Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 30 Қаңтар, 2022

Риза Ысқақ: Адамдық өлшемі - рухани тазалық

Көптеген оқырманды адамның рухани өзегін құрайтын дін мен діл, болмыс тәрізді сан түрлі сауалдар толғандыратыны сөзсіз. Осы бағытта жаңаша ізденіп, тосын тұжырымдар жасайтын жастарымыз аз емес. Әрине, олардың ой безбеніне салып, қарастырған сауалдарында кейбір тың дүниелер де көптеп кездесуі заңдылық. Өйткені, жастар қашанда жаңашылдыққа қарай қадам жасайды. Осы ретте редакциямызға келіп түскен мына бір сұхбат осындай ерекшелігімен тәнті етті. Ақтоты Балғабайдың редактор-журналист Риза Ысқақпен екеуара өрбіген өрелі әңгімесінен сіз бен бізді толғандырып жүрген біраз жайтқа қанық боларымыз хақиқат. 
 

–  Риза ханым, қош келдіңіз! Сіз басында неге сұхбат беруден бас тарттыңыз? Кімге сұхбат беретініңізді таңдайсыз ба?

 – Қош көрдік, Тоты. Иә. Күй талғаймын. Сәтін күттім.

– Жақсы. Сіздің аналитикалық мақала, саяси-мәдени, әлеуметтік өткір публицистикалық еңбектеріңізден гөрі мені  лирикалық-биографиялық эсселеріңіз бен рухани жазбаларыңыз көбірек қызықтырады. Қашаннан бері рухани жолдасыз?

– Он сегізде ізденіс басталды. Ал іс жүзінде он тоғыз жасымнан. Жалпы жас журналисті рухани жолдың қызықтырып отырғандығының өзі сіздің деңгейіңізден, ішкі мазмұныңыздан біршама хабар беріп тұр. Сауалыңызға ризамын.

– Рақмет, Риза ханым.

– Мені зиялы дейді, Сөз Иесі, интеллектуал, оқымысты, философ, идеолог, аналитик дейді. Анығында, қанша рухани болсам да, шығармашылық адамы ретінде бір әлсіздігім бар.  Ол – ән-би. Әуезді әуен естісем, арқасы бар бабаларыма ұқсап ұшамын да кетемін (езу тартты, көздері де күлді). Табиғатыңызда бір ерекшелік қатты көзге түсіп тұрады деп жатады ұдайы. Қазақы үнімнен бөлек. Ол мыс қой. Мәселен, менің ұстазым Әкім Тарази мен Роза Мұқанованың да мысын сезетінмін. Сол сияқты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш кезіккенде, сауалымды қойып тұрғанда да, фотоға түскенде де бөлектеу бір мысын сезіндім. Қарасының өзі бойымнан, өңменімнен ішке өтіп кетті. Олардың бәрі әуелден жай адамдар емес еді. Пірлері бар. Рухтары бар. Рух деген не екенін өзіңіз білесіз.

Ұлық Аллам, аталарым мені рухани ілімге тек 19 жасымда жіберді. Алғаш рет илләәһи әлем турасында, рухтың қайда орналасқанын, зияраттаудың, интуицияның не екенін, өзіңнің періштелеріңе тапсырма беруге болатынын білдім. Көкірек көзімнің ашылмағанына көңілім толмады. Ақырындап Алла алдындағы міндеттерімді орындап: әділдік үшін күресу, дұрыс сөзбен, іс-әрекетпен күресу, эгоммен күресу - маңызға ие болды.  Жиһад деген сөзді жиі естіп қаламын. Түсініңіз, жиһад деген – алдымен өз-өзіңмен күресу, жақсы жолға бұру, әділдік үшін күресу. «Сіз әділдік үшін күресесіз» деп жазылып қойған сияқты көрінеді кей кейде маңдайыма. Туған ай-күнім, жылым да – сандар ғылымы да солай сөйлейді. Табиғатымнан ақиқатшылмын. Күнделікті өмірде төзімді болғаныммен, әділетсіздікке, өтірік-өсек, жалаға күйіп кетемін. Ел басқару ісіне, билікке баруға сол үшін тіпті де ұмтылмаймын. Сондықтан, халық арасында қызмет етемін. Халық арасында да періштелер көп. Әйтпесе, сәл көтеріле бастасаң, қызғанып бастайды. Ал мен бала кезден көзге түсіп қала беремін. Қасақана емес. Ол – менің табиғатым, жаратылысым. Әкем – халықтың адамы еді. Жалпы халықтың адамы болу әуелден маңдайға жазылады. Әрине, «Әс-Сабур» дейсің, сабырлық қыласың. Аллам сабырлылармен бірге. Кіммен Алла бірге болса, сол жеңіске жетеді. «Аққа – Құдай жақ!» деп біздің қазақтар бекер айтпайды. Сөз қадірін, қасиетін бала кезден етене ұғынатын ұлтпыз ғой.

Жаратқан айрықша шексіз махаббатпен жаратқан пенделеріне барлық ауыр мәселенің шешімін де, жеңілдігін де қоса беріп қойыпты. Біз бәріміз Хақ Тағаланың – халифасымыз. Бізді Аллаға жеткізетін – періште. Періште оң жақта отырады. Тілекшің. Періштелер бізге тура жол берсін, Аллаға жеткізсін.

 – Сіздің «Қазақтар сынды қабылдай алмайды» деп жазған постыңызды оқып ем. Неліктен?

– Сынды бала кезден есітіп келе жатқан соң. Әсіресе, білім-ғылым, мәдениет туралы айтсаң, тыңдағысы жоқ. Құлақ аспайды. Ал шетелдіктер қолдарынан блокнот, қаламдарын тастамай, түртіп жүрер еді. Кейде небір-небір комментарийлерге еріксіз көзім түсіп кетеді. Біреудің шашына, етегіне тиісіп, таусылып, көсіліп ұзақ-сонар сөз қылады. Бабалары шынымен шешен болған ба дерсің!? Тек шешендіктің бір шарты – қисынды сөйлеу емес пе еді??? Жағамды ұстаймын. Оны да Ұлық Алламның бір пендесі жазып отыр-ау. Есім түзу, ауызым болған соң, рухани, діни мәселелерді талқылауға да санам дап-дайын деп отырған жайы бар шығар. Оны да тапқан ана бар. Нендей өкінішті...

Бірақ, мен білімі болғанымен, Раббымның алдында тазалығы жоқтарды да білемін. Жүрегі ақ адамдар көп болса екен. Осылардың дұғасын қабыл етсін. Жүрегі ақ па? Жүрегіне қараңыз. Иман – жүректің ақтығында, сәлде оранғанында емес. Ертеңгі күні Ол «Балағыңды қанша сантиметр кестің?, Сақалыңды неге ұзартпадың?, Жұрттан дараланып, көзге түсіп хиджаб кидің бе?» деп емес, алдымен, жаныңды тексереді. Флешканы ашып жіберіп «Мен берген білімге амал қылдың ба!?»,  «Бауырларыңмен, туыстарыңмен қарым-қатынасың қалай болды?, Аманатқа қиянат қылмадың ба?, Жақындарыңа қастық қылдың ба?, Жетімнің көз жасына қалып, қан қақсаттың ба?!». Әлбетте, сұраласың. Осы сауалдарға жауабың дайын ба? Өзіңді жөн-жосықсыз Пір Бекет атадай, Арыстан Баб, Қожа Ахмет Яссауидей әулие, тақуа көрмей, біреудің жалбыраған шашын қырық күн, қырық түн сөз қылып, мысқылдап қарқ-қарқ күліп, төрелік еткенше, ниетіңді жазып алушы періштелеріңнен бір мезет ұялсаңшы. Ойлан, сенің өз жүрегің ақ па, кең бе!? Ниетің түзу ме? Сенімдісің бе??? Қаншалықты?

Қасиетті Құранның бетін күніне, аптасына неше рет ашасың? Қайдан білесің, мүмкін ол Алланың сүйген құлы шығар? Сен қалай үкім кесе аласың? Бәрінен биік сен бе едің? Сонда рухани деңгейің қай сатыда? Ойлан, күнделікті кекетіп, мысқылдағаннан сенің үлкенді-кішілі жындарың, перілерің ғана күшейіп, риза бола түспек. Алайда, Алланың асықпайтынын ескер. Тек Оның ғана есебі түгел. Сауап артыңнан барып тұратыны сияқты, қылған қастықтарыңды Құдай құр жібермейді, бекітілген күні залымдығыңның аяусыз өтеуі міндетті түрде бар. 

7-21 ұрпағыңды ойла. Алла – ештеңеге мұқтаж емес, ертең оған ақша бере алмайсың. Әлбетте, Алла сізді өлгеніңізше күтеді. Ал аруақ кешірмейді. Аруақ – өзіңнен болған соң аямайды. Олар – Алланың берген қорғаушылары ғой. Мәселен, ақ аруақтары барлардың, қасиет берілгендердің өз пірлері болады. Пір Бекет атаның, менің Жамбыл бабамның да артында еріп жүретін арыстан, қасқырлары болған. Садақа бар нәрсені көтереді. Өлімнен басқасының бәрін жеңілдетемін деген. Мүмкін болса, амалдарыңызды бес уақыт намазбен бекітіңіздер.

– Мен ғаламтор беттерінен рухани тақырыптардағы еңбектерді жиі іздеп тұрамын. Неге нақты-нақты ашып түсіндіретін сұхбаттар мен материалдар аз. Дуа, сиқыр, қара магия жайлы ел білгісі келеді. Көкіректегі сауалдарына көбіне-көп жауап таппайды.

– Ескеріңіз, зияраттау туралы да жұрт дұрыс біле бермейді. Зияраттаудың жөні осы екен деп алып-ұшып отбасы, бала-шағасымен киелі орындарға жол тартады. Тоқтаңыз. Сәл кідіріңіз. Санаңыз дайын ба? Ниетіңіз күшті ме? Бір уыс шашыңызды үйден шығарда жалбыратып жібердіңіз бе? Әлде түнде Таһаджүдіңізді оқып, ниет, амал қылып, дәретіңізді алып, байламыңызды тағып зор дайындықпен шықтыңыз ба? Әр нәрсенің реті бар. Ұстазы болмағанда солай болады. Өздеріңіз барып, тазарынамын, күш аламын деп, әлдебіреулердің қаралықтарын жабыстырып алмаңыз. Осындайда айтыскер ақын, жыршы, сері әкем «Білмейтінім – тоқсан тоғыз» деп жүретін.

Адамды байлап алып, энергиясын сататындар бар. Сондай колдундар бар. Кешке ұйықтағанда энергияң кетеді. Шөп болып қаласың. Қазіргі шығармашылық, өнер адамдары – суретші, әнші, актерлер тез ажырасып кетіп жатыр. Немесе он бес жылдық, жиырма жылдық некелеріне де қарамастан. Құдайдың құтты күні «Анау актер бесінші рет үйленіпті, мына актриса тоқалы болыпты, әлгі әнші тағы ажырасып тыныпты» деген ақпараттар атып-атып шығады. Себеп? Бірнеше нақты себебі бар. Соның бірі – қырық күндік некелік шілдені ұстанбайды.

Мен кіммен тілдессем де, Алламмен сөйлесіп жатырмын деп есептеймін. Дуа дедіңіз. Не үшін жасайды? Энергияңыз керек. Жүзіңізден нұр тамған, интуицияңыз мың пайыз жұмыс жасайды, миыңыз 90 % істеп тұр, 99 % есте сақтау қабілетіңіз бар. Бір қасиетіңіз артық, бәрін көріп тұратыңызды біледі. Әуелден туғаныңыздан сізге көп дүние артық берілгендігін де сезіп жүр. Тағысын «Танылмаған данышпансыз» делік. Ойлаңызшы, олар жолыңызды жаппағанда не істейді? Миларына тек қастық қылып, дуалап тастау келеді. Жүгіріп отырып қара күштерге барады. Клиент күтіп жол қарап отырған сиқыршы әп сәтте ойланбастан оп-оңай жасай салады. Басқа біреудің тағдырына қол салады, көз жастарынан қорықпайды да. Қатырдым деп шіреніп, түнде тыныш ұйықтай береді. Ертеңгі күні жаңағы туысының көзіне жайбарақат қарап, әрі қарай күліп-ойнап жүре береді.

Иә, күн санап байлықтары арта береді. «Хақ Тағалам мені жақсы көреді, сондықтан байып жатырмыз» деп кеуде соға бастайды. Ал сен рухани байсың ба!? «Сен – дарындысың, данышпансың, бірақ котеджің, холдингің жоқ. Демек, Құдай саған риза емес екен!» деп мысқылдай бастайды. Сынақтың ауыры – байлықпен сыналу. Бұл – таңғажайып ертегінің басы ғана еді. Ал соңы қайырлы бола ма?! Ұрпақтарының жайы қалай болмақ? Жаратқан жазаны әдейі созып, кешіктіретінін біліңіз.

– Сіз сұхбатымыздың басында дін туралы менен сұрамаңыз дедіңіз. Сондықтан, «Сырттан келген екі қатын бір әулеттің он баласын дуалап тастапты» деген оқиғаға тоқталсақ. Ол сюжетті қайдан алдыңыз?

 – Себебі, дін туралы негізгі сараптамаларымды публицистикалық еңбектерімде кезінде жаздым. Мен үшін өмірде дұға мен идея құнды. Дәл қазір жазуға отыруға  оригиналды, креативті идеям жоқ. Жалпы, дін туралы әсіресе, ер азаматтармен ешқашан пікір таластырмаймын.  «Жындық – еркекке тән» дейді. Ол аураға кіргім келмейді. Неше рет менен қапыда ұтылып қалып, кейін өзімді кінәлап, жазғырғаным бар. Ер адамды көпшіліктің алдында төмен түсіріп тастадың деп. Жекеге жиі сұрақтар келеді. Мен исламды күрделендіріп жіберетіндер мен діни фанаттарға, теріс пікірдегілерге мән бермеймін. Өзім ортасын ұстанамын. Анығында, ең қиыны да – сол. Әлбетте, кім шектен шығушылардың қатарында болғысы келеді дейсіз? Әйткенмен, бейсаналы түрде сондай жолда жүргендер де бар. Олар түзу жолдамыз деп балаша алданып жүр ғой. Көздерін перделеп жауып қойған.

Қатын билейтін заманға келіп қалдық. Келін бе? Келсап па? Иә, текті әулеттің ынтымағын бұзып, ағайынды он бауырды  он жаққа шашыратқан сырттан келген екі қатын туралы оқиғаны білемін. Әзәзіл пендені сиқырлайды. Ол кезекті прозамның сюжеті болуы керек еді. Мұндай тақырыптарға бұрын соңды бармаған соң кідірдім. Ішкі дайындығым болмады. Қызықпайтынмын. Мән де бермейтін ем. Өйткені, өлсем де сенбейтінмін. Өскен ортамда ондай жағдаяттар турасында әңгіме бірде-бір рет айтылған емес. Кейін бір оқиға болды. Әсер етті. Көкірекке құрт болып түсті, мазалай берді, мазалай берді... Көңілден шықпай қойды. Жазу керек болды, шығарып тастау керек болды. Сосын алдымен, сізге сұхбат бере берейін деп шештім. Әрине, қызғанатын, жол жабатын адамдар керек емес. Қызғаныш көп. Пейілдері тарылды. Олар қастық қылып – христиан, татар, Бұхар колдундарына барып жазықсыздарды дуалатып, сиқырлатып, қиянат жасайды. Жындар Алланың қаһарына ұшырайтындарын да әп сәтте естерінен таңғызып, ұмыттырғызып жібереді. Содан бір әулеттің он баласы бірінің есімін атаса, жын түрткендей ұшып түрегеліп, өз туған қанынан, бір бөлшегі бауырынан безетін болады. Кімнен туғандарын, екі жұртын ұмытып, тек әйелдерінің жұртына ғана табынып кете барады. Ал Жаратқан ше? Табынуға Сол ғана лайықты емес пе?

Сен мүмкін тоғыз жыл бойы өрмекшінің торындай шырмалып тұрсың. Өзіңнің мұнафиқ туған жарың сені бауырларыңмен қоса жиырма жылға жуық дуалап келеді. Жарыңның басы – сенің басың. Ол әйел көреген болса, ұрпақтарының қамын жер еді? Дуакештерден туған бала ертең айықпас дертпен туады. Бәрінің де өтеуі, сұрауы бар. Дандайсымаңдар, сендер туралы Құранда ап-айқын жазылып тұр. Жазаларың жайлы бір сәт уақыт тауып киелі кітаптан оқып шығыңыздар. Жазаларың көрсетілген уақыттан бір секунд та кешіктірілмейді. Аллаһтың уәдесі әркез уақтылы орындалады. Иә-иә, сендер азанның, Құранның дауыстарынан-ақ дегбірлерің қашып, жындарың қозып, жындық қуаттарың сарқылып, бастарың ауған жаққа қаша жөнелетіндеріңді де көріп жүрміз. Аянышты... Құдай аясын.

Айыптай алмаймыз, бәрі де сол іште сені билеп-төстеп отырған шайтанның ісі. Қолдан жасап, мәжбүрлеп ішіңе қасақана кіргіздіріп қойған соң не дерсің!? Көкірегіңе не періште, не жындар ие болады. Дуаланған сорлы  адам, әуелде Алла жаратқан болмысынан ада болып, жүйкесі жұқарып, ашуланшақ болып, мінезі күрт өзгеріп, денсаулығы бітіп, жүзі нұрын жоғалтып, суалып, сұп-сұр күйге еніп, өңсіз, сұрықсыз тірі өліктің күйін кеше береді. Бір күні рак, онкологиядан қапысызда  өледі. Ақ аруақты ұстанатын қазақы емге барса да, тым кеш болады. Дуа-cиқыр тұла бойына түгел әбден сіңіп үлгереді.

Енді өзіңіз ойланыңыз, сол төрт ұл, алты қызды Рақымды Алла, әке-шешесі бақытсыз болсын деп жаратты ма? Әлгі адам күні бүгінге дейін іштей ойлап жүр ғой «Бізді Раббымыз жақсы көрмейді екен. Өйткені, не істесек те жолымыз болмайды. Ол бізді естімейді, көрмейді, білмейді. Бәлкім, біз күнәһармыз?» деп өз-өздерін әбден мүжіп, тауысып, күйреп, жерге тарта береді. Күпірлік әсте керек емес. Әйтпесе, маған сенбей тұр ма деп, сынағынан өле-өлгенше шығармай тастайды. Рухани жолда сабырлық керек. Айналайын-ау, аш көзіңді қарғам, ел аман – жұрт тынышта етегіңді байлап, тұсап тастаған жоқ па?! Көкірек көзің содан жабық. Не ол көкірек көз деген? Сенің – потенциалың. Әр қадамыңда миллион кедергі тұрады. Себеп? Етек қадам жолың, кәсіби мансап жолың, аналық қасиетің, жолың байланып тұр. Сені ешқашан өспесін, көтерілмесін, алға ұмтылған сайын сан мың кедергі байлап, матап, тұсап тұрсын алты тараптан да деп оқытып тастаған әуелден. Ешуақытта ана болмасын, ақ некесін қимасын деп те қоса оқытып тастайды. Өлімге оқытса, үш күнде у жеген егеуқұйрықтарға ұқсап сірейіп қаласың. Бірақ, жағалы бабалары барларды, періштелері барларды өлтіре алмайды, тек мәңгі мүгедек болып қалады. Төрткүл дүниеде күніне тіл-көзден миллион адам дымнан хабары жоқ, жай ғана өліп кетіп жатыр.

Бір мезгіл жан-жағыңызға мән беріп қарасаңызшы. Тереңдік керек. Ана әлеммен байланыс керек. Өлі аруақтардың жандары неден күйзеледі? Кімдерге налиды? Қазіргі ұрпақтары соны ойлай ма? Жеті шелпексіз болмайды. Қасиетті бейсенбі таратқан жеті шелпектеріңіз, жұма күні берген жетпіс теңге болсын садақаларыңыз қабыл болсын. Жалғандықтан алшақ болуға ұмтылыңыз. Жын мен Өлі көп. Кебінсіз кеткендері қаншама? Менің бір көз жеткізгенім – дым көрмеген, тас қараңғы, тексіз жерден қыз алмау керек екен. Тым қауіпті. Өмір бақи өкініш кеудеңізден кетпейтін болады. Анасы әкесін сиғыздырмаған, қатын-қалаш билеп, төстеген әулеттің де қызынан безіңіз. Сорыңыз болады, бағыңыз емес. Содан сіз ғана емес, бүкіл әулетіңіз сорлайтын болады, кеуделері қан жылап. Қара күштерге көп баратындар сіздің, туғандарыңыздың тағдырыңызбен қалаған уақытында ойнай бермек. «Ынтымақ» дұғасын қайта-қайта оқысаңыз да әулетіңізден бірлік, ынтымақ атымен жоғалып, өз ризығыңыз өзіңізге бұйырмайтын болады. Алла – мейірімді, кең, жомарт, Рақым Иесі. Алла – Өлтіруші емес, Жаратушы. Кедергі келтіріп, жол жабатын – төрт аяқтылар емес, екі аяқты адамдар. Олар қаралық қылады, қиянат жасайды. Әсте, олардың көмекшілері де  - көп. Кімдер екенін де топшылап отырған боларсыз, Тоты.

Күнделікті жаңартып, әлсін-әлсін тұзға оқытып, үйдегі жататын төсектің астына, ішіне, бұрыш-бұрышқа тиындарды лақтырып тастап, адамның миы жетпейтін істерге барып, он ұл-қыздың фотларын әр жерден бір жұлмалап жиып-теріп, инемен бе үшкір құралмен тескілеп-тескілеп, зияратқа, құстың ұясына апарып әлек боласыңдар. Солай бастап қара күштердің жетегінде талайлар мәңгіге еріп кете барады. Беті аулақ. Нендей өкінішті... Әлбетте, содан азаннан кешке дейін ішкендері, жегендері, кигендері – дуа. Құдай сақтасын. Оны қамырдың ішінен қылды шығарғандай, суыртпақтатып шығарып отыруға, қара күштермен арпалысуға екінің бірінің күші жете бермейді, дәті де бармайды. «Көк аспанда қырағы көз бар» дейді ұстазым, жазушы-драматург Әкім Тарази. Иә, Ол төбеден қарап тұр. Біздің қолымыздан не келеді? Бір Құдайға тапсырдық. Аллаһым дуакеш, сиқыршы мыстандарды тезірек иманға келтірсін дейміз. Мына дүниеде де, тозақ отында да көздерінен жас емес, қан ағып, құдыреті шексіз, тым үстем Али Раббымның қаһарынан қан жұтатын, отты азаптан жүректері жарылып кететін сәт те келеді. Ол – Алланың өз уәдесі. Қаралық, дуа жасағандардың екі дүниесі де – қараңғы. Баратын орындары – тек тозақ.

– Мақсат қоюға өте маңызды көмек қандай?

– Мақсат қоюға өте маңызды көмек – Дін, Мәдениет, Шығармашылық, Білім. Тек сосын барып қана – Спорт және диета! «Тәні саудың – жаны сау», «В здоровом теле здоровый дух» деген сынды қағидалар дұрыс емес!!! Тән мен жан бір зат іспеттес. Екеуі тең. Тіпті рухани аспектісі – биігірек! Алдымен, жан, сосын тән! Сайып келгенде, «Жаны саудың – тәні сау!» Иә, тәні сау, әйтсе де, жан сарайы онша жақсы емес, рухани деңгейі, ішкі дүниесі тым шектеулі адамдар бар емес пе?!

Коронавирус емес, КҮРЕҢ БҰРЫС. Адамзат бұрыс жолға кеткен соң, сол бұрысты дұрысқа айналдыру керек болды. Бірақ, оның орнына тек дәрі ойлап тауып жатыр... СОVID-ті, менің тілімдегі КҮРЕҢвирусты біреулер пиар, ақша немесе ақпарат көрді. “Нұх заманы жерді – су басты, Стив Джобс заманы – жерді ақпарат басты” деп әзілдейтінім бар. Десе де, протестанттар (Батыс Еуропа мен АҚШ-ты айтамын) соңғы жылдары дінге, ақшаға тым көп табынып кетті. Бізде мұсылмандарда сондай қауіп бар. Бізде қанағат, үнемшілдік, зекет беру бар. Осы құндылықтарға  қауіп төне ме деп қорқамын.Ақша табу – өнер емес, ақша табу – өмірдің ең биік мұраты, мәні және мақсаты емес. Әйтпесе, ең қадірлі ел – алтынсүйгіш сығандар болар еді. Рухани деңгейлеріңізге көбірек ден қойыңыздар. Мальдив аралдарында, Майами, Пхукетте тәніңіз демалар, селфиге түсерсіз, ал рухыңыз ше? Рухыңызды қалай күшейтесіз? Жаныңыз қашан, қандай жерде рақат табады? Сізді сол сауалдар алаңдатуы керек.

– Риза Маратқызы, өзіңіздің рухани оқырмандарыңызға жүрек жарды рухани сөзіңізді жолдасаңыз?

– Алдымен өзіңізден бастайын (күлді). Иә, кейде күйрейсіз, алшақтайсыз, қанағаттанбайсыз. Бақыт – іштен келеді. Міндетімізді абыроймен атқарайық. Көңіл-күймен кетіп қалмаңыз. Істемеймін, шаршадым дегізіп жындар әдейі қайта-қайта азғырады. Тура жолмен жүре беріңіз тек. Шығармашылығыңызды сұраңыз. Маған абырой, берекет бере гөр деп. Шығармашылығымды оң, ақ қылғай, дәреже бере гөр деп. Кәсібіме берекет бере гөр деп. Жақсы нәрсе айтып, өткенді қалдыру керек, кіргізбеу керек ішке, Ақтоты сіңілім. Жақсылық көп. Кеудеңдегі нұрыңа жиналады бәрі де қаумалап, жапа-тармағай. Құдай бізге әуелден бәрін беріп қойған. Таңдау – сенен. Мынау тұрған бәйтеректей берік бол! Жас журналистсің, ақ жол! Қашанда тек ақиқатын жаз. Білесіз, Аллам адал, ақиқатшыл, шыншылдарды айрықша жақсы көреді.Ниетті жазып алушы да, бақылаушы періштелерге де – бәрі аян. Тілекші – солар. Ал жұмақтағы ата-бабаларымыз ұрпақтарыма берші деп жерді көрсетеді. Солардың жаны дұға қылады, «жан дұғасын» оқиды. Рух әлеміне жеткізеді. Бізді Аллаға шығарады. Қадірлі оқырман, Алла молынан сізге береді, сабыр қылып, өзіңізді қолға алсаңыз. Пайда көремін деген ойды тастаңыз, сізге кедергі болады. Сонда ғана жолыңыз ашылады. Талдау, күйзеліс, эго керек емес. Ол да сізге – кедергі. Жақсылық жасасаң, Алла алдыңнан алып келеді. Үмітіңді үзбе, жақсы ниетте, тілекте бол. Жақсы адамдармен қарым-қатынаста болыңыз. Мәртебелі оқырман, жандарыңызда тек жақсылар жүрсін. Рухты оқырман, рухыңыз биік болсын. Біліңіз, рухы мықты адамды ешқандай қаралық алмайды...

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Ақтоты БАЛҒАБАЙ

2639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз