Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 09 Желтоқсан, 2021

Ескен Сергебаев: Өнер бір орнында тұрмайды

Сәулет және қазақ бейнелеу өнерінің қара шаңырағы Қастеев мұражайына енгенде жұмыс күнінен тысқары да мұнда өз алдына тіршілік жүріп жататынын байқадым. Кассаның алдында кішкентай екі қызының қолынан ұстаған ер адам билет сұрап тұр: «Ескен Сергебаевтың көрмесіне үш билет бола ма?». Бір-бірлеп келіп жатқан ел қарасына қарап «Көрме 12 желтоқсанға дейін еді. Үлгеріп қалғысы келген шығар» деп түйдім. Өзімнің көрмеге билетсіз де кіре алатынымды ойлап бір марқайып қалдым да, күткен кісінің жолына қарадым. Көп уақыт өткен жоқ. Сыртқы есіктен егделеу адам ішке енді. «Мүсінші ­Сергебаев осы болар» деп қимылын қалт жібермей бақылап отырмын. Сұхбатқа келіскенбіз. Үстінде қара пальто, басында қара шляпа, қолына ұстаған таяғына қарап оның еуропалық мәдениеттен сусындағанын байқауға болар еді. Гардеробқа қарай беттеген адамның соңынан ілесіп, сұхбат алушы ретінде өзімді таныстырдым. Екінші қабатқа бірге көтерілген соң  «Мен онда саған гид болайын», – деді атақты мүсінші. Айқара ашылған үлкен залда өзімізге әуелден көзтаныс болған және болмаған мүсіндердің кіші нұсқалары жайғастырылыпты. «Мынау – менің әкем. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын», – деді мүсінші жайнамазда сәжде етуге ыңғайланған қарт кісінің бейнесін көрсетіп. «Анам Алматыға кеткен мені күтіп ылғи да жол торып отыратын», – деді ол сосын қолын шекесіне қойып ұзаққа көз салған егделеу әйелдің мүсінін нұсқап. Өзі жасаған өнер туындыларының әрбіріне жеке тоқталған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ескен СЕРГЕБАЕВПЕН мүсін өнерінің ішкі әлемін бір аралап қайтқан едік.   

– Шығармашылық шеберлік туа бітті бойға бітетін дарын ба, әлде кез келген адам ізденіс арқылы өнердің биік шыңына жете ала ма?

– Ленинградта оқып жүргенде ұстаз­дарымыз «Мүсін өнерінің жетпіс пайызы еңбек, қалған отыз пайызы шығармашылық жұмыс», – дейтін. Мысалы, сурет өнерінде суретшілер бояумен жұмыс істейді. Ал бізде, яғни мүсін өнерінде лайды дайындау, ­сосын каркас, гипсты жасау қажет. Шығар­машылықтан гөрі, бұл өнер қара еңбекті талап етеді. Біз қара жұмысшы секілдіміз.

Жалпы әр нәрсеге, әсіресе өнерге қатысы бар дүниенің бәріне дарын керек қой. Мен өзім ауылда өстім. Теміржолдың бойында тұратынбыз. Бізден бір шақырым жерде «Қарасу» дейтін су болған. Аты айтып тұрғандай, қара балшық, лай, аздап қана су ағып жататын. Сумен бірге қап-қара майлы лай. Бала кезде сол лайды алып кептіріп, қойдың, иттің, жылқының, адамның мүсіндерін жасайтынмын. Сосын ол лайды үйге алып келемін. Бір жақта ш­ешем құрт жайып отырады. Қасына барып өзім істеген мүсіндерді күнге кептіріп қоямын. Шешем ұрсып жатады. Ол кезде соғыс енді ғана біткен, тапшылық кез. «Спартак» дейтін жасыл, қызыл, түрлі-түсті қарындаштар болатын. Сол қарындашпен өзім жасаған мүсіннің көзін, басқа да жерін бояймын. Мектепте оқып жүрген кезім. Су жағасына барып ойнаймыз. Құдайдың өзі сол кезде мүсін өнеріне құштарлығымды оятқан шығар. Лайды алып, әртүрлі мүсіндерді бала кезден бастап жасағанмын.

Ақтөбеде ұшқыштар дайындайтын училище болатын. Жетінші сыныпты бітірген соң сол жаққа кетуге шешім қабылдадым. Алматыда Кәдірбек есімді ағайын ағам бар еді. Бір күні бізге қонаққа келді. Мен үйде жалғыз баламын. Ағам әке-шешемнен: «Мына жалғыз балаларыңыз мектепті әрі қарай жалғастыра ма, әлде бір жаққа оқуға бар ма?» – деп сұрады. Әкем: «Ақтөбеге барып ұшқыш болам деп, сол жаққа кеткелі жатыр», – деді. Кәдірбек ағам болса: «Қайдағы ұшқыш? Жалғыз бала емес пе?! Бір күні аспаннан құлап түссе бала да жоқ, ештеңе жоқ, жападан-жалғыз қаласыңдар», – деп шыр-пыр болды. Лайдан істеген мүсіндерімді көрген соң: «Мынау тұнып тұрған мүсінші ғой!», – деді. Содан қоржынға барлық жұмыстарымды салып алып, бұрын Пушкин көшесінде Көркемсурет училищесі болатын, сол жерге қабылдау комиссиясына келдік. Кәдірбек ағам мінезді адам еді. Қабылдау комиссиясында адамдар отырған. Жан-жақтан келген балалар үстелдің үстіне суреттерін салып жатыр. Ағам болса қоржынды ашып кеп үстелдің үстіне істеген жұмыстарымды төгіп жіберді де мені көрсетіп: «Мүсінші болғысы келеді», – деді. Жиналғандардың бәрі таңғалып қарап қалған. Осылайша училищеге түсіп кеттім. Сонымен, ол жерде бес жыл оқыдым. Одан соң Ленинградқа барып академияны бітірдім.

– Өз салаңызда Сізді толғандырған қандай туынды мен авторды атар едіңіз? Және ол несімен есте сақталды?

– Ленинградта жүргенде Эрмитажға баратынбыз. Парижде де болдық. ­Жалпы мүсін өнері Египеттен басталады. Фараондар, сфинкстер, міне, солар керемет туындылар. Одан кейін Ежелгі Грекиядағы антикалық туындылар. ­Римде де жақсы мүсіндер бар. Сосын орта ғасырдағы ­Микеланджело жұмыстарын айтуға болады. Бір жолы Италияға жолдамамен барғанмын. Әр қаласын аралап, Римге, Ватикан­ға соқтым. ­Ко­ли­зейдің қасында шағын бір шіркеу бар екен. Сол жерге кіргенде Мойсейдің мүсініне қарап қатты таңғалдым. Мойсейдің көзқарасын көріп кәдімгідей шошисың. Қолы қалай істелген, саусақтары нағыз мінсіз өнердің мысалындай.

Жалпы өнер туындылары көп қой. Бірақ Египеттің мүсіндері, ­фараондары болсын, сфинкстері болсын, ­керемет өнер туындысы. Сосын Ежелгі Грекиядағы құдайлар мүсіні: Венера, Аполлон, міне, осылар ұнайды. Қазір өнер тоқырауда деп айтуға болады. Кеңес өкіметінің кезінде кішкене мектеп сақталды. Ал қазір әркім әр жаққа кетті. Еуропада өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін өнер болды. Содан кейін бейнелеу өнері бұрынғы қалпын жоғалтты. Өнер бір орында тұрмайды ғой. Біресе жоғары, біресе төмен түседі. Қазір сол аздап төмендеп тұрған уақыты ма деймін. Ес жиып, етек жинасақ тағы да жоғары көтерілетін шығармыз деп ойлаймын. Атақты мүсіншілер, суретшілер жарыққа шығар.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ беремін. Келесі жылы 44 жыл болады. Бірінші оқығандармен студенттерді салыстырамын ғой. Қазіргілер аздап төмендеу. Осыдан 40 жыл бұрын оқыған балалар тырмысатын. Қазір ынта аздау. Заманның пиғылына қарай шығар бәрі. Қазір өнерге онша сәйкес келмейтін заман. Мынадай сөз бар: «Өнер мен капитал – екеуі екі бөлек дүние». Олар бір-біріне қосылмайды. Қазір капитал билеп тұрған уақыт. Мұндай жағдайда өнер болмайды.

– Еуропадағы таңғажайып сәулет өнері өміршеңдігімен тамсандырады. Бұның сыры неде?

– Италияда мраморлық жұмыстар өте көп. Мысалы, Микеланджелоның жұмыс­тарын алып қараңыз. Ол жерде Каррара деген қала бар. Міне, сондағы Альпі тауларынан ең жақсы мрамор алынады. Біздегі жай ғана жасанды сәндік мрамор. Ал ол жерде тап-таза мрамор. Жалпы біз мүсінді қоладан жасаймыз. Ол қанша ғасыр өтсе де сақталып тұра береді. Бірақ таза каррарлық мрамор бізде жоқ.

– Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты жеке көрмеңіз өтіп жатыр. Шығармашылықтағы бейнет жолыңызды еске алғанда, нені сезінесіз?

– Академиядағы студенттерім «Біздің ағайдың көрмесі өтіп жатыр» деп қуанып жүр. Әрине, олардың қуанғаны маған да ұнайды. Көрмеге келген елдер де риза болып кетуде. Бәрі «Сізбен суретке түсеміз» деп жармасып жатыр. Алматыдағы мектеп оқушылары екен. Әрине, құрмет көрсеткені мені толқытады. Сексенге келгенде бірінші рет өтіп жатқан көрмем ғой. Бұған дейін бір-екі жұмыспен көрмелерге қатысқанмын. Ал жеке көрмем алғаш рет өтіп жатыр.

– Ұстаз ретінде кімді атар едіңіз?

– Алматыда училищеде оқығанда адамгершілігі жағынан қатты құрмет тұрқан Николай Журавлев деген ұстазым болды. Тамаша кісі еді. Ылғи да «Ескен, сенің болашағың бар. Сабақты тастама. Жұмыс істе», – деп үнемі көтере сөйлейтін. Сол кісіге өмір бақи ризамын. Өмірден өткеніне 5-6 жыл болды. Тоқсаннан асып дүние салды. Сол кісінің үндеуімен Ленинградқа барып оқыдым. Ол жерде де ұстаздар болды. Орыс музейінің алдында тұрған Пушкиннің ескерткішін жасаған ­Александр ­Опекушин деген мүсінші болған. Міне, соларды үлгі тұттым. ­Суреттен сабақ берген Айша Ғалымбаева деген ұстазымыз болды. Өз баласындай көретін.

– Жұмыстарыңызды қай жерде ­істейсіз?

– Үйде шағын шеберханам бар. Сол жерде жұмысымды істеймін. Уақыт өткен сайын адам да тозады ғой. Қазір ұзақ отырып жұмыс істей алмаймын.Үлкен жұмысты істеу үшін арнайы орын керек. Мысалы, Қарағандыда ірі зауыт бар. Сонда мүсінді үлкейтеді, гипстан құяды, формасын жасайды. Сол жерде қоладан құйып шығарады.

1980 жылы Кеңес Одағында Олимпиада өтті. Дәл сол жылы М.Әуезов атындағы драма театрының алдына жазушының мүсіні қойылу керек болды. Мүсінді жасау менің мойнымда. Ол кезде Қазақстанда қола құятын зауыт болған жоқ. Мәскеуді Олимпиадаға ­байланысты жауып тас­тады. ­Ленинград, Прибалтиканы да жапты. Әзербайжанның Баку қаласында ескерткіш құятын зауыт ашылған екен. Мені сонда жіберді. Барсам, ондағылар: «Біз ештеңе білмейміз», – дейді. «Неге», – деп сұрадым. «Бізде Рихард Зорге сияқтылардың мүсіні құйылады», – деп тұр. Содан болған жайды баяндап Алматыға телеграмма жібердім. Дінмұхамед Қонаев Әзербайжанның бірінші хатшысы Гейдар Әлиевке айтқан болуы керек. Мені өздері іздеп тапты. «Қонаевтың өзі Әлиевке қоңырау шалыпты. Сен қайда жүрсің?!» – деп бәйек болды. Осылайша, Әуезов мүсіні Бакуде құйылған. Сөйтіп, Каспий теңізі арқылы елге алып келгенбіз. Ал КазҰУ-дағы «әл-Фараби» мүсінін және қалған ескерткіштердің көбін Қарағандыда құйғанбыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

1867 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз