Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Қаңтар, 2022

Өткеннен жеткен жазба

Бұл мақала өткен ғасырдың басында яғни 1922 жылдың 4 қазан күні «Қазақ тілі» газетінің №81 санында Мадияр бүркеншік атымен басылған мақала. Өте бағалы дерек Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музей қорында сақтаулы. Төте жазудан бүгінгі жазуға түсірген музей қызметкері Ақжол Қадылбекұлы. Тарих қойнауынан сыр шертетін мақаланы көпшілікпен бөлісу, насихаттау біздің бұлжымас парыз болғандықтан оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

Ашыққан елге жәрдем жинау жұмысымен үш айдан бері Семей облысының үш уезін араладым. Қайда барсаң көретінің жалақор қазақ, қорлықтан, зорлықтан көзі ашылмаған сорлы қазақ!

Мұның алдында «Қазақ тіліне» және  «Бостандық туына» жазғанмын. Ақмоладан шыққан отряд Қарқаралы уезінің елдерін тал түсте шапқанын, жаншығанын, елін басып, азаматтарына дүре соғып, қызыл қанға бояғанын. Баянауыл ауданынан шыққан милицияның Қарқаралы еліне шығып, бассыздық қылып, жазықсыз кісі атып, жау шапқандай қылғанын да жазғанмын, бұл кешегі оқиғалар болса, бүгін өз көзіммен көргендерім мынау:

12 тамызда Кереку уезі, Ақбейіт тау елінің екінші ауылында аштарға жиналған малды аралап жолдастарымен ауылға келе жатсақ, алдымыздан жайдақ атқа мінген, жалаңбас, жалаңаяақ жаудан қашып құтылған тұтқынша далаңдап шауып келе жатқан жігітті көрдік. Бұл біз жатқан ауылдың жігіті Нұраш Қияш баласы екен, айтқаны; «Ойбай, біздің ауылды қамап жатыр, оншақты орыс ауылдың адамын қыран жапқандай, қиратып ұрып жатыр» дейді. Менің қасымдағылар осы ауданның тергеушісі Момын Ашербекұлы, басқа өкілдер Асқар Сыздықұлы, Қанапия Баязитұлы, Ақбейіт тау елінің уақытша председатель қызметін атқарушы Жүніс Көкір баласы һәм басқалар еді. Біз келсек, ауыл адамдарының бірсыпыралары таудан келіп жатыр, ауылдағылар у-шу, біреуінің беті қанаған, біреуінің желкесі іскен, жаралы жандар көрдік. Оқиғаның мән-жайын сұрастырсақ, бұл ауылға Баяннан бес орыс, үш қазақ келген, бастығы Горбунов деген командир, бұлар келе салып ат тап деп, екі сөзге келмей ауыл адамдарын қамшының астына алған, таяқ жегені, жаралы болғандар төрт еркек, екі қатын. Бұлар: Сәден Башымұлы 62 де, Досмайыл Айсабайұлы 55 те, Исламбек Иманбекұлы 37 де, Есен Сәденұлы 32 де, Тоғжан Мұстафа қатыны 54 те, Нүкен Төлеубай қатыны 48 де, бұлардың ішінде жалғыз Исламбек болмаса, өзгелері күнін көре алмай отырған қу кедей.

Біз келгенде орыстар Асқар Жанқұлан баласының үйінде қорқытып қой сойдырып отыр екен. Олар аттандап қоразданып, мылтықтарын көлденең ұстап бізге келді. Үйге түспей, іріленіп ат үстінде тұрған күйінде жауап қатысты. Біз бұлардың жолсыз істерін, ауыл адамдарын ұрып-соғып үркіткенін, жарақаттағанын, мұның сотқарылық екенін айттық, мәнісін сұрадық. Тергеуші Момын Ашербекұлы жалақордың арызы бойынша жауап алатындығын айтып еді: «Иә, сендер Киригизсіңдер ғой, Автономияшылсыңдар ғой, Қазақты қорғайсыңдар ғой» деп тергеушіге «наплевать» жауап бермейміз дегенді айтты. ­«Наплевать» дегеннің қазақша мағынасы ұлы сөзде ұят жоқ, көтіме сүртейін деген сөз. Біз қанша закон айтқан болсақ та мықты жігіттер «наплевать» деп жүріп кетті. Таяқ жеген сорлылар жалтақтап, пысықсынған біздерде қара күшке қарсы түк істей алмай қамығып қала бердік. Не қызметпен жүргендерін, мандаттарын сұрағанымызда, «біз неге жүргенімізді, өзіміз білеміз» деп жауап қайтарған еді.

Жайшылықта қазаққа біз айтамыз, «Өздерің жамансыңдар, жасықсыңдар, ел аралаған кісінің мандатын сұраңдар, ашық бұйрығын көріңдер, ешкім жолсыз жұмыс қылмайды» деп қара суды теріс ағызамыз, мұнымыз қате екені, елдің ­жайын ішінде болмаған соң анық білмегендіктен екен. Мінеки, өзіміз болып, көзбе-көз кездесіп, көргеніміз әлгі. Зорлық-зомбылықты жоғарғы орыннан, су ағардан тоқтатпаса, ел сотқарлардың алдынан шыға алмайтынына көзіміз жетті.

Жоғарыдағы жұмыс туралы тергеуші ­Момын Ашербекұлы тергеу ашып жатыр. Мұның ақыры не боларын бір құдай өзі біледі. Мұндай жұмыстар туралы бұрын да талай сөйленген, талай жазылған, енді мұнан былай бос қыңқылды қою керек, қолдан еш нәрсе келмейтін болса, «құдай салды, біз көндік» деп өшіктіре бермей көну керек. Әйтпесе, қазақ үкіметі бар екені, үкімет екені рас болса, кеңес үкіметі езілген ұлтты қорғайтыны ертегі болмаса, бұған бір шара істеу керек. Таяқ жеген, зорлық көрген қазақ қорыққанынан ешкімге мұңын шаға алмаса, жол білген, қазаққа жаны ашыған пысықтардың қолынан түк келмесе, мұндай оқиғаларды үкімет тексеріп, тентегіне тию болмаса, қазаққа барар жер, басар таудың қайда екенін біз білмейміз.

МАДИЯР

1192 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз