Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 21 Қаңтар, 2022

Елордалық спортшылар азаматтарды ревакцинациядан өтуге шақырды

Елорда спортшылары коронавирусқа қарсы ревакцинациядан белсенді өтуде. Бүгін олардың бір бөлігі «Абу Даби Плаза» СОО-да орналасқан екпе пунктінде қайта вакцина алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты елордалық спортшылар ревакцинациядан өту үшін келді. Үшінші вакцинация коронавирустың ауыр түрінен қорғап қана қоймайды, бұл сондай-ақ халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылар үшін басты талаптардың бірі болып саналады. Қазақстан құрамасы да 100% вакцинацияланды. Осы құраммен олар 4-20 ақпан аралығында өтетін Бейжіңдегі Олимпиадаға жолдама алды. Мен де өзім және отбасым, туыстарым үшін ревакцинациядан өттім», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.

Айта кету керек, ұлттық құрамалардың спортшылары толығымен, оның ішінде елордалық спортшылар былтыр коронавирусқа қарсы вакцинациядан өткен болатын. Өткен жылғыдай қазір де олар қазақстандықтарды денсаулығын қорғап, елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін ревакцинациядан өтуге шақырады.

«Ревакцинация ең алдымен өз денсаулығым үшін қажет. Спортшы болғандықтан күнделікті жаттығулар, түрлі деңгейдегі жарыстар біз үшін өте маңызды. Мен үнемі жаттығу жасап, оқу-жаттығу жиындарына қатысамын, сондықтан денсаулығымды сақтау әрі шетелдегі халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғау үшін ревакцинация қажет. Біз өз денсаулығымыз үшін ғана емес, жақындарымыздың денсаулығы үшін де жауаптымыз», - деді жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділбек Мусин.

«Бірінші кезекте өзіңе ғана емес, айналаңдағыларға да, отбасыңа да қамқорлық жасау керек. Спортшы болғандықтан және шетелдегі жарыстарға жиі баратындықтан екпе алғанымыз туралы құжат ұсынуымыз керек. Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін де қажет», - деп атап өтті джиу-джитсудан ұлттық құраманың мүшесі Галина Дуванова.

Байдаркада және каноэде есуден спортшы Ануар Акчурин қазақстандықтарды вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырды:

«Тегін ревакцинациялау мүмкіндігін жасағаны үшін мемлекетке алғыс айтамын. Коронавирус пандемиясын жеңуге көмектесу үшін вакцинациядан, ревакцинациядан өтуге шақырамын».

779 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз