Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 30 Қараша, 2021

ҚазҰУ-де жас кәсіпкерлер форумы өтті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жас кәсіпкерлер форумы өтті.   ҚазҰУ мен TAN Media Group бірлесе ұйымдастырған жиынға Нұрлан Смағұлов, Арманжан Байтасов, Асылбек Қожахметов, Қайрат Мәжібаев, Гауһар Қаппарова, Нұржан Жаңабеков және басқа да танымал кәсіпкерлер қатысып, сөз сөйледі. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев форумның ашылуымен құттықтап, іс-шараның жас жас кәсіпкерлерді қолдау, тәжірибе алмасу мақсатында қолға алынғанын жеткізді. –Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне кіріскен алғашқы жылдары «алдымен – экономика, содан соң – саясат» қағидасын ұстанды. Бұл өз кезегінде еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне, кәсіпкерлікті дамытуға, ел еңсесін көтеруге жол ашты. Қазақстан экономикасының тәуелсіздік жылдары бағындырған белес, алған асуында кәсіпкерліктің үлесі зор. Қазіргі таңда біздің елімізде жас бизнесмендерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, ҚазҰУ Экономика және бизнес Жоғары мектебі базасында ашылған Әл-Фараби Бизнес Мектебі МВА, EMBA және DBA білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Мектептің барлық бағдарламалары басқарушы кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыруға бағытталған. Соңғы екі жыл ішінде бизнес-мектеп көптеген шетелдік университеттермен өзара түсіністік туралы меморандумдар жасап, Денсаулық сақтау саласында 36 МВА және 33 ЕМВА магистрлерін шығарды. Бизнес-мектепте үлкен жұмыс тәжірибесі бар сарапшы мамандар тобы сабақ береді, – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.

         Форум аясында сөз сөйлеген кәсіпкерлердің көпшілігі Қазақ ұлттық университетінің түлектері. Солардың бірі – «Muzzone» музыкалық телеарнасының және «TAN Media Group» ЖШС басшысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов. Ол университет қабырғасында оқып жүріп-ақ кәсіпкерлікпен айналыса бастағанын ортаға салды.

– ҚазҰУ – біздің альма матеріміз. Бүгінгі жиынға қатысушылардың көбі студент кезінде білім мен бизнесті қатар алып жүргендер. Тоқсаныншы жылдары экономика құлдырап, напақа табу өте қиын болды. Соған қарамастан, бизнеске деген қызығушылығымыздың арқасында қиындықтарды жеңіп, осындай жетістікке жеттік. Ал қазіргі жастардың кәсіппен айналысуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тек кітап оқып, ой өрістерін жетілдіруі қажет, – дейді университет түлегі.

         Сондай-ақ форумда сөз сөйлеген қазақстандық бизнесмен және қоғам қайраткері, RG Brands және Resmi Group негізін қалаушы Қайрат Мәжібаев сапалы білім берудің маңыздылығына тоқталды. Ол өз кезегінде білімді кәсіпкер мол табысқа жететінін айтты. Сол себептен ол жастарды бизнес бастауда қорықпауға шақырды.

Спикерлер пайдалы ақпаратпен бөлісіп қана қоймай, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «TAN Media Group» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

         Сонымен қатар форум аясында екі апта бұрын ұйымдастырылған «Media café» байқауының қорытындысы жарияланды. Сайыста үш адамнан құралған топ, яғни Нұрсұлтан Оңдасынов, Әсем Ерланова, Дінаман Серікқан өздерінің креативті жобаларын ұсынып, бір жыл кофехананы басқару грантын жеңіп алды. Форум ұйымдастырушылары университет аумағында кофехананың құрылуын толық қаржыландырады. Оған барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, оқыту кіреді.

 

1276 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз