Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Қаңтар, 2022

Қауіп еткеннен айтамыз

Бейбіт шерумен басталған халық толқуының соңы от пен оққа ұласты. ­Президент бейбіт халықтың талабы орындалатынын, ал адам өліміне кінәлілер толық анықталатынын айтты. Ел зиялылары да осы пікірде: кінәлілер табылуы, ал бейбіт халық, яғни алаңға бейбіт шеруге шыққан азаматтар қуғын көрмеуі керек. 
Бұл қаралы күн біршама жағдайды қайта қарауымыз керек екенін көрсетті. Соның бірі ел қорғаушылардың, күш құрылымдарының бары мен жоғы. Қаншама ­сарбазды жер қойнына тапсырып, қан жұтып қалған туыстарының қайғысына ортақтаса отырып, ендігіде сарбаздар оққа ұшып кетпеуі үшін не істемек керек деген ­оймен екі сарапшыдан пікір сұраған едік... 

Бақытжан Ертаев, «Халық қаһарманы»:

ҚАҺАРМАН БАТЫРЛАР ИНСТИТУТЫН ҚҰРУЫМЫЗ КЕРЕК

– Алматыдағы кешегі аласапыранда әскер неге бастапқыда абдырап қалды? Олар отанға ант берген жоқ па?

– Әскер отан алдында ант қабылдайды. Олар сол антына сай қай кезде де Отанды, елді қорғайды. Мәселе оларға дұрыс, дер кезінде бұйрық бере білуде. Олар көзге көрініп тұрған жауға қарсы әрекет етіп үйренген. Ал, бұл жолғылар көзге көрінбейтін лаңкестер болды. Жасырынған жауыздар әрекет етті. Әскерді де, полицияны да қапыда қалдырды. Бұл жағдай бізге үлкен сабақ. 

– Мысалы қандай сабақ алдық?

– Әскердің де кемшін тұстары белгілі болды. Қала ішінде ауыр техникалардың қозғалысы қиын. Транспортты авиацияның қажеттілігі көрінді. Жедел техникалар керектігі сезілді. Арнайы операцияға жедел техникалардың керектігі байқалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дұрыс айтты, енді әскерді қажетті техникамен тез арада қамту қажет.

Қорғаныс министрімен де сөйлестім. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеп, қаһарман батырлар институтын құруымыз керек. Батырларды ел алдына жиі шығарып, олардың беделін көтеру қажет. Батырлардың өсиетін, ақылын жастар тыңдап өссін. Сонда олар үлгі алады.

 Кезінде әскерден бір сарбаз келсе, бүкіл ел алдынан жүгіріп шығатын. Белдігін, бір тал түймесін алып қалуға тырысатын. Әскерден көрген, білгендерін тыңдайтын. Сол сарбаздың аузына қарап, әңгімесін еститін. Соның өзі бір керемет еді...

  Елге шындықты айту қажет. Өтіріктен, жасырып, жапқаннан түк шықпайды. Егемендікті нығайтуымыз керек. Тәуелсіздігімізге тәу етіп, оның қадыр, қасиетін жастарымыздың бойына сіңіре білуге тиіспіз.

– Ел арасында Ұжымдық келісім шарты ұйымы әскері туралы да алаң көңіл басым. Бұған не дейсіз?

– Енді бір ауыз сөз Ұжымдық келісім шарты ұйымының (ҰКШҰ) бітімгершілік әскері туралы айтайын. Осы әскерді ел сан-саққа жүгіртіп жүр. Мен Ауған соғысының ардагері ретінде бітімгершілік әскер дегеннің не екенін білемін. Біз Қауіпсіздік ұйымына мүше елміз. Ендеше сол ұйымның шарттары бар ғой. Ол қағаз жүзінде емес, осындай кезде, іс жүзінде тиімділігін көрсетсін. Сондықтан олардың келгенінен бізге зиян жоқ. Жағдай тұрақталған соң бәрі елдеріне қайтады. Олар біздің әскерге көмегін тигізіп жатыр. Сондықтан қазіргі кезде бәріміз жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілігімізді көрсетуіміз керек.

Амангелді Құрметұлы, журналист, әскери сарапшы: 

АДАМ ҚҰНЫ БАҒАЛАНБАЙТЫН  ЕЛДЕ АРМИЯНЫҢ ДА, ПОЛИЦИЯНЫҢ ДА ҚҰНЫ ТӨМЕН БОЛАДЫ

– Әскери анттың осы күні салмағы бар ма? Сарбаздар ант берген сәтте ол салмақты қаншалықты сезіне алады деп ойлайсыз?

– Әскери адамдар үшін ант – өте маңызды. Әдетте «сарбаздар арасында ант бір-ақ рет беріледі» деген түсінік бар. Естеріңізде болса, 90-жылдары Одақ тарағанда Қазақстан аумағындағы Кеңес Одағына ант берген әскер тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштеріне қосылғанда көптеген жауынгер: «Біз бір рет ант бердік. Оны неге қайталаймыз?», – деген мәселе қойылған. Мемлекет тарапынан жоғарғы шенді азаматтар: «Жоқ. Бұрынғы анттарыңыз жаңа мемлекетке де жарайды», – деген еді.

Ант әскерилер үшін өте маңызды атрибут саналады. Бұл, бәлкім, ар-намыстың символы болуы мүмкін. Сондықтан антқа адалдық әскерде, Қарулы күштерде ұдайы насихатталады. Бейформал түрлі топтардың ішінде сөзінде тұру, тағы басқа бір жаргон тілдермен айтылатын уәденің, серттің үлгісі болады ғой. Әскердегі ант та сол серттің үлгісі саналады.

Қарулы күштерде қазір келісімшарт әскері бар. Сондықтан анттың орнын, әскердегі моральдық құндылығын нақты болжап айту қиын. Бәлкім, әскер, Қарулы күштер құрамында тәуелсіз әлеуметтану тұрғысында зерттеулер жүргізсек, біраз нәрсе айқындалар ма еді? Өкінішке қарай, ондай зерттеуді көзім шалған жоқ.

– «Антқа кім көбірек адалдық танытады» деп сұрақ қою орынсыз көрінетін шығар. Бірақ кешегі қантөгіске ұласқан жағдайда негізінен шені кіші сарбаздардың көз жұмғанына куә болдық. 

– Антқа әдетте қатардағы сарбаздар, кіші шенді офицерлер адал келеді. Өйткені антпен бірге армияның жарғысы бар, соның негізінде жоғарғы қолбасшыларға бағыну, олардың бұйрығын талқыламай орындау әскер үшін өте маңызды. Олар бұйрық келмейінше. өздерінің ұстап тұрған позициясын тастамауға тиіс. Байқасаңыз, осындай қақтығыс кезінде, өкінішке қарай, қатардағы сарбаздардың мерт болып, төтенше жағдайларда қатардағы қызметкерлердің көбірек шығынға ұшырап жататыны содан. Есіңізде болса, өткен жазда, мысалы, Жамбыл өңірінде болған жарылыс кезінде өрт сөндірушілер құрбан болып кететінін білгеніне қарамастан аяғына дейін жүрді. Олар қоймаларда жарылғыш заттардың болуы мүмкін екенін сезбеді емес, меніңше сезді. Бірақ «шегін» деген бұйрық келмегендіктен антқа адалдық танытып, мерт болып кетті. Алматыдағы оқиғалар кезінде мерт болған сарбаздар да белгілі мөлшерде өз антына адал болды.

Осы оқиғаларды топшылаған тұста, антты бұзу жағдайы жоғарғы шенді әскерилер арасында көбірек кездесетінін байқайсың. Олар әскери ант, әскери адалдыққа емес, кресло, шенге назар аударып кеткендей. Өйткені шені өскен сайын ол адамның белгілі мөлшерде қаржылық мүмкіндігі, тамыр-таныстығы, ашығын айтатын болсақ, сыбайластығы да арта түседі. Олар сол арқылы қоғамдағы өзерінің орнын анықтайды, өздерінің түрлі жоғарғы эшолондағы басшылықтармен арадағы байланысын реттейді. Сондықтан, байқасаңыз, біздегі опасыздықтың көбі осындай жоғары шенді офицерлердің бұйрығы негізінде немесе тікелей солар арқылы жасалып отыр. Қарулы күштердегі антқа адалдық қызметкердің шені өскен сайын әлсірей береді-ау деген болжам айтқым келеді.

– Шені өскен сайын оның айлық жалақысы да көтерілмей ме? Әлде, әскери­лердің айлық жалақысы, әлеуметтік жағдайы шынымен төмен бе?

– Біз Кеңес Одағы кезінен келе жатқан ескі үлгідегі күш құрылымдарын сол күйі қабылдап алдық. ҰҚК кейбір маманы Ішкі істер маманынан өзін үстем санайтындай. Әскерде де осы іспетті сарқыншақ көзқарастар да жеткілікті.

Одан бөлек жоғары шенді офицерлер шені жоғарылаған сайын жемқорлық жолдарымен таныса бастайды. Шені жоғарылаған офицерлерге күні түсетін азаматтық саланың мамандары да көп кезігеді. Айталық, казармаларға азық-түлік жеткізуші, тағы басқа материалдық техникамен қамтамасыз етуші компаниялар да, өкінішке қарай, біздің жемқорлық жүйеде «шапка» деген ұғым да бар. Дүние-мүлік, қаржы, қосымша табыс табуға ұмтылу мінезі шені жоғарылаған жоғары лауазымды қызметкерлер арасында мейлінше жиі байқалады. Мұны әскерилердің аз жалақысы, тағы басқа мәселе тұрғысынан қарастырмау қажет. Ақша көп болған сайын олардың өзгелерге ықпал етуі, билігін жүргізу мүмкіндігі де көбейетінін ескеру керек.

Меніңше, мұның екінші бір себебі, қоғам мұндай құрылымдарды бақылауға қауқарсыз. Қоғам көп дүниені бақылауға қауқарсыз ғой. Бірақ күш құрылымдарының жұмысын қоғамдық комияссия, ұйымдардың тексеруіне мүмкіндік жоқ. Парламенттің өзі тексерген жағдайда «Депутаттар сөйлеп жатыр екен» деп бір апта бұрын біліп, жасырып үлгереді. Әскерді және ондағы жемқорлықты, жалпы әскердің дайындығын тексеру мәселесінде президент жанынан қоғамдық комиссияның құрылғаны жөн. Мемлекеттік құпияны ашпауға қолхат түрінде уәде бере отырып, кез келген сәтте кез келген органды тексеретіндей құзірет берілген, бес жылға арналған комиссия құрылатын болса меніңше бұл әскердегі, Қарулы күштердегі, Ішкі істер органдарындағы, ҰҚК бөлімдеріндегі біраз былықтарды анықтап, соған сәйкес Бас қолбасшыға, парламентке белгілі бір ұсыныстар енгізуге мүмкіндік болады. «Онсыз бұл жақтағы реформаны нәтижелі болады» деп ойламаймын. Өйткені Күштік құрылымдағы азаматтардың барлығын жұмыстан шығарып жаңадан әкеле алмайды.

Белгілі мөлшерде лауазымы бар бірқатар азаматтардың салғырт-салақтығы, жемқорлығы белгілі бір топтардың мүддесіне жұмыс істеуінің салдарынан бұл жолы опық жеп қалдық. Әйтпесе қарапайым солдаттарды, біздің кейбір арнайы әскер бөлімдерінің дайындығы төмен дей алмаймын. Армиялық арнайы күштер, Ұлттық ұланның арнайы, ҰҚК-нің арнайы күштері бар. Олардың әскери нақты дайындығын әлсіз деп санамас едім. Өкінішке қарай, оларды басқарып отырғандардың дайындығы нашар болды. Тіпті басқарып отырған бірқатар тұлғалар, бәлкім, опасыздыққа араласқан болуы мүмкін. Бірнеше офицер кешелі бері өз-өзіне қол салды. Біз ойлаймыз, «олар шынымен намыстан кетті» деп. Иә, намыстан кетуі де мүмкін, бұл оқиғаға қатысы жоқ, сырттай байқамай бір құжаттарға қол қойып жіберген, соның зардабын енді көріп отырғаннан өкініштен өз-өзіне қол салып жіберген шығар.

– Қазіргі сарбаздың біздің қоғамдағы бейнесі қандай? Халық сенім артатын сарбаз бейнесін қалыптастыру үшін не істейміз?

– Армия кәсіби болуы керек. Америка қоғамы армияға бөліп жатқан әр тиынды және әр сарбаздың әрекетін талқыға салады. Біз аралас армия құрғандықтан, «Әскер біздің қорғау­шымыз» деген сияқты, армияның культін белгілі мөлшерде сақтауымыз керек. Шын мәнінде, мемлекеттің тірегі – халық. Армияның тірегі де  халық. Ал егер халыққа жақсы нәрселер жолдағымыз келсе, қарулы күштердегі әрбір детальды шынайы көрсетуіміз керек. Мысалы, сарбаздың казармасындағы асханасынан бастап жоғары деңгейде болуы керек. Қазір барсаңыз, Кеңес кезінен келе жатқан ескі дәстүрмен солдат ботқасын ұсынады. «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аталарымыз осыны жеген», – дейді. Ол кезде армия аш, басқа мүмкіндігі жоқ. Ал қазір ХХІ ғасырдағы жаңа армияның тамағы да сапалы болуы керек.

Бізде кезінде ішкі әскер деген ұғым болды. Ішкі әскерге Ұлттық ұланды қостық. Ұлттық ұлан осыған дейін армияның элитасы секілді зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер, сымбатты сарбаздар болатын. Ұлттық ұланды армияның ішіндегі ерекше күш, ол келсе бәрін құтқаратындай көңілімізде әдемі иллюзия жүретін. Ұлттық ұланға қосудың бір пайдалы тұсы жалпы гвардияның кәсіби деңгейін көтеруді мақсат еткен шығармыз, бірақ жаңағы солдатымыз белгілі мөлшерде аш болса, білімі төмен болса, онда көшеде бұрыш-бұрышта тұрған сарбаздың өтіп бара жатқан азаматтардан тиын сұрауы, темекі сұрауы, тағы басқа жағдайлар қалыпты құбылысқа айналады. Көшеде патруль болып жүрген солдаттың олпы-солпы киініп кетіп бара жатқанын көргеннен кейін халық оған қалай сенім артады? Сыртқы атрибуттан бастап жарғыға дейін, одан кейін формаға дейін ревизия жасалуы қажет. Мысалы, қазір 18-27 жас аралығындағы жастарды армия қатарына шақырады. Иә, дұрыс сарбаздың болғаны жақсы. Бірақ жалпы армияға университет бітірген азаматтың өзі «мен сонда жұмыс істейін» деп қызығатындардың кәсіби ортасына айналуы керек.

Студент кездегідей ерекше орта көрмесе, білімді адамдардың алдынан өтпесе, бұл сарбаздардың мылтық ату секілді қабілеті болуы мүмкін, бірақ іш жүзінде ішкі мәдениеті, өз-өзіне деген сенімі төмен болады ма деп өзім күдіктенемін. Сол себепті армияның сыртқы формасынан бастап, атрибуттарға дейін қайтадан қараған дұрыс. Екіншіден, біз көшеге Ұланнның әскерлерін шығарамыз. Дұрысы олар емес, кәдімгі полиция қызметкерлері жүрсе, әлдеқайда жақсы болар еді. Қоғамның полиция қызметкерлеріне деген сенімі және оны қолдау мәселесін де назарда ұстау керек. Сіз бен біз мысалы, қоғамдық тәртіпті бұзған адамның үстінен шағым айта аламыз. Шағым айтсаң, біздің полиция «қолымыз тимей жатыр» деп қайтарып жіберуі де мүмкін. Екіншіден,  «тоқылдақ» деген сияқты пікір де қалыптасады. Өзіңізге моральдық қысым жасай бастайды. Яғни жалпы қоғамдағы кибербуллинг, стандартты буллинг сияқты түртпектеудің, моральдық қысым жасаудың түрлі формасы еркін жайылып кеткен кезде, тек армия ғана емес, кез келген сала маманына қатысты көп дүниені қайта қарауға мәжбүр боласыз. Бәлкім, осы 30 жылдағы ең үлкен қолдан шығарып алған мүмкіндігіміз азаматтық қоғам қалыптастыруға ыңғай таныта алмағанымыз. Ұлттың мәселесін көп айттық. Ұлттың мәселесі жақсы. Тіл мәселесін көп айттық. Жақсы. Қазақстанда адамның мәселесі көбірек айтылуы керек пе еді?! Жеке адамның мәселесі. Адамның жеке кеңістігі, адамның құндылығы мен қадір-қасиеті. Бізде, өкінішке қарай, атағы шыққан бір адам өмірден озса қайғы, ал бір топ адам өмірден өтіп кетсе, ол – статистика. Адам құны бағаланбайтын елде армияның да, полицияның да құны төмен болады. Соған сәйкес белгілі бір идеологиямен жұмыс істейтін адамдар осындай бүлік жасап кетті. Бұл жерде енді «халықаралық терроризм» деп айтады, тағы басқа дейді. Бірақ оның пәлен түрі бар. Терроризм – саяси амал негізі. Осы сәтте қарулы күштің әлсіздігі де байқалып қалды. Сарбаздар әлсіз емес, басқару күші, үйлестірудің болуы, содан кейін армияға біздің көзқарасымыз, терроризм қаупіне деген көзқарастың қате болғандығы. Өте мықты дайындалған сарбаздардың саны өте аз. Айталық элиталық «күрең береттілер» 200 ғана адам шығар. Саны өте аз. Жалпы талқылайтын болсақ, өте үлкен мәселе бар. Күш құрылымдарының бір-бірінен үстем емес екенін, алаңда бәрі бірдей екенін,  сондықтан өздерінің негізгі қызметтерін білгенін қалар едім.

Әзірлеген

Ақжыға ЖҰМАҒАЛИ

1714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз