Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 20 Қаңтар, 2022

Гранттарымның толық көлемі 400 000 АҚШ долларынан асып түсті

Ислам Сүлеймен – Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Осыдан екі жыл бұрын Исламның шетел гранттарын ұтып алғанын естіп, газетке сүйіншілеп жариялап едік. Қазіргі уақытта ол Қатар елінде білім алып жатыр. Ислам бізге жоғары оқу орны мен мамандығы туралы баяндап берді.

«Қазіргі уақытта құрылымына медиа, коммуникация, журналистика және пәнаралық liberal arts бөлімдері кіріктірілген оқу бағдарламасы бойынша білім алып жатырмын. Бакалавриат дәрежесіндегі оқу нәтижесінде маман атанар жоспардағы бағытым – медиа индустриясы және стратегиялық коммуникация. Northwestern университеті – америкалық жоғары оқу орны, Америка Құрама Штаттарындағы U.S. News and World Report 2022 сараптамасындағы үздік ұлттық университеттердің қатарында 9-орынды иеленген. Times Higher Education World University 2022 рейтингі бойынша Northwestern университеті әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары арасында 24-орынды еншілеген. Сәйкесінше, университетте оқуға қабылдану америкалық университет стандарттары бойынша өтеді: талапкердің оқудағы үлгерімімен қоса, сыныптан тыс қызығушылықтары мен жетістіктеріне, жалпы келешек студент ретіндегі тұлғалық бағыттағы сипатына көңіл бөлінеді. Оқуға қабылдану үрдісі бірнеше компоненттен тұрады. Жіберілген өтінім құжаттарының іріктелуі және сұқбат өткізіледі», – дейді кейіпкеріміз

– Әлемнің он бестен аса оқу орнына сәтті қабылдандың. Өте жақсы көрсеткіш. Дайындықты қашан және қалай бастадың?

– Әлемде мүмкіндіктер өте көп. Өзіңіздің көңіліңізден шығып, жоғары қызығушылық білдіретін мамандықта немесе бағытта білім алған – зор қуаныш. Шыны керек, зияткерлік мектептің 12-сыныбын аяқтамас бұрын, қоғамдық ғылымдар бағытында оқып, сол салада маман атанамын деп нақты шешім қабылдаған едім. Жеке қызығушылығым, сыныптан тыс қатысқан үйірмелерім мен белсенді түрде айналысқан зерттеу жұмыстарым жоғарыда аталған саламен байланысты болды. Мектептегі алған білімім мен қоршаған ортамдағы тәрбиеме байланысты болар деп ойлаймын, әртүрлі қоғамдық ортада адаптациядан жылдам өтемін деген сенімнің арқасында жоғары білім беру бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы университеттеріне құжаттарымды дайындап, оқуға өтінімін жіберу үрдісін мүмкіндігінше ерте бастауға кірістім. Нақты қызығушылық білдірген университеттерге құжаттарымды алдын ала әзірлеп, мектепті аяқтауға шамамен екі жылдай уақыт қалғанда стандарт емтихандарға дайындықты бастадым. Мақсатым, құжаттардың толық пакетінің жіберілуі кезінде университет ұсынар міндетті талаптардың барлығына сәйкес болуым еді. Ағылшын тілі бойынша International English Language Testing System (IELTS) емтиханының дайындығына ерекше көңіл бөлдім.

12-сыныптағы оқу жылының басталуымен жіберілген құжаттардың алғашқы легін Америка Құрама Штаттарына бағыттадым. Одан кейін Оңтүстік Корея мен Гонконг университеттеріне дайындығым белсенді жүрді. Сосын Ұлыбритания, Литва, Жапония мен Қатарға құжаттарымды сәтті жібердім. Нәтижесінде, Азия, Солтүстік Америка және Еуропа елдеріндегі әлемнің жоғары рейтингіндегі университеттеріне қабылданып, халықаралық талапкер ретінде тегін оқуға шақырту хаттарына ие болдым. Шыны керек, әлем университеттері ұсынған гранттардың толық көлемі 400 000 АҚШ долларынан асып түсті. Менің алға қойған басты мақсатымның бірі қоғамдық ғылымдар бойынша жоғары сапалы халықаралық білім алу еді. Отбасым мен ұстаздарымның үмітін ақтауға тырысып, көп еңбектеніп, мақсатыма көп ұзамай қол жеткіздім. Бүгінде Америка Құрама Штаттарының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны Northwestern университетінің Қатардағы халықаралық кампусында тегін білім алып жатырмын. Әлемнің ең үздік 24 университеті тізіміне енген білім беру мекемесінде оқып, медиа, коммуникация мен академиялық зерттеу әлемінің нағыз шеберлерімен ақпарат және тәжірибе алмасу мен үшін үлкен қуаныш.

Оқуға қабылдану өз-өзіңізге шын болудан басталады деп ойлаймын. Нақты не себепті таңдауыңыздағы университетте немесе бағдарламада оқығыңыз келетініне көз жеткізуіңіз аса маңызды. Сол кезде сіз өзіңізге үздік болар жоғары оқу орнын таңдап, қабылдану кезінде мазмұнды әрі сапалы өтінім дайындай алатын боласыз. Қабылдау комиссиясы сіздің шынайы қызығушылығыңыз бен мақсатыңызды түсіне білуі қажет. Аталған аспектілер сіз жіберер «application – өтінім» құрамына кіретін мотивациялық эсседе (хатта), университеттің арнайы сұрақтарына бағытталған жазба түрдегі және сұқбат кезіндегі жауаптарыңызда айқын көрініс табады. Осы орайда, өз таңдауыңызға сенімді болып, университетте алдағы уақытта өткізер жылдарыңыздың жоспары туралы ойланғаныңыз абзал. Жоспарыңыз нақты болмауы да мүмкін, бірақ кем дегенде өзіңіздің алдағы оқуыңыздағы бейнеңіздің шамамен «нобайының» болуы көп көмек көрсетеді деп ойлаймын. Ағылшын тілінде «perfect match – үздік сәйкестік» деген ұғым бар. Осылайша, талапкер үздік жоғары оқу орнын тапса, университет үздік кандидатты қабылдауға мүмкіндік алады.

– Қазір білім алып жатқан оқу орныңның қандай артықшылығы бар? Неге таңдауың осы университетке түсті?

– Northwestern – өте ерекше университет. Маған ең ұнайтыны – нағыз халықаралық орта. 54 мемлекеттің студенттері университет қабырғасында білім алады. Аталған жайт жоғары сапалы біліммен қоса, коммуникация, сыни ойлау, тіл меңгеру, топтық жұмыс пен жаһандық перспективадағы анализ мысалындағы тұлға ретіндегі жан-жақты дағдылардың дамуына ерекше негіз болары сөзсіз. Медиа, коммуникация және зерттеу жұмыстары бағыттарында қызығушылығыңыз болса, Northwestern университеті үздік шешімдердің бірі болары анық. Университет медиа индустриясы мен коммуникация саласы бойынша техникалық тұрғыда қамтылған әлемнің алдыңғы қатарлы ең үлкен халықаралық кампусы. Оқу үрдісі практикалық білімге аса байланысты. Толық автоматтандырылған жаңалықтар бөлімінен бастап өндірістік студияларға, арнайы сыныптарға, конференциялық холлдар мен семинарлық бөлмелерге, кәсіби әдебиетпен жабдықталған кітапханаға және жеке медиа мұражайына дейін, Қатар мемлекетінің елордасы Доха қаласының агломерациясына қарасты және білім беру мен мәдениет орталығы «Education City – Білім қаласында» орналасқан Northwestern университетінің кампусы сапалы оқу мен зерттеудің бірегей орны.

– Әлеуметтік желілерде замандастарыңа қолдау көрсетіп, пайдалы ақпарат ұсынып жүрсің. Болашақта осы бағытта арнайы жоба ұйымдастыру ойда бар ма?

– Бірнеше жыл бойы жинаған білімім мен тәжірибем құрдастар мен келешек түлектер үшін пайдалы болып жатқаны қуантады. Шетелде білім алу кезінде түсінгенім – әлемде кез келген салада мүмкіндіктер өте көп. Сол мүмкіндіктерге әрбір оқушының қол жеткізіп, алға қойған мақсаттарының орындалуы – мен үшін зор қуаныш. Мен өткен кезеңдерден келесі түлектер де сәтті өтіп, өздерін қызықтырар мамандықтар бойынша білім алса, халықаралық жобаларға қатысып, дағдыларын дамытса екен деймін. Кейде қажетті квалификациясы бар жандардың небәрі уақытында ақпараттандырылмауынан белгілі бір мүмкіндікке ие бола алмай қалатын кездерін байқайтын сәттер кездеседі. Осы себептерден, пайдалы болар деген ниетпен шетелдегі гранттар мен стипендиялар ұсынар оқу орындары; халықаралық конкурстар, көрмелер мен жобалар сынды түрлі іс-шаралар туралы Инстаграм және Телеграм әлеуметтік желілеріндегі парақшаларымда мүмкіндігінше жиі бөлісуге тырысамын. Тұрақты даму мен әлеуметтік медиа бағыттарында жеке қызығушылығыма және кәсіби білім алып жатқан салам медиа индустрия мен коммуникация салаларын қарастыратынына байланысты, осы бағытта еңбек етіп, арнайы жобалармен айналысу жоспарда бар.

– Оқу орнын таңдауда қиналып жүрген түлектерге қандай кеңес бересің?

– Университеттер жайлы әртүрлі жаңалықтарды, салыстырулар мен рейтингтерді жиі естіп жатамыз. Үздік білім ордасында оқудың келешек түлек мақсатында болғаны өте жақсы. Дегенмен, ең бастысы, таңдалған университетіңіздің өз көңіліңізден шығуы деп ойлаймын. Белгілі бір жоғары оқу орнының академиялық көрсеткіштері мен рейтингін қарастырып қана шешім қабылдауға асығыстық жасамаған абзал. Алдағы төрт немесе одан да көбірек жылдар бойы оқитын университетіңіздің өзіңізге маңызды болар өзге аспектілерін де зерттеген әлдеқайда дұрыс болары анық. Мысалы, оған университет қабырғасындағы сыныптан тыс зерттеу жобаларымен айналысудағы, спорттағы және жалпы қоғамдық дамудағы түрлі мүмкіндік кіріктірілуі мүмкін. Былайша айтқанда, өз таңдауыңызға толықтай сенімді болғаныңыз аса маңызды. Сондықтан да нақты шешім қабылдау кезеңінде жоғары оқу орнын толықтай зерттеп, өзіңізге құнды болар мүмкіндіктерді қарастырғаныңыз жөн.

Мерей АУҒАЛИ,

«Ұлан»газеті

1289 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз