Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Қаңтар, 2022

Таза адам ғана тура жолмен жүреді

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Бейбіт, мамыражай жатқан тыныш ел едік.  Қаңтар қасіреті әрі-сәрі ойға салды. Кінәлаудан аулақпыз. Тек сабақ алсақ дейміз. Билік те, халық та.  Қаңтар оқиғасы көп нәрсені қайта бағамдауға жол ашты. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен кездесуде біраз жайттарды ашық айтты.

– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша  теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент.

Бұл шындық. Осы уақытқа дейін ат төбеліндей байлар елдің байлығын бауырына басты. Байыды. Тіпті кейбіреулері шетел асты. Сырт елдегі банктерде қаржыларын ұстады. Енді олай болмайды. Қатаң бақылау орнатылады.

Рас, көбіне жалған статистикамен өмір сүрдік. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Ал жалған сөйлеу жарға жығады. Мұны білсек те, үндемедік.

Бай мен халықтың арасы алшақтады. Екі тараптың өмір сүру деңгейі әртүрлі деңгейге жетті. Отандық кәсіпкерлермен кездесуде мұны мемлекет басшысы басып айтты, ашық айтты. Енді бәрі нақты, тура  болуы қажет. Игерілетін қаржы да, бюджет те, халықпен әңгіме де. Ашықтық бар жерде ғана әділеттілік болады. Ал адал өмір сүргенге не жетсін?!

Қаңтар қасіретінің орын алуына кінәлілер бар. Оны жасыра алмаймыз. Бәрі де анықталар. Жазасын алар. Қыршын кеткендер аз емес. Ол да біреудің баласы, әкесі, ағасы немесе бауыры. Отанына опасыздық жасағандар да қатаң жазасын алар. Тек қаңтар қасіретінде жазықсыз жандар жапа шекпеуі тиіс.

– Қылмыстың 70 пайызын негізінен тәртіпсіздіктерден туындаған хаос процесінде Алматы қаласының сауда объектілерінен жасалған ұрлық туралы істер құрайды. 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша, тағы 30 іс оларды ұрлау фактілері бойынша тергелуде. 63 қылмыстық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12 – автокөлікті айдап кету, 24 – қарақшылық және тонау, 23 – құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғу фактілері бойынша тіркелді. Ұрлық пен тонау жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды. Ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденді, – деді  ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Ал Бас прокуратураның Бірінші қызмет бастығының орынбасары ­Елдос Қилымжанов бүгінгі күні соттар Қаңтар оқиғасына байланысты 9257 әкімшілік істі қарағанын мәлімдеді.

Оның ішінде:

- 4584 адамға ескерту жасалды;

- Прокурорлардың өтініштері бойынша қамауға алудан 1049 адам босатылды;

- 577 іс бойынша айыппұлдар ескертулерге ауыстырылды;

- 393 қылмыстық іс құрамы болмауына байланысты толығымен тоқтатылды;

- Сотпен әкімшілік қамауға алынған 3314 тұлғаның ішінен бүгінгі күні тек 63-і қамауда қалды.

Бәрі де орнына келер. Тоналған мүлік те, қираған ғимарат та. Алайда оқ тиіп, өмірден кеткен адамның орнын еш толтыра алмаймыз. Бірақ қаңтар қасіреті мемлекет болып қалудың бір ғана амалы барын көрсетті. Ол – ұлттық бірлік. Бірлігі мықты ел ғана бекем болады. Бір тілмен сөйлейтін елдің еңсесі биік, барлық салада мемлекеттік тілі тұғыры жоғары тұратын ұлттың жүзі жарқын. Солай болса дейміз. Қазақ демографиялық тұрғыдан өсті. Елде 70 пайыздан астам басымдығы көрініп тұрған титулды ұлтқа айналдық. Ендеше, мемлекет құрушы ұлттың түйткілді мәселелері барынша шешімін табуы тиіс.  Жаңа Қазақстан қоғамын құру барысында ескі мәселелер қалмауы тиіс.

Биліктің беті бері қарады. Халыққа бұрылды. Биліктің қайнар көзі –халық. Ендеше халықты бұрынғыша басқаруға болмайды.  Өйткені елдің  талабы да барған сайын жоғары бола түседі. Есте ұстар жайт, бұдан былай көшеге шығып, тонап, қиратып, бұзақылыққа барудың қажеті  шамалы. Біз талап етудің заңды, заманауи, өркениетті амалына қадам басуымыз ­керек. Билік те бұған түсіністікпен қарауы тиіс, көтерілген мәселе тез арада шешімін тауып жатса, арада ешқандай проблема болмайды.

– «Біз жаңа саяси мәдениет қалыптастырып жатырмыз. Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт. Өзгенің пікірін құрметтеп, диалог жүргізу арқылы ғана еліміз ілгері жылжиды».  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев twitter-дегі парақшасында осылай деп жазды.

Халықпен қашан да тұрақты диалог керек. Талап қою көшеге шығып, дүниені қирату емес. Біз талап қоюдың мәдени саяси деңгейін де  меңгергеніміз абзал. Бұл жерде көп нәрсе билікке де байланысты. Сонда ғана екі тараптың ортақ түсіністігі молаяды. Диалог болған жерде өзара сенім арта түседі.

Рас, астамсып қараған бюрократиялық жүйемен, жемқорлық жайлаған қоғаммен алға басу  мүмкін емес. Бұлай  өмір сүре беруге де халықтың шыдамы жетпейді. Әлемдік өркениет жылдам дамып барады. Біз көштен қалмауымыз керек. Мемлекет мүддесі жоғары тұратын елде ғана ілгерушілік пен даму болады.

– «Мен үшін мемлекет мүддесі кіммен болмасын жақсы қарым-қатынастан жоғары», – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы қағида әрбір азамат, мемлекеттік қызметкер, бизнесмен, зиялы қауым өкілі үшін ең басты императив болуы тиіс. Әр адам кіршіксіз таза болуы керек. «Жаңа Қазақстанның» моральдық түп-тамыры осы принциптен басталары сөзсіз. Бұл принцип жалпыға бірдей моральдық-рухани ереже болуы шарт, – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Заиров.

Рас, таза адам ғана тура, адал жолмен  жүреді. Бұл, ең алдымен, биліктегі  атқамінер шенеунікке, сосын қарапайым адамға тікелей қатысты. Ортақ түсіністік бар жерде алынбайтын қамал жоқ. Бізге тәуелсіз елдің шаңырағының шайқалмағаны қымбат.

Президент пәрменімен «Қазақстан халқына» қоры құрылды. Қазір жүйелі түрде қорға кәсіпкерлер мен елдегі іргелі компаниялар қомақты қаржы аударып  жатыр. Демек, енді бәрі Қазақстан халқының игілігіне жұмсалуы тиіс.

908 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз