Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 02 Желтоқсан, 2021

Мəн мен мағына

Біз бүгін қазақ тілінің лексикасында бұрыннан бар және кейінгі жылдары қатарды толықтыра бастаған, сонымен бірге туыстас түркі тілдерінің бірқатарында өзінің өрісін тапқан тағы бірнеше кірме сөзге тоқталып, олардың мән-мағыналары, түсінік-ұғымдары туралы сөз еткелі отырмыз.

БАҚУАТ

Бақуат (араб. – ба+қууәт). 1. Таза, сау (ауру емес). Денсаулығы жақсы кісі. («Аллаға шүкір, үйде апам бақуат отыр екен»). Түркі халықтары арасында бұл сөз өзбектерде – «бақувват» (baquvvat), қырғыздарда «бакубат» пішінінде ұшырасады. 2. Күшті, мықты, қуатты, әлді. Адамның әл-қуатының көптігі, күштілі, мығымдығы. («Қарсыласына қарағанда біздің палуан әлдеқайда бақуат көрінді»). Бұл лексема өзбектерде де екінші нұсқада осындай мағына береді. (Өзбекше нұсқасы – «Баққуват бўлиб олмоқ, овқат вә ичимлик билан»). 3. Бай, күйлі. Тұрмысы жақсы, ауқатты кісіні де осылай атайды («Құдасы бақуат тұратын кісі болып шықты»). Өзбек пен қырғыз тілдерінде де лексеманың осындай үшінші мағынасы да бар. Бізде аталмыш сөз осы үш мағына­сында да оңтүстік қазақтары арасында басымырақ кездеседі.

Бірақ біртіндеп архаизмге ұласып бара жатыр. Оларды көбіне-көп жасы үлкен кісілер қолданады.

КЕМБАҒАЛ

Кембағал (парсы – кәм+бәғәл). 1. Кедей, жарлы. Тұрмысы төмен, күйі нашар, мұқтаждыққа батқан адамды білдіреді. («Өзі тіршілігінде ішіп тамаққа тоймаған кембағал кісі еді»). Өзбектер оны «камбағал» (kambag`al) десе, қырғыздар мен ұйғырлар біз секілді «кембағал» деп атайды. 1921 жылы Алматы облысының Жаркент ауданында ұйғыр тілінде «Кембағаллар авази» («Кембағалдар үні») деген атау­мен парақша көлемінде газет шыға бастады. Ол 1991 жылдан бері «Жаркент өңірі» атауымен шығып келе жатқан аудандық газеттің негізі болып саналады. 2. Ауыспалы мағынада. Мүсәпір, бейшара, сорлы. Көп нәрседен кемдік, қорлық, жетімсіздік көріп жүрген, ешбір ықылас, жылу көрмеген кісіге де арналып айтылады. («Ол бір бағы тайып қалған кембағал адам ғой»). Мұны Н.Оңдасынов сондықтан «кем қойын», «кем қолтық», «кем құшақ» деген ұғымға да теліген екен. Кейде бұл кәлиманы «мүгедек», «жарымжан», «кемтар» мағынасында қолданушылық байқалып қалады. Біздіңше, мұнда ол жоғарыдағы «мүсәпір», «бейшара» сөздерінің синонимі секілді болып қана естіледі.

Негізі, бұл сөз де архаизмге айналып келеді.

ПАЙЫЗ

Пайыз (араб. – фэйз, латынның «процент» сөзінің баламасы). 1. Үлес, мөлшер. Қандайда бір санның болмасын жүзден бір бөлігі бойынша үлеске шағылатын мөлшері. Демек, соңғы жылдары біздің сөздік қорымызға берік сіңген пайыз лексемасы белгілі бір зат көлемі ішіндегі тағы бір нәрсенің алатын үлесін, мөлшерін білдіреді. Оны түріктер мен әзербайжандар – «фаиз» (faiz), өзбектер «фоиз» (foiz) десе, қырғыздар «пайыз» ретінде пайдаланып жүр. (Өзбекше нұсқасы – «Тадқиқотга кўра, бу чиқиндиларнинг атиги 3,2 фоизи қайта ишланади»). Мұны түрікмендер «гөтерим» (goterim) деп қолданады. Тағы бір айта кететіні, бұл сөз түріктерде – юзде (yüzde), өзбектерде улуш (ulush) деген тұрғысындағы синонимдер түрінде кездеседі. Ал татарлар мен башқұрттар, сахалар мен шуваштар, сондай-ақ Алтай тауы баурайындағы түркілер бұрынғысынша «процент» вариантын ұстанады. 2. Ауыспалы мағынада. Мол, молшылық, береке, сүйкімді, әсем. Бұл ұғымдар қазақ тілінде болмағанымен, өзгелерде ұшырасады. Мысалы, түрік­терде faiz сөзі тағы «береке», «мол­шылық», «ағыл-тегіл» деген мәнге ие болса, өзбектерде «рахат», «тартымды», «әдемі» деген бірнеше мағынасы бар.

Серік ПІРНАЗАР

"Ана тілі" газеті

1018 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз