басқа табыну зардаптарынан елді хабардар ету, репрессия кезіндегі қиянаттарды жариялы түрде көрсету, одан бергі тоқырау жылдарындағы бюрократизм, масылдық пиғылдарды әшкерелеп, көзбояушылықтан арылу жөнінде ашық айтылсын» деген нұсқаулар беріліп жатқанымен, сондай дерек, мәлімет, анықтама сақталған ведомстволық орындар қорқасоқтап, редакциялардың өтініш хаттарын кері ысырды да отырды. Содан амал жоқ, «Социалистік Қазақстан» секілді аға газеттің өзі қайта құру тұжырымдамасындағы қосалқы, яғни науқандық тақырыптарды жазудан әріге аса алмай жатты. Олар: түрлі деңгейдегі басшылардың ел алдындағы есеп беруі, кәсіпорын жетекшілері мен кеңшар директорларының мінездемесін ұжым талқысынан өткізіп барып бекіту, демократия дүмпуімен орнынан алынған шенеуніктер жөнінде сын материал жазу секілді дүниелер еді. Кейін аталмыш ­газет жұмысына Жоғарғы Кеңес, Үкімет және Бас прокуратураға келіп түскен еңбекші-бұқара хаттарындағы ой, бастама, ұсыныс, кемшіліктерді айтудан тұратын жайларды жинақтаған «Қоғамдық пікір» ­топтамасы қосылды. Мұны редакцияға Орталық Комитеттің насихат бөлімі дайын­дап беріп отырды. Өстіп жүргенде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете түсті. Осыдан соң билік қысымымен қазақ газет-журналдарының үні шықпай, басылып қалды. Десек те, қайта құрудың төл баспасөзіміздегі аталмыш жағдайға байланысты қалыптасқан бұл мұз тоңын 1987 жылдың аяғында «Қазақстан коммунисі» бұзды деуге болады.

– Әлбетте. Жаһанды жаңғыртып, жалт қаратқан Желтоқсан көтерілісі сол арман болған азаттықтың, алғашқы демократиялық жаңғырудың ұлы хабаршысындай болды ғой.Есіме түсіп отыр. Бір сұхбатымызда аталмыш журналға ауысу жайын да сипай қамшылап айтқансыз. Партиялық басылым қанша аттай қалап алса да, «Лениншіл жасты» сізсіз көзге елестету еш мүмкін емес еді. Жүйріктің аты жүйрік қой. Бұл басылымда да сіз сол баяғы іргелі ізденістеріңізді жалғастырып, өз қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Жарайды, әңгімеміздің арнасын бұзбайық. Сонымен, «Қазақстан коммунисі» тоңды қалай, қайтіп бұзды?

– Айтайын. Соның алдында, шамамен бір жылдай уақыт бұрын саяси-теориялық бұл басылымға Орталық Комитеттің идео­логия жөніндегі хатшысы қызметін атқарған Кәкімжан Қазыбаев редактор болып тағайындалған-тын. Зейнет жасына жақындап қалуына орай, осында ауыстырылған кәсіби журналист, белгілі жазушы ол кісі мұнда келісімен ұжымды жасартуға кірісті. Журнал жұмысына сол мақсатпен алынған кадрлардың қатарында «Лениншіл жас» газетінен шақыртылған мен де бар едім. Қайта құруға байланысты редакциядағы сол уақытта көргендерім бойын­ша айтсам, сөз етіліп отырған бағыттағы жұмысты жолға қою бұрынғы бас идеолог бұл кісіге де оңай болған жоқ. Тоқетерін айтқанда, ағамыздың көп іс-шараны қайтадан басынан бастауына тура келді. Соның бірі, мәселен Кәкеңнің бәрімізбен ақылдаса отырып кешенді жоспар жасауы еді. Ол әбден біткен соң редакцияға құзырлы органдар: Орталық Комитеттің насихат бөлімі мен Мемлекеттік қауіпсіздік Комитетінің бұрынғы өзіне бағынышты мекемелер – Партия тарихы институты және Бас архив басқармасының жауапты адамдарын шақырды. «Дөңгелек үстел басындағы сұхбат» деп аталған осы отырыста: «Партиямыз бен үкіметіміз, – деп бастады сөзін Кәкең, – ел басқарудағы бұрынғы кеткен кемшіліктерді көрсетіңдер. Ондай солақайлық енді қайталанбасын. Ашып жазыңдар, – дейді. – Біздің журнал қызметкерлері бұған дайын. Оған дәлел: сөз еткелі отырған тақырыпқа арналып жасалған редакцияның кешенді жоспары. Бірақ, өкінішке қарай, аталмыш іске сіздер әзір емес болып шықтыңыздар. Өтініш хаттарымызды кері ысырасыздар. Мәлімет, анықтама беру жөніндегі әңгімені ұзын арқау, кең тұсауға салып жалтарасыздар. Сонда партияның алдымызға қойып отырған міндетін қалай жүзеге асырамыз? Орталық Комитеттің бізге жетекшілік етіп отырған бөліміне ертең не деп есеп береміз? «Тиісті мекемелер есіктерін тарс жауып алған. Кіргізбейді» десек ұят. «Өтінішімізге құлақ аспайды» деп шағымдану әбестік. Не істейміз? Біз артық нәрсе сұрамаймыз. Алдарыңыздағы «Коммунист Украины» журналына қараңыздаршы. Олар өздеріндегі 1932 жылғы ашаршылықты бергендеріне 2 жыл болды. Ал «Коммунист Белоруссии» басылымы ше? 1948 жылдан бері жабыла бастаған өз ұлты тіліндегі мектептердің жоғын жоқтауда. Бізде мұндай проблема жоқ па, сонда? Редакциямыздың кешенді жоспарлары осыларға қарап отырып жасалған. Репрессия, бюрократизм, көзбояушылықты Мәскеу, Грузия, Латвия журналдары да беруде. Ал біз неге олай істей алмаймыз?».

– Мәселенің қойылысы дұрыс, – деді Кәкімжан ағаның сөзінен кейін ойланып барып тіл қатқан Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінен келген өкіл, полковник Әбдірахманов. – Осы басқосу алдында бастықтарыма кіріп, өзара пікір алысқанбыз. Сонда ол кісілер 1937 жылғы ауыр кезге қатысты «Жариялауға жатпайды» деген грифі бар бумадағы құпия құжат­тарды беруге пейілді екендіктерін білдірді. Сіздерге мен, міне, осыны айтпақпын.

– Ал біздің мекеме мұрағатында академик Сәтбаевтың Сталинге жазған хаты бар, – деп сөзге араласты осы кезде Бас архив басқармасының бастығы Сапар ­Байжанов ағамыз. – Бұл 1952 жылғы аласапыранда ғалымның қарсыластарының: «Ол күмәнді «Едіге батыр» жырын ел аузынан жазып алған ұлтшыл», – деген арызына ­байланысты Қанекеңнің Кремль басшысына берген түсініктемесі ғой.

– Бәрекелді! Дұрыс-ақ. Енді осы отырған бәріңізге бір сұрақ. 1932 жылғы ашаршылыққа байланысты жазылған атақты «Бесеудің хаты»... Содан кейінгі Тұрар Рысқұловтың да осы нәубетке қарсы жанайқайы... Бұлар қайда? Қай мекеме архивінде деп ойлайсыздар?

– Ол екі құжат та, содан соң Ораз Исаев­тың Сталинге жолдаған 1933 жылғы хаты да бізде, – деді Кәкеңнің сауалына үн қатқан Партия тарихы институты директорының орынбасары Рақымжанов. – Басшылыққа хат жолдап сұрасаңыздар, өзіміздің аударып әрі қажетті түсініктемелерін жасап беруімізге әбден болады. Бірақ бәрін емес. Біртіндеп... Бұлардан бөлек.., Иә бұдан басқа институт ғалымдарының сіздердің басылымдарыңызға деп ойластырған бір тақырыбы бар еді. Ол – «Біздерді кімдер басқарып келді?» деген хроникалық зерттеу мақала. Құп көрсеңіздер оны жазуды Қарпықова деген ғылыми қызметкерімізге тапсырайық. Бұған қалай қарайсыздар?

...Жиналыс біткен соң келген қонақтардың сөздеріне қатты көңілденген Кәкең солардың беретін материалдарына байланысты бәрімізге тапсырма жүктеуге кірісті. Ол журнал қызметкерлерінің жоғарыдағы мекемелер өкілдерінің уәделерін бақылап, естеріне салып отыру міндеті еді. Соның нәтижесінде редакцияға алдымен келген мақала «Сәтбаевтың ­Сталинге жазған хаты» болды. Оны өзі де мықты журналист, Бас архив басқармасына барғанға дейін «Социалистік Қазақстанда» көп жылдар редакторлық қызмет атқарған Сапекең, ­Сапар Байжанов өте әдемі аударып, алғысөзін де мықтап жазып редакцияға әкеп берді.

Содан кейінгі біздің қолымызға тиген дүние 1920–1988 жылдар аралығындағы кеңестік Қазақстанға жетекшілік еткен бірінші басшылар туралы мақала-тын. Оны оқып отырып қалай таңғалдық десеңізші. Себебі мұндай дерек дәл осындай жүйелілікпен еш жерде айтылып, жазылмаған еді. Рас, Қазақ кеңес энциклопедиясында бұл қайраткерлер алфавиттік тәртіпке байланысты әр томға шашырай орналастырылып, толық емес түрде берілгеннен хабарымыз бар болатын. Ал 1985 жылғы «Қазақстан Компартиясы тарихының очерктері» атты еңбекте ол жоқ-тын. Енді жаңа заман талабына байланысты Партия тарихы институтының ғылыми қызметкері әзірлеген қолымыздағы мақалада бәрі толық қамтылған болып шықты. Онымен танысқандағы тағы бір таңғалғанымыз, таңғала отырып қорланғанымыз сол өткен 68 жыл ішіндегі кеңестік Қазақстанды басқарған 18 адамның үшеуі ғана қазақ, қалған 15-інің өзге ұлт өкілі екендігі еді. Бұларды мысал ретінде бір-бірден ғана алып айтар болсақ: Пестковский (поляк), Костелевская (украин), Нанейшвили (грузин), Голощекин (еврей), Мирзоян (армян), Скворцов (орыс), Пономаренко (беларусь), Юсупов (ұйғыр) дер едік. Бұлардың ара-арасындағы 8 адам орыс пен украин ұлтын құрайды. Ал қазақтардан ше? «Олар кімдер?» – дейсіздер ғой. Мұхамедхафий Мырзағалиев (1921 ж), Жұмабай ­Шаяхметов (1946–1954 жж), Дінмұхамед Қонаев (1960–1962 және 1964–1986 жж).

Жоғарыда айтылған «Сәтбаевтың ­Сталинге хаты» мен «Біздерді кімдер басқарып келді?» атты мақалалар журналда жарық көрісімен ел бұған гу ете түсті дейсіз. Олардың артын ала оқырманға «Бесеудің хаты», сондай-ақ «Тұрар Рысқұловтың Сталинге хаты» және жол тартты. Одан кейін аталмыш жарияланымдарды Ораз Исаевтың Кремльге жолдаған жанайқайы жалғастырып, толықтыра түсті. Осы жерде атап айтатын нәрсе ашаршылық жөніндегі бұл құжаттардың тәуелсіздік емес, өмірде Кеңес өкіметі бар уақытта жарық көргендігі еді. Еліміздегі газет-журналдардың содан кейін де, қазір де үзіп-жұлқып жариялап жүргендері сол «Қазақстан коммунисіндегі» мәтіндер. Соны көргенде: «Дереккөзге неге сілтеме жасалмайды? Оны көрсету соншалықты қиын ба?» деген сөздер, амал жоқ, ойға оралмай қоймайды.

ҚХР. Шанхай қаласы. А.С.Пушкин ескерткіші жанында. 2014 жыл.

 

– Ал сол кездегі біздің басқа газет-журналдар ше? Олар Кәкімжан аға Қазыбаев басқарған басылымдағы жоғарыдағыдай қадамнан кейін қалай қимылдады?

– Ол уақытта, яғни 1988 жылдың жазында Мәскеуде Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясы өтіп, демократияның қанат жаюымен кеңестік Конституциядағы 6-бап пен КОКП жарғысындағы соған сәйкес тармақша құзіретінен айырылып еді. Осыған байланысты Орталық Комитет баспасөзге деген қатаң көзқарасын өзгертті. Сөйтіп, «саптыаяқтың сабынан қарауыл қараған» олардың бұрынғы қорқыту, үркіту тәсілдері орнына енді бұлар БАҚ редакцияларын шығармашылық орта, ағартушылық орын және рухани құндылықтардың насихаттаушысы деп біліп, газет-журналдарға бұйрық беруші емес, кеңесші орган ретінде қарай бастады. Дәл осы сәтте «редакторлардың редакторы» Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстанға» басшы болып келгені! Міне, сол уақыттан бастап аға газеттің бағы жанып, атақ-даңқы дүркірей көтерілді дейсіз. Бұл басылымның содан егемендіктің елең-алаңы, оған: «Тәубе!» дерлік тәуелсіздікке дейін атқарған айтулы істері көп. Өте көп! Солардың ішіндегі біреуіне, шовинизмді шырқыратқан шалымды тақырыптарына тоқталсақ, соның өзі жеткілікті ғой деп ойлаймыз.

Мәселен, 80-жылдардың аяғына дейін Жезқазғанды жеке билеп-төстеген Давыдов атты кеудемсоқ басшы болды. Мәскеуге арқа сүйеген оның қазақ кадрларына жасаған қиянаты бармақ бүгіп санаған жанға қос қолдың саусағы жетпейтін еді. Соған байланысты ел астанасына келген арыз-шағымдар сот, прокуратура, министрліктерді алаңда­тар­лықтай жағдайға жеткізген-тін. Міне, соның бәрін редакцияға жинастырып, олардан журналистік зерттеу жасауға бекінген бас редактор өз аппаратынан шолушы ­Руслан Нұртазинді, ал облыстан сондағы мен­шікті тілші Өтеген Жаппарханды қосып, талдамалы сын мақала жазуға ­тапсырма берді. Сөйтіп, сол пәрменді материал арқылы обкомның бірінші хатшысын шалқасынан түсірді.

Келесі кезек Талдықорған облысының сол кездегі басшысы Жигулинге келген еді. Айтары жоқ, жергілікті ұлтқа деген жағымсыз ісін жасырып жасайтын бұл да жоғарыда сөз болған Давыдовтан бір кем емес «үйдей пәлеге үйір үндеместің» өзі-тін. Оны сынға алып, тәубесіне келтіруді ойлаған Шерағаң журналистік зерттеуді жүзеге асыруға редакциядан шолушы Әміржан Қосанов пен жергілікті жерден сондағы меншікті тілші Тұрсын Әбдуәлиевке өкілдік берді. Нәтижесінде обкомның бұл басшысы да қазақ кадрларына жасап келген жымысқы әрекетін жасыра алмай, жылы орнынан жылыстауға мәжбүр болды.

«Социалистік Қазақстанның» ­Шерхан Мұртаза редакторлыққа келген сол жылдардағы жоғарыдағыдай батыл іс-әрекеттері туралы сөзімді мынадай м­ысалмен аяқтайын. Ол Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Меңдібаевтың оспадарлығын әшкерелеген сын мақала еді. Авторы бір сөзді, не нәрсенің де байыбын біліп барып жазатын байсалды жан, аяулы азамат Сабыржан Шүкіров болып табылатын «Кіші 37-ші жыл емес пе?» атты бұл материалдағы деректер оқыған адамның жағасын ұстатары анық-тын. Астаналық облысты басқарған 2 жыл ішінде ол мұндағы 12 аудан басшыларының 11-ін орнынан алған. Аман қалғаны – Ұйғыр аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ­Арзиев қана екен. Бұлардан басқа осы өңірдегі жоғары, орта, төменгі буындардағы 154 адам да алдыңғылардың кебін құшқан. Бұлар аудандық атқару комитеттерінің төрағалары, өндіріс пен шаруашылықтардағы директор, инженер, зоотехник, ферма меңгерушілері деген сөз ғой. Немене, сонда олар осыған дейін шөп басын сындырмай, масылдықпен күн кешіп пе? Жылдар бойы ыстыққа күйіп, суыққа тоңбаған ба?.. Уақытпен санаспай, мемлекет мүлкінің біреуін екеу, екеуін үшеу етеміз деп жандарын сала жұмыс істемеп пе?.. Таңертең кеңсе, МТС пен фермаларға дедектеп келіп, лездеме, жоспарлау жиналыстарын өткізіп, ақ тер, көк тер қимылмен кәсіпорын цехтарын, егістік алқаптарын араламап па? Кіші, орта, жоғары буындардағы қызметтеріне бұлар бір күнде емес, бірнеше жылдардан кейін барып өз еңбектерімен жетті ғой. Ел аман, жұрт тынышта өздеріне тиіс жұмыстарын шама-шарқынша атқарып жүрген тәжірибелі, білікті бұл адамдарды жаппай лақтырып тастауға Меңдібаевтың қандай құқы бар?.. Сөйтсе, ол былай деп уәж айтады екен. «Бұлар Қонаевтың кадрлары. Соның адамдары. Оларға басшылықты сеніп тапсыруға болмайды. Сондықтан аластау керек». Міне, осы ұрда-жықтықтың бәрін нақты фактімен дәлелдеп көрсеткен аға газет бас редакторының ­орынбасары Сабыржан Шүкіров: «Мынау сұмдық. Бұл 1937 жылғы жағдайды көз алдыңа елестетеді», – деп, Орталық Комитет бюросы алдына мәселе қойды. Көмекшілері арқылы газеттегі сын мақаладан хабардар болған Колбин не істерін білмеді. Әйтсе де, беріспей, өзінің ішкі қарсылығы ретінде сөзге қалған жандайшап кадрын: «Міне, енді не істейсіңдер?» деген доңайбатпен оны Орталық Комитеттегі өзінің жанына әкеп отырғызып қойды. Бірақ сол кездегі бел алған қоғамдық пікір қойсын ба? Көп ұзамай ол бұл жерден де барқадар таппай, төмендегі елеусіздеу жаққа кетіп тынды.

– Сіз қалай қарайсыз, білмеймін. Менде әңгімеміздегі оқиғаларды оқырманға барынша тартымды әрі әсерлі түрде жеткізу үшін осы сұхбатымыз барысында төмендегідей жайтқа да назар аударып отырсақ деген ой бар. Ол егемендікке есік ашылар жариялылық тұсында тірілген төл баспасөзіміз беттеріндегі өзіңіздің есіңізде ерекше сақталып қалған мақала не интервью. Немесе факт, дерек. Иә, сол кезде сізді адами тұрғыда ойландырған, пенде ретінде көңіл күйіңізге қатты әсер етіп, толғандырған бір дүние болды ма?.. Болса ол қай басылымдағы материал еді?

– Бұған, авторын ұмыттым, ал газет есімде, 1989 жылы «Лениншіл жаста» шыққан «Зорлық пен қорлық» атты мақала арқылы жауап беруге болады ғой деп ойлаймын. Ондағы кейіпкер Алматының қарт тұрғыны, қадірменді ұстаз ­Сираж Әмірханов еді. Ақсақалды сырттай білетінмін. Ұлы Әнуар Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде жұмыс істейтін. Ал қарындасы Әтина апай «Лениншіл жаста» біз тағылымдамадан өтіп жүрген 70-жылдардың басында техникалық редактор-тын. Бірақ қарияның бұрынғы өмірінен, атап айтқанда, 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен 10 жылға сотталып кеткенінен хабарымыз жоқ-тын. Мақалада жазылғандай, кейін ол кісі ақталып, Алматыға оралмай ма?.. Міне, сонда оны білетіндер қолтығынан демеп, жұмысқа орналастырады. Пәтер бергізіп, партия мүшелігін қалпына келтіртеді. 1957 жылы қаладағы №2 республикалық ­мектеп-интернат кешені салынғанда, соған директорлыққа тағайындайды. Үлгілі ісі және мәдениеттілігімен ерекшеленген зиялы басшыны Алматыдағы Фрунзе а­уданы өздеріндегі партиялық комиссия құрамына кіргізеді. «Қоғамдық негіздегі осы құрылымның жиналыстарына қатыса бастаған алғашқы уақытта, – дейді мақала кейіпкері, – қарсы алдымда отырған жалпақ бет сарыны көріп, селк ете түстім. «Өңім бе әлде түсім бе? – деймін ішімнен. – Сол.., соның өзі ғой...». Көз алдым тұманданып, денем мұздап кетті. Бұл.., иә, бұл баяғы 38-ші жылы мені тергеген, аяусыз жәбірлеген НКВД қызметкері еді. «Әй, заман-ай... Қараңғы түрме түкпіріндегі өлеусіреген шамы бар сұрқай бөлмеде мені тәулік бойы тік тұрғызып сұраққа алған, тағылған ­айыпты мойындамағаным үшін тісімді сындырып, кеңсірігімді бұзған мына жендетпен жанымның жарасы жазыла бастаған бейбіт, мамыражай кезде қайта кездесіп, ойым онға бөлінеді деп ойладым ба?.. Қарап қоямын. Ол таныды, білді. Бірақ беті бүлк еткен жоқ. Алаңсыз отырғандай кейіп танытты да қойды. Ал мен қатты қорландым. Дүниеде не жаман десең, өзіңді жәбірлеген, азаптаған адамды қайта көру қиын екен, қарағым. Партия комиссиясындағы әр тоқсанда өтетін отырыстарда онымен 5 жыл бойы кездесіп жүрдім. Ештеңе істей алмайтынымды орган адамдары айтқан. Сонда жан дүнием жадау тартып, өмірден баз кешкендей күйге түскенмін. Бұдан асқан азап бар ма?.. Әй, жоқ шығар, сірә...

Міне, «Лениншіл жаста» шыққан жоғарыдағы дүниені оқығанда мен де: «Өмір неткен әділетсіз. Қоғам қандай қатыгез?», – деп іштей күйзелгенмін. Көпке дейін сол мақаладағы оқиға көз алдымнан кетпей, ойымның астаң-кестеңі шыққан. Сөйтіп, ­заман, өмір, уақыт және адамдар ­туралы соған дейінгі қалыптасқан гуманистік адамгершіл ұғымым ақ пен қараға қақ бөлінген.

– Көптен күткен Тәуелсіздік! Ақиқатқа айналған арманның ақжолтай күні. Бұл – 16 желтоқсан ғой. Міне, ол 30 жылға жуық уақыттан бері баспасөз беттерінде үзбей айтылып, жазылып келеді. Бұған қалам тербемеген әріптестеріміз, әй, жоқ шығар, сірә. Дегенмен... Кәсіби журналист сізге егер осы тақырып жөнінде тапсырма берілсе, оны ешкімге ұқсатпай қалай жазып, қай қырынан көрсетер едім деп ойлайсыз?

– Қиын сұрақ. Бірақ бұған жауап беруден қашпай, алдымен, мысалы, оған жетелер мына жайтқа жауап іздеп көрейік. Ол: «Сол тәуелсіздік жарияланған күнгі хабарды естігенде шет жұрт, басқа ел журналистері мұны қалай қабылдап, әлемге оны қайтіп таратты? Соған зер салып көрдік пе?» деген сауал. Меніңше, жоқ. Рас, 1991 жылғы 17-18 желтоқсанда өзіміздің газеттерде: «Түркия Үкіметінің басшысы Сүлеймен Демирел Қазақ елін тәуелсіздік алуымен құттықтады», «АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер сәлем жолдады», «Ұлыбритания Премьері Маргарет Тэтчер ниеттестігін білдірді» деген ақпараттар болды. Бірақ телеграфтық стильдегі бұл сөйлемдер сол ел журналистерінің ішкі-сыртқы көңіл күй әсерлерін толық ашып бере алмайды. Өйткені жоғарыдағы қысқа ақпараттар ресми хабарлар. Ал адами тілектестік, бауырмалдық сезімге ие қуаныш тұрғысындағы шетелдегі өмірлік мысалдар қандай еді? Міне, мен сол бағытта әңгіме өрбіту арқылы жаңағы өзің қойған сұраққа жаңаша, ешкімге ұқсатпай жауап беріп көруге тырысайын.

...2009 жылдың көктемінде бір топ қазақстандық «Кока-Кола» компаниясының шақыруымен АҚШ-тың Атланта қаласына бардық. Арамызда академик Төрегелді ­Шарманов, «Казахстанская правда», «Караван», «КТК» басшылары Александр Тараков, Әділ Ибраев, Арман Шораев пен «Coca-Cola-ның» Алматыдағы үйлестірушісі ­Арыстанбек Нұрмаханов бар бізді әуежайдағы шақырушы жақтың өкілі Өзен Қадыри деген түрік жігіті қарсы алды. «Компания әкімшілігінің, – деді микроавтобусқа отырған соң аңқылдай тіл қатқан ол, – Қазақстаннан келетін қонақтарға жолбасшы боласың деген сөзін естігенде қатты қуандым. Өйткені сіздердің елдеріңізбен мені көп нәрсе байланыстырады. «Мәселен, – дедім осы сәтте бұған құлағым елең ете түскен мен. – Өзіңіз айтқан көп нәрселер қандай? Соның біреуінен бізді хабардар етіңізші».

«Онда мына әңгімені айтайын. Жол қысқарсын, – деді Өзен Қадыри бауырымыз іле тіл қатып. – 1989 жылы мен Ресейдің АПН, Қытайдың Синьхуа агенттіктері секілді өзімнің туған Отаным Түркиядағы Анадолы ақпарат орталығында жұмыс істеп жүріп, АҚШ-қа тәжірибеден өтуге келдім. Сөйттім де осындағы CNN телекомпаниясына тұяқ іліктіріп, оның бұрқ-сарқ еткен «Жаңалықтар» редакциясының тіршілік қазанында қайнай бастадым. Міндетім – хабар жүріп жатқан кезде КСРО-дағы Орта Азия елдері жөнінде тың, тосын оқиғалар болып жатса, соларды дикторлық мәтінге сыналап кіргізетін қосымшалар әзірлеу. Ол кезде CNN-нің Кеңес Одағы аймағында Мәскеуден басқа жерден аттап шыға қоймаған кезі. Сондықтан мен өзіме бекітілген КСРО-дағы мұсылман мемлекеттері жаңалықтарын Түркиядағы бұрын жұмыс істеп кеткен жерім – Анадолы агенттігіндегі әріптестеріме ақы төлеп, солардың көмегімен алуға машықтанған болатынмын. Өстіп жүргенде 1991 жыл да келіп, өмір сахнасынан оның соңғы айлары да жылжып өтіп бара жатты. Ұмытпасам, желтоқсан айының ортасы-ау шамасы, таңертең жұмысыма келіп Анкараға телефон соқтым. «Білесің бе? – деді ар жақтағы танысым. – Қазақстан өздерінің құзырлы органы – Жоғарғы Кеңес арқылы депутаттардың кешкі жиналысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылдап, оған ел Президенті қол қойды». «Рас па?» – деймін мына жақтан диктофонымды аппаратқа барынша жақындатқан мен дегбірсізденіп. «Рас! – дейді ол. – Қазір Түркия Меджилисі күн тәртібі ­бойынша қарап жатқан мәселелерінің бәрін ысырып қойып, өзінің түскі отырысында Қазақстанды жеке ел ретінде тануға қам жасауда.

Мына сөзді естігенде дереу қабырғадағы Дүниежүзі картасына қарап, ондағы «Time zones» деп аталатын сағаттық белдеулер кестесіне үңілдім. «Алматыдағы кешкі жиналысты шамамен сағат 18-де өткен деп алсақ, – деймін іштей. – Анкарада қазір Қазақстан астанасымен арадағы 4 сағат айырмашылықты есептегенде түскі 14. Дұрыс. Ал Түркия мен АҚШ арасындағы уақыт ерекшелігі 8 сағат десек, Атлантада таңғы 8. Демек, оқиға болғалы 1 сағаттай ғана уақыт өткен. Ендеше, бұны 4 минуттан кейін басталатын таңертеңгілік хабарлар мәтініне кіргізіп жіберу керек».

Содан не керек, бәрі де осылай, ойлағандай болды. Әлемдік эфирге алдымен Қазақстанның тәуелсіздік алғаны туралы телеграфтық стильдегі бар-жоғы 2 сөйлемнен тұратын шағын хабар кетті. Содан 45 минуттан соң осы мәтін еркін Қазақ елін бірінші болып Түркияның танығаны жөнінде тағы 1 сөйлеммен толықтырылып қайталанып берілді. Әрине, сіздердің республикаларыңыздың тәуелсіздік алғанын әлемнің еуропалық бөлігіндегі ақпарат көздері өз өңірлеріне сол сәтте-ақ хабарлап жеткізген болар. Оған ешкімнің дауы жоқ. Дегенмен кейін талдау жүргізіп көрсек, CNN де олардан қалыса қоймаған сияқты. Өйткені Алматыда Жоғарғы Кеңес аталмыш Конституциялық Заңды кешкі сағат 18-ден 36 минут өткенде қабылдаған екен. Жер белдеуіндегі уақыт айырмашылықтарымен есептей келгенде біз ел Тәуелсіздігі жөніндегі жаңалықты сол оқиғадан кейін небары 24 минуттан соң беріп үлгеріппіз».

Өзен Қадыри осылай деп әңгімесін аяқтады. Оған автобус ішінде отырған Төрегелді аға мен Әділ, Арман, ­Арыстанбек болып бәріміз: «Ой, рақмет, бауырым! Көп жаса! Еңбегіңді елге айтып барып, есіміңді есте ұстап жүреміз», – деп дуылдасайық келіп. «Осындай әңгімені естігенде, – деді жоғарыдағы жайтқа қатты толқыған академик Төрегелді Шарманов, – Алматы ма, жоқ әлде Астана ма, әйтеуір бір қаламыздан «Тәуелсіздік тарихы» атты жеке мұражай ашылса деп ойлайсың. Ондағы зал қабырғаларына алдымен Жоғарғы Кеңес қабылдаған Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заң мәтіні тұрса, одан кейін Еуропадағы «Азаттық» радиостансасы мен Америкадағы CNN телекомпаниясының эмблемалары бар олар таратқан хабар текстері ілінсе қандай жақсы болар еді, шіркін!». «Бұлардан соң осындай экспонаттарды еліміздің тәуелсіздігін бір сағаттан соң таныған Түркия мемлекетінің жеделхаты толықтырса ғой», – деп қостады академик ағамыздың сөзін қиялға берілген Арман. «Ал Арафат... Ясир Арафат ше? – деймін мен де осы арада өзім білетін бір деректі ортаға салғым кеп. – Палестина көсемі тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қонағы еді ғой. Қытайдағы ресми сапарын 17 желтоқсанда аяқтап бола бергенде республикамыздың жеке ел атанғанын естіп, атының басын бірден Алматыға қарай бұрған жоқ па?». «Иә... иә, бұл оқиғаларға содан кейін Қазақстанда ашылған алғашқы шетелдік дипкорпустарды қоссақ», – дейді мына жақтан Арыстанбек.

Міне, Қали! Жоғарыда сен менен: «Кәсіби журналист сізге егер тәу етер тұмарымыз – Тәуелсіздік туралы тапсырма берілсе, оны көп ешкім айта қоймаған қандай тақырыптармен көрсетер едіңіз?», – деп сұрадың ғой. Бұған деген жауабым осы. Егер өтініш түсіп жатса, өз басым бұрынғы нәрселерді шиырламай, тың да соны фактілермен дәл жоғарыдағыдай дүниелер жазар едім.

– Өзіміз сөз етіп отырған Тәуелсіздіктің тағы бір тағдырлы тақырыбы ақжарылқап сол күннің тууына, буынын бекітіп, нығаюына үлес қосқан көптеген отандастарымыздың ерен еңбегі. Олардың арасында журналист аға, бауырларымыз да бар. Бірақ бұл баспасөз өкілдерінің сол уақыттағы қимыл-қарекеті көп ретте көзден таса, көңілден ұмыт қалып жүр. Өміріңіздің 48 жылын БАҚ саласына арнаған адам ретінде айтыңызшы, егемендіктің елең-алаңы мен тәуелсіздік тұсында ерекше қайрат көрсеткен әріптестеріміз кімдер еді деп ойлайсыз?

– «Ұшқыннан жалын лаулайды» деген сөз бар емес пе?! Мұны айтып отыр­ғаным, көп жұрт тәуелсіздіктің себезгілеп түскен тұңғыш жарық сәулесі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының мұз үстіндегі алауынан бастау алды деп пайымдайды. Бұл – рас. Соның бір мысалы, аталмыш бас көтеруден кейін аз да болса әр жерден айтқызбасқа қоймай, іштен сыртқа теуіп шыққан ыза-кекке толы нар тәуекел қарсылық. Оны Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерінен соң болған оқиғаны билік ықпалымен айыптауға арналған жер-жердегі көп жиналыстың бірі Жоғарғы Кеңес аппаратындағы күтпеген жағдайдан байқауға болады. Сондағы партия ұйымы мүшелерінің басқосуында бұрын жастардың «Қазақстан пионері» газеті мен «Білім және еңбек» журналында бас редакторлық қызмет атқарған, кейін мұнда жауапты қызметкер болып ауысқан Бейбіт Қойшыбаев Желтоқсан күндеріндегі қатыгездік туралы билікке қарсы қатты сын айтқан. Бертінде сондағы стенограмманың орысша мәтінін ағамыздың «Әділет» қоғамы шығарған деректі кітабынан оқып, қалай таңғалдық десеңізші!.. Намыс пен ездік ұстараның жүзінде алма-кезек аунап тұрған сол қиын уақытта Жоғарғы Кеңес атты құдіретті кеңсе қабырғасында ұлы орыстық шовинизмге қарсы қаймықпай қарсылық таныту бұл енді нағыз батылдық еді. Сол үшін Бекеңе партиялық қатаң сөгіс берілді. Екі жылдай жұмыссыз жүруге мәжбүр болды.

Келесі мысал мынадай. Алматыда 1988 жылдан бастап студент-жастарға арналған «Өркен» – «Горизонт» атты газет шыға б­астады. Бұл да болса өзіміз осы сұхбат барысында көп сөз еткен демократияның арқасы ғой. Сонда сол басылымда КазГУ-де сырттай оқып жүріп, қаланың Ленин даңғылы бойындағы орталық баспаханада қара жұмыс атқаратын Армиял Тасымбековтің тосын тағдыр иелері туралы триптихтары шыға бастады. Тосын дейтіндігіміз, автор материалдарының төл баспасөзімізде бұрын мүлде сөз болмаған «халық жауларының» көзі тірі жан-жарлары мен бала-шағаларын іздеп тауып, солармен жасаған әңгіме-сұхбаттары еді. Әріптесіміздің осы еңбегінің арқасында оқырман Кеңес өкіметінің көп қылмысына көзі жетті. Оны айтқан аталмыш жүйенің АЛЖИР атты тозақ аймағынан елге аман оралған апа, аналар еді. Олар көрнекті мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, Сұлтанбек Қожанов бастаған 12 арыстың жан жарлары болатын. Бұл сол кездегі жаңадан құрылып жатқан «Әділет» қоғамы жұмысына үлкен қозғау салды. Ал кинорежиссер Аяған Шәжімбаев автор материалдарындағы мағлұматтарды пайдалана отырып, деректі фильм жасап шығарды. Осылайша журналист Армиял Тасымбековтің 1988–1990 жылдары «Өркен» – «Горизонт» басылымдарында жарияланған «Жазығы не еді, апалардың?» атты мақалалар циклы тоқырау тұсындағы томаға-тұйық күн кешкен қандастарымыздың санасын сілкінтіп өтіп еді.

Бұдан кейінгі әңгімеге атақты журналист Нұрмахан Оразбековтің еліміз егемендігінің қарсаңындағы батыл істерін келтіруге болады. 1989 жылы ол кісі Алматыдан Қарағандыға барды да сондағы «Орталық Қазақстан» газетінің тізгінін қолына алды. Сол жерде ағамыз естен кетпес 2 ерлік жасады. Алғашқысы республикалық 6, облыстық 19 газеттің ішінде бірінші болып басылым атаулылардың «бісмілләсі» боп кеткен «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер» деген ұранды бір-ақ күнде алып тастағандығы еді. Мұндайға көзі үйренбеген обкомның бірінші хатшысы Локотунин дызылдатып телефон соққанда, бас редактор Нұрмахан Оразбеков: «Кешіріңіз, – деді еш саспастан. – Бұл ұранды сонау 1961 жылы-ақ алып тастау керек еді. Өйткені Н.С.Хрущев сол кезде: «Партия дегеніміз бүкілхалықтық ұйым» демеп пе еді? Олай болса қашанға дейін бір ғана пролетариат, бір ғана жұмысшы табы көтермеленіп, басқасы шетқақпай қала береді? Ренжімеңіз, біздікі дұрыс. Себебі бел алып келе жатқан демократия, жариялылық енді күні өткен мұндай ұрандарға көнбейді». Нұрағаңның айтқаны расқа шықты. Оған өмірдегі кейінгі өзгерістер, сондағы аталмыш ұранның рес­публикалық газеттердің де шекесінен апыл-ғұпыл алынып тасталғандығы анық дәлел.

 Осыдан кейін әйгілі 1991 жыл келіп, Мәскеуде ГКЧП оқиғасы бұрқ ете түскенде Нұрағаң ешкімге ұқсамайтын тағы бір мінез танытты. Кейіпкеріміздің айтуынша, әңгіме былай болған. 19 тамыз күні ол кісі өзі бас редактор болып қызмет істейтін «Орталық Қазақстан» редакциясына келгенде радио Мәскеудегі ГКЧП-ны хабарлап жатады. Ой безбеніне салып қарайды, әрекет дұрыс емес сияқты. «Алғашқы әсер адамды алдамайды» деген интуицияны өмірлік кредоға айналдырып өскен кәнігі журналист санасында аздан соң: «Бұл заңсыздық, бұл демократияны тұншықтыру, бұл дөрекі, жабайы түрде жасалған мемлекеттік төңкеріс» деген сезім атой сала бастайды. Осыдан кейін ол тура түскі сағат 12-де редакция қызметкерлерін лездемеге шақырып алады да өзінің ГКЧП-ға қарсы мақала жазатынын, мұның түбі не болары белгісіз қауіпті қадам екенін, сондықтан ертең газет билік тарапынан ыстық табаға салынған бидайдай қуырылып жатса жауапкершілікті тек өзіне алатынын мәлімдейді. Содан арада 2 сағат өткен соң мақала жазылып бітеді де, 14.00-де ол «Бұл – мемлекеттік төңкеріс» деген атпен баспаханаға жол тартып, 20 тамызда шыққалы жатқан нөмірге салынады.

«Бұл журналист Нұрмахан Оразбековтің үлкен ерлігі еді. Ойлап қарайықшы, саяси жағдай қыл үстінде тұрғанда, ертең не боларын ешкім айта алмай, басшылардың өзі әліптің артын баққан күйге түскенде, кенет облыстық газеттің бір редакторы: «Бұл – заңсыз әрекет!» деп шыға келсе, оны ерлік, батырлық демей не дейміз?

Сөз болған тақырыптағы үзік-үзік өмір суреттерін төмендегі оқиғамен аяқтайын. Ол қызылжарлық журналист Мәлік Мұқановтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы казачествоға қарсы көрсеткен қайраты. Бұл ағамызбен мен әр кездері «Халық кеңесі» және «Егемен Қазақстанда» қызметтес болдым. Сонда Мәкең ол басылымдардың екеуінде де меншікті тілші міндетін атқарды. Бірде жігіттер ол кісінің 1992 жылғы батыл әрекетін қайта-қайта айтып жүрді. Сол жайт есімде қалған. 2003 жылы ағамыз қатты ­ауырып, төсек тартып жатып қалды. Осыған байланысты «Егемен Қазақстанның» солтүстіктегі баспасөзге жазылу науқаны маған тапсырылып, Петропавлда 15 күндей болдым. Сол кезде құлағымда жігіттер сөз еткен баяғы әңгіме бар: «Ол оқиға қалай болды?» деп Мәкеңнен сұрап, нақты факт, дәлел үшін қағазға жазып беруін өтіндім. Екі парақтан тұратын және қолы қойылған сол жазба менің жеке архивімде сақтаулы. Реті келгенде жазармын деген ойдамын. Ал әзірге оны қысқаша баяндап берейін.

«...1992 жылдың күзі. Облыстық телерадио үйінен шыққан әріптесіміз алаңға жиылған адам қарасын көреді. Ол уақытта не көп, кешіккен жалақылары мен зейнетақыларын ала алмаған жандардың көшедегі наразылық митингісі көп. «Сондай ашулы топтың бірі шығар» деп ойлаған кейіпкеріміз әлгілердің жанынан өтіп бара жатып қараса, жоқ, олай емес сияқты. Бастарында қоқайған әскери фуражкалары, иықтарында погондары жарқ-жұрқ еткен бұлар казактар екен. Қолдан жасаған құрастырмалы тақтай мінбеге 4-5-еуі тұрып алған. Сөйтіп, кезек-кезек екілене сөйлеуде. Ал шеткі жақтау бөлікте... иә, сонда көрші елдің туы ілулі тұр. «Мынау не сұмдық?» деп аңтарыла тұрып қалады Мәкең. Сөйтеді де: «Бұл бассыздық, нағыз оспадарлық...» деген оймен қаны басына тебе арт жақтан көтерілетін мінбе табалдырығына аяқ артады. «Бұларың не сендердің?», – деп гүр ете түседі ағамыз лепіргендердің бірінің сөзі біте бергенде алға шығып. – Қай елде тұрсыңдар өздерің? Иә, мұнда жиналып пікір таластырыңыздар. Айтыс-тартысқа да бөгет жоқ. Бірақ бөтен елдің туы астында митинг өткізуге кім рұқсат етті? Ескертемін. Бұл шектен шыққандық. Айтарым, мұндай әулекілікке әуес болмаңдар. Ал оған құмар екенсіңдер, онда мұны бұл жерде емес, анау Омбыға барып өткізіңдер». Ағамыз осыны айтады да, мінбе жақтауында тұрған бөгде туды жұлып алып, төменге лақтырып жібереді. «Жерге түсісімен состиып, не істерлерін білмей абдырап қалған оларға қарағаным жоқ, – дейді Мәкең. – Алға қарай тура тарттым. Ойымда: «Әңгүдіктердің біреуі желкемнен келіп ұрмас па екен?» деген күдік те жоқ емес. Мақсатым – қалалық ішкі істер бөліміне барып, ондағыларға жағдайды айту болатын. Ұзап барып көз салсам, жиынға жиналғандардың берекесі кетіпті. Алаңнан ақырындап тарай бастапты».

Иә, 1991–1992 жылдардағы ол кез өте қиын уақыт еді. Алматыда жарық пен жылу жетімсіздігі сезіліп, Қарағандыда жұмыссыздық белең алған, Көкшетауда ойлары жат секталардың бас көтере бастаған тұсы-тын. Тәуелсіздікке жаңа ғана қолы жеткен елімізге Орал казачествосы мен Целиноградтағы «Лад» қозғалысы да қауіп төндіріп, чешендердің Шығыс Қазақстандағы Ключи оқиғасы алаңдатып тұрды. Сондай кезде жүректі журналист Мәлік Мұқановтың жоғарыдағы қимыл-әрекеті нағыз батылдық белгісі еді.

– Дұрыс. Ал енді... Сол кездегі көп ұлтты республикамыздағы өзге тілді әріптестеріміз. Олар Қазақстандағы ұлттық оянуға, оған дем берген дербестік идеясы мен егемендіктің, тәуелсіздіктің беталысына қалай қарады?

 Көпке топырақ шашып қайтеміз. Жалпы алғанда олармен арадағы қарым-қатынаста алагөздік байқалған жоқ. Бұлай дейтініміз, қайта құру жүріп, жариялылық пен демократия қанат жайған 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында Алматы­дағы көк базардың қарсы бетінде орналасқан Баспасөз үйінде 23 газет-журнал редакциясы орын тепкен-тін. Солардың 14-і орыс, корей, неміс, ұйғыр тіліндегі басылымдар еді. Бөл­мелерінде отырып әртүрлі пікір айтса айтқан шығар, ал жалпы алғанда олар Қазақ­стандағы дербестікке ұмтылыс, еге­мен­дікке қадам басу сияқты өзгерістерге тү­сі­ністікпен қарады. Өйткені бұлардың бәрі­нің дүниетанымы газет-журналдармен, билік орындарындағы жиі-жиі өтетін мәжі­ліс­термен тығыз байланысты жандар ғой. Сон­дағы ақпарат арқылы қай-қайсысы да за­­ман­ның бұлай тұра бермейтінін сезді. Қо­ғам, ондағы жүйенің өзгеретініне көздері жетті.

Десек те, орыстілді басылымдар қызмет­керлерінің арасында да біздің азаттық алуымызға күдік-күмәнмен қараған, сөйтіп: «Осылар бізсіз қалай жеке мемлекет болып кете алады?» деген оймен қарағандар да болды. Олар жоғарыдағы Баспасөз үйінде көрісіп-білісіп жүрген «Комсомольская правда», «Известия» газеттерінің Қазақстандағы меншікті тілшілері ­Лапин, Ардаев және бұрын «Ара»-«Шмель» журналында істеп, сол кездері «Караван» апталығын құрып жатқан Мерцель сияқтылар еді. Алдыңғы екеуінің, мақсаты түсінікті, әрине. Ал Алматыда шығатын, қызметкерлерінің бәрі осы қалада тұрып, жұмыс істейтін «Караванға» не жорық? Еліміз Тәуелсіздік алған тұста аталмыш басылым тіпті құтырып, жағдайды ушықтырып жіберді. Оған 1993 жылы өзім куә болған жағдайды айтайын.

Иә, сол жылғы қыста бір топ мемлекет­тік газет-журнал өкілдері Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігіне шақырыл­дық. Бізді қабылдаған осы ведомство басшысы Алтынбек Сәрсенбаевтың сөзі өте қысқа әрі нақты тапсырма берумен есте қалды. «Өздеріңіз білетін мына «Караван» газеті, – деді ол, – шектен шығып барады. Ел мен жерді мысқылдап, әжуаға айнал­дыруда. Тәуелсіздігімізге тіл тигізіп, Мемлекет басшысына түрлі сөздер айтуда. Осыған қалай тосқауыл қоюға болады? Бұл бассыз­дықты қалай тоқтатамыз? Міне, соған бәріміз бірігіп жауап іздеп көрсек дейміз. Ойланып-толғануға бір сағат уақыт беріледі. Осы мерзімде туындаған пікір, тұжырымдарыңызды БАҚ басқармасының бөлмесіне барып жазып, сондағы бөлім мең­герушісіне берулеріңізді өтінемін. Ал одан кейінгі шаруа... Бұл енді біздің жұмысымыз».

Ол кезде мен «Халық кеңесі» газеті бас редак­торының орынбасары едім. Ой қо­рытуға «Советы Казахстана» басылымы­ның басшысы Юрий Андреевич Тараков екеуміз қатар отырдық. Әріптесімнің не деп жазғанын білмеймін, өз басым сонда: «Караван» Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде тіркеуден өтті емес пе? Сондықтан оның осындағы тәртіп бойынша қалдырылған бір дана Жарғысын алып қарау керек. «Газет немен шұғылданады? Бағыт-бағдары қандай?» деген бап талабына не деп жазылды екен? Егер Жарғыдағы сөздері мен өмірдегі істеп отырғандары бір-бірімен қабыспай, бөлек-бөлек болса, онда «Караванның» осындай жанды жерінен ұстауға болады» деген пікірімді қағазға түсіргенім есімде.

Содан 4-5 күн өткен соң қызық болды. Ел-жұртты шулатып, ешкімге ерік бермей жүрген «Караван» Алматы киоскілеріне түспей қалды. Көше бұрылыстары мен базарда айқайлап сатып жүрген таратушылар да төбе көрсетпеді. Бұл бұрын-соңды болмаған оқиға-тын. Бір апта солай болды. Тек келесі жеті ортасынан бастап қана оны сатушылар көшелерде тағы да ақырындап көріне бастады. Сөйтсек, Жарғыдағы көрсеткен талапты өрескел бұзғаны үшін атышулы газеттің шығуына Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі тыйым салыпты. Ал сол жетіден кейінгі аптадағы көшелерде пайда бола бастаған газет ол Қырғызстан астанасы Бішкекте уақытша келісіммен басылып, содан әкелінген тираждар болып шықты. Мұны бізге айтқан министрліктегі бөлім меңгерушісі Аида Абнизова деген келіншек еді. «Министр рақмет айтып жатыр, – деді ол оқиғадан бір күн өткен соң. – «Караван» өзінің Жарғысындағы: «Газет саясатпен айналыспайды, рекламалар таратып, коммерциямен шұғылданады, танымдық мақалалар, жазуды бағдар етіп алып, шолу, оперативті жаңалықтар жариялауды өзінің міндеті санайды» деп жазған екен. Біз бұл басылымды, міне, осы талапты орындамағаны үшін уақытша жауып, тәртіпке шақырдық».

– Әбекең, Әбіш аға Кекілбаевтың 80-жылдардың аяғындағы бір мақаласында: «Азаттық жолы азап-ты» деген сөйлем бар. Содан соң қаламгердің 90-жылдардың басындағы өлара шақ, өтпелі кезеңдегі жазбаларынан біз: «Тәуелсіздік жолы тайғақ-ты» деп жазған сөз тіркестерін кездестіреміз. Кейін еліміз дербес мемлекет дәрежесіне жеткен 2000 жылдардың ортасында ол кісі жоғарыдағы ойларын: «Айдынды елміз айбатты!» деген оптимистік рухпен түйіндейді. Иә, қазір Құдайға шүкір! Солай, сондай деңгейдеміз. Бұл, әрине, республикамыздың жалпы алғандағы көрініс, келбеті ғой. Ал жеке тұрғыдан келгенде, мысалы, тәуелсіздік төл баспасөзімізге не берді деп айтар едіңіз?

– Бұл сауалды естіп, оған жауап берерде көз алдыма 1985 жылғы бір жағдай келеді. Ол уақыт Мәскеуде студенттер мен жастардың Бүкілдүниежүзілік XII фес­тивалі өтіп жатқан кез еді. Оған «Социалистік Қазақстаннан» Жұмабек ­Кенжалин, «Қазақстан пионерінен» Уәлихан Қалижанов, «Лениншіл жастан» мен барған болатынбыз. Үшеуміз де алдын ала аккредитациядан өтіп, қажетті куәліктермен толық қамтамасыз етілген баспасөз өкілдері едік. Бірақ көп жерде бізді жібермейді. Үйлестірушілердің айтатындары: «Сендер өздерімізсіңдер ғой. Жалпы жағдайдан ­хабардар болып, соны жазсаңдар да болады. Ішке көп ентелей бермеңдер». Өзімізсіңдер дегені – КСРО. Кеңес елі. Қазақстан жеке дара айтылмайды.

Бір күні Кремльдің Колонналар залын­дағы одақтас республикалар журналистеріне рұқсат етілген мүйісте жүргенімізде Жұмабек мені тоқтатып, иегімен алдыңғы жақты нұсқады. Қарасам кең залды бөліп-бөліп қойған қызыл ленталар. Оларға әлемнің әр түкпірінен келген делегация өкілдерінен шетелдік газет репортерлері мен телеарна тілшілері емін-еркін сөйлесіп, қалауынша сұхбат алуда. Солардың бірі өздеріне бөлінген шаршыдағы Моңғол Халық Республикасының 3-4 радиорепортерлері мен телеоператорлары екен. Осыны көріп көңілі құлазыған Жұмабектің: «Әй, Жәке-ай... Қараңызшы, әне! Кім не десе, о десін анау кішкентай Моңғолия елінің журналистері бізден он есе бақытты-ау! Қалай болғанда да жеке ел деген аты бар емес пе?» деп күйінгені.

Ол кезде тәуелсіздік ұғымы жоқ. Оның орнына жеке ел деген сөзді қолданатынбыз. Ойымызда: «Сондай заман бола ма өзі» деген екі ұдай сезім бар-ды. Қиялдайтынбыз. Армандайтынбыз. 1991 жылдың 16 желтоқсанында сол уақыттың сағаты соқты! Сол мезгіл жетті! Сол күн келді! Күткен күн!!!

Осы күткен күннің бізге берген басты сыйы – еркіндік. Бостандық. Тәуелсіздік! Оны төл баспасөзіміз өміріндегі мысалдармен айтсақ, былай. Азаттығымыздың арқасында Ақпарат министрлігі құрылды. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң өмірге келді. Қазақтілді басылымдардың қарасы көбейді. Олар: «Ана тілі», «Заман-Қазақстан», «Түркістан», «Президент және халық», «Жас қазақ», «Айқын»... Тәуелсіздіктің арқасында Президент аппаратында, Парламент, Үкімет үйінде Баспасөз қызметі орталықтары құрылды. Ондағы пулдарға аккредитация жасау арқылы журналист іні-қарындастарымыздың ­шетелдерге көптеп шығуына қол жеткізілді. Бұл мерзімде газет тілшілерінің өздері қызмет ететін редакцияларда белгілі бір салаға бейімделіп, сол арқылы заң, құқық, ­саясат, экономика тақырыптарын терең игеріп жазуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ Тәуелсіздік уақытындағы ең жақсы жетістік ол – баспасөздегі жас буынның ағылшын тілін меңгеріп, әлемдік ақпарат кеңістігінен өздеріне қажет дүниелерді дер кезінде алып, пайдалана білуі. Оған еліміздегі «National Geographik» журналының қазақ ­редакциясы мен «Егемен Қазақстан», «Tengrinews» сайттарындағы іні-қарындастарымыздың жұмысы анық дәлел.

1393 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз