Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Желтоқсан, 2021

КЕЛЕСІ ЖЫЛДАН БАСТАП «GOOGLE САЛЫҒЫ» САЛЫНАДЫ

Қызмет пен тауарды онлайн-платформа арқылы өткізетін шетелдік интернет-компаниялар келесі жылдан, яғни 2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап бюджетке қосымша құн салығын төлеуге міндеттелді. Салық – сатылған тауар мен қызмет сомасының 12%-ы болмақ («Google салығы» деп аталатын бұл жүйенің елдегі салық төлеушілерге қатысы жоқ).

Сенат депутаттары өткен аптадағы Палата отырысында Салық кодексіне түзетуді екін­ші оқылымда қабылдады. Президент құжатқа қол қойғаннан кейін Салық кодексіне мынадай өзгерістер енбек: «мобильді төлем» деген ұғым пайда болады; жүк автомобиліне салынатын салық азаяды; экспорттаушыға қосымша құн салығы қайтарылады; Google-ге салық салынады; шетелдік маши­наларға салынатын салық мөлшері артады.

Сонымен, «Google салығы» деген қандай жүйе десек, «Google салығы» дегеніміз – республиканың салық резиденті болып саналмайтын шетелдік компаниялар өздерінің цифрлы тауары мен қызметін Қазақ­станға импорттағаны үшін салынатын қосымша құн салығы. Әңгіме елімізде электронды қызмет көрсететін халықаралық интернет-алыптар туралы болып отыр. Бұлардың қатарына Google, Facebook, Amazon, Netflix және т.с.с. компаниялар жатады. «Google салығы» жүйесі банктер мен төлем ұйымдарының «шет­елдік компаниялардың пайдасына жеке тұлғалар жасаған төлем мен аударымның сомасы туралы уәкілетті органға ақпарат беріп отыру» міндетін көздейді.

Шетелдік компанияны төлем жүйесін пайдалана отырып, тө­лем және/немесе ақша аударымын алушы ретінде анықтайтын таң­баның бірегей жиынтығы болып табылатын Merchant ID немесе MID ұғымын белгілеу ұсынылды. Merchant ID дегеніміз – банктердің тиісті төлем мен ақша аударымын сәйкестендіретін шетелдік интернет-компаниялар ұсынатын деректеменің бірі.

– Бұл – халықаралық тәжірибе. Мәселені қарау кезінде Еуропа елдерінің де, Ресей мен Беларусь­тің де халықаралық тәжірибесі зерт­телді, – дейді ұлттық экономика ми­нистрлігінің мамандары.

Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Азамат Амрин болса, шет­ел­дік компаниялар салық есебіне тұруы керегін қадап айтты. Тауар мен қызметтің бұл тізіміне, мысалы, интернет арқылы бағдарламалық жасақтаманы, компьютерлік ойындарды және мәліметтер базасын пайдалану құқығын сатып алу кіреді. Олардың қатарында интернеттен электронды кітап пен сурет сатып алу, музыкалық және аудио­визуалды шығармаларды қарау мен тыңдау бар.

«Google салығы» маркетинг пен жарнама саласына да әсер етеді. Жарнама қызметі, соның ішінде жарнама алаңын, домен атауы және хостинг қызметін ұсыну, сайтта статистика жүргізу осы жүйеге кіреді. Салық кодексінде тауар мен қызметті жеке тұлғалардың сатып алуы туралы әңгіме болса да, іс жүзінде осы қызметті өзінің қызметкерлерінің жеке шоттары арқылы көбіне-көп шағын және орта бизнес жиі жасайды дейді, өйткені шетелдік интернет-компаниялар жабылатын құжатты үнемі ұсына бермейді. 

«Көп компания Google мен Facebook-тегі жарнама шығынын өзінің бухгалтериясында көрсете алмайды, өйткені қызмет көрсету­шілерден құжат келмейді. Көбінесе ақша директордың картасынан алына салады» деп түсіндіреді «Учет.кз» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев.

«Google салығы» жұмыс істеуі үшін Салық кодексіндегі қосымша құн салығын төлеушінің тізіміне (367-бап) «осы кодекстің 25-тарауында қарастырылған шетелдік компаниялар» деп аталатын жеке тармақ қосылды, онда шетелдік төлеуші компанияны тіркеу ережесі мен қосымша құн салығын есептеу,  төлеу тәртібі сипатталған.

Интернет-«шетелдіктер» са­лықты қосымша құн салығы база­лық мөлшері бойынша тоқсан сайын 12% төлеуі тиіс. Сатылған тауар мен қызметтің құны және төлем шетел валютасымен жасалса, валютаның нарықтық ба­ғамы бойынша теңгемен қайта есептеледі. Түзетудің жаңа сериясы осы мәселені нақтылайды. Мысалы, Салық кодексінің 24-бабын екінші деңгейдегі банктердің жаңа міндетімен толықтыру ұсынылған. Енді олар уәкілетті органға, қар­жы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне, шетелдік интернет-компаниялардың пайдасына жеке тұлғалардың төлемі мен аударымының сомасы туралы ақпарат беріп тұруға тиіс.

– Төлем тәртібі өте қарапайым. Салық органдарына хат жолдап, қосымша құн салығын төлеуге дайын екенін хабарлайды, сонымен болды, – дейді ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин.

Салықты ұстау банктердің шет­елдік интернет-компанияларға аударылған сома туралы деректері негізінде жүзеге асырылмақ. Ми­нистрліктің болжамынша, осы қосымша құн салығы есебінен бюджетке жылына 2 млрд теңге түспек.

– Интернет арқылы сатылған тауарға қосымша құн салығын салу Австралия, Ұлыбритания және Франция сияқты дамыған елдердің осындай салықты енгізу тәжірибесі негізінде қабылданды. Жалпы, цифрлы салықты енгізу (немесе «Google салығы») қазақстандық және шет­елдік компаниялар үшін бәсеке жағдайын теңестіруге көмектеседі, – дейді сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Мемлекеттік кірістер комитеті ірі салық төлеушілер департаменті­нің директоры Әнуар Сүлейменов­тің айтуынша, осы салық жүйесінде экспорттаушыларды ішкі нарықта валюталық түсімді сатуға ынталандыру үшін 80% көлемінде қайтару тәртібі сияқты жеңілдіктер беру көзделген. Жеңілдік экспорттан түскен валюталық түсімнің кемінде 50%-ын сататын экспорттаушыларға қолданылмақ.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

"Tenge monitor" 

1009 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз