Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 27 Қаңтар, 2022

Райхан Шанина: Өнер саласы менің арманым болып қалды

ХХ ғасырда халқымыз жер бетінен жойылып кете жаздады. Осылай деп айтуға ғана оңай. Егер қазіргі әрбір қазақ өз әулетіндегі өткен ғасырдың нәубеттерінде мерт болғандарды түгендесе, сұмдық сандар мен оқиғаларды көрер едік. Осындайда ақын Жұмекен Нәжімеденовтің: Өлең бар әр бұтақта жүз жапырақ, Өмір бар жүз драма бір бас сайын, – деп келетін өлеңі ойға оралады.
Қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның ең алғашқы халық артисі (1931 жылы)  Жұмат Шанин әулеті туралы айтқанда да біздің көз алдымызға, күні кешегі халықтар түрмесіне айналған мемлекет келеді. Дегенмен орнында бар оңалады. Ол кісіден де ұрпақ қалды. Өткен жылдың желтоқсан айында Шымкенттегі өзінің атымен аталатын театрдың алдына, халқымыздан шыққан сол тұңғыш, ұлы режиссердің еңселі ескерткіші бой көтерді. Осындай қуанышты оқиғадан кейін Жұмат Шаниннің немересі Райхан Қасымханқызымен сұхбаттасудың реті келді.

– Әңгімені алдымен өз өміріңізден бас­тасақ. Қайда, қашан тудыңыз дегендей.

– Шымкент қаласында дүниеге келдім. Сонау елуінші, алпысыншы жылдары Шымкенттегі орыс мектебінде оқыдым.

– Мектепте «Халық жауының» ұрпағы деген секілді шеттету көрген жоқсыз ба?

– Ленин атындағы мектеп, сол кездегі ең атақты мектептің бірі еді. Сыныптағы 25 баланың ішінде бес-ақ қазақ болдық. Әйгілі Жұмабек Тәшеновтің ұлы Мұрат Тәшенов те біздің сыныпта оқыды. Сол секілді Алла Ниязбекова, Айман Таңарова тағы басқа кілең белгілі адамдардың балалары. Көзге шұқып, кеудеден итермесе де қазақ балаларына деген бір суық көзқарас сезілетін. Қазір сол мектеп әлі бар, гимназия делінеді.

– Орта мектептен кейін өнер саласын таңдадыңыз ба?

– 1967-1968 жылдары «Тақиялы періште» фильміндегі Әйменнің рөлінде ойнадым. Сол тұста әкем Қасымхан Шанин қырғыз фильм режиссері Болат Шәмшиевтің «Қараш-Қараш» фильміне түсіп жүрген. Кенеттен жүрегі тоқтап (инфаркт) қайтыс болды. Бұл күтпеген жағдай отбасымызды қатты күйзелтіп кетті. Әке-шешемнің ұйғарымымен, өзімнің арманым бойынша Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік киноматография институтына түспек едім. Үйдің үлкені мен. Анама сүйеу болайын деп, сол арман-мақсатымнан бас тартуға тура келді. Мүлде басқа мамандық бұйырып тұрыпты. Ойда жоқ жерден Алматыдағы Халық шаруашылығы институтының экономист мамандығына түстім. Көп жыл банк саласында қызмет істеп, зейнетке шықтым.

– «Тақиялы періштеден» кейін басқа фильмге түспедіңіз ғой?

– Иә. Ол сала менің арманым болып қалды. Бірақ балаларым мен үшін сол олқылықтың орнын толтырғандай болды. Ұлым мен қызым екеуі де Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебін бітірді. Қазір өнерсүйер қауым Арман Мырзағалиевті біледі. Аталған мектептен кейін ол өз бетімен Мәскеу консерваториясына түсті. Халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Қазір Америкада тұрса да жиі келеді. Індет басталғанға дейін бес жыл қатарынан Алматыда фестиваль («FORTE MUSIK FEST») өткізді. Әлемнің небір мықты музыканттарын елге ертіп келіп, қазақ жас­тары, жалпы қазақ өнері өсе түссе екен деген баламның ниетін мен де ана ретінде қуана құптаймын. Ал қызым Айжан еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайролла Жұмекеновтің жетекшілігімен Алматы консерваториясының флейта сыныбын тәмамдады.

– Атаңыз Жұмат Шанин еш арнаулы оқу орнын бітірмесе де, аса талантты адам болғанын көзіқарақты оқырман біледі дегенімізбен, ұлтқа алғаусыз қызмет ету жолында, жазықсыз жазаланған сондай жандар туралы қанша айтсақ та артық болмайды.

– Әрине. Атам Қазақстанда еш жерде театр жоқ кезде, Семейде «Ес аймақ» театр труппасын құрған. Қоянды жәрмеңкесінде жүрген Әміре Қашаубаев, Қалыбек Қуанышбаев, Иса Байзақовтарды театрға әкелген. Қызылорда қаласында тұңғыш кәсіби қазақ театрының режиссері, директоры болған. Ол қазіргі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театры. Қазіргі Абай атындағы опера және балет театрының да негізін қалаушылардың бірі. Қырғызстанда қызмет істеп, Бішкек театрының ашылуына қолғабыс жасаған. Сол Қырғызстанда жүрген Юрий Людвигович Рутковскийдің Алматыға келіп, қазіргі Лермонтов атындағы театрды ашуына түрткі болған да менің атам. Одан кейін Оралда театр ашу ісімен шұғылданып жүргенде, 1937 жылы қазан айында тұтқындалған. Алматыға әкелініп, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин қатарлы зиялылармен бірге атылған. Содан бір-ақ жыл бұрын Мәскеуде өткен қазақ өнерінің алғашқы онкүндігіне де бүкіл әртістер қауымын, Темірбек Жүргеновпен бірге менің атам бастап барыпты. 

– Атаңызды орыс зиялылары да қолдап, жоғары баға беріпті.

– Ол заманда Мәскеу жақтан қолдау аса қажет болған ғой. Бірақ атамның ісіне шынымен разы болса керек, әйгілі Константин Сергеевич Станиславский: «Келешектегі ұрпақтарыңыз Сізді әңгіме етпей қоймайды. Сіз сеніңіз маған, өзіңіз туралы халқыңыз аңыз қылып айтып, аузынан тастамайтын тамаша рухани мұра жасадыңыз. Қоғамдық өмірдегі алған бағытында бүтін бір халық үшін пионер болу әркім­нің сыбағасына тие   бермейді» депті.

– Жұмат Шанин ұлы режиссер, білікті ұйымдастырушы ғана емес, «Арқалық ­батыр» секілді спектакль жазған ­драматург әрі актер болғанын бүгінгі ұрпақ білгені жақсы. Енді атаңыздың ­балалары туралы айтсаңыз.

– Жұмат атам мен Жанбике апам өмірлері ондай тозаққа айналады деп ойламаған шығар. Кім тағдырын алдын ала болжай алады. 1927 жылы Мәскеуге бара жатқан жолда емшектегі ұлы Аян шетінеп кетеді. Мәскеудегі мұсылман зиратына жерленеді. Үлкен ұлы, қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы атанған Рауыпбек, атам ұсталып, атылып кеткеннен кейін, 1939 жылы Мәскеуде Юрий Исаевич Янкелевичтің сыныбында оқып жүргенде науқастанып, қайтыс болады. Мұндай орны толмас екі бірдей қазаны көтеру апама оңай болмағаны анық. Менің әкем Қасымханды атамның інісі Әкіш бауырына басып, атына жаздырып аман алып қалған. Апам Жанбике де актриса болған адам. Жазаланған зиялылардың әйелдерімен бірге апамды да Қарлаг-қа алып кеткен. Ол кісі сол лагерьде ұзақ жыл азап шекті. Тек атам ақталғаннан кейін бостандыққа шығып, бір жылдан кейін  дүние салды.

– Бала кезіңізде үлкендер атаң, апаң осындай керемет адамдар болған деген секілді естеліктер айтушы ма еді? Ерекше есіңізде қалған қандай оқиға бар?

– Жоқ. 1937–1938 жылдар туралы ләмим әңгіме айтылмайтын. 1958 жылы атамның ақталғаны туралы хат келгенде, отбасымызбен қатты қуанғанымыз есімде. Ол кезде үйде телефон жоқ. Ата-анам, кішкентай інім Болат бар, ең жақсы киімдерімізді киіп, қазпоштаға барып, Шәкен ағаға (Айманов) қоңырау шалып, сүйінші сұрадық. Атамыз ақталды, біз енді «халық жауы» емеспіз деп. Сол қуаныштың жетегінде, Алматыға қоныстануға талпындық. Әке-шешем, Болат үшеуі кетті. Мен Шымкентте қалдым. Бірақ жағдай жасалмады. Бас­пана берілмеді. Сосын олар қайтадан Шымкентке қайтты.

– Сіздің әкеңіз Қасымхан негізінен Шымкент театрында жұмыс істеді ғой?

– Тек әкем емес, Әкіш атам да, сол кісінің жары Мәкіш апам да, нағашым Мұқатай аға да сол театрда еңбек етіп, қазіргі атамның атындағы өнер ордасының биік деңгейге жетуіне үлес қосты. Бүгінде телевизиялық фильмдерде қолданылып жүрген кейіпкерлері екі тілде сөйлейтін әдісті, менің әкем «Шоқан Уәлиханов» атты өзі қойып, өзі басты рөлде ойнаған спектакльде қолданғаны есімде. Спектакльге мен де актриса ретінде қатыстым.

– Ініңіз Болаттың мамандығы басқа ма?

– Ол да өнер саласында. Мәскеудегі М.С.Щепкин атындағы театр институтын тәмамдаған. Театрда қызмет етті, киноларға түсті, қазір белгілі театртанушы маман.

– Сіздің сөзіңізден Шәкен Аймановпен, отбасымен етене араласқандарыңыз көрініп тұр. Сол жөнінде тарқатып айтсаңыз.

– Шәкен Айманов атаммен дос еді. Мәселе екеуінің де Баянауыл өңірінің перзенттері болғандығында емес. Оны ұлы адамдардың бір-бірін түсінуі, сыйласуы деп қарау керек. Әрине, олар өте қиын кезде өмір сүрді. Әсіресе «халық жауы» деген қарғыс атқан атаудан қорықпайтын пенде жоқ болатын. «Халық жауы» екен деп Айманов атамның ұрпағынан теріс айналып кеткен жоқ. «Халық жауы» емес екеніне сенді. Жала жабылғанын білді. Әрбірдесін ол кеңестік сұрқия саясат үшін  теріс айналатындай тексіз емес, нағыз текті тұлға еді. Жоғарыда айтқанымдай біздің ол кісімен қуанышымызды бөлісіп, сүйінші сұрап жүргеніміз де содан.

Шәкен аға Шымкентке жолы түскенде серіктерімен біздің үйге келетін. Әкіш атам, әкем сол кісінің фильмдеріне түсті. Соның өзі, өнер адамы үшін үлкен қамқорлық.

– Әлемжеліде атаңыз 1892 жылы туған деп жүр. (Бір саны екі болып қате жазылған болар).  1892 жылмен  есептегенде былтыр емес, биыл туғанына 130 жыл толады.

– Әрине, қате көрсетілген. Шым­кенттегі театрға атамның есімі 1971 жылы 80 жылдығына орай берілген. Былтыр сол театрдың алдына ескерткіші қойылды. Ол үшін қаланың әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Атама деген құрмет әліде жалғасатынына сенемін. Ол Тәуелсіз елдің ертеңі, болашақ ұрпағы үшін қажет.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ 

1697 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз