Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 27 Қаңтар, 2022

Әлем және Қазақстан спорт жаңалықтары (4-ші шығарылым)

Qazaq Gazetteri

Әлем футболы

Еуропа чемпионатында жүрегі ұстап қалған Кристиан Эриксен қай клубпен жаттығып жүргені белгілі болды

Дания құрамасының жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксен "Аякс" клубының екінші командасымен жаттығып жүр, деп хабарлайды голландиялық ұжымның баспасөз қызметі.

Эриксен 2010-2013 жылдары "Аякс" сапында 163 матчта алаңға шығып, 32 гол соққан.

"Қиын жағдайға тап болып, шәкіртіміз клубтан көмек сұрап келіп тұрса әрқашан есігіміз ашық. Оның бізбен жаттығу жасап жүргеніне қуаныштымын. Эриксен – жастар командасында көпке өнеге болатындай ойыншы", - дейді жаттықтырушы Джон Хейтинг.

Еске салайық, Кристан Эриксен Еуро-2020 турнирінде Дания мен Финляндия арасындағы матчтың бірінші таймында есінен танып қалған болатын. Артынша медициналық тексерістің нәтижесі бойынша дат футболшыда жүрек талмасы болған. Осыған орай, ол доп теуіп жүрген "Интер" келісімшартты бұзуға мәжбүр болды.

«Реалдың» аты аңызға айналған ойыншысы қайтыс болды

18 қаңтарда 88 жасқа қараған шағында «Реал Мадрид» футбол клубының аты аңызға айналған ойыншысы әрі президенті Франсиско Хенто дүниеден өтті.

Мадридтік клуб ресми сайтында атақты футболшының қайтыс болуына орай жазба жариялап, оның туыстарына, әріптестеріне және жақындарына көңіл айтты. Сонымен қатар, оның ұлы футболшы ретінде ел есінде мәңгі қалатынына сенім білдірді. 

Айта кетейік, Хенто — Еуропа чемпиондар кубогын алты рет жеңіп алған тарихтағы жалғыз футболшы. Ол 1953 жылдан 1971 жылға дейін мадридтік клубта өнер көрсетті. 18 маусымда ол 6 Еуропа кубогын, 12 Испания чемпионатын, екі Испания кубогын және басқа да бірқатар турнирді жеңіп алды. «Реал» сапында жалпы 23 жүлде алған. Корольдік клуб сапында Хенто 600 матч өткізіп, 182 гол соқты.

 

Луис Суарес мансабын Англияда жалғастыруы мүмкін

"Атлетико Мадридтің" шабуылшысы Луис Суарес "Астон Виллаға" ауысуы мүмкін, деп хабарлайды журналист Жерар Ромеро.

Оның айтуынша, 34 жастағы уругвайлық футболшы "Астон Виллаға" ауысуға ниетті болғандықтан, бразилиялық клубтардың ("Атлетико Минейро", "Коринтианс", "Палмейрас") және Сауд Арабиясындағы бір команданың ұсынысынан бас тартты. Суаресті англиялық клубтың бас бапкері Стивен Джерард шақыруда.

Бұл трансфердің осы қыста орын алуы екіталай, бірақ келесі жазда Суарестің "Атлетикомен" келісімшарты аяқталады.

Осы маусымда Суарес Ла Лига мен Чемпиондар лигасында 25 ойын өткізіп, 8 гол соқты.

 

Қазақстан Футболы

«Ақтөбенің» биылғы бюджеті 3 млрд теңге ме? Клуб жауап берді

Кей бұқаралық ақпарат құралдарында «Ақтөбе» футбол клубының бюджетіне қатысты ақпарат тарады.

Дәлірек айтқанда, Желіде ақтөбелік клубтың 2022 жылға бюджеті 3 миллиард теңге екені жазылған. Клуб бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

«Осыған сәйкес «Ақтөбе» футбол клубы аталмыш ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Ақтөбе облысы әкымдігінің 2021 жылғы 15 желтоқсанындағы «Облыстық мәслихаттың 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетті жүзеге асыру» туралы №406 қаулысына сәйкес клуб бюджеті 1,2 млрд теңгені құрайды. Бюджет ұлғайтылған жағдайда ресми хабарланатын болады.

Жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерін ресми ақпаратқа ғана назар аударып, клуб абыройына нұқсан келтіретін хабарлардан аулақ болуға шақырамыз», - деп жазды клуб баспасөз қызметінің өкілдері.

 

5 миллион? Сүйімбаев пен Тұңғышбаевтың жаңа командасында қанша жалақы алатыны айтылды

"Ақсу" сапына ауысқан Гафуржан Сүйімбаев пен Еркебұлан Тұңғышбаевтың қанша жалақы алатыны айтылды, деп хабарлайды "СпортРадар.kz" телеграм-каналы. 

Дереккөзің ақпараты бойынша, бұл екі футболшы да айына 5 миллион теңгеден айлық алады екен. Ал "Ақсу" командасының жалпы алдағы маусымдағы бюджеті 902 миллион теңге. Автордың есебіне жүгінсек, осы екі футболшының жалақысына команда бюджетінің тоғыздан бір бөлігі кетеді. 

Еске салайық, екі футболшы да "Ақсу" сапына Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде қосылды. Осыған дейін 31 жастағы Сүйімбаев "Қайрат" намысын қорғап, алматылық команданың капитаны болды. Өткен маусымда ол ауыр жарақат алып, жаздан бері алаңға шықпады. 

Ал Тұңғышбаев "Қайраттан" кеткеннен кейін "Ордабасы" сапына ауысты. Бірақ маусым соңында оның шымкеттік командамен келісімшарты аяқталды. 

 

«Мен барлық жігіттерді мақтан тұтамын». Дуглас Финляндиямен матч жайлы пікір білдірді

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Дуглас Жуниор футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің 2-ші турындағы матчта Финляндия құрамасын жеңгеннен кейінгі эмоциясымен бөлісті.

«Сөз жоқ, керемет атмосфера. Біздің командада қандай атмосфера! Мен барлық жігіттерді мақтан тұтамын, біз Қазақстан үшін, еліміз үшін күресуді жалғастырамыз. Барлығы бірге, соңына дейін. Жігіттер, бүгін үлкен жеңіс! Алда алар асу көп», - деп жазды ойыншы Instagram-да.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы Финляндия құрамасын 6:2 есебімен ұтып, екі кездесуде 4 ұпай жинап, В тобында бірінші орынға шықты. Соңғы турда қазақстандықтар Италия құрамасымен кездеседі.

Жанарбек Әлихан

 

25473 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз