Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 08 Желтоқсан, 2021

Қазақ журналистикасының даму тарихы

Елді ел қылатын құдіретті нәрселер бар, соның ең басында баспасөз құралдары тұратыны анық. Қазақтың өнер-білімге ұмтылып, ғылым, техникамен таныса бастаған кезі ұлттық баспасөзіміздің пайда болуымен байланысты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде алғаш рет «Түркістан уәлаятының газеті»(1870), сәл кейін «Дала уәлаятының газеті» (1888) жарық көргенімен ол қазақ ұлтынан гөрі сол газетті шығарушылардың мақсат-мүддесіне жұмыс істегені белгілі. Ал 1907 жылы Петерборда татардың «Улфат» газетінің қосымшасы ретінде шыққан «Серке» газеті, 1911-1915 жылдары Тройцкіде шығып тұрған «Айқап» журналы мен 1911-1913 жылы Орда қаласында басылып тұрған «Қазақстан» газеттері қазақ ұлты үшін үлкен ағар-тушылық жұмыстарын жүргізді.

Дегенмен 1913-1918 жылдар аралығында Орынборда 265 нөмірі шығып үлгерген «Қазақ» газеті жалпыұлттық басылымға айналып, халқымызды ұлттық бірлікке үндеп, рухани біртұтастық үшін қызмет еткен айбынды басылым болды. Сол кезден бастап қазақ халқы газеттің не екенін біліп қана қоймай, сауаттылық пен білімділіктің соншалық маңызы бар екенін түсініп, болашағы қаншалық мықты екенін сезінді. Газетке ұлтының атын қойып шығарған ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген атақты сөзін сол тұста айтса, одан кейін Ахаңның сол пікірін «…Әр жұрттың, әр мемлекеттің мәдениет майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші баспасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екені көрінеді. Яки, қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатыны айдай анық», − деп әрі қарай тереңдете түскен қазақтың тұңғыш романшы қаламгері Міржақып Дулатов баспасөзіне ие болған халықтың қолы неге жететінін көрсетіп берген еді. Оның бұл айтқанын әлі күнге дейін құнын түсірмеген ой ретінде қабылдаймыз. Тек баспасөз бүгінде көптеген салаға бөлініп, әрқайсысы жеке-жеке дамып кетті.

Кеңестік кезеңде − 1990 жылға дейін Қазақстанда бар болғаны республикалық деңгейде 10 мемлекеттік басылым мен 21 телерадио арнасы болды (ал қазір олардың саны 3 мыңға жуық).

1992 жылға дейін елімізде тәуелсіз басылым болған емес. Дегенмен бұрыннан белгілі, бейресми түрде елдің бас газеті саналатын, аты тәуелсіздіктен сәл бұрын өзгерген «Егеменді Қазақстан» (1993 жылғы 1 қаңтардан «Егемен Қазақстан») газеті мен «Жас Алаш» (1991 жылға дейін «Лениншіл жас») газеттері және қазірде шыққанына 87 жыл толып отырған елдің бас әдеби басылымы − «Қазақ әдебиеті» газеті кеңестік кезеңнің дәурені өткенін сездіріп, ұлттық сананы ояту үшін үлкен қызмет атқарды. Тіпті оларда ешкімнің беделіне қарамай сынайтын өткір материал көп басылды. Сондай-ақ, алғашқы саны 1990 жылы, Ұлыстың ұлы күні наурыздың 22-сінде жарық көрген, бүгінде еліміздің беделді газетіне айналған «Ана тілі» газеті болса, сол тұста қазақ тіліне қатысты барлық проблеманы көтеріп, сараптап, зерттеп, жариялап отырды. Сол тұста газет таралымының 120 мыңнан асқаны сол кезде оның халыққа қандай қадірлі болғанын көрсетсе керек.

Қазақстанда тек елдің ішіндегі ғана емес, сырттағы оқырмандарға да жетіп, оларды еліміздің қоғамдық-саяси өмірімен таныстырып отыруға арналған газеттер болды. Соның бірі − республикааралық апталық «АЗиЯ» газеті. «Казин-пресс» концерні құрылтайшылығымен жарық көрген апталық басылым 1992−1995 жылдар аралығында Алматыда орыс-қазақ тілдерінде шығып тұрды. Көлемі А2 форматымен 16 бет болып шыққан газет 20-30 мың данамен басылып, Орта Азия республикаларына, Әзербайжанға тарады. Негізінен орта азиялық мемлекеттер арасындағы интеграциясы мәселелерін кө-терген газет кезінде өте танымал басылымдардың бірі болды. Әсіресе шетелдегі қазақ оқырмандарын рухани біртұтастыққа үндеуімен тартты.

Шетелдегі қазақтармен байланыс мәселесі кеңестік кезеңнен бері бар (әрине, ол сол кездегі КСРО-ның сыртқы саясатына сай болды). Шет елдердегі қазақтарға арналған алғашқы басылым 1944 жылы жарық көрген «Қазақ елі» журналы 1956 жылы жабылды. Дегенмен 1976 жылы «Біздің Отан», кейін «Шалқар» апталық газет (кирилл және араб графикасымен) шығып тұрды. 1995 жылы шетелдерде тұратын қазақтарға арналған ба-сылым еларалық «Қазақ елі» газеті шыға бастады. Оның төте жазумен «Шалқар» қо-сымшасы да айына екі рет жарық көретін. Бұл газет те жабылғанша шетелдегі қазақтарды атажұртымен байланыстырып, үлкен әсерін тигізді.

Тәуелсіздіктен кейін іле-шала жарық көрген халықаралық қоғамдық-саяси, танымдық «Заман-Қазақстан» газеті Түркия мен Қазақстан арасындағы ақпараттық байланыс орнатуға арналған еді. 1992 жылы 17 қаңтарда алғашқы саны шыққан газет Қазақстандағы алғашқы халықаралық басылым ретінде 2000 жылы «Қазмедия» ЖШС компаниясының құрамында қайта құрылып, «Қазақстан-Zaman» деген атпен қайта шыға бастады. Аптасына бір рет, 12 беті қазақ тілінде, 4 беті түрік тілінде шығатын газеттің атауы кейін Qazaqstan zamany болып өзгеріп толығымен қазақ тілінде шығатын болды. 2019 жылдан бері Qazaqstan dauiri деген атпен шығып келеді.

Ал 1993 жылы қарашада ҚР Министрлер Кабинетінің арнайы қаулысымен ашылып, 1994 жылғы 28 қаңтардан күні бүгінге дейін тоқтаусыз басылып келе шығып келе жатқан «Түркістан» (қазір Túrkistan) газеті – әлемдегі маңызды оқиғаларды, түркі халықтарының бірлігі мен өзара қарым-қатынасын және еліміздегі маңызды мәселелерді сараптайтын танымал да беделді басылымдардың бірегейі. Газеттің негізін қалаған әрі алғашқы бас редакторы (1993-1999) − Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов болса, одан кейін 1999-2018 жылдары белгілі медиаменеджер Шәмшидин Паттеев басқарды. 2018-2019 жылы Жаңабек Шағатай, 2019 жылдың басынан бастап Қуат Әуесбайдың басшылығымен жаңа форматта жарық көріп келе жатыр. Газетте басылған материалдар мен газеттің PDF нұсқасы және күн сайын маңызды жаңалықтар turkystan.kz сайтында жарияланады. Аталған сайт еліміздегі сайттар рейтингінде үздік жиырманың қатарынан түспей келеді.

Тәуелсіздіктен бері баспасөз саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі – тәуелсіз басылымдардың жарық көруі. Шынына келгенде, сол тұстағы қазақ тіліндегі мемлекеттік және тәуелсіз басылымның барлығы да қазаққа қатысты қордаланған мәселелерді көтеріп, ұлттың рухани әлемі үшін күресті. Сол үшін тіпті қазақ журналистерін «бейресми ұлттық партия» деп атайтын. Өйткені ол кезде орыс тіліндегі басылымның біразы Қазақстан тәуелсіздігіне сенбейтінін ишаралап, кеңестік кездегі астамшылық көзқарасын ашық білдіретін еді. Осының кесірінен қазақтілді және орыстілді басылымдар арасында бірін-бірі жоққа шығару белең алған шағы да болды. Міне, осындай кезде «Казахская правда» атты орыс тілінде шығатын қоғамдық-саяси тәуелсіз газеттің пайда болуы – ерекше жағдай. Оның шығарушысы әрі бас редакторы, философия ғылымының докторы, профессор Алдан Айымбетов әрдайым қазақ мәселесінде сыңаржақ пікір білдіруге дайын тұратын орыстілді басылымдарға қарсы бітіспес майдан ашты. Яғни, орыстілді болса да «Казахская правда» ұлттық-патриоттық бағытты ұстанды. Ондағы жарияланымдардың өт-кірлігі сонша, газет «31 арна» телеарнасымен және «Казахстанская правда», «Караван» «Мегаполис» сияқты газеттердің жиі наразылығын тудырып, дауласуға жеткізді жататын. 1993 жылы ашылған «Казахская правда» 2006 жылы оның шығарушысы Алдан Айымбетов дүние салған соң ұзамай жабылды. Дегенмен бұл газетті шығаруға барлық қаражатын, уақытын, шығармашылығын арнаған Алдан Айымбетов өзінің жанкештілі-гімен ел есінде қалды.

Еліміздегі тәуелсіз басылымдардың бір ерекшелігі – республикалық дәрежедегі түрлі жекеменшік газеттердің облыс орталықтарынан шыға бастауы. Соның алғашқыларының бірі − 1996 жылдан бері Шымкент қаласынан шығып келе жатқан республикалық «Айғақ» газеті. Оның демократияның даму принциптерін ұстанып, еркін ақпарат таратуы газеттің танымал болуына ықпал етті. Аймақтан шықса да орталықтағы газеттерден атағы кем болмаған, бәлкім танымалдығы артық «Алтын Орда» газеті 12 жыл бойы қазақтың ақпарат кеңістігінде аса танымал қазақи басылымның бірегейі еді. 2000 жылы Ақтөбеде ақын Мейірхан Ақдәулетұлының басшылығымен жарық көрген газет шын мәнінде тәуелсіз, сонымен бірге ұлтшыл, мемлекетшіл басылымның қандай болатынын танытты. Өзге газеттер жариялауға бата алмайтын небір азулы материалдар «Алтын Ордада» басылып, оқырмандарын сүйсіндіріп жататын. Асқақтаған әкім-қаралар «Мен» деп көкірегін керген небір тұлғалар газет сынына ілініп, аптығын басып жататын. Кейін редакциясы Атырауға көшкен, таралымы 25 мыңға дейін жеткен «Алтын Орда» 2012 жылы белгісіз себептермен жабылды.

Жалпы, тәуелсіздік дәуірінде еліміздің медиаменеджерлері мен қазақ журналистерінің қолынан қандай газет болса да шығару келетіні талай дәлелденді. Өкініштісі сол, небір өзгеше жоба, тың шешіммен ашылған талай газет қолдау болмағасын қанатын жая алмай, жабылып тынды. Мәселен, 2004 жылы экономикалық газет болып ашылып, кейін республикалық жастар апталығына айналған «Нұр-Астана» республикалық деңгейде жарық көрген жалғыз жастар басылымы қоғамдық-саяси, әдеби-танымдық материалдар жариялап, өзіндік бетін қалыптастырса да, 2013 жылы жабылды. Ал 2008 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін 23 нөмірі жарық көрген соң шығуы тоқтаған «Айқара» республикалық қоғамдық-саяси апталығының аты да заты да өзгеше болатын. Газеттің әр екі айқара бетінде бір проблема қозғалып, сол мәселеге қатысты мамандардың пікірі берілетін және тақырыптың саяси, экономикалық жағы жан-жақты зерттелетін. Екі басылымның да бас редакторы белгілі журналист Ғабит Мүсіреп болды. Сол сияқты қазақ баспасөзіне өзгеше леп алып келген «Үш Қиян», «Ұлт Times» «Халық сөзі», «Ұлт мұраты» секілді апталықтардың да өмірі келте болды. Әжептәуір қаржылық қолдаумен шығып тұрған «Алаш айнасы», «Дала мен қала» секілді оқырманы бар газеттердің жабылуы да қазақ баспасөзі үшін жағымды бола қоймады. Дегенмен мынаны түсінуіміз керек, неше түрлі басылымдар ашылып-жабылғанмен оның да берген сабағы болды. Қазақша газет шығарамын деушілер қандай мықты жоба болса да, қаржылық қолдаусыз оның алысқа бармайтынын жақсы ұғынды.

Екінші жағынан ұлттық баспасөзді қолдау керегін дер кезінде түсінген мемлекет те бұрыннан шығып келе жатқан кейбір басылымдарды біріктіріп, олар үшін тендер жариялап, қолдау көрсетіп келеді. Кейінгі кезде «Қазақ газеттері» ЖШС-ның қайта құрылымдалып он редакцияның («Ана тілі», «Теңге монитор», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Ақиқат», «Үркер», «Мысль» журналдары және «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» секілді балалар басылымдары) бір жерге шоғырлануы, «Казакстанская правданың» «Егемен Қазақстанмен біріктірілуі қазақтілді басылымдарға деген қамқорлықтың көрінісі деуге болады. Тағы бір айта кететіні, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде сары басылымдар қаптады. Бірақ жазатыны өсек-аяң, төсек мәселесі секілді деңгейі төмен ондай басылымдардың дәурені тез өтіп кетті. Қазір халық ұлттың, мемлекеттің сөзін сөйлейтін басылымдарға құрметпен қарайды.

Қазақ баспасөзі дегенде журналдар туралы да айтпай кетсек болмас. Кеңестік кезеңнен бері келе жатқан «Жұлдыз», «Жалын» журналдары әлі атын да затын да өзгертпестен шығып тұр. Олардың қатарына 2000 жылы қосылған «Таң-Шолпан» журналы да бұл күнде іргелі басылымға айналды. Сол сияқты Тараздан «Жамбыл», шығыстан «Өтүкен», Қызылордадан «Әлісмақ» секілді өз оқырмандары бар журналдар жарық көріп жатыр. 2016 жылы Ақтөбеде Мейірхан Ақдәулетұлы ашқан «Адырна» әдеби-көркем көпшілік журналы аз уақыттың ішінде өзінің деңгейінің жоғарылығымен әдеби ортаға да, қарапайым оқырмандарға да тез танылып еді. Дегенмен биыл екі саны ғана шыққан журнал қаржылық жағдайының қиындығынан уақытша тоқтап тұр…

Кеңес кезеңінде аса танымал болған қазақтілді ғылыми көпшілік журнал «Зерде» журналының жабылуы, «Парасат», «Қазақстан әйелдері» секілді журналдардың бұл күнде көзге түспеуі де ойландырарлық жағдай. Дегенмен менеджерлік ісін жолға қойған басшылардың арасында да журнал шығаруда да табысқа жеткендер жоқ емес. Мәселен, жақынға дейін «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» секілді тиражы көп журнал шығарып келген Жарылқап Қалыбайдың іскерлігі заманауи медиада танымал деуге болады. Қазір де өз оқырмандарымен тығыз байланыс орнатқан көптеген журнал шығып жатыр.

Тәуелсіздіктің келуімен елімізде телевизия саласы қатты дамыды. Бұрын екі-үш арна ғана (оның да уақытының басым бөлігі орыс тілінде еді) көрсететін Қазақстанда 1993 жылдан бері Қазақстан ұлттық арнасы, Хабар, «31 арна», КТК, НТВ, СТВ (бұрынғы Рахат тв), ТАҢ, Hit tv, Еларна, Евразия, Алматы (бұрын ЮСА), Хабар 24 секілді арналар бірінен соң бірі ашылып, бұл саланың қарыштап дамуына зор әсерін тигізді. Кейін ашылған Kazakh TV жерсеріктік арнасы және әлемге жерсерік арқылы таратылатын CNL, KZ Sport 1, Нау ТВ, Сетанта Спорт секілді қазақстандық арналардың пайда болуы, сондай-ақ интернет желісіне тартылған Тұран-ТВ, Disney Channel Kazakhstan арналары да отандық телевизия саласының дамуынан хабар береді.

Бүгінде жекеменшік ойын-сауықтық телеарналар да көбейіп келеді және оның арасында қазақтілді арналардың көбеюі көңіл қуантады. Ал кейінгі кезде ашылған Аbai.TV cекілді қазақтілді арналар ұлтымыздың рухани әлемдегі біртұтастығы үшін қызмет етіп жатыр. АҚ РТРК Қазақстанға қарайтын Ұлттық арнаның еліміздің 13 қаласында бөлімшелері бар. Ал 2010 жылы теледидар мен радио хабарын эфир және жерсерік арқылы тарату жөніндегі Қазақстан Республикасының ұлттық операторы OTAU TV («Отау ТД») – құрылғаннан бері АҚ РТРК Қазақстан жанынан ашылған балаларға арналған «Балапан» арнасын бүгінде әлемдегі барлық қазақ баласы және түркітілдес елдің балалары жерсеріктік телевизия арқылы көріп отыр. Осылайша отандық телевизияның жаңа дәуірі басталды. Қазір облыстарда да жекеменшік телеарналар бар. Олардың кейбірі ОTAU TV арқылы көрсетіледі. Дегенмен кейінгі кезде елдің біраз бөлігі теледидар көре бермейтінін айтады. Бұл бүгінде аса қатты дамып кеткен ақпараттық технологияның, интернет жүйесінің күшеюіне байланысты болса керек. Сондықтан адамдар теледидар алдында арнайы отыруға уақыты бола бермейтіндіктен түрлі хабарларды кез келген жерде смартфон арқылы YouTube бейнехостингінен тамашалай береді.

Қазақстанға ғаламтордың келуімен Қазнет (интернет желісінің қазақ және орыс тілдеріндегі қазақстандық бөлігі) ашылып, қазақ тілінің қолданылу аумағы өсіп келе жатқанын да байқай аламыз. «Қазнет» термині арқылы .kz және жаңадан пайда болған .қаз аумағының доменді зонасының интернет ресурстарын, қазақстандық провайдерлер көлемінде орналасқан басқа да аймақтық аумақ ресурстарын, қазақстандық тыңдаушыларға бағытталған шетелдік ресурстар мен қазақстандық ұйымдардың шетелдік өкілдер ресурстарын түсінеміз.

Елімізде 1994 жылғы 19 қыркүйекте жоғары деңгейлі .kz домені ресми түрде тіркелді. Ал 2009 жылы Қазақстандағы басты ақпараттық интернет жүйесінің дамыған ұлттық сегментін қалыптастыру, соның ішінде желілік ақпараттық ресурстарды дамыту, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ұйымдастыру, осы саладағы инвестициялық және инновациялық белсенділікті көтермелеу мақсатында «Қазконтент» АҚ компаниясы құрылды. Қазақстандағы Интернет дүниежүзілік желінің құрамдас бөлігі ретінде Қазақстанның байланыс және ақпарат құзыретіне жатады. Казнеттің дамуында бастапқы ұлттық провайдер, «Қазақтелеком», үлкен рөл атқарады. Міне, содан бастап электронды баспасөз құралдары жылдам қарқынмен дами бастады. Қазақ тілінде еркін интернет энциклопедия − Википедияны дамыту қолға алынып, он мыңдаған материал жазылды. Газет-журналдардың сайттары көптеп ашыла бастады.

Қазір медиа саласының дамуы негізінен интернетке байланысты болып қалды. Елдің көбі дәстүрлі БАҚ-тандан гөрі электронды БАҚ-қа көп жүгінетін болып барады. Бұл – дәстүрлі медиаға қауір төндіргендей көрінгенімен тез қимылдап, шалт шешім қабылдауға мәж-бүрлейтін заман талабынан туған құбылыс.

Еліміздегі ең ірі мемлекеттік «Қазақпарат» ақпарат агенттігі мен ірілі- ұсақты сайттың бәрі дәстүрлі ақпарат құралдарымен теңдей құқыққа ие. Қазіргі заң бойынша кез келген сайт ақпарат құралы. Сондықтан кез келген мекеменің өз сайты бар. Сол арқылы өздерінің атқарған жұмыстары жайында ақпарат беріп отырады. Сонымен бірге дәстүрлі БАҚ-қа қарағанда сайт ашып, жұмысын жүргізу арзанға түседі. Оның үстінде дәстүрлі ме-диалардың өздерінің материалдарын сайт арқылы жариялап таратып отыруы қалыпты жағдайға айналып кеткен. Бүгінгі БАҚ-тың қолы ұзын десе болады. Салада азаматтық журналист, халықаралық қатынастар маманы, блогер, копирайтер мамандықтары пайда болды. Жаңа бағыттар: фактчекинг, әлеуметтік және дата-журналистика. Кез келген оқиға туралы кез келген елдің ақпарат агенттігінен тікелей мәлімет ала алады және тіл білетін журналистер үшін ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі журналистер осыдан ширек ғасыр бұрынғы әріптестермен салыстыруға келмейді. Себебі бәрі ақпараттық технология құралдарын жақсы игерген әрі бірнеше тіл білуге бейім.

Цифрлы журналистика аудиторияны үлкен көлемде қамтуға мүмкіндік берді, көптеген баспа басылымдары электрондық нұсқаларын шығаруда. Виртуалды журналистика биліктің қысымын аз сезінеді және халықты тез арада хабардар етеді.

Бүгінгі қазақтілді БАҚ-тың дамуы мемлекеттік тіліміздің аясының кеңуіне зор әсерін тигізіп отыр. Азаматтық журналистика санатындағы әлеуметтік желілерде де қазақтілді блогерлердің көбеюі ол жақты да қазақыландырып жатыр.

Солайша жаһандану дәуірінде тәуелсіздігіміздің алғашқы 30 жылында қазақтілді ме-дианың барлық түрі заманмен бірге қадам басып, жаңғырып, дамып келеді. Ол ұлттың да, мемлекеттің де әлеуетін таныта алды деп ойлаймыз.

Ақерке Қасымбекқызы

Ғасырбек Төлеген

IITU, 4- курс

1647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз