Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 27 Желтоқсан, 2021

Қай салада табыс көбірек?

Дағдарысқа қарамастан, кейбір салаларда еңбекақы тек номиналды ғана емес, тіпті нақты түрде өсе түскен. Сарапшылардың пайымдауынша, медицинада, құрылыста және IT-саласында мамандардың аса жетіспеушілігі байқалады. Нақ осы салаларда да еңбекке ақы төлеудің айтарлықтай өсіп отырғанын аңғару қиын емес.

Құрылыс саласында серпіліс туындап, әжептәуір қарқын алғаны рас, ал ковидтік шектеулерге байланысты елімізге Өзбекстаннан, індетке дейін экономиканың осы секторында жаппай еңбекке жұмылдырылған, жұмысшылар шекарадан өте алмай қалды. Осы екі фактор (серпіліс пен шектеулер) мұндағы мамандар сұра­ныстың өсуіне әкеліп ұрын­дыр­ғанын айтады сарапшылар.

«Ай-Ти мамандарының жалақы­лары неге өсіп отыр? Өйткені, қазір бәрі де цифрландыруға көшіп жатыр, барлығы да автоматтандырыл­ған:  интернет-банкинг, интернет-жеткізу, интернет-емдеу, мемлекеттік қызметтер – бәріне де ай-ти мамандар қажет. Аталған қызметтердің барлығына да шұғыл сұраныс туындады, – дейді кадрларды іріктеп-дайындаумен, оларды компанияларға ұсынумен айналысатын рекрутингтік компанияның директоры Алма Жан­дәу­летова.

Медицна қызметкерлеріне сұраныс медицина саласына ауыртпалықтың артуымен түсіндіріледі.

Рекрутер-маман жұмыс беруші­лердің індет салдарынан туындаған есеңгіреуден біршама қалыпқа келе бастағандарын, ағымдағы жағдайларға икемделіп, бизнестің өсім қарқыны да ретке келе бастап, нарыққа жаңа инвесторлар кіруде деп атап көрсетеді.

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ТАБЫСЫ ҚАНШАЛЫҚ  КӨТЕРІЛДІ?

Құрылысшылардың орташа айлық атаулы еңбекақылары 314 мың тең­гені құрайды. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда, 32,5%-ға артқан, деп хабарлайды EnergyProm өз сайтында.

Құрылыс саласындағы жалақылар­дың нақты өсімі соңғы бір жылда 22% құрапты.

Бәрінен көп Атырау облысының құрылысшылары жалақы алады. Олардың жалақысы 465 мың теңгені, ал бір жылдағы өсімі 44% құрапты. Сондай-ақ үздік үштік қатарына Маңғыстау облысы (336 мың теңге) және Нұр-Сұлтан қаласы (331 мың теңге) кірген.

Бәрінен де аз жұмыскерлер Қы­зыл­орда обысында – 167 мың теңге (бұдан бір жыл бұрынғыдан 12%-ға көбірек), Шымкент қаласында – 175 мың теңге, сондай-ақ Түркістан облысында – 176 мың теңге алады екен (1-инфографика).

Құрылыс саласында барлығы 640,7 мың адам жұмыс жасайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық. Астанамызда осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 74,7 мың адамды құраған. Өсімі 11% құрапты. Сондай-ақ үздік үштікке Алматы қаласы (74 мың адам) және Түркістан облысы (59,3 мың адам) кірген. Құрылыс саласында жұмыспен қамтылғандардың ең азы Солтүстік Қазақстан (11,2 мың адам), Павлодар (18,8 мың адам) және Қостанай (20,7 мың адам) облыстарында екен (1-инфографика).

Құрылыс саласында кадрлардың айтарлықтай жетіспеушілігі байқа­ла­ды. 2020 жылмен салыстырғанда бос орындар саны 53%-ға артып кеткен. Жұмыс іздестірумен айналысатын ірі сервистер бірінің мәліметтері бойынша бұл еліміздегі тұрғын үйлерге сұраныстың артып кетуіне байланысты деген тұжырым жасалып отыр.

2022 ЖЫЛЫ КІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ АРТАДЫ?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуін­ше, 2023 жылы мұғалімдердің еңбек­ақысы екі есе өседі. Ал медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақылары 2024 жылға қарай екі есе өспек. 2022 жылдан бастап архив қызметкерлері, кітапханашылар, мұражай қызметкерлерінің, техника­лық қызметкерлер мен тағы басқала­рының еңбекақылары өсетін болады. Жалпы алғанда, 1,2 миллионға жуық мемлекеттік қызметкерлердің жалақылары өседі.

Министрліктің ақпараттары бойынша, 2021 үшінші тоқсанындағы орташа еңбекақы 243,7 мың теңгені құраған, бұл өткен жылға қарағанда 19%-ға артық. Сонымен қатар инфляцияны есепке алғандағы еңбек­ақының нақты түрдегі өсуі 9,8% құрапты.

КІМДЕР ЕҢ ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ?

Headhunter компаниясының деректері бойынша бәрінен де көп жалақы алатын жұмыскерлер менеджмент, ақпараттық технологиялар, құрылыс және жылжымайтын мүлік, шикізат өндіру, мемлекеттік қызмет пен коммерциялық емес ұйымдар (КЕҰ) салаларында жұмыс істейтіндер екен (1-инфографика).

Бұл ретте, HeadHunter рекрутинг­тік компаниясының мәліметтері бойынша, жоғарыда аталған салалардың кейбіреуінде, соның ішінде жоғары менеджментте (-1,6%), құрылыс пен жылжымайтын мүлікте (-1,7%), мемлекеттік қызмет пен КЕҰ-да (-2,3%) жә­не әсіресе – шикізат өндіру­де (-29%), соңғы айларда та­быстар­дың айтарлықтай қысқаруы байқалады.

«Орташа табыстардың ең үлкен өсімі сақтандыру (+22%) және ақ­параттық технологиялар (+14%) саласында көрініс тапқан. Осы кәсіби сала ай сайын тұрақты өсімімен танылуда. Одан әрі, еңбекақылары 11%-ға өскен, көлік пен логистика салала­ры жайғасқан», – дейді рекрутингтік зерт­теушілер.

Кәсіби салалардың қалғандарының көпшілігінде жұмысқа орналасуға талап білдіргендердің еңбекақылары 1%-дан бастап 10%-ға дейін артқан.

Сондай-ақ аталмыш компания­ның ақпараттары бойынша, сату жөніндегі менеджерге, әкімшілік қызметкерлерге, бухгалтерлерге, қаржыгерлер мен банк саласының жұмыскерлеріне жоғары сұраныс сақталып отыр екен.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

2279 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз