Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 29 Қараша, 2021

Математиктерге арналған кабинет ашылды

«Өрелі бәсекенің басты көрсеткіші – ұлттық даму. Ал оның басты сипаты – рухани сауаттылық, саяси бостандық, өрелі мәдениет, кемел білім, көтеріңкі әл-ауқат пен келешекке деген сенімді нығайта түсетін өрімтал ұрпақ, өсімтал қауым».

Әбіш Кекілбаев

Жуырда Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылында орналасқан М.Атымов атындағы орта мектепте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» атты патриоттық шара өтті. Оны мектептің бастауыш сынып мұғалімдері Нұрсұлу Аманғалиева мен Ұшқанбаева Айсұлу өте көрнекті етіп ұйымдастырды.

Шараның мақсаты - Маңғыстаудың халық ағарту саласында өшпес іс қалдырған математик ұстаздар - марқұм Торғай Шоңқалов, Хисметолла Рахимов аталарымыздың, сонымен қатар, ардагер-ұстаз, қазақтың төл оқулығының авторы Қуантқан Вановтың, талай жылын осы мектепте мұғалімдік қызметпен қатар, басшылыққа арнаған Ұранбек Сарбалаевтың ерен еңбектерін ел назарына ұсынып, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлы ұстаздардың құрметіне арналды.

Кездесудің салтанатты бөлімінде білім саласына елеулі үлес қосып, еңбегімен елге танымал болған, ауданның бірнеше білім ордасында білікті мұғалім, директор болып жұмыс істеп, жүздеген талапты шәкірттерді түлетіп ұшырған ардагер ұстаздар ҚР «Халық ағарту ісінің үздігі», «Құрмет белгісі» орденінің иегері Алдаберген Құрмашев, ардагер-ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Ордалы Қосай, Қазақ КСР-і «Халық ағарту ісінің үздігі», алғашқы математика оқулығының авторы Қуантқан Ванов, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ұстаз Ұранбек Сарбалаев пен бірге марқұм Т.Шоңқалов, Х.Рахимовтың шәкірттері, әріптестері болған Жұмашова Күләш, Қоспанова Әзиза, Нұртаева Қарлығаш сөз алып, ойға оралғандар мен есте қалған естеліктерін ортаға салды.

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, бүгінгі мәні терең шара Маңғыстаудың оқу-ағарту саласында соны із қалдырған, қазіргі беделді мұғалімдердің ұстазына айналған математика ғылымының майталмандарын ұлықтауға арналғаны мені қуантты. Соның ішінде Маңғыстау математиктерінің атасы Торғай Шоңқаловтың есімі тек Маңғыстауға ғана емес, бүкіл республикаға белгілі. Дара ұстаздың өлшеусіз еңбегі – бүгінгі жастарға үлгі болуы тиіс. Мыңдаған шәкірттер, оның ішінде ағайдың жолын қуған белгілі мұғалімдер көп. Біз олардың есімдерін ұмытпауымыз керек», - деді Ұранбек Сарбалаев.

Шара барысында сахнада әсем әндер орындалып, көремендер көңілін бір серпілтіп тастады. Т.Шоңқалов, Х.Рахимовтың, Ұ.Сарбалаевтың, Қ.Вановтың әулеттерінен өкілдері сахна төріне шығып ұйымдастырушыларға мектеп ұстаздары мен ата аналарына алғыстарын айтты.

Мектепте математик ұстаздар - Торғай Шоңқалов, Хисметолла Рахимов, Қуантқан Ванов, Ұранбек Сарбалаевтың атындағы арнайы «Матемиктер кабинеті» ашылды. Бұл кабинетте ұстаздардың ерен еңбектері мен оқулықтары, өнегелі өмір жолын баян ететін стендтер мен көрнекілік жабдықтар қойылған.

Орынды жерде айта кету керек бұл кабинетті мектептегі бастауыш сыныпта оқитын ата - аналарының өздерінің демеушілігімен жасақталды.

 Торғай Шоңқалов - Маңғыстаудың атақты математигі, өз заманының аса дарынды ұстазы.

Ол 1921 жылы Маңғыстау ауданы Куйбышев ауыл-советінде (қазіргі Жыңғылды) қарапайым ынтымағы мен берекесі жарасқан, өнегелі отбасында дүниеге келген.

Торғай Шоңқалов алғаш мектеп табалдырығын Жыңғылдының орталау мектебінде сегіз жасында 1929 жылы аттайды. Осы білім ордасында үшінші сыныпқа дейін оқиды. Өйткені, ол 1932 жылы әкесінің Алматыда тұратын інілері Қонысбай мен Тәр қолдарына барып, төртінші сыныптан бастап оқиды. Осы жерден алған білімінің Торғайға 1939 жылы Қазақстандағы жалғыз университет Қазақ Мемлекеттік Университетінің математика факультетіне оқуға түсуге көмектесті. Ол Маңғыстаудан математика бөліміне түскен тұңғыш студент болатын.

Осы жылы ол бірінші курсты, 1940 жылы екінші курсты оқыды. Ал 1941 жылы үшінші курсты бітірген соң, сол кездегі соғыс қиындығына байланысты университеттің біраз бөлімі қысқартылады. Торғай оқыған математика факультеті бала санының аз болуына байланысты жабылады.

Ұлағатты ұстаз «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ҚР «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Рахимов Хисметулла Рахымұлы 1928 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Еспол селосында дүниеге келді.

1945 жылы Сарайшық орта мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы жоғарғы мұғалімдер даярлайтын мектебіне оқуға түсіп , оны 1948 жылы бітіріп , елді сауаттандыру, ағарту мақсатымен 20 жасында Маңғыстауға жолдамамен келіп, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Жыңғылды селосы Есір Айшуақұлы атындағы орта мектебінде 1948-1949 жылдары алғашқы ұстаздық қызметін бастады.1950 -1955 жылдар аралығында Түпқараған ауданы Таушық селосында Шахта орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарды.

1955 -1965 жылдары Тұщықұдық орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет жасады.1965 жылы Шетпедегі №4 сегізжылдық мектебіне директор қызметіне тағайындалды.1983 -1987 жылдары Шетпедегі №3 орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болды. 1988 жылы зейнеткерлікке шыққанымен 1993 жылға дейін еңбек етті.Еңбек еткен жылдары «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» медалымен мараппаталды. 1976 жылы 20 жасынан партия мүшесі болды. Аудан, облыс, республика мақтау грамоталарының иегері атанды.

Ал Ванов Қуантқан Рзаұлы 1953 жылы 9 маусымда Маңғыстау облысының Жыңғылды ауылында туған. 9 сыныпқа дейін Шайыр мектебінде білім алып, орта мектепті 1970 жылы Шетпедегі №2 мектептен бітірді. 1974 жылы Гурьев педагогикалық институтынан математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығып, Жыңғылдыдағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектепте 30 жыл мұғалім болып жасады. 2001-2005 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдістемелік-эксперименттік кабинет меңгерушісі, 2005-2006 жылдары педагогикалық зерттеу орталығының жетекшісі қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бері «Маңғыстау мұғалімі» газетінің бас редакторы. Жоғары санатты мұғалім. «Методист-мұғалім» атағын алған. Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері (1991ж). «Астана» (1998ж) және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001ж) медальдарымен, Облыс әкімінің құрмет грамотасымен (2003ж) марапатталған.

Ол ұстаздық және ғылыми-шығармашылық саласындағы еңбектері нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке қабылдауында болған (2001ж).Ванов оқулықтану, әдістеме, тіл ғылымдары саласында ғылыми жұмыстармен шұғылданды. Ұстаз Сарбалаев Ұранбек Берішбайұлы 1954 жылдың 15 маусымында Гурьев облысы Маңғыстау ауданы Тұщыбек селосында дүниеге келді.

Әкесі- Сарбалаев Берішбай өлкедегі тұңғыш механизатор-жүргізуші,шешесі- Мусабаева Бақтылы-үй шаруасында. Ұранбек жұмысшы - шаруа отбасында тәрбиеленіп, 10 ұл- қыз болып өсті.1961 жылы Маңғыстау ауданы Шахта орта мектебінің есігін ашты.1967-1969 жылдары №471 теміржол сегізжылдық мектебінде оқып, 1969-1971 жылдары №2 орта мектебін оқып,орта мектепті бітірді. 1971 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтына түсіп,1975жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1975 -2017 жылдар аралығында Шетпедегі бірнеше мектепте директор және аудандық білім бөлімінң басшысы қызметтерін абыройлы атқарды. Міне осы ұстаздардың еңбектерін мақтанышпен атауға болады.

Білім беру үрдісін заман талабына сай жақсартудың тағы бір жолы бұл осындай ұлы тұлғалардың ерен еңбектерін жас ұрпаққа насихаттау, мотивациялық демеуді ұйымдастыру болып табылады. Мұғалім – ұстаз мотиватор, ұлықтаушы болуы тиіс. Қазіргі қоғамдағы мұғалім –жеке көзқарасы бар, соған қарай жігерлі тұлға, зерттеушілік, ойшылдық, шығармашылық қасиеті бар, әрі оқушысын осы қасиеттер арқылы өз бетінше оқып, ізденіп кеңейтілген білім алуға үйрете алатын маман болуы тиіс деп ойлаймын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» -деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Ұстаз жолы қиынырақ басқадан, Сырлары мол әлі сыртқа шашапаған. Шаршаса да осы жолдың бойында, Қандай жақсы шын бақытын тапса адам, - деп ақын жырлағандай «Ұстаз - аты биік, әрі мәңгілік»,- дей келе ұстаздар еңбегін құрметтеп бағалай білейік, - деп өз ойымды аяқтағым келеді.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болғай! Тарихи тұлғаларымыз мәңгі есте, ардақты ұстаздарымыз ұзақ өмір сүргей! Жастар бабалар аңсаған жігерлі қоғам өкілдері атансын дегіміз келеді.

 

Рыскан Бекембаева

М.Атымов атындағы орат мектептің мұғалімі

Маңғыстау ауданы

1309 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз