Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 03 Желтоқсан, 2021

Пікірсайыс арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту

«Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі жоспардың «Оқушылар мен студент жастардың пікірсайыс қозғалысы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасын іске асыру арқылы дебат клубтарының жаттықтырушыларына арналған курстар, республикалық турнирлерді 2022-2025 жылдары өткізу жоспарланып отыр.

Білім беру ұйымдарындағы пікірсайысшылардың басым бөлігі сол ұйымдардың көшбасшылары болып табылады. Көшбасшыға көптеген балалар мен жастар еліктейді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ету үшін көшбасшылардың қазақ тілінде сөйлеуі өте маңызды. Пікірсайыспен айналысатын білім алушылар мен педагогтердің әрқайсысы мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған пікірсайыстар жүргізу арқылы атсалысады.

Осыған орай «Дебаттар: бұқаралық пікірсайыс жүргізу теориясы мен тәжірибесі негіздері» тақырыбында педагогтердің біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы әзірленді.  

Курс жеке тұлғаны тәрбиелеуге, өскелең ұрпақтың бойында азаматтылық пен патриотизмдіқалыптастыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, ақпаратты талдау, көпшілік алдында сөз сөйлеу, шешендік шеберлік дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.

Курспен жыл сайын 460  педагог қамтылатын болады.

Бағдарламаның мақсаты: қоғамда орын алған мәселелерді, оның ішінде мемлекеттік тіл мәселесінталқылау арқылы дебат қозғалысына баулитын педагогтердің білімін жаңарту және кәсіби шеберлігін жетілдіру.   

Көзделген мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттер айқындалды:

- білім алушылардың бойында құқықтық мәдениет, азаматтық белсенділік, жауапкершілік, сыни тұрғыда ойлау, даулы жағдайларды дипломатиялық жолмен шешу қабілеттерін қалыптастыру құралы ретінде пікірсайыстың мән-мазмұнымен тыңдаушыларды таныстыру;

- дебатқа білім алушыларды жаппай тарту, әрбір білім беру ұйымында дебат клубтарын құру үшін аталған қозғалысты танымал ету, дебат ұғымын білім беру процесіне педагогикалық технология ретінде енгізу;

- білім алушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру құралы ретінде дебат мүмкіндіктерін қолдану мән-мәтінінде дебаттың компоненттерін білім беру үдерісінде қолдану.

Бағдарлама білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында дебат қозғалысын дамытуға қатысты сұрақтарды қамтиды, педагогтердің теориялық және практикалық білімдері мен біліктерін жаңартуды және кәсіби дағдыларын жетілдіруді, оларға әдістемелік көмек көрсетуді қарастырады.

Біліктілікті арттыру курсының ұзақтығы 80 академиялық сағатты құрайды. Білім беру үдерісі оқытудың интерактивті формалары: дәріс, практикалық сабақ, шығармашылық шеберхана, шеберлік сынып, кіші топтарда жұмыс, тренинг, жоба қорғау арқылы жүзеге асырылады.

Курс соңында тыңдаушылар тест тапсырады,жобаларын қорғайды және курста біліктілігін арттырғаны туралы сертификатқа ие болады.

Бүгінгі таңда республика бойынша 5 965 дебат клубы бар, оған 100 мыңға жуық адам қатысады. Атап айтсақ, мектептерде – 5 162, ТжКБ-да – 689, ЖОО-да – 114 клуб. Осыған орай, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының аясында мектеп оқушылары арасында «Ашық алаң» республикалық зияткерлік турнирін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өткізу жоспарлануда. 

Турнирдің мақсаты – оқушылардың бойында азаматтық ұстанымды, қоғам алдында өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті қалыптастыру, елде байқалатын өзекті жағдайларды, оның ішінде мемлекеттік тіл мәселесін талқылау арқылы шығармашылық және сыни ойлау қабілетін дамыту.

Турнирдің міндеттері – оқушылардың жалпы мәдени ой-өрісін кеңейту, олардың академиялық білім деңгейін көтеру,  шешендік сөйлеу өнері дағдыларын қалыптастыру, зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін дамыту; қазақстандық қоғамда орын алған өзекті жағдайларды көпшілік алдында талқылау арқылы білім алушылардың позитивті, сыни ойлауын, жүйелі талдау дағдыларын, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін табу, дәлелдеме жасау өнерін қалыптастыру; білім алушылардың бойында отансүйгіштік сезімін тәрбиелеу, туған өлкенің, елдің, қазақ тілін дамыту мәселелерін талқылау және шешудегі жауапкершілік сезімін қалыптастыру; педагогтерді, балалар мен жастарды өзекті қоғамдық саяси тақырыптарды талқылауға тарту, конструктивті пікірталас жүргізу мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын жандандыру.

Пікірсайыстарда көтерілетін мәселелердің негізгі тақырыптары –  Қазақстан Республикасының тұрақтылығы мен гүлденуі, әрбір азаматтың елдің серпінді дамуына, оның ішінде мемлекеттік тілдің дамуына жеке қатысуы, қоғам игілігі, туған ел игілігі үшін балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін іске асыру. Мәселен, салт-дәстүрлердісақтай отырып, мәдени мұраны арттыру; тіл – ұлттық идентификацияның негізгі құралы, қазақ тілін қоғамда насихаттаудың үздік жолы және тағы басқа тақырыптар.

Турнир екі кезеңде өткізіледі: өңірлік кезең, яғни мектепішілік,  аудандық (қалалық), облыстық турнирлер және екінші кезең – бұл республикалық турнир. Мектепішілік турнирдің жеңімпаздары аудандық турнирге қатысады. Кейін ауданжеңімпаздары облыстық турнирге қатысады. Республикалық Турнирге облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қ. қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары – жалпы орта білім беру ұйымдарының 6-11 сыныптарынан 272 білім алушы қатысатын болады.  

Турнирдің қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының мүшелері жеңімпаздарды анықтайды. Жеңімпаздар бас жүлде, I, II, III дәрежедегі дипломдармен және сыйлықтармен, ал жеңімпаздардың команда жаттықтырушылары Алғыс хаттармен марапатталады. Турнирге қатысушыларға сертификаттар беріледі. 

Сондай-ақ турнирдің үздік қатысушылары «Үздік спикер», «Үздік оратор», «Дебаттық креатив», «Ең сенімді ойыншы», «Ең білімді ойыншы», «Ең тапқыр ойыншы», «Ең мақсатты ойыншы» қосымша номинациялар бойынша дипломдармен және сыйлықтармен марапатталады.

 Атажанова Лилия Алдабергенқызы,

ҚР Білім және ғылым министрлігінің

Республикалық қосымша білім беру

оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары

 

1799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз