Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 30 Қараша, 2021

Серік Сәпиевке арналған «Боксшы» фильмі жарыққа шықты

Желтоқсан айының 1-нен бастап еліміздің кинотеатрларында спортшы, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері Серік Сәпиевтің жеңіске жету жолын баяндайтын «Боксшы» спорттық драмасы прокатқа шығады. Бұл жөнінде фильмнің БАҚ-қа арналған жабық көрсетілімінде өткен баспасөз конференциясында хабарланды.

Фильмнің оқиға желісі тележүргізуші Динара Сәтжанның Серік Сәпиевтен сұхбат алу сәтінен тұрады. Спортшы өзінің балалық шағынан бастап, алғаш рет Абайдағы бокс мектебіне келген қадамы, Пекин олимпиадасындағы сәтсіздік, отбасындағы шиеленістер,  тұңғышынан айырылуы, бапкерімен қарым-қатынасы, жеңіске жету жолындағы қиындықтары мен қызықтары жайлы баяндап береді. Параллельді тұрғыда боксшының бүкіл өмірі түрлі сюжеттер арқылы көрерменнің көз алдында тізбектеліп өтіп жатады.

«Көзі тірі адам жайлы кино түсірудің  жауапкершілігі де өте жоғары. Дегенмен, пайдалы жағы да көп. Мәселен, сұрақтар туындап жатса Серікпен де, оның ата-анасымен да кеңесіп отырдық. Қазір әкесі өмірден өтті. Бапкерімен де байланыста болдық. Кинода көрсетілгендей, Серіктің өмірде жаттықтырушысымен ара-қатынасында қиындықтар болған жоқ. Оқиға желісі көрерменге қызық болуы үшін және де кинода қандай да бір конфликт тудыру үшін біз әрине, екі тараптың рұқсатымен, ара қатынастарын шиеленістірдік. Пандемияға байланысты фильмнің шығармашылық мерзімі екі жылға созылды. Түсірілімге 60 күндей уақыт кетті. Енді үлкен экраннан көрерменге жол тартады», - деді фильмнің режиссері Ақан Сатаев.

Серік Сәпиевтің рөлін – Смадияр Сабыров ойнайды. Бұл оның кинодағы алғашқы рөлі. Бас кейіпкерді таңдау кезінде 800-ден астам өтініш келіп түскен. Смадиярдың прототипке ұқсастығы, солақайлығы және бокспен айналысқаны секілді негізгі ерекшеліктеріне қарай оның еншісіне басты рөльді ойнау бұйырған. Киноға келмес бұрын ол БекЭйр әуекомпаниясында жолсерік болып қызмет атқарған екен.

«Менің киноға келуімнің өзі қызық болды. Бұрындары көптеген кастингтерге қатысқанмын. «Томирис» тарихи драмасына да келгенмін. Бірақ өтпеген соң, киноға түсу жайлы ұмытып та кеттім. Бір күні кастинг директоры Жайна Әбдиева хабарласып, «Боксшы» фильміне шақырды. Алғашында таң қалдым, бірақ қуанышымда шек болмады. Сөйтсем, алдыңғы кастинге келгенде мен ол кісілердің базасында сақталып қалған екенмін. Кейін рөлге бекітілдім», - дейді Смадияр.

Спортшының ата-анасын тәжірибелі әртістер – Бақтияр Қожа мен Ирина Ажмухамедова сомдаған. Ал, бапкері Александр Стрельниковты театр актеры, әрі режиссер Игорь Ермашов бейнеледі.

Сценарий авторлары ретінде бұған дейін «Томирис» фильмі арқылы көрерменге жақсы таныс Альмира Тұрсын да қатысқан. Ол өзінің алғашқы тәжірибесі жайлы: «Толыққанды сценарийді алғаш рет жазып отырмын. "Томирис" фильмінде кейіпкерімнің кейбір сөздерін түзетуге, кадрдан тыс мәтіндерді жазуға араласқанмын. Бұл жолы Ақан Сатаевпен және Тимур Жақсылықовпен бірлесіп, фильмнің сценарийін бастан аяқ жазып шықтық. Бірнеше рет қайта жаздық. Бір жылдай уақыт кетті, қиын болғанын мойындаймын. Коуч психолог ретінде спортшының психологиялық болмысын, мотивациялық сәттерін жазып шығу мен үшін өте әсерлі, әрі ерекше тәжірие болды», - дейді актриса.

Сондай-ақ, баспасөз отырысында Kinopark & Kinoplexx Theatres басшысы Алмаз Малдыбаев: «Боксшы» фильмінің кассалық табысы Rentrak жүйесі арқылы бақыланатын болады. Бұл әлемдік Rentrak жүйесіне енген алғашқы отандық фильм десек болады. Rentrak Corporation – медиа индустрияны өлшеу және зерттеумен айналысатын әлемдік алдыңғы қатарлы компания», - деп атап өтті.

 «Боксшы» спорттық драмасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Sataifilm киностудиясы түсірді.

Гауһар Түстікбаева,

Бейнематериалды әзірлеген:

Әлихан Жанарбек

"Қазақ газеттері" ЖШС

28488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз