Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 18 Қаңтар, 2022

Коронавирус: Қытайда омикрон штамы өршіп тұр

Омикрон штамы Қытайдың 14 аймағынан анықталды. Арасында Бейжің де бар. Ахуалдың нашарлауына байланысты азаматтардың жүріс-тұрысы шектелді.

Оның үстіне қаңтардың 31-і мен ақпанның бірінде жергілікті жаңа жыл мерекесі тойланады. Қытай билігі бір айдан бері дельта штамының таралуына байланысты қатаң карантинде ұстаған Сиань қаласын ақырындап құрсаудан босатып жатыр.

Алайда басқа аймақтардағы жағдай әлі де қиын. Көп өңірде омикрон штамы өршіп тұр. Мектептер мерзімінен бұрын каникулға немесе онлайн оқуға жіберілді. Мекемелер жаппай жабылып жатыр. Тұрғындар қайта-қайта тестілеуден өтіп, әлекке түсті. Мамандар омикрон басқа штамдарға қарағанда 4 есе жұқпалы дейді.

Чжан Боли, Қытайдың инженерия академиясының академигі:

– Омикрон жұқтырған науқастардың ауруы басқа штамдарға қарағанда жеңіл өтіп жатқанын байқадық. Дерттің ауыр түріне шалдыққан адамдар әзірге түскен жоқ.  Жағдайды жіті бақылап отырмыз. Бірақ сарапшылар бұл штамға жеңіл қарауға болмайды деп ескертеді. Бірден ем тағайындап, ауруды басуға тез кіріскен жөн.

Дәрігерлер 6 ай бұрын екінші дозаны салдырғандар үшінші дозаны қабылдаса, жұқтыру және қатты ауырып қалу деңгейі төмендейді дейді. Қытай тұрғындары осы сәтке дейін 3 миллиардқа жуық компонент салдырған.

Чжан Вэньхун,  Шанхайдағы аурухананың инфекция бөлімінің меңгерушісі: – Үшінші доза алғашқы 2 дозадан кейін едәуір төмендеген антидене мөлшерін 10 есе арттырады. Төртінші доза туралы сөз қозғауға әлі ерте деп есептеймін. Оны болашақта иммунитеті төмен қарт адамдарға салуға болады.

1 ақпанда қытай жаңа жылы келеді. Биыл ел бойынша 1 жарым миллиардқа жуық сапар жасалуы мүмкін. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнің көрсеткіштерімен салыстырғанда 2 есе аз. Десе де жергілікті сарапшылар коронавирустың таралуы биыл аяқталады деп сендіреді. Індетті толық еңсеруге ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы мен жаңа дәрілердің жасалуы септігін тигізбек. Сондықтан дәрігерлер тұрғындарды келесі жаңа жылға дейін биылғы мерекені жаппай тойлаудан шектеле тұруға шақырады.

24.kz

972 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз