Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 12 Қаңтар, 2022

Естеліктер ешқашан ескірмейді

ТІЗГІНҚАҒАР СӨЗ. 1991 жылғы 17 желтоқсан. Еліміз тәуелсіздігін енді алған елең-алаң шақ еді. Өзім бес жыл бойы жұмыс істеген «Қазақстан коммунисі» журналынан қайтадан «Лениншіл жас» газетіне ауысып ­баруыма тура келді. Өйткені іші де, сырты да сірескен жоғарыдағы басылымда қызмет істеген мен обком, партком хатшыларының атынан материал дайындап, қасаң қаулы-қарарларды аударуға қатысып әбден қажыған едім. Осы себепті бір кезде өзім еңбек жолымды бастаған, егемендіктің алдында «Жас Алаш» атын иеленіп үлгерген «Лениншіл жасқа» оралып, шығармашылық еркіндігін қайтадан сезіне бастадым. Барған бетте бас ­редакторымыз Уәлихан Қалижанов ағамызбен бірге алдағы жарық көретін материалдар жоспарын жасауға құлшына кірістім. 20 әлде 25 күннен кейін болу керек, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 80 жылдығы жақындап келе жатқан еді. Неге екенін білмеймін, еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның мерейтойын өткізуге жоғарғы жақ асыға қоймады. Мүмкін, сол кездегі республикада болып жатқан түрлі өзгерістер әсері ме, әйтеуір, бұл жөнінде әңгіме қозғала қойған жоқ. Ал «Жас Алаш» газетінің редакциялық алқасы тәуекелге бел буды. Сөйтіп, Димаш аға туралы көлемді мақала жариялауға шешім қабылданды. Көрнекті тұлғамен сұхбат жүргізуді мен өз мойныма алдым. Ұзақ жылдар бойы республикамыздың бірінші басшысы болған адаммен әңгімелесу – үлкен мәртебе. Алдын ала сұрақ әзірлеп, ақсақалдың үйіне қоңырау шалдым. Қазіргі шенеуніктер телефон нөмірлерінің ерекше болуын да шен көреді ғой. Димекеңнің пәтерінікі жай ғана сан екен. Ол менің блокнотымда әлі күнге сақтаулы. Айтайын: 63-59-53 деген цифрлар. Мұның өзі үлкен кісінің қарапайымдылығын аңғартса керек. Телефон тұтқасын  өзі көтерген Дінмұхамед Ахметұлы бәлсініп жатпай, сұхбатқа бірден келісімін берді. Белгіленген уақытта бардым. Ақсақалды жақыннан көргенім осы. Еңсегей бойлы, түр-түсі келіскен сымбатты кісі. Мәдениеттілігіне, кішіпейілділігіне, адамға деген мейірімді көзқарасына ерекше тәнті болдым. Өмірде көрген-түйгені мол, парасатты жан екені әр сөзінен аңғарылып тұрды. Бір әңгіменің шетін шығарса, оны міндетті түрде нақты мысалдармен түйіндеп отырады екен. Димаш ағаның осы қасиеті кейін маған үлгі болды. Журналистік жазбаларыма көп көмегі тиді.

Сөздің қысқасы, жақсы адаммен әңгімелессең, жаның жадырайды ғой.  Сұхбаттың жақсы, мазмұнды болуы да кейде кейіпкеріңе байланысты. Димекеңмен кездесуден мен осындай ерекше әсермен қайттым. Нәтижесі – «Жас Алашқа» деп 1992 жылдың 2-9 қаңтары аралығында әзірленген төмендегі интервью.

– Қадірлі Димаш аға! Біз көзі қарақты үлкен-кішінің бәрі сіздің ғибратты өмір жолыңыз бен атқарған қызметіңіз жайлы жақсы біледі ғой деп ойлаймыз. Бірақ өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, ата-анаңыз, сәбилік, балалық шағыңыздың қалай, қай жерде өткендігі туралы тұстарға келгенде, жасыратыны жоқ, көпшілігіміздің мүдіріп қаларымыз анық. Себебі олар сіздің жұртқа белгілі ресми өмірбаяныңызда таратылып айтылмай, бір-екі сөйлеммен ғана тұжырымдалып кетеді. Ендеше, әңгімеңізді, міне, осы сұрақтарға жауап беруден бастасақ дейміз. Бұған қалай қарайсыз?

 – Түсінікті. Менің ата-бабаларым мал шаруашылығын кәсіп еткен жандар екен. Ауылымыз Құйған маңайындағы Күрті мен Іле өзені жағалауын мекендеп, бертінірек келгенде тау бөктеріндегі Алматы өзенінің оң жағалауына тұрақты түрде қоныс теуіпті. Тарих үшін керек ­болар, көнекөз қария ретінде айтарым, жоғарыдағы аталған жерлер Ұлы Қазан төңкерісіне дейін Жетісу губерниясының Верный уезіндегі Төменгі Іле болысына қараса, ал Кеңес өкіметінен бергі кезеңде Алматы облысының Балқаш, Күрті аудандары территориясының құрамында болып келеді.

Атам Жұмабай жас кезінде мұсылман мектебінде оқып, оны үздік бітіргеннен кейін еңбек жолын осы аймақтағы қазақ, татар балаларына дәріс беруден бастайды. Сөйтіп жүргенінде, 1885 жылы менің әкем Меңліахмет өмірге келеді де, атамыз оны 14 жасқа толысымен Верный көпесі И.Ғабдолуәлиевтің шаруашылығына жұмысқа орналас­тыра­ды.

Ал өзі содан кейін көп ұзамай Түркия арқылы Сауд Арабиясына сапар шегіп, Мекке мен Мединеге қажылық етуге барған. Одан ол Үндістан мен Ауғанстанды басып өтіп, 1905 жылы отбасы, ошақ қасына аман-есен оралады. Әкем 1917 жылға дейін көпес И.Ғабдолуәлиевке жал­данып жұмыс істеді де ешқандай оқу орнын бітіре алмады. Бірақ, соған қарамастан, өз бетінше білімін көтерудің арқасында орысша-қазақшаға өте сауатты болды. Кеңес өкіметі тұсында ол кісі Алматы облысының ауыл шаруашылық және сауда орындарында жұмыс істеді. ­Содан соң зейнеткерлік еңбек демалысына шыққаннан кейін көп уақыт өткен соң, 1976 жылы 90 жасқа 3 ай қалғанында дүние салды. Осы арада анам Зухра Байырқызы ­туралы да бір-екі ауыз сөз айта кетейін. ­Шешем ­Зайцевка (қазіргі Алматы облысының Шелек селосы) елді мекеніндегі кедей шаруаның қызы еді. Ибалы, мейірімді осы бір ғазиз жан әкеммен бірге 70 жылдан астам шәй деспей, тату-тәтті ғұмыр кешіп, 1973 жылы 86 жасында көз жұмды.

...Мен өзім біздің отбасымыз Верный­дың Сарқант көшесіндегі Ивановтардың үйі деп аталатын мекенжайды жалға алып тұрғанында дүниеге келіппін. Ол жер қаланың Үлкен станция жағында еді. Кейін мен екі жасқа толғанымда әкем басқа жерден шағын ғана жеке үй салыпты да соған көшіп кіріппіз. Балалық, жастық шағым өткен осы үйді әлі ұмытқаным жоқ. Оның барлық көрінісі бүгінге дейін көз алдымда. Мекенжайымыз Старокладбищенская көшесіндегі 12-үй деп аталатын. Кейін ол Вокзал көшесі, одан соң, Сталин, ал тіптен бертініректе Коммунистік проспекті деген атауларға ие болып келді де, таяуда тағы да өзгертіліп, Абылай хан есіміне ие болды. Осыдан 80 жылға жуық уақыт бұрын салынған біздің сол үйіміз қазір жоқ. Ол баяғыда-ақ бұзылып, оның орнына электр товарларын сататын магазин бой көтерген. Сонымен, інішек, алғашқы сауалыңа қадір-халімше жауап бердім ғой деп ойлаймын. Өйткені туып-өскен жер, ата-ана, сәбилік, балалық шақ туралы сөз қозғалғанда мен сияқты қарт адамның еске түсіріп айтары, міне, жоғарыдағыдай жайлар болса керек.

– Сіз жақсы білесіз, әлемге мәшһүр шешен де, көпті көрген көсем де... бәрі-бәрі өздерінің ең ұмытылмас кездері туралы сөз қозғағанында, әңгіменің әлқиссасы деп алғашқы оқыған мектебін, тұңғыш ұстазын, бір партада отырған кластастарын еске алудан бастайды. Осы орайда сіз білім ұясының табалдырығын қашан, қай жерде аттадыңыз, ең алғашқы мұғаліміңіз кім еді, құрбы-құр­дастарыңыз, олардың кейінгі тағдыры қалай болды деген сауалдардың өз-өзінен туындары анық. Бұған не деп жауап берер едіңіз?

 – Иә, адам санасында, әсіресе оның мектеп қабырғасында өткен жылдарының ұмытылмай, ұзақ сақталатыны рас. Мұның ақиқат шындық екендігіне осыдан үш жыл бұрын мен тағы бір рет анық көз жеткіздім. Қалай дейсің ғой? 1988 жылы «Өзім өмір сүрген уақыт» атты естелік кітабымды жазуға отырғанымда көп нәрсені, соның ішінде осыдан 65-70 жыл бұрынғы мек­тебім мен ондағы ұстаздарымды да еске алуыма тура келді. Ғажабы сол, оларды мен ұмытпаппын! Соның кейбіреуін жүйелеп айтар болсам, ол былай:

 Білім ұясының есігін тұңғыш рет мен қаладағы Алматы (қазіргі Емелев) көшесінің бойында орналасқан Чернышевский атындағы №19 мектепте аштым. Бұл бірінші басқыштағы төрт жылдық бастауыш білім ұясы еді. Оны түгескен соң екінші басқыштағы орта білімді қазіргі Алматы кондитер фабрикасы тұрған жерде орналасқан №14 мектепте алдым. Сондағы ұстаздарымды, олардың шәкірт тәрбиесі десе ішкен асын жерге қоятын еңбекқорлығын күні бүгінге дейін ұмытқаным жоқ. Мәселен, математикадан сабақ берген С.И.Соколовты, физика пәнінің мұғалімдері А.А.Астраханцев пен И.П.Масленниковты, табиғаттану және география мамандары Туғарин мен Б.Н.Дублицкийді, қоғамтанудан сабақ берген Е.Войцеховскийді ылғи да алғыс сөзіммен еске алып отырамын. Сөз реті келіп тұрғанда мені орыс тілінде сауатты жаздырып, жатық сөйлеуге өлшеусіз күш-жігер жұмсаған тіл мамандары Анна ­Павловна мен Любовь Александровнаның есімдерін де ерекше атап айтқым келеді. Жүрегіне ізгілік шуағын ұялатқан осы ұстаздарымның біреуі Анна Павловнамен кейін мен арада көп уақыт өткен соң кездескенім бар. Бұл 1955 жылы еді. Онда мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болатынмын. Қат-қабат қарбаласқа толы жұмыс күндерінің бірінде маған қарт әжей телефон соғып: «Аты-жөнім Анна Павловна. Ұмытпасаңыз, бір кездері №14 мектепте сабақ берген ұстазыңызбын», – деді де мүмкін болса қабылдауымды өтінді. Неге ұмытайын ол кісіні... Мекенжайының қай жерде екенін сұрап алдым да дереу көлік жібертіп, жұмыс күнінің аяғына таман шақыртып алдым. Сол кеште шашы аппақ қардай боп ағарып, кәрілікке мойынсұнса да жинақы жүрісінен, таза киім киісі мен жоғары мәдениетті сөзінен танбаған зиялы қарт ұстазыммен ұзақ отырып әңгімелесіп, сырласқаным бар. Ол кісі қайтарында өзінің тұрғын үй мәселесіне ­байланысты қиналып жүргенін айтып, қол ұшын беруімді өтінді. Мен Анна Павловнаның бұл келісін ең алғашқы әрі ең соңғы жолығысу деп қабылдадым да өтінішін көп кешікпей-ақ қанағаттандырдым.

Мектептегі өткен жылдар... Бұл кезең менің есімде, сондай-ақ ұстаздарымның өз мамандығына берілген адал­дығы­мен, ал шәкірттердің мұғалімдерге деген шексіз құрметімен сақталып қалды деп батыл айта аламын. Әрине, білім ұясының қабырғасында жүргенде мен жақсы оқыдым. Бірақ топтан жеке-дара қара үзіп шыққан, сөйтіп, жұртты сол кезде-ақ таңғалдырған озат оқушы болып едім деп мақтана алмаймын. Өйткені талап дегеніңіз өте күшті еді. Шәкірттік кездегі есімде қалған тағы бір жайт мынадай: мектебімізде «бригадалық әдіс» деген оқу тәсілі кеңінен қолданылатын. Оның мақсаты – екпінді, озат оқушының сабақты нашар үлгеретін жолдасын «жетекке» алып, алдыңғы қатарға қосуға сөз беруі еді. Мұндай көмектің, сөз жоқ, пайдасы, нәтижесі болмай қоймайтын. Біз, міне осылай оқып, осылай ержеткенбіз.

– Тағдыр, өмір жолы деге­ніңіз кызық қой. Мәселен, аты әлемге әйгілі хирург Н.М.Амосов өзінің өмір жолын алғашында конструкторлықтан бастаса, маршал А.М.Васи­льевский «Барлық өмірімнің мәні» атты мемуарында жас кезінде агроном болғысы келген ойын айтады. Бірақ... иә, бірақ бұл адамдар тарихтағы өз орындарын кейін біреуі медицина әлемінен, екіншісі әскери ғылым саласынан тапқаны анық. Ал сіздің жастық шағыңызда сондай кейбір армандардың кеудеңізде бүр жарған сәті болды ма? Болса, қандай мамандықты меңгеруді қалаған едіңіз?

– Әркімнің өмір жолы әртүрлі ғой. Әу бастағы жүрек қалауым солай болды ма, жоқ әлде шынымен болашақ мамандыққа деген сенімнің күштілігі ерекше әсер етті ме білмеймін, әйтеуір мен оң мен ­солымды танығанымнан бастап бір ғана арманның жетегінде болғаным анық. Ол сонау мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде-ақ тау-кен инженері болсам ­деген ой еді. Бұған себеп болған нәрсе, меніңше, мына төмендегі екі жайттан бастау алған сияқты. Оның біріншісі, тау-кен ісімен шұғылдану сол кездегі біздің ұлт өкілдері үшін өте сирек мамандыққа қол созу болып саналса, екіншісі, тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың мен үшін орны мүлде бөлек жан екендігі еді. Неге десең, 1906 жылы Петербургтегі жол құрылысы инженерлерін даярлайтын ­институтты үздік оқып бітірген, кейін Кеңес өкіметі тұсында атақты Түрксіб ­шойын жолын салуға бар күш-жігерін аямаған, энциклопедиялық білімі бар осы бір үлкен жүректі азаматтың туған халқы үшін істеген игі істері мені ылғи да мақтаныш сезіміне бөлейтін. «Осы кісідей болсам, осындай ағаның жолымен жүрсем» деген балаң қиял ақыры мені болашақта бір ғана мамандық – инженерлік кәсіпті таңдауыма белімді бекем буғызды. Мұхамеджан ағаның өмір жолы менің мамандық таңдауыма ғана ықпал етіп қойған жоқ, халықтың абзал ұлына деген ынтызарлық келе-келе оның зиялы отбасы мүшелерімен, атап айтқанда, ұлы Ескендірмен туыс адамдай араласып кетуіме себепші болды. Ескендір Мұхамеджанұлы Тынышбаев қазір республикаға белгілі кинооператор, «Қазақфильмнің» ең қарт өнер шебері… Онымен менің арамыздағы достық қаты­насқа әлі күнге дейін қылау түсіп көрген емес. Сонымен, ойымды түйіп айтар болсам, мен жас кезімде тек инженер болуды ғана армандадым. Оны қалағаныма өкін­беймін. Себебі өткен өмір жолым бұл таң­даудың дұрыс екендігін толық көрсетіп берді.

– Сіздің үйіңізде қазір отызыншы-қырқыншы жылдардағы Балқаш мыс бірлестігінде машинист, мастер, бас инженер, Риддер кенішінде директор болып жұмыс істеген кезіңізді еске түсіретін заттар сақталған ба? Сақталса, ол нендей дүниелер? Оларды көргенде есіңізге қандай оқиғалар оралады?

– Бұл сауалға менің жеке архивімдегі көптеген су­реттердің ішінен сол жылдарға қатысты бір-екі фотосуреттің тарихын ­баяндай отырып жауап бергенім жөн ғой деп ойлаймын. Сонда аталмыш тақырыптағы әңгімеміз наным­ды да тартымды болып шығары анық. Мәселен, отызыншы жылдардың аяқ кезінде түсірілген мына бір фотосу­ретті алып қаралық. Мұнда Кремльдегі Свердлов залы бейне­ленген. Сондағы Бүкілодақтық Орталық Атқару Коми­тетінің Төрағасы М.И.Калининді ортаға ала қаумалап тұрған Балқаш мыс бірлестігінің еңбек озаттары арасында мен де бармын. «Сонда бұл сурет қашан, қандай жағдайда, нендей оқиғаның құрметіне орай түсірілген еді?» дейсің ғой. Айтайын.

...Алғашында тұсаулы аттай кібіртіктеп басталған Балқаш мыс бірлестігінің құрылысы 1936 жылдан бастап қанатын кеңге жайды да көп кешікпей оның даңқы бүкіл одақты шарлап кетті. Сондағы жұмыс істеген біз үшін, әсіресе 1938 жыл ерекше табысты болған еді. Олай дейтінім, сол жылдың сәуірінде Қоңыраттың кен жынысынан тұңғыш концентрат, ал мамыр айында бірінші штейн айырылып алынды да, қарашаның 24-інде металлургтер Балқаштың мол кенінен алғашқы мыс өзенін ағызды. Қазақстандағы осы өндірістік бірлестіктің мемлекетке өнім бере ­бастауы Москвада айтарлықтай еңбек жетістігі ретінде қабылданып, КСРО Жоғарғы Кеңесі біздің кеншілеріміз бен инженер-техник қызметкерлеріміздің үлкен бір тобын ­ордень-медальдармен наградтады. Солардың қатарында мен де «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен аталып өтілдім. Ескерте кетейін, бұл менің үкімет тарапынан алған тұңғыш наградам ­болатын. 1939 жылдың шілде айында бізді Москваға шақырып, Кремльдің атақты Свердлов ­залына алып келді. ­Награданы ­М.И.Кали­нин табыс етті. Салтанатты сәт аяқтала бергенде ­Бүкіл­одақтық Төраға: «Мүмкін араларыңызда жауапсөзге ­дайындалып отырған жолдастар да бар шығар. Қысыл­маңыздар. Қане, кім сөйлейді?» – деді көзілдірігін көтеріп қойып. «Мен!» – деген таза қазақша дауыс естілді осы сәтте залдан. Бәріміз жалт қарадық та тани кеттік. Шымкенттен келген металлург еді. Мінбеге көтерілісімен қазақша ағызды-ай келіп сабазың. Бүкілодақтық Төрағада үн жоқ. Ол біздің ұлттың тілін білмесе де, металлургтің сөзін бөлмей, бар зейінімен тыңдап шықты. Тек жауапсөз аяқталғаннан кейін ғана: «Мүмкін болса аударма арқылы осы сөздің мазмұнымен таныстырсаңыздар», – деген өтінішін айтты. Мен бірінші қатарда отырған едім. Михаил Ивановичтің жаңағыдай тілегін естіген соң орнымнан тұрдым да жерлесімнің жалынды сөзін орыс тілінде толық баяндап бердім. Осыдан кейін ескерткіш ретіндегі суретке түсу рәсімі болды. Оған түсер алдында Бүкілодақтық Төрағаның мені шақырып алып, өзінің қасына отырғызғанын да әлі күнге дейін ұмытқаным жоқ.

 Ал, енді мына екінші суретке назар аударғын, қарағым. Мұны көрген сайын 1939–1940 жылдардағы Риддер кен орнында директор болып жүрген кезім еске түседі. Мен мұнда Г.Хайдин, Б.Тайжанов және басқа да біраз озат бұрғышылардың арасында тұрмын. Бұл адамдар сол кездегі Кривой-Рог шахтасындағы Семиволос пен Оралдағы ­Ян­кин­нің жаңашыл әдісін Шығыс Қазақстан рудниктерінде тұңғыш меңгерген, соның нәтижесінде сменалық жоспар­ларын 500 процентке дейін орындауға қол жеткізген нағыз еңбек саңлақтары еді. Осы адамдарға барлай қарап отыр­ғанымда мына тұрған Балапан Тайжанов туралы қызықты бір жайт ойға оралады да жүзіме күлкі үйіріледі. Ол ең жо­ғары разрядты жұмысшы, өз ісінің нағыз бесаспап ­шебе­рі, керемет еңбекқор адам болатын. Бірақ оның бойында жалғыз ғана «мін» бар-ды. Ол Бәкеңнің осы Риддер кен ор­нында қаншама уақыттан бері жұмыс істеп келе жат­қа­нына қарамастан бірде-бір ауыз орысша сөз білмейтіндігі еді. Әрине, жұмысшы адам үшін мұның ешқандай айып еместігі анық және онда тұрған ештеңе де жоқ қой. Бірақ Тайжановтың жұбайының орыс ұлтынан екендігін еске алғанда оны құрдастары: «Түздегіні түсінікті дейік, ал үйдегі жағдайда бір-біріңмен калай түсінісесіңдер. Ымдап сөйлесесіңдер ме, жоқ әлде...» – деп қажайтын да жататын.

Суреттер – өткен күннің, адамның жүріп өткен өмір жолының белгісі. Суреттерде тұнған сыр бар. Оларды көр­генде көкейдегі кө­мес­кіленіп бара жат­­қан кей­бір жайттар қай­тадан жаң­ғырып, жаның жаңарғандай болады. Сонымен, сөзімді түйіп айтсам, менің үйімде отызыншы-қырқыншы жылдары Балқашта, Риддерде жұмыс істеп жүрген кезімнен қалған анау айтқандай ерекше зат жоқ. Бірақ еш уақытта да тозбайтын, жоғалмайтын белгі бар. Ол – архивімді ақтарып, аша қалғанда жоғарыдағыдай ше­жіре-сырды шерте жөнелетін фотосуреттер.

– Біз кезінде Қазақ­станға әлем ел­дерінің әртүрлі көз­қарастағы біраз басшылары мен қоғам қай­рат­кер­лері­нің келіп қайтқанын, олардың бәрі сіздің қабыл­дауыңызда бол­ғанын жақсы білеміз. Бұл жоғары дәрежелі қонақтар республикамыздың қай жерлерінде болды және өз елдеріне қазақ халқы туралы қандай пікірмен қайтты деп ойлайсыз?

– Сауалың өте орынды. Өйткені сұхбат барысында мұндай оқиғаларға назар аудармай кетпеуге әсте де болмайды. Әңгімені 1955 жылдан бастайын. Бұл жылы Советтік Қазақстан өзінің тарихында тұңғыш рет халықаралық жоғары деңгейде екі шетел мемлекетінің басшысын қабыл­дады. Ол Алматыға Үндістанның Премьер-министрі Джава­харлал Неру мен Бирма елінің басшысы У.Нудың келуі еді.

Джавахарлал Неру Қазақстан астанасына өзінің қызы Индираны ертіп келді. Қадірлі конақты аэропорттан республика Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Л.И.Брежнев екеуміз қарсы алдық. Үндістан Премьерінің сонда самолет трапынан түскеннен кейінгі салтанатты рәсімнен соң, айтқан мына бір сөзі есімде. Ол аэропорт алаңынан қалаға, одан оны қоршаған тау сілемдеріне көз жүгіртіп тұрып: «Сіздердің Алматыңыз біздің Кашмирден аумайды екен», – деді. Тағы бір айта кететін жайт, сол күні... одан кейін де Қазақстан астанасына келген тұңғыш шетел мемлекетінің басшысын көріп қалу үшін жол-жөнекей жиналған халықта есеп жоқ деуге болатын. Астана тұрғындары Джавахарлал Неру мен оның қызы ­Индира аралаған жерлердің бәрінде де оларға шексіз құрмет көрсетті. Халықтың осы көңіл күйінен мен сонда мына бір нәрсені анық байқадым деп айта аламын. Ол сол күндері қазақ­стандықтардың экономикасы нығая түскен өз республика­сының енді жалғыз одақ қана емес, халықаралық деңгейде де айтарлықтай беделге ие бола бастағанын алғаш рет сезініп, түйсінгендігі еді.

Осыдан кейін төрт жылдан соң, яғни 1959 жылғы шілдеде, Қазақстан астанасына Вьетнам революциясының көсемі Хо Ши Миннің келгені бар. Оның сапарының негізгі мақсаты біздің республикадағы партия, кеңес, шаруашылық органдарының іс-тәжірибесімен танысу еді. Хо Ши Мин келер кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Беляев Алматыда жоқ, демалыста болатын. Сондықтан да қонақты республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Кәріпжанов екеуміз қарсы алып, оның жұмыс істеуіне қажетті жағдайдың бәрін жасадық.

Хо Ши Мин Қазақстан астанасына келген осы сапарында республика Ғылым Академиясында болып, президент Қ.И.Сәтбаевпен кездесті. Содан кейін қала іргесіндегі Қас­келең, Талғар аудандарының бірқатар шаруашылықтарында болып, сондағы мәдени дақылдар егілген егістік алқап­тарын аралады. Алматыдан аттанарда өзінің Қазақстанмен танысуына бар мүмкіндік туғызып, лайықты жағдай жасағаны үшін республика үкіметіне терең сезімді алғыс айтқан хатын жазып қалдырды. Сөз орайында Хо Ши Миннің КСРО-ға, оның ішінде Қазақстанға келген осы сапарындағы өзім білетін мына бір жайтты айта кеткенді жөн көріп отырмын. Біздің елге келген соң жүріп-тұруға керек болар деп оған белгілі бір мөлшердегі кеңес ақшасы беріледі. Бірақ Хо Ши Мин жеке басы үшін оның бірде-бір тиынына тиіспеген. Сапар мерзімі бітіп, өз Отанына қайтарында ол әлгі ақшаның шып-шырғасын шығармастан түгелдей кеңес банкісіне қайтадан өткізіп кеткен. Халық игілігінің неден жиналып, неден құралатынын білген қандай ұлы адам десеңізші! Менің жүрегімде ол, міне, содан кейін қарапайым, әділ, кемеңгер жанның бірі ретінде мәңгілікке сақталып қалды.

– Республика басшысы болып қызмет атқарған отыз жылдан астам уақыт ішінде сіз диқанбаба Ыбырай Жақаевпен, шопаната Жазылбек Қуанышбаевпен, қазақ ауыз әдебиеті Могиканының соңғы тұяғы Кенен Әзір­баевпен ұдайы байланыста, тығыз қарым-қатынаста болдыңыз. Осы кісілермен ал­ғаш рет қалай таныстыңыз? Сізбен кезінде бұл адамдардың тағдырын байланыстырған не нәрсе еді?

– 1954 жылғы көктем күндерінің бірінде Қазақ КСР Ғылым академиясы тың игеруге байланысты жер-жердегі ауыл шаруашылық озаттарының басын қосып, кеңейтілген мәжіліс өткізді. Ыбырай Жақаевпен мен, міне, алғаш рет сонда танысқан едім. Кеңес аяқталғаннан кейін ол кісімен көп әңгімелесіп, көп сырластым. Сөз реті келіп қал­ған бір сәтте Ыбекеңе: «Қалай ойлайсыз, Жетісуда да күріш өсер ме еді?» – дедім. Сонда атақты диқан: «Жетісудың кей жері қара топырақты, кей жері тастақты ғой. Күрішке боз топырақ керек. Оған бір жараса, Іле бойы жарап қалар», – деді. Кезінде мен де талай рет бұл аймақ туралы осындай ойға келген болатынмын. Содан уақыт дегенің зырлап өтіп жатты. Алпысыншы жылдары Ыбекеңді Сыр бойынан арнайы шақыртып алдым да бір кездері өзі айтқан Іле бойына, ондағы Ақдала атырабына апардым. Екеуміз сонда бұл аймаққа күріш өсіруге болады деген ұйғарымға келгенбіз. Бұл пікірімізді мамандар да қызу қостады. Үмітіміз алдаған жоқ. Бір кездегі Ақдала бертін келе күміс күрішті бақ далаға айналды. Ыбырай Жақаевпен мен өмірінің соңғы сәтіне дейін байланысымды үзгенім жоқ. Жақсылық, қуаныштарының бәріне ортақ болдым.

Жазылбек Қуанышбаев менің есімде төрт түлік малдың киесі, сайын даланың иесі ретінде сақталып қалды. Ол кісіні иісі қазақ баласының бағы мен бақыты бір басынан байқалатын кеңпейіл қария деп те айтуға болады. Мен Жазекеңмен де көп әңгімелесетінмін, ол еңбек ететін ­Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына жиі барып тұратынмын. Атақты шопанның мұрагері – егіз ұлдар Қойшыбай мен ­Тойшыбай дүниеге келгенде ақсақал мені сол қуаныш тойына да шақырған. Кейін әлгі қос жеткіншек қарт шопан әкесін ертіп Алматыға келді. Оқуға түспек ниеттері бар екен. Мен оларға үй жөнінен жәрдем бердім.

Ақын Кенен Әзірбаев туралы не айтуға болар еді? Бұл кісімен де өмір бойы сыйласып өттім деуіме толық негіз бар. Ол менен гөрі менің әкеммен жақсы әңгімелесетін. Оған бұл қариялардың сонау ертеден бергі бір-бірін жақсы білетін таныстығы ­себеп болса керек. Кенекеңді, кезінде мен ауыз әдебиетінің соңғы тұяқтары Жамбыл, ­Шашубай сияқты халық ақындарының көзі ретінде ерекше бағала­ғанмын. Қазірде де бұл кісінің артында қалған шығар­маларына құрметпен қараймын.

– Алпысыншы-жетпісінші жылдардың республика мәдениеті мен өмірінде үлкен бір белес болғанын қазақ зиялылары жақсы біледі. Мәселен, бұл кезеңдерде біраз ірі рухани коллективтік еңбектер жасалды. Бірақ солардың өмірге жолдама алуына кезінде Орталықтан рұқсат алудың өте қиын болғанын, сіздің көмегіңізді қажет еткенін біз шет жағалап болса да білеміз. Осы мәселелер кезінде қалай шешілген еді?

 – Бұған «Қыз Жібек» фильмі түсірілген кездегі қиындықтарды мысал етіп айтуға болады. Фильм қолға алынған кезде алғаш жобаланғанындай бір серияға сыймайтыны айқын болды. Ол кезде бар мәселе Мәскеуде шешіледі ғой. «Қазақфильм» студиясының сол кездегі директоры Камал Смайылов пен фильмнің бас режиссері Сұлтан Қожықов «Қыз Жібектің» алғашқы нұсқасын Одақтық Комитетке апарып көрсеткен. Ондағы басшылар: «Екінші серияға кажетті материалдарды бере алмаймыз, қосымша ақша (200 мың сом керек болатын) бөле алмаймыз, бұрынғы бекітілген көлемдегі, бекітілген қаржымен шығарыңдар», – деп қасарысып отырып алған. Мен бұл хабарды Мәскеуге барған кезекті сапарымда республи­каның Тұрақты өкілдігіндегі қонақүйде К.Смайыловтың өз аузынан естідім. Ол барлық мән-жайды айтып, менен көмек сұрады. Мұны естігеннен кейін дереу тікелей теле­фонмен Одақтық Кинематография комитетінің төрағасы А.В.Романовпен сөйлестім де өтінішімді айттым, жәрдем беруін сұрадым. Әңгіме арасында бұл туындының қазақ ұлттық киноөнері тарихындағы тұңғыш екі ­сериялы фильм болғалы отырғанын ерекше атап көрсеттім. Сондай-ақ А.В.Романовқа ескі таныстығымды да базына етіп айттым. Себебі ол ертеректе біздің Ақтөбеде жұмыс істеген еді. Ертеңіне мәселе бірден шешілді – қаржы да бөлінді, «Қыз Жібек» фильміне байланысты басқа түрлі кедергілер де ­жойылды. Ең бастысы, кинофильм екі серия-лы болып шығатын болды. Ол кездері қай нәрсе оп-оңай шешіле қалушы еді, қарағым... Дәл сондай кедергінің он екі томдық Қазақ Совет Энциклопедиясын шығару кезінде де алдан көлденең тұрғаны бар. Бұл коллективтік еңбектің де өмірге келуі ұзақ әңгіме. Оны бір реті келгенде айтармын деп ойлаймын.

– Кезінде сіз түрлі ресми делегациялардың басшысы болып КСРО елі атынан көптеген шет мемлекеттерге барып қайттыңыз. ­Сонда өзіңізге сол елдердің басшылары қалай ықылас танытты және олар адам, басшы ретінде жеке қабі­леттерімен қандай әсер қалдырды?

– Бұл сауалыңа қысқаша түрде ­былай деп жауап беруіме болады. Бірінші, өз өмірімде мен Кеңес Одағының сыртқа жіберетін ресми делегацияларының құрамында 17 мемлекетке барып қайтқан адаммын. Шетелдерге байланысты тұңғыш сапарым сонау елуінші жылдардың ортасында Қытай Халық ­Республикасына барудан басталды да соңғы жол жүруім 1985 жылғы қазанда Жапониямен аяқталды. Екінші, осының бәрі менің жазып жатқан «Өзім өмір сүрген уақыт» атты мемуарымда толық көрінісін тапқан сияқты. Аталмыш кітапта Біріккен Араб Респуб­ликасының Президенті Гамаль Абдель Насер, ­Алжир Халық Республикасының басшысы ­Бумедьен, Үндістанның Премьер-министрі Индира Ганди, Иран шахы Мұхаммед Реза Пехлеви, АҚШ Пре­зиденті Эйзенхауер және басқалары туралы деректер бар. Өз басым оқырмандар олардан көптеген қызық жайттарды таба алады ғой деп ойлаймын.

– Бос уақытыңызды қалай өткізіп жүрсіз? Күн­делікті жұмыс тәртібіңіз... Болашақта тағы да бір жаңа есте­лік кітап жазу ойыңызда жоқ па?

– Зейнеткерлік еңбек демалысындағы адам екенімді жұрттың бәрі жақсы біледі. Сондықтан менің күнделікті тіршілігім ­серуендеп бой жазудан, кітап оқудан (үйімде бай кітапханам бар), жазумен шұғылданудан тұрады. Жазу демекші, таяуда маған Галина Серебрякованың «Өзім және өзгелер туралы» деген кітабы ерекше ой салды. Жоғарыда айтқан мемуарымда мен өзім туралы айтып болдым деп ойлаймын. Енді өзгелер, өзім кездескен, жүздескен қайраткерлердің тағы бір үлкен тобы туралы жазбақшымын. Қазір соған дайындалып, соған қажетті материалдарды сұрыптаудамын.

ТІЗГІНТАРТАР  СӨЗ. Үлкен кісімен кездескен 10 күннен соң жоғарыдағы сұхбат жазылып, дайын болды. Елге сыйлы ағамызды аттап өтпейін деп, материалды қарияға бір қаратып алғанды жөн көрдім. Сөйттім де, баратынымды телефонмен хабарлап, ол кісінің үйіне келдім. «Газетке жібермес бұрын өзіңіз бір көріп шықсаңыз», – дедім жай ғана. Сол кезде қарияның өңі нұрланып, риза болғаны әлі көз алдымда. Осындай көңіл күймен сұхбат мәтініне үңілді. Бәрін асықпай оқып шыққан соң сәл ойланып отырды да: «Рақмет, қарағым! Жақсы жазыпсың. Тек бір жерге түзету, ал мына тұсқа қосымша дерек қосайық. Жарай ма?» – деді. Сөйтті де, алғашқысына: «Рокфеллердің аты-жөнін Дуайт Эйзенхауэрдің фамилиясымен ауыстыр. Қалай болғанда да ол мемлекет басшысы, президент қой», – деп бір тоқтады. Содан соң екінші ескертпесіне орай Алматыдағы өзі оқыған мектеп, ондағы ұстаздары туралы естелік айтып, сұхбатқа қосуды өтінді (Бұлар, құрметті оқырман, жоғарыдағы мәтінде бар. – Ж.А).

Ақсақал материалыма, міне, осындай түзетулерді қосқызды. Сөйтті де: «Ал, інішек, шаруаңды айт! Бұйымтайың бар ма?» – дегені. Түсінбей қалдым. Содан соң көз алдыма сонау 70-ші жылдар келе бастады ма қалай, ойланып қалдым. Ол оқуды жаңа бітіріп, қиналып жүрген кез еді. Үй жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Отын ­тауып, көмір түсіру... Оның өзі бір азап. Ол үшін 1-ші Алматыдағы  Сексеуіл базасына барып, таң атпай кезекке тұру керек. Жұмыстан кешіксең, кәсіподақ ұйымы басыңнан сипамайды. Үлкен кісінің: «Ал, інішек, шаруаңды айт», – деген жаңағы сөзі, шіркін, сонда айтылғанда ғой. Енді...». Осы пендешілік ой санамда жылт ете қалды ма, білмеймін... Сәл жымиғандай болдым. Мұнымды Димаш аға байқады ма, байқамады ма... Аңғара алғам жоқ. Дереу есімді жинап: «Аға, сізде неге ­шаруам болмасын?! Шаруам бар, әрине. Бұйымтайым – мына кітабыңызға қолтаңба жазып берсеңіз. Димаш ағамен кездесіп, сұхбат алғанмын деген сөзді айтқанда дәлел болсын», – деп сөмкемдегі өзіммен бірге ала келген 1980 жылы жарық көрген «Советтік Қазақстан» атты кітабын ұсындым. Ақсақал қуанып, көңілденіп сала берді. «Балам Жанболатқа! Қонаев. 9.1.1992 жыл» деп жасыл фломастер қаламымен қолтаңба жазып берді.
Содан екі күн өткен соң, яғни 1992 жылғы 11 қаңтарда сұхбатым «Жас Алаш» газетінде жарық көрді. Бұл сол кездегі қазақ газет-журналдарындағы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың  80 жылдығына арналған жалғыз көлемді ­материал еді. Ал орыстілді бұқаралық ақпарат құралдарындағы Димекең жөніндегі 1992 жылдың басындағы дүниелерден есімде қалғаны «КТК» арнасынан берілген жас журналист Тимур Нұрпейісовтың 30 минуттық әдемі де әсерлі екеуара әңгімеден тұратын телехабары болды. Ол хабар You Tube арнасында бар.

Жанболат Аупбаев,

 Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері 

819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз