Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 03 Желтоқсан, 2021

Жоғарғы сот судьясы Мейрам Жанғұттинов 5 жылға сотталды

ҚР Жоғарғы сотының бұрынғы судьясы Мейрам Жанғұттинов сот шешімімен 5 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми сайты.

Бүгін Нұр-сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Мейрам Жанғұттиновке қатысты алаяқтыққа қастандық жасау фактісі бойынша (ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі 1-2 тармағы) және Л. Тұрғынбаеваға пара бергені үшін (ҚК 367-бабы 3-бөлігі 2 тармағы) айыптау үкімін жариялады.

Елордалық соттың хабарлауынша, М. Жанғұттинов жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлға бола отырып (ҚР Жоғарғы сотының судьясы, бүгінде өкілеттігі тоқтатылды), пара алу желеуімен Тұрғынбаевадан (Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы, өкілеттігі тоқтатылды) делдал Абдусаттаров арқылы 7 мың АҚШ доллары сомасындағы қаражатты иемденуге тырысты. Жоғарғы соттың экс-судьясы М. Жанғұттинов ақша алу кезінде ұсталған.

«Сот жаза тағайындау кезінде Жанғұттинов пен Тұрғынбаеваға қатысты судья антын бұзу ауыр жағдай деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын әділ жаза деп санады. Осыған байланысты Жанғұттинов 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тұрғынбаеваға қатысты жазаны жеңілдететін мән-жайлар ескерілді. Яғни, шын жүректен өкіну және қылмысты ашу мен оған қатысы барларды әшкерелеуге белсенді ықпал еткенін ескере отырып (ҚК 55-бабы 4-бөлігі) ол 5 жылға сотталды. Сотталушының екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды», - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

629 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз