Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 14 Қаңтар, 2022

Омикрон штамы әлемді ушықтырды

Халықаралық мамандар омикрон штамы әлемдегі эпидахуалды ушықтырып жібергенін айтып дабыл қағуда. ҚазАқпарат жаңа штамның елімізде және өзге де елдерде қалай тарап жатқаны туралы шолу ұсынады.

Кейбір деректер бойынша, әлем бойынша COVID-19 індетінің 300 миллионнан астам расталған жағдайы тіркеліп, салдарынан 5 миллионнан астам адам қайтыс болған.

Мамандар соңғы екі аптада эпидахуалдың ушығуын омикрон штамымен байланыстырып отыр.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус инфекциясының 310 миллионнан астам жағдайы тіркелген.

Тек кейінгі 20 күннің ішінде науқастар саны 276 миллионнан 310 миллионға дейін өскен. 2021 жылдың 22 желтоқсанындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, күніне 500 мың жаңа жағдай тіркелген.

Бұл қарқын сақталған жағдайда 20 күнде науқастардың қатарын тек 10 миллион адам толықтыруы керек еді. Алайда 20 күнде өсім 34 миллионға жеткен.

Омикрон штамы әсіресе АҚШ, Үндістан және Бразилияда көп тіркелуде. Одан кейін Ұлыбритания, Франция және Ресей елдері тұр.

Ғалымдар бұған дейін омикрон штамының өлім тудыру көрсеткіші дельта штамына қарағанда бәсең екенін анықтаған.

Бірақ оның таралу қарқыны дельта штамынан әлдеқайда жоғары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус омикрон штамының таралуын цунамиге теңеген болатын.

Азия

Үндістандағы эпидахуалдың ушыққаны сонша, елге пандемияның үшінші толқыны келе жатыр деген қауіп бар. Бұл елде аталмыш вирустан қайтыс болғандардың ресми саны 480 мыңнан асады. Ал жалпы 35 миллионнан астам жағдай тіркелген.

Ал Қытай Тяньцзинь портында бірнеше адамнан коронавиурс анықталып, оның ішінде екі адамнан омикрон штамы шығуына байланысты 14 миллион тұрғыннан сынама алып тексермекші.

Еуропа

Еуропа елдері омикрон штамының «белсенділігін» байқап, вакцинация және ревакцинация науқандарын жеделдетіп бағуда.

Францияда, Испанияда және Италияда аурушаңдықтың тез өсуі болып отыр. Әсіресе Францияда жаңа жағдайлар өте көп тіркеліп жатыр.

Ұлыбритания омикрон штамының кезекті толқынын вакцинация арқылы сәл тежегендей болды. Мұнда жұқтырушылар көп болғанымен, ауруханаға түсу және өлім жағдайлары салыстырмалы түрде аз.

АҚШ пен Канада

АҚШ-та а 60 миллионнан астам жағдай тіркеліп, 830 мыңнан астам адам қайтыс болды деген деректер айтылып жүр. Бұл - әлем бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі деуге болады.

АҚШ-тың жұқпалы аурулар жөніндегі бас кеңесшісі доктор Энтони Фауки науқастар саны сәт санап өсіп жатқанын мәлімдеді.

Канадада да омикрон штамының таралуы байқалып отыр.

Латын Америкасы

Аргентина, Бразилия, Мексика және Перуде инфекция жұқырғандар саны күрт өскен.

Бразилия бұл аймақтағы ең көп зардап шеккен ел болып отыр. 22 миллионнан астам жағдай тіркеліп, 620 мың адам қайтыс болды деген дерек бар. Бұл ресми статистика бойынша, АҚШ-тан кейінгі ең үлкен көрсеткіш.

Перуде 200 мыңнан астам адам қайтыс болған. Бұл елдегі өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға 600-ден астам қайғылы жағдайдан келеді.

Қазақстан

Қазақстанда омикрон штамның бірінші жағдайы 6 қаңтарда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелді. Жаңа штамның тез таралуына байланысты елдегі эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлай бастады.

Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) эпидахуалдың нашарлауы омикрон штамымен байланысты екенін айтып отыр.

Коронавирсупен байланысты эпидахуалдың нашарлағанын ел Президенті де Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында атап өтті.

«Қазақстанда коронавирус ауруының күрт өсімі байқалып отыр. Тәулігіне 2 мыңға жуық жаңа жағдай тіркелуде», - деген болатын Мемлекет басшысы.

6 қаңтарда инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші ел бойынша 1,5-ке жетіп, Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында 2-ден асты.

Президент пандемияның бүкіл кезеңінде ауру жұқтыру деректері 1 миллионға жуықтағанын айтты.

«Пандемиямен күрес Үкіметтің басты міндеті болып қала беред», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта, Алматы және Шымкент қалалыр «сары» аймақта, қалған 14 өңір «жасыл» аймақта тұр.

6 қаңтарда Қазақстан бойынша өткен жылдың желтоқсан айының соңғы он күнінде алынған 96 коронавирус сынамасының 8-інен (8,3%) «омикрон» нұсқасы табылған.

Оның жетеуі Алматы қаласында және біреуі Нұр-Сұлтан қаласында.

9 қаңтарда ел бойынша ПТР-тест арқылы 1945 науқас анықталса, соның 1319-ы Нұр-Сұлтанда тіркелген.

Ал Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров 11 қаңтардағы жағдай бойынша қалада ауру көрсеткіші 2 есе өскенін хабарлап, қалада пандемияның жаңа толқыны басталғанын мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, елде әлі де болса дельта штамының үлесі басым – 71%. Дельта плюс штамы – 16%, қалған штамдар – 4,7%.

801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз