Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Қаңтар, 2022

Үнемдеу тенденциясы қалай қалыптасып келеді?

Бүгінгі таңның әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдағы басты қағидасы үнем және үнемдеу болып тұрған сияқты. Себебі, екі жылдан бергі пандемия өз алдына, осыған сәйкес туындаған нарықтағы баға да соған мәжбүрлеп отырғаны даусыз.  

NielsenIQ компаниясы­ның зерттеуіне қарағанда, был­тыр қазақстандықтардың 75%-ы тұрмыстық шығындарды үнемдеген. Мәселен, елдің 67%-ы жаңа киім сатып алуды, 61%-ы ойын-сауықты азайтса, 53%-ы үйден тысқары жерлерде тамақтанбаған.

Өткен жылдың екінші жартыжыл­дығында мейрамханалар мен ойын-сауық орындарындары қалыпты тіршілікке қайта оралып жұмыстарын жалғастыра бас­тады. Бірақ бәрібір бұрынғы тасқын жоқ. Бұл – Қазақстан халқының көңіл көтеруден гөрі, үнемге бейімделе бас­тағанының белгісі. Оның себебі де бар. Әуелі азық-түлік күн санап қымбаттап жатыр. Мәселен, 2021 жылдың соңында жасалған сауалнамаға қарасақ, ел астанасы тұрғындарының 97%-ы осындай мәлімет беріпті. 2020 жылы бұл көрсеткіш 91% болған.

Тура осындай жағдай Алматыда да байқалып отыр. Соған сәйкес Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының әрбір екінші тұтынушысының үнемге бет бұрғаны, әрбір үшінші тұрғынының акциямен сатылатын тауарлар іздейтіні дәлелденді.

Елдегі баға нарқына келсек, тұр­ғындар алдымен нан, сүт өнімі­нің қымбаттағанына қынжылыс білдіреді. Алкогольді ішімдік ба­ға­сының қымбаттауына да наразылық білдірушілер аз болмады. Соған қарамастан, былтырғы деректерге қарағанда, анағұрлым арзан тауар іздеушілер саны Алматыда 18%-ға, Нұрсұлтан қаласында 13%-ға азайыпты. Демек, тұрғындар арасында күн сайын қымбаттап жатқан баға нарқына көндігу тенденциясы да байқалады деген сөз.

NielsenIQ компаниясы жүр­гізген сауалнамасында  дема­лысқа жұмсайтын қаржысын үнем­деу­шілердің бір­шама азайғаны бай­қалады. Басы артық ақшасын инвестиция салуға жұмсайтындар саны 2020 жылғы 13%-дан 2021 жылы 18%-ға артыпты. Есесіне еркін қаржысын медициналық тексеруден өту қызметіне және тұрғын-жайды жөндеу жұмыстарына жұм­сайтындар саны күрт азайған.

Бұл нені көрсетеді? «Ұра берсе, шайтан да өледі» демекші, пандемиясы бар, басқа да себептері бар, нарық­та туындап отырған қым­бат­шы­лыққа қарапайым халық­тың бір­­тіндеп көндіге бастағаны байқа­лады.

АЛ ЕЛІМІЗДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК НАРҚЫНДАҒЫ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

Былтыр жыл соңында елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының 0,1%-ға төмендегені ресми түрде айтылды. Атап айт­қанда, арзандау тенденциясы Түр­кістан облысында 0,6%, Астанада 0,3%, Шымкентте және Маң­ғыстау облысында 0,2%, Алматы қаласы мен Қарағанды облысында 0,1% көлемінде делінген.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік нарық субъектілеріне 113 ескерту жасап, 16 тексеріс жүргізген.Бұл турасында жыл соңында премьер-министр төрағалығымен өткен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу жөніндегі жиында айтылды.

Бұл орайда Әлихан Смайылов бастаған жаңа үкімет білек сыбана жұмыс істеуге кірісті. 

Сауда барысындағы қосымша бағаны 15%-дан 10%-ға дейін тө­мендету туралы өндірушілермен, көтерме саудагерлермен және сауда тораптарымен былтыр 192 келісім жасалған. Бұл тарапта 75 бұрмалау анықталып, жағдай реттеліпті. Жыл соңында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қолда бар тетіктерді пайдалана отырып әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын тұрақтандыру және төмендету жұмысын одан әрі жалғастыру тапсырылды.

Былтырғы желтоқсан айында осындай іс-шаралар барысында азық-түліктің жылдық бағасының 0,4%-ға, ал жалпы инфляцияның 0,2%-ға төмендегені ресми айтыл­ған болатын.

Үнемдеу – еріккеннің шаруасы емес. Қымбатшылықтан қажу­дың белгісі. Әйткенмен былтыр әлеу­меттік маңызы бар тауарлар құны елімізде аса қымбаттамаған. Он бес аймақта әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының көтерілуі тіркелмеген. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласында 0,2, Павлодар мен Маңғыстау облыстарында 0,1 пайыз арзандау байқалған.

Оған қоса кейбір азық-түлік түрлері бағасының төмендеп келе жатқаны белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, қарақұмық 0,6%, қант, сәбіз, тауық еті мен күріш 0,1% арзандаған. Басқа өнімдер нарқы тұрақты, яғни қымбаттау жоқ деген сөз.

Осының бәрі үкімет атқарып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Былтыр жыл соңында бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұн, кеспе, құс етін өндірушілер арасындағы жасырын келісімдерді әшкерелеп, Қоста­най және Алматы облыстарының басшылығына алты ескерту жасалды.

Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарының өндіру­шілеріне, көтерме тауар жеткізу­шілері мен сауда тораптарына қосымша сауда бағасын 15%-дан 10%-ға дейін төмендету ескертілді.

Облыс әкімдіктеріне тұрақтан­дыру қорындағы азық-түліктің бес айлық қорын қалыптастыру, азық-түлік бағасы­ның шектеулі мөлшерін белгілеу туралы тапсырма берілді.

Дәл қазір аймақтарда қосал­қы қорлар қалыптастырудың да маңызы зор. Былтырғы желтоқсан айының соңындағы деректер бойынша елімізде мұнай өнімдерінен 200,6 мың тонна бензин және 215,8 мың тонна дизель қоры жи­нақ­талыпты. Бұл мөлшер ық­тимал жағдайда елдің 15 тәуліктік қажеттілігін жаппақ...

Бірінші қолданыстағы тұрмыс­тық заттар мен азық-түлік нарқына қайта тоқталуымыз керек. Жо­ғарыда айтып өткеніміздей, ел ішін­де акциямен сатылатын тауарға деген сұраныс артып отырғаны айдан анық.

Бұл орайда әуелі азық-түлік, киім-кешек және аяқ киім көбірек сатып алынады. Ал зоо­тауар мен дәрі-дәрмекке және авто­­мо­бильге деген сұраныс көп төмендеген.

«Ораза-намаз тоқтықта» демек­ші, халықтың соңғы кезеңде қар­жысын толықтай азық-түлікке жұм­сайтыны байқалады. Бір сөзбен айтқанда, ел тұрғындарының басында біраз қиналғанымен, етектен тартқан қымбатшылыққа көндігіп, оны жеңуге бейімделіп қалғаны байқалады.

Дегенмен бұл да қымбатшы­лықты жеңудің басты постулаты бола алмайды. Осы орайда жаңа үкіметтің де соңғы кезде қатты күшейе бастаған қымбатшылықты тежеудің іс-шара­сын қарқынды жүргізуі қажет екені белгілі.

Өмірзақ МҰҚАЙ
"Tenge Monitor" газеті

1384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз