Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 20 Қаңтар, 2022

Жамбыл облысында бір күнде бес білім нысаны пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 Ұлттық жобасындағы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» бағыты бойынша Жамбыл облысында 3 жаңа мектеп пен 2 білім нысанының қосымша ғимараты пайдалануға берілді, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Тараз қаласы «Шалғай қарасу» алқабындағы 600 орынды жаңа мектептің құрылысы жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес жүзеге асып отыр. Жобалық құны 2,1 млрд. теңгені құрайтын нысанды мердігер – «ТемірСтройСервис» ЖШС салған.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ата-аналар мен оқушыларды қуанышымен құттықтады.

- Әрбір елдің болашағы, дамуы – оның білімді, саналы, денсаулығы мықты жастарына байланысты. Біздің елімізде осыған айрықша ден қойылған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген 10 Ұлттық жобада да бұл бағытқа баса назар аударылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соңғы екі жылдың өзінде өңірімізде 41 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл 24 мектеп салу жоспарланған,- деді аймақ басшысы.

Аталған оқу ордасында 700-ден астам бала білім алатын болады. Нысан модификациялық кабинеттермен, 200 орындық асхана, 130 орындық мәжіліс залы және кең спорт залмен қамтылған. Мектептің ішкі және сыртқы безендірілуінің мазмұнына айрықша назар аударылуда.

Өткен жылдың тамыз айының соңында Байзақ ауданында орын алған  жарылыс салдарынан №5 ескі мектептің ғимараты мүлде жарамсыз күйге түскен болатын. Оның орнына 150 орындық жаңа мектеп небәрі 4 айда пайдалануға беріліп отыр.

Жамбыл облысының тарихында 4 айда бұрын соңды мектеп салынбаған. Жаңа жылда балаларымыз жаңа мектепке барады дегенге алғашында ешкім сенбеген еді. Бірақ ол уәде орындалды. Аудандағы алдыңғы қатарлы мектеп біздің ауылымыздан бой көтерді. Бұл жіті бақылаудың, жүйелі жұмыстың нәтижесі деп білемін,- деп ауыл тұрғыны, қария Бейсен Жүргенбаев ризашылығын білдірді.

Бұл күн Шахан ауылының тұрғындары үшін де қуанышқа толы болды. Ауылдықтардың өтініші орындалып, бар-жоғы жеті айдың ішінде 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр. Бұған дейін ескі мектепте оқыған оқушылар енді жаңа, жайлы, заманауи әрі сапалы салынған нысанда білім алмақ.

Сондай-ақ, Көкөзек ауылындағы Т. Ақбозов атындағы орта мектеп ғимаратына, Сарыкемер ауылындағы Байзақ колледжіне жанама салынған құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде оқу орындары кеңейтіліп, онда кең әрі жайлы спорт зал және асхана пайда болды.

Облыс әкімі жаңадан ашылған нысандардың мәжіліс залдарында  жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін, ой-пікірлерін тыңдады.

- Соңғы кездегі оқиғалар ешкімге оңай болған жоқ. Дегенмен, біз Мемлекет басшысының нақты міндеттері мен шешімдерінің арқасында қиындықтарды еңсере білдік. Қазір жағдай тұрақталды.

Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшін, қоғамдық келісімге, ұрпақ тәрбиесіне айрықша назар аударуымыз керек. Балаларымыздың тәрбиесіне мұғалімдермен қатар үйдегі ата-ана да барынша атсалысқаны абзал. Әркім өз балаларын қадағалап отыру керек.  

«Бейбітшілік бар жерде – береке бар» екенін естен шығармайық, - деген Бердібек Сапарбаев ауылдықтарды бірлікке, ел игілігі жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

 

672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз