Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 11 Қаңтар, 2022

БОПАЙ ХАНЫМ АМАЗОНКАЛАРДЫ ЕСКЕ ТҮСІРЕДІ

Тәуелсіздік ұлттық ғылымымыз бен мәдениетіміздің деңгейін шынайы таныту мен пайымдауға мүм­кіндік туғызды. Тарихи әділетті қалып­тастыруға деген әрекет пен сыртқы дүниеге есік-терезенің айқарыла ашылуы – бұл бағыттағы үдерісті тездете түсті.  Үш ғасырға жуық дала өркениетіне жасалған Ресейдің басқыншылық саясаты, елдің тарихи санасы мен этникалық болмыс-бітімін аяусыз жаншып-жаныштау, оның біржолата жойылып кетуіне сәл-ақ қалды. Әлбетте, ­Ресей патшалығы Қазақ елі мен жерін отарлаудың жүйе-жүйесімен сатылап жүзеге асыру стратегиялық, тактикалық саяси бағдарламасын түзіп, әріден алдына зор мақсат етіп қойды. Бұл ретте Цин империясымен дипломатиялық мәмлеге келіп, екі ортадағы Қазақ хандығы мен Жоңғар мемлекеті арасына от жағып, қырғынға итермелеген өшпенділік туғызып, әбден әлсіреген шақта, өзара оп-оңай қосып алу жобасын сырттай кесіп-пішті. Ресей агрессорлығы Қазақ хандығын, одан әрі Орта Азия елдеріне үстемдігін жүргізуге дәмеленіп, бақас Цин империясының Жоңғармен дүркін-дүркін аумақтық жанжалдасуын шығыстағы геосаяси шекарасын нығайтуға ниеттенді. Сол есеппен Жоңғардың қолтығына су бүркіп, жасырын от қару-жарақпен көмектесті. 

Қаулаған өрттей жолындағысын жай­паған жоңғардың жер қайысқан қолы Жетісуды таптап, өңмендеп батысқа жөңкілді. Сұрапыл соғыс апатының ша­рықтау шегі – 1723 жылғы «Ақтабан шұбы­рынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы қазақ халқын ойрандап, беті ауған жағына бостырған ауыр қасіретке душар етті. Жоңғарлар бұл қарқынымен қазақ елін титықтатып, түтін қалдырмай, тізе бүктіруі кәдік еді. Отанға қауіп-қатер төнді. Қайғы жұтып, шер толқытқан қазақ халқына билік еткен хан-сұлтандар мен батырлар шұғыл ес жиып, күш біріктіріп, сарбаздардың жанқиярлық ерлігімен басқыншы жауға қарсы тұрды.

Ел мен жерге қауіп-қатер төнген сол қысылтаяң жылдары сұлтандар мен батырлар Әбілқайырға күллі қазақ жерінің қорғанысына жауапты әскери бас қолбасшылығын беруге бірауыздан сенім артты. Арал бойындағы Қарақұмда Үш жүздің би-сұлтандары, Бөкенбай бастаған ықпалды батырлары, жақсы мен жайсаңдары бас қосқан жалпы қазақ құрылтайында Әбілқайырға ел мен жердің тағдыр-талайын аманаттап, ресми Бас хан етіп сайлады. Үш жүздің қолын бастаған хан Бұланты бойындағы соғыста қақырата соққы беріп, әйгілі Аңырақай шайқасында атажауы жоңғарларды ойсырата тас-талқан ғып, түре қуа ұлы жеңіске жетті.

Міне, осы тарихи дәуірдің әскери-саяси тұрғыдағы идеялық-көркем бейнесі жазушы Мәди Айымбетовтың таяуда ғана «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Бопай ханым» романының негізгі оқиға желісі, айтар ойының түп қазығына арқау болған.

Романның сюжеттік желісі бас кейіпкер Бопай ханым Сүйіндік­қызының өмірге келуі мен ақырғы тынысы тоқтаған мезетке дейінгі қазақ қоғамындағы маңызды тарихи оқиғалар шегіністер арқылы шебер астастырыла кестелі тілмен көркем суреттелген. Шығарманы оқып отырып, сол оқиғалардың ішінде жүргендей жан дүниең алуан түрлі сезімге бөленеді.

Әп дегеннен қаламгердің шұрайлы тілі құдіретті уақыттың үніне тартып, иісі қазақтың қанында, жанында сақталған ғажайып табиғи-рухани әлемі XVIII ғасыр қойнауына, ұлттық мінез-құлық, әдет-ғұрып, ырым-сырым, наным-сенім, салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған дәуіріне сүңгітіп, тылсым дүниенің жұмбағын, өмірдің болмыс-бітімін көңіл көзіңмен түйсінткен, сана-зердеңе ұялатқан, тамаша күй кешесің. Шығарма бастан-аяқ Бопай ханымның белсенді қам-қарекеті арқылы сол заманның қоғамдық-саяси бейнесін көз алдыңызға әкеледі.

Немересінің тәтті қылығы, бол­паң­даған жүрісіне сүйсінген әжесінің «Бопай» деп еркелеткен есімі ел шетіне қорған, ғұмыры ат үстінде күрескерлікпен өтер қазақтың бас ханы әрі қолбасшысы, кемеңгер тұлғаның сүйікті жары, пер­зенттері шетінен хан тағына отырған аяулы анаға айналарын ол шақта еш пенденің түсіне де кіріп-шықпады.

Әулеті үкілеп, бетінен қақпай өсірген Бопай жастайынан атқа мініп, садақ жебесін тартып, ұландарша жауынгерлік дәстүрге машықтанды. Иен ­даланы ­мекендеген қазақтар түз аңының ­кенеттен шабатын дағдысына бес қаруын тастамай, сақадай сай жүруге ғадеттенді. ­Бопай өршілдігімен отбасында айтқанын істететін еркетотай болып өсті. Өшіккен торғауыттардың азын-аулақ тобы бейқам отырған Сүйіндік ауылына килігіп, жұртты аяқ астынан дүрліктіргенде ­намысы шыдатпаған Бопай сұлу күрең қасқа құнанын ерттеп мініп, жауға қарсы аттанды. Ашық алаңда, кәнігі жаумен бетпе-бет айқаста ерлерше киінген ­Бопай сұлудың тартқан жебесі бос кетпеген мергендігімен Мырзатай батырдың сарбаздарын тәнті етті. Нәзік жанның осы қақтығыста қан көргенімен қолға түскен тұтқын қалмақтардың жарасын таңып, ауыр жарақаттан бебеу қаққан дәрменсіз бишараларды қасиет қонған алақанының табымен ем-дом жасауы жүрегі жұмсақ, мейірбандығының куәсі.

Қазақтардың өмір салты, әскери дәстүрі мен өнері, генетикалық шекарасын көздің қарашығындай сақтау түйсігі көшпелілерге тән табиғи құбылыс. Бопай сұлу – Геродот заманындағы амазонкаларды еске түсіретін қазақ әйелдерінің арасындағы айрықша жарқын бейне. Оның ақторғындай ажарлы, ақша келбеті, мұң ұялаған ойлы жанары, рухты реңі, бекзат болмысы, кербездікті аңғартқандай киім үлгісі түрлі-түсті бояумен қаз-қал­пында Джон Кэстльдің қылқалам құдіре­тімен кескінделіп, ұрпаққа жетті.

Зады, «Неміс шатыс ағылшын жиһан­кезі Әбілқайыр ханның Ырғыз­дағы, Мәнтөбенің іргесіндегі Ордасында не мақсатпен жүр?» деген заңды сауал туары шүбәсіз. Хан Ордасына Джон Кэстльдің келуіне Орынбор экспедициясының бастығы И.К.Кириллов пен В.Н.Татищевтің, елші Құтмұхамбет ­Тәуе­келевтің тілеулестік белсенділігінде бір мән бар сыңайлы. Әбілқайыр хан – қарсы тұрғанды қырып-жойған жоңғардың дүлей күшін тоқтатып, адуын екпінін басып, тұмсығын тасқа ұрғандай ілкі жойқын соққы берген талантты стратег қолбасшы. Империяға арқа сүйеп, қазақ ауылдарына қарақшылық шабуыл жасап, тонаушылықпен айналысып, мейманасы тасыған, зеңбірегін сүйреп, мұздай қаруланған орыс-казак жасағы шекараны бұзып, ойрандамақ ниетпен Жем өзенін кескен әзірде, тосқан Әбілқайыр ханның қолы ес жидырмай садақпен атқылап, екі бүйірден атойлап лап қойған Шотан мен Мырзатай батырдың салт атты сарбаздары найзасының ұшымен түйреп, қынадай қырып, жосадай жусатып салды. Осы айқаста жүз елу казак-орыс тұтқындалып, аяғын еріксіз тартқан еді. Ресей патшалығының түпкі ой-пиғылын іштей түйсінетін Әбілқайыр ханның қырағылығы екі арадағы елшілік қарым-қатынасқа өте сақтық етті. Естектер патшалықтың отарлық езгісіне төзбей, Алдар Есенгелдіұлы тархан бастаған қарулы көтерілісіне Әбілқайыр хан үш мың қолмен көмекке аттанып, Орынборды шабуға дейін баруы, оның Ресей империясына деген ымырасыздығын ап-анық аңғартты. Хан Ордасына Джон Кэстльдің сапарын ұйымдастыру шарасы патша ағзам әкімшілігінің дала халқының экзотикалық өмір салтын тамашалатуды жамылып, этномәдени материалдар жинату, әскери-әлеуметтік әлеуетін, қоғамдық-психологиялық ахуалын барлау, жалдамалы тыңшылық мақсаттағы залымдық жоспары-тұғын. Джон Кэстль мырзаны жабайы даланы игерген номад ақсүйегінің таңсық тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі өзгеше қызықтырып, ерекше әсер етті. Десе де, Әбілқайыр хан отбасының бейне-дерегі айнаға түскендей кәсіби қылқалам шеберінің майлы бояумен кенепке түскен портреті, Бопайдың акварельмен жазылған, графикалық серия суреттері арқылы ұрпақ санасында мәңгі қалды.

Романның алғашқы тарауында жазылғандай, аңға шыққан Әбілқайыр сұлтанның жазым болып, мертіккен оқиға үстінен шыққан Мырзатай құтқаруға асығып, Сүйіндік ауылын­дағы өз шаңы­рағына жеткізеді. Бейтаныс жас аңшының жарақаты ауырлығын аңдаған ол дереу емшілік дарыған қарындасын көмекке шақыртады. Жас жігіт бір көргеннен ақторғын арудың жанар оты жүрек тұсын шоқ қарығандай шым еткізіп, тылсым күш арбағандай әлгіндегі тән азабын ұмыттырып, тәп-тәтті сезім құшағында жанын жай таптырды. Қос жүректі табыстырған ішкі жан дүниесіндегі ынтықтырған алапат қуатты сезім алауы бір арнаға тоғысып, бара-бара тұтас ел-жұртының қамын жеген ерлі-зайыпты даңқты жұпқа айналды.

Ұлт тағдыры сынға түскен тарихи шешуші қилы заманда Әбілқайыр хан елінің еркіндігі мен дербестігін бәрінен биік ұстанған идеялық мұратынан таймады. Оның бұл алған бетінен қайтаруға Ресей империясы тарапынан саяси алдау-арбау, сан қилы арандату, әскери қоқан-лоқы жасап, сес көрсеткеніне хан ием пысқырған да жоқ. Әлбетте, бұл ұстанған жолында оған сенімді серік болған замандастары, даңқы жер жарған тама Есет Көкіұлы тархан, табын Бөкенбай батыр, адай Шотан батыр, Мырзатай батыр, арғын Жәнібек тархан, шекті Сәңкібай би әрі батыр, әлім Әжібай би, әке көрген оқ жонар, өзі баулыған бауыр еті Нұралы хан, Тегісбай батыр, ақкете Алтай батыр, қарақалпақ Қарақ батыр, арғын Барқы би, арғын Өтей батыр, Құдайменді образдары шығармада тарихи лайықты ерлік істері, пайым-парасатымен сомдалған.

XVIII ғасырдың 30-40-жылдары Кіші жүз аумағына көз алартып, күнгейден жоңғарлар, батыстан Еділ бойындағы торғауыттар мен естектер, оңтүстіктен Хиуа және Қоқан хандығы, түрікпендер мен адайлар арасындағы арпалыс, терістіктен орыс-казактары ауық-ауық бейбіт ауыл­дардың шырқын бұзып, тонаушылық торуылы, жан-жақтан жабылған жемтігін аңдыған шибөрілердей Кіші жүзді қамаласа, Ресей патшалығы қазақ жерін айналдыра сақиналап қамал, бекініс шебін соғып, өзіне қолайлы оңтайлы сәтті күтті. Анталаған жау алқымнан алған аумалы-төкпелі сұрапыл заманда жатқа есесін жібермей, алысып-жұлысып, ашық айқасқа шыққан дұшпанның сағын сындырып, бетін қайырып, белін ­майырып, дипломатиялық тапқырлықпен қиыннан жол тауып, қазақтың бас ханы Әбілқайыр қалың бұқараның көңілінен шықты. Неше ғасыр нақақтан қан төгілген Кіші жүзді ғана емес, күллі қазақ елі мен жерін өктем атажауының тырнағынан азат етіп, еркіндікке қол жеткізуге айлакерлік пен ұрымтал сәтте ұтымды байлам ­жасай білген көреген көсемдігімен танылды. Ол ұзаққа созылған жаугершілік ­заман елдің саяси-әлеуметтік берекесін қашырып, шаруашылық әлеуетіне нұқсан келтірген қисапсыз залалдың орны ­толуына, халқының рухани-моральдық еңсесін тіктеп, көңіл күйі орнығып, жайбарақат тыныс алуына уақыт ұту ауадай қажет деп ұқты...

Мысық табандап қазақ жерінің шет пұшпағына еніп алған Орынбор генерал-губернаторы Иван Неплюев бастаған Петербордағы патша ағзамның саясатын жүзеге асырушы жарамсақ, жандайшап жендеттері, қайтсе де, қапысын тауып, құйтырқылықпен бопсаласа да қазақтардың бас ханы Әбілқайырдан беделді рубасылар мен сұлтандар, батырлардың бірауыздан Ресейге мойынсұнатын ант қабылдауын көздеді. Осы ниетпен Хан Ордасымен екі араны ерсілі-қарсылы жол қылды. Араны ашылған, тойымсыз патша әкімшілігінің құрған алдамшы қақпанына түсірмек ниетпен Сыртқы істер коллегиясының тілмашы, полковник, шоқынды Құтмұхамбет Тәуекелевтің елшілік миссиясынан дәнеме шықпады. Әбілқайырдың өжеттігі, семсердей өткірлігі, қайтпас қайсарлығы, туған елі мен жеріне ­деген шексіз махаббаты, ақ-адал жүрегі арамдығына найза бойламайтын кәпірге арандамай, жәдігөйлігіне дес бермесі ап-айқын еді. Шарасы әбден таусылған әккі сұрқия жандарал ­Неплюев үйреншікті «тағыны тағыға» айдап салу әдісіне жүгініп, темірді қызуында соқпаққа асықты. Осы оймен ол Қаратау баурайындағы Қарнақта тұрақтаған хандық мансапқа үміткер Барақ сұлтанға «Әбілқайыр бұдан әрі жер басып тірі жүрмеуі керек! Хандық билікті өз қолына алам десе, дереу бір әрекет істесін деген қанішер Неплюевтің жасырын бұйрығы Бараққа жетіп тынды» (160-б.).

Орынбордан Ырғызға, Мәнтөбедегі ордасына барар жолда Қабырғаның Өлкейікке құяр тұсында Барақтың ­сойылын соққан Сырымбет батыр бастаған нөкерлері жанына өзінің оққағар жорықшы қандыкөйлек серігі Бектөре бастаған бес-алты сарбазды ілестірген Әбілқайыр ханды торуылдап, тосып тұрған еді...

Аңдысқан жау ебін тауып, ауыр жаралаған Әбілқайыр ханды қорған бола алмаған сарбаздары ордаға жеткізді. Хал үстінде жатқан Әбілқайыр хан жанына жалау болған жары Бопай ханыммен бақұлдасып, «Елді ел қыламын, мойнын жатқа идірмей, қан-төгіссіз сақтармын деп ем ғой… Жете алмай барамын соған. Аманатымды мұрагеріме, екеуміздің тұла бойы тұңғышымыз Нұралыға тапсыратынымды жеткізерсің. Соған септесерсің, соны орындауға қырық жылдай жанымнан ажырамаған сенің ақыл-парасат шамаңның жетеріне кәмілмін-н-н… Кәмілмін-н-н...» (165-б.) деп арда туған абзал ер, халқының іргесі сөгіліп, тоз-тоз болып кетпеуін көксеп өткен, хандық мемлекетті негіздеген дарабоз көз жұмды.

Бас ханның қайғылы қазасы қараша халқының қабырғасын қайыстырып, қара жамылып, аза тұтты. Орны толмас өлімді жылап-сықтап, жоқтау айтып, соңғы сапарға шығарып салды. Қазақ жерінің бүтіндігін сақтауға, қуатты біртұтас хандық құруға ұмтылған Әбілқайыр хан арманына жетпеді. Барақ сұлтанның орыс билігіне бас иген бұл жиіркенішті қылығын, қаскүнемдік әрекетін «үш жүздің билері мен рубасылары, оның ішінде барша Орта жүздің сөзін ұстаған қаракесек Қазыбек би мен төреден шыққан беделді жас сұлтан Абылай хан мұны аса ауыр айыптап, билер сотының шешімімен ханның құнын мойнына жүктемекші екен…» (167-б.).

Бопай ханым көңіліне медет тұтқан, үміт артқан тұла бойы тұңғышы Нұралы сұлтанның әке орнына мұрагер хан ­болуына бар күш-жігерін жұмсады. Әбілқайыр ханмен отасқан ғұмырында сенімді серігі, мемлекеттік деңгейдегі әрбір қадам ісіне ақыл-кеңесімен ықпал еткен, биік мәртебелі императрица Елизавета Петровна, Орынбор генерал-губернаторы Иван Неплюев, тағы басқа лауазымды тұлғаларға толғантқан өзекті мәселелерге қатысты хат жазысып тұрған Бопай ханымның қоғамдық-саяси белсенділігі қандай да құрметке лайық жан екендігі сол дәуірдегі патшалықтың архивтік деректері мен құжаттарында сақталғандығы дәлел. Әлбетте, Бопай ханым айналасында түрлі дау-дамай айтыстар мен тарихи оқиға ­сорабын баяндайтын аңыз нұсқалар да бар. Қаламгер Мәди Айымбетовтың көркемдік шешімі «Бопай ханым» романын жазу ­барысында тарихи деректі негіз еткен.

«Нұралы сұлтан ақ киізге табанын тигізіп, Құран ұстап, хан болу антын жасаған соң ақшаңқан даңғарадай қар­қарасының маңдайлығы түп-түзу шаншылып, өңіріндегі піл сүйегімен әспеттелген інжу мен зүбәржатты дан алқасы көз арбағандай Бопай ханым Әбілқайыр тағының төріндегі қыны алтынмен зерленген ханның күміс қылышын қос қолына алып ұлына ұсынды: «Әкеңнің хандық мәртебесін мұрагерлік рәсімімен қабылдаған осы бір сәтіңде оның биік мәртебесін қырық жылдай айғақтаған мына қылышының саф күмістен жаралған жүзін тізе бүгіп сүйіп, маңдайыңа тигізесің, шырағым! Халқының өз жерінде еркін өмір сүруіне ғұмырын сарп еткен ханның аманат-арманын мойныңа алып, өткір қарудың алмастай жүзін қандамай, жүрегіңдегі ғаділетпен орындауға серт еткенің болсын!..».  Анасының аса бір ­сабырмен айтқан алғаусыз тілегін Нұралы басын иіп қабыл алды да, қылышты қынынан асықпай суырып, бір тізерлей отыра қалып жүзіне ернін тигізді, ­содан соң маңдайына басты» (173-б.). Кіші жүз бен Орта жүздің игі жақсылары, ­би-старшындары жиналған ресми салтанатты жиында ­Бопай ханым мойнынан ауыр жүк түскендей көптен бері мұң ұялаған жанары нұрланып, терең демін алды. Нұралы сұлтанның Кіші жүздің хан тағына отыруы Бопай ханымның өткен өмірін ойша шарлатып, талай жеңісті оқиғаларды еске түсіртті. Бұл жеңіс те жалғасты, баянды болсын деп іштей Тәңірге шүкіршілік етті... 

Шығарманың композициялық құрылымы Бибатима-Бәтима (пролог орнына), IX тараудан, Бопай ханша (эпилог орнына) деген бөліктен тұрады. Романның прологында Сүйіндік шаңырағында дүние есігін ашқан нәрестеге азан шақырып Бибатима деп ат қойып, өмірде Бибатима-Бәтимаға, одан Бопайға айналып, күллі қазақ ардақ тұтқан Бопай ханым есімі тарихқа танылды (5-6-бет). Автор туындының эпилогында: ­«...­Бопай ханымның есіміне лайықталып азан шақырылып аты қойылған сәби Қасым хан әулетін ұлағаттайтын күрескер, ел азаттығы жолында ағасы Кенесарымен бірге қол бастаған Бопай ханша болып тарихта, ұлт жадында мәңгіге қалды!..» (221-222-бет) деп тура жүз жыл, яки бір ғасыр өткендегі «болмасаң да ұқсап бақ» демекші ізгі құрметпен жақсының есімін жаңғыртқан халықтық ат қою дәстүр сабақтастығымен егіздеп, түйіндейді. Айтпақшы, бұған дейін идеологиялық шектеу жасалған Бопай ханым тарихын Бопай ханшамен шатастырып алмай, ажырата білуге бір жағынан қарағанда, шығырмашылық бұл әдіс ой салып тұрғандай. 

Тұтастай алғанда, кең тынысты тарихи көркем шежіре терістіктегі көршілеріміздің Әбілқайыр мен Бопай ханым төңірегіндегі ұлтымыздың асыл перзенттерінің өшпестей ерлік істерін, ғибратты да, қасіретті өнегелі өмірін ұмыттырмақ, жөн-жосықсыз ғайбаттап, даттаған, саяси терістемек пиғыл әрекетін түгелімен жоққа шығаратын ой-дерек пайымына құрылған шынайы әрі әсерлі туынды.

«Бопай ханым» романы тарихи ­сананы сауықтыруға бетбұрыс бастаған бүгінгі таңда талғампаз оқырманның ерік-жігерін жанитын, танымдық өре деңгейін биіктеткен туынды. ­Сондай-ақ тарихи-эстетикалық тәрбиелік мәні зор шығарманың түйдек-түйдек оқиға тізбегінің ширыққан шымырлығы, ұдайы күрес жолындағы кейіпкерлер тартысы мен бейнелі тілмен суреттелген көркемдік қуаты кинофильмге сұранып-ақ тұр. Ең бастысы, ұрпақ алдында ар-ұжданы таза, қазақтың жарқын болашағы жолында шейіт болған ардақты Әбілқайыр хан, Бопай ханымды, сол сияқты замандас біртуар есіл ерлерді тірілтіп, танытқан сөз өнерімен соғылған ескерткіш.

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

төрүктанушы-ғалым

802 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз