Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 02 Желтоқсан, 2021

Жиын-терін аяқталды: қорытындысы қандай?

Боқырау дендеп енгеннен кейін егіс бетіне алғаш қырау түскен соң көкке шапқан Есекқырған  жұлдызын бетке ала қатарын оңтүстікке түзеген қараша қаздар қиқуына комбайндар үн қосқысы келгендей, сап түзе жылжып,  аңыздағы соңғы масақты тере бастайтын. Бұл кезде элеватор атаулы күндіз-түні жұмыс істеп, құлағына қарындаш қыстырған есепшілер Үркер батқанша дән толы көліктерді толассыз қабылдап жататын.  Бүгінде жиын-терінді аяқтап, сүдігер жыртуға кіріскен диқан қауымның қарбалас тірлігі цифрдан тау тұрғызатын статистика мамандарына көшкендей. Қысқа қайырылған дерек пен дәйекке үңілсек, биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 16,4 млн тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 0,3 центнерді құраған. Бастапқы салмақта 80,8 мың тонна қарақұмық жиналған, бұл 2020 жылғы деңгейден 76 пайыз артық. Сондай-ақ қара бидай жинау қорытындысы өткен жылмен салыстырғанда 43 пайызға артық, дәндік жүгері 22,6 пайызға, бұршақ дақылдары 1,3 пайызға көп жиналған. Бастапқы салмақтағы тары өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға, жүгері 5 пайызға артқан.
Жаңа егіннің астығы сапа бойынша да жоғары көрсеткіштерге ие. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жұмсақ бидайдың жалпы көлемінің 90,5 пайызы 1-3 сыныптарға жатқызылған, 2020 жылы бұл көрсеткіш 81,2 пайызды құраған болатын. Құрамында маңызы жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өсуі байқалады. 3-сыныпты жұмсақ бидай көлемінде әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие жоғары сапалы HI-Pro бидайының үлесі шамамен 60 пайызды құрайды. Жалпы, өсірілген астық ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ экспортқа белгілі бір көлемді жөнелту үшін жеткілікті. Сонымен қатар, 3,9 млн тонна картоп, 4,9 млн тонна көкөніс дақылдары, 2,8 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Майлы дақылдарды жинау жалғасуда, жалпы егістік алаңының 3 млн гектары немесе  96,6 пайызы жиналды, 2,3 млн тонна дақыл бастырылды. Тілге тиек етіліп отырған бұл көрсеткіштер ауыз толтырып айтуға тұрарлық нәтиже болып табылады.
Өткен жыл әлемдік экономика үшін тосын қатерлерге толы аса бір сындарлы кезең болды. Егіс құрал-жабдықтарының, машина-трактор паркінің науқанға дайындығы әдеттегідей көңіл көншітпегені рас. Бұған пандемия дендеген алғашқы айларда логистика саласының қаңтарылып, техника атаулының қозғалысы шектелгені де себепкер болды. Осыған орай егінжай басына жанар-жағармай жеткізуде іркілістер орын алды. Сондықтан да көзіқарақты қауым биыл нақ осы түйткілдердің қайталанбауын жіті назарда ұстап, қоғам тарапынан бақылауға алды. Ақпараттың ашықтығына көңіл бөлінді. Бұл орайда тиісті мекемелер  науқанға дайындық барысы туралы дайындаған деректерді бұқаралық ақпарат құралдары сын тезінен өткізіп отырды. Енді, міне, диқан еңбегінің өнбегіне елеңдеген ел тілегінің орындалғанын көріп отырмыз. 
«Өткен күнде белгі бар» дегендей, енді бітік егінді ысырапсыз жинап алудың жай-жапсарына тоқ­талайық. Осы ретте көңіл аударар тұстар көп. Биыл ауыл шаруашылығының өндірушілері науқанға барлық қажетті техниканы дер кезінде дайындай білді. Елімізде ұзын саны 141,7 мың трактор, 73,5 мың трактор тіркемесі, 36,9 мың астық жинайтын комбайн, 12,8 мың дестелегіш бар. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жаңа техника сатып алу деңгейі оң серпін көрсетіп, соңғы жылдары жиілей бастады. Мәселен, 2019 жылы 12 мың бірлік, 2020 жылы 15,3 мың бірліктегі техника сатып алынды. Салыстырмалы түрде алғанда бұл 2019 жылғы деңгейден 28 пайызға артық. Бұған қаржылық қолжетімділікті қамтамасыз ететін субсидиялау бағдарламаларының іске асырылуының көмегі көп болды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу құнының 25-30 пайыз инвестициялық шығындары мемлекет бюджетінен өтеледі. Субсидиялар нормативін аумақтарды дамыту бағдарламаларында көзделген техника мен жабдықтардың басым түрлері бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыс әкімдіктері 35 пайызға дейін дербес ұлғайта алады. Бұл шаралар мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың үстіміздегі жылғы халыққа Жолдауындағы «субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуға тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия түгел қолжетімді болуы керек. Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидия­лау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік сая­сатпен ұштастырған жөн», деген тапсырмасымен ұштасып жатқанын байқаймыз. Ауылдағы техниканың тозығы жеткенін, алқапты өңдеу әдістерінің көнелігін ескергенде, мұндай іс-қимылдың қазіргідей қысылтаяң сәтте емес, бюджеттің «бүйірі тоқ» жылдары неге қабылданбағанына қайран қалудан басқа лажымыз жоқ. 
Диқандар үшін ең түйткілді мәселе – науқанды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге келсек, биылғы жылғы егіс және егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін мемлекет қолдауымен республика бойынша 776,5 мың тонна дизель отыны, оның ішінде егіс жұмыстарына 380 мың тонна бөлініп,  орташа бағасы литріне 165 теңгені құрады, бұл жекеменшік май құю стансаларына қарағанда 12 пайызға арзан болды әрі дер кезінде жеткізілді. Мұнай зауыттары да әдеттегідей «жөндеуге» жабылмады. Егінші қауым елімізде келешекте 5 мұнай өңдеу кәсіпорны салынатынын естіп, бір серпіліп қалды. Аграрлық салада сірескен сең қозғалған сияқты, ұзағынан сүйіндірсін, деп тілейік.

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУпрофессоры

"Tenge monitor" газеті

2303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз