Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 30 Желтоқсан, 2021

Қаржылық сауаттылығыңызды арттыруға арналған 10 кеңес

Көпшілігіміз өмірімізді өзгерту үшін айдың немесе жылдың басталуын күтеміз. Қазір біз ұсынғалы отырған кеңестер осындай “Жаңа жылдан бастап...” деп алдына мақсат қойып, жоспар құратын жандарға арналады. 

Қаржылық сауаттылығыңызды арттыратын пайдалы 10 кеңес:  

1. Кірістер мен шығыстар есебін жүргізуді баста

Ақшаңыздың бәрін жаңажылдық жылтырақтар мен тәттілерге жұмсап тастамас үшін, кірістер мен шығыстарыңызды мұқият есептеңіз. Көп адам бұл ұсақ-түйек шаруа деп мән бермейді. Ал қаржылық сауаттылық, табысты еселеу, ақшаны тиімді жұмсау - осы есептеуден басталады. Сол үшін әр тиыныңызды ерінбей есептеңіз. Қойын дәптерге жазыңыз немесе қарапайым Excel кестесін қолданыңыз. Осылай кіріс-шығысты жазу арқылы айлығыңыздың қайда жұмсалатынын саралап, ақшаңызды оңды-солды “шашудан”  тиыласыз. Айлық жалақыңызды үнемдеп жеткізуге болатынына тіпті аз қаржының өзінен алып қалып, жинауға болатынына көз жеткізесіз. 

Дәл қазір ақшаңыздың көп бөлігін жұмсап тастаған болсаңыз, ешқандай өкінбеңіз. Дереу есеп кітапшасына шығындарыңызды тізіп жазып, есептеуге кірісіңіз. Ешқашан ештеңе кеш емес. 

2. Қаражатты ойланбай жұмсайтын әдетіңізді тиыңыз

Біз барлығымыз да жылына бір рет болса да жарнамаға алданып, ешқандай пайдасы жоқ затты сатып аламыз. Дүкен аралау барысында маркетологтардың “тиімді ұсыныс, бізде акция” деген сөзіне сеніп қалмас үшін: 

  • Заттардың бағасына зер сала қараңыз. Кейде бағаны әдеттегі жеңілдік бағалар жазылатын қызыл қағазға жазып қояды. Көзі “қызылға” түскен тұтынушы жеңілдік деп ойлап қалады. Бұл - маркетингтік тәсіл. Тауар бағасын арзандатып ұсыну акциялары бұл -сізге керек емес затты сатып алуға итермелейтін тәсіл. “Екі зат сатып алсаң, үшіншісі тегін” деген ұсыныс тұтынушыға тиімді болғанмен, шын мәнінде бұл заттардың сізге қажеті болмауы да мүмкін.
  • Ірі супермаркеттерде өзіңізге керек затты ғана алыңыз. Қолыңызда тізім болсын. Тізімнен тыс ешнәрсе алмауды үйреніңіз.
  • Заттарыңызды алып болған соң бірден кассаға барып  есептесуге асықпаңыз. Ойланып, керек емес заттарды арбаңыздан алып тастаңыз. 
  • Супермаркетте егер бір зат ұнап қалса, бірден сатып алмаңыз. Бірер күн немесе бір апта ойланыңыз да, өзіңізге  “Осы маған керек пе? Қандай пайдасы бар?” деп сұрақ қойыңыз.

3. Қаржылық жоспар құрыңыз

Жаңа жылда жаңа көлік аламын немесе жаңа үй алу үшін алғашқы жарнасын жинаймын деп армандаңыз. Немесе саяхатқа шығуды жоспарлаңыз. Ол үшін алдымен басты мақсатыңызды жазыңыз. 

Сонан кейін өз мүмкігдігіңізді саралаңыз. Ай сайын қанша ақшадан жинай аласыз, ойланыңыз. Мәселен, сізге үйдің алғашқы жарнасына, үйді жөндеуге және жиһаз алуға ақша жинау керек. Сіз үшін қайсысы маңызды? Ең маңыздысына арнап, ақша жинай бастаңыз.

Мүмкін үй жөндеуді келесі жылға қалдырарсыз немесе жиһазды алмай қоя тұрарсыз... Шешім қабылдап, нақты жоспар жасап алыңыз. 

4. Қаржылық қауіпсіздік шарасын ұмытпаңыз

Жаңа жылда тек жақсылық ойлап, алда тек молшылық болады деп ойлаймыз. Бірақ күтпеген жерден қаражат қажет болып қалатын ситуациялар туындауы мүмкін ғой? Сол үшін ай сайын жалақыңыздың 15 пайызын сақтап қойғаныңыз жөн. Жалақы түскен күні 10-15 пайызын бірден депозитке салыңыз. Бұл қаржыңызға банкте өсімдік пайыз қосылып, инфляциядан сақтап тұрады.

5. Қарыздан қалай сақтану керек?

Жаңа жылды қарызсыз қарсы алу керек деп жатамыз. Кейде қанша тырысқанмен Жаңа жылға дейін қайтара алмай қалатын сәттер болып қалады. Егер бірнеше банкте несиеңіз болса, бәрін қайта қаржыландыру тәсілімен біріктіріп қойсаңыз болады. 

Ал таныстарыңызға берешек болсаңыз, жаңа жылға қалдырмай, қайтару жолдарын қарастырыңыз. Қосымша жұмыс, тапсырыстар алып, сауда-саттық жолдарын қарастырып, қолыңыздан келетін хоббиіңізді табыс көзіне айналдырып, қаржы табуға болады. Біреуге берешек болғаннан, еңбектеніп, тер төккен абыройлы іс емес пе?! 

6.Несие алуға асықпаңыз

Өмірде түрлі жағдайлар болып жатады. Ойда жоқта несие рәсімдеуге тура кеп жатса, қайтару жолдарын нақтылап алыңыз. Қысқасы “Жеті рет өлшеп, бір рет кес” ұстанымынан айнымаңыз. Ал танысыңыз сізден қарыз сұрайтын болса, қайтаратын мүмкіндігі бар ма, сол жағын ойлаңыз. Банктер тұтынушының несие тарихын бекер тексермейді. Сол сияқты танысыңызға қарызға қаражат бермес бұрын ойланып, сол берген ақшаңызды қайтару мүмкіндігін көрмей тұрсаңыз, қайтарымсыз беруге дайын болыңыз. 

7. Қандай несие алсаңыз да, келісімшартты мұқият оқыңыз

Келісімшартты оқуға көп адам ден қоймайды. Бұл - ең үлкен қателік. Менеджерлердің сұсты қабағына немесе тым жайлылығына мүлде мән бермеңіз. Келісімшартты оқып шығыңыз. Күмәнді жерлерін нақтылап, қайта сұраңыз. 

Қол қоймас бұрын әр бөлімі түсінікті ме, бүркемеленген тұсы жоқ па, пайыздық мөлшерлемелері дұрыс көрсетілген бе, шарттары сізге ауызша түсіндіргендей ме, бәрін-бәрін нақтылаңыз. 

8. Жаңа жылдан бастап қосымша табыс табуды бастаңыз

Бұған дейін тек бір жалақы ғана алып келсеңіз, жаңа жылда қосымша табыс көзін іздестіріңіз.

Ең қарапайым жолы - банкке қаржы салу. Инвестициялық қорға қаржы құю. Бұл ретте сіздің қаржыңызды эксперттер өздері басқарады. Ал егер сіз қаржылық сауаттылығыңызды арттырып, қор нарығындағы жағдайды сараптап отыратындай деңгейге жетсеңіз, акциялар мен бағалы қағаздар сатып алуыңызға болады.

Жаңа айтып өткеніміздей, өзіңіз қызыға істейтін хоббиіңіз болса, оны қосымша табыс көзіне айналдырыңыз. Жаңа жыл табысты еселеуге берілген мүмкіндік деп бекер айтылмайды. 

9. Денсаулығыңызды, үйіңізді сақтандыру жолын ойланыңыз

Табиғи апаттар, жол-көлік оқиғалары сияқты келеңсіздіктер ойламаған жерден болады. Егер сіз денсаулығыңызды, баспанаңызды, автокөлігіңізді т.б. сақтандырып қойсаңыз - қиын жағдайда көп көмегі тиеді. 

10. Алаяқтардың арбауынан сақтаныңыз

Жаңа жыл сияқты мерекелер қарсаңында оңай жолмен олжаға кенелгісі келетіндер барынша қармап қалуға тырысып,  халықты алдап-арбаудың түрлі жолдарын ойлап табады. Сеніміңізге кіріп, банк карточкаларыңыздың мәліметтерін біліп алуға тырысады. Түрлі жолмен мәселен банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз деген секілді қоңырау шалып, есеп шоттарыңыздың құпия парольдерін сұрауы мүмкін. Мұндай кезде алаяқтар не қорқытып, не болмаса күтпеген ұтыс туралы айтып қуантып  немесе әдейі асықтырып сізді парольдеріңізді айтып қоюға мәжбүрлейді. Барынша сақ болыңыз. Ешкімге банк карточкасында жазылған үш цифрлы санды сондай-ақ құпия сөздерді айтуға болмайды. 

Кім-кімнің де табысқа қол жеткізгісі келеді. Ал биік белестерді бағындыру үшін, ең алдымен қаржылай сауатты болу қажет. Бүгінде бұл өте маңызды. 

 

 

2150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз