- Білім & ғылым
- 04 Ақпан, 2022
Алматылық студенттер еуропалық білім беру жүйесімен танысып қайтты
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Рига техникалық университетінің Ақпараттық жүйелер менеджменті жоғары мектебінде білімдерін жетілдіріп қайтты, деп хабарлайды оқу орнының Коммуникация және медиа департаменті.
Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының білім алушылары бір семестр көлемінде еуропалық білім беру стандартына негізделген оқу жүйесімен танысуға мүмкіндік алды.
Назарларыңызға «Информатика» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттерінің академиялық ұтқырлық бағдарламасының мүмкіндігі туралы пікірлері мен ойларын ұсынамыз.
Аружан ЕСТӨРЕ
«6B01506-Информатика» мамандығының 3 курс студенті:
«Академиялық ұтқырлық бағдарламасы студенттер үшін үлкен тәжірибе алаңы деп ойлаймын. Осы бағдарлама арқылы шетелдік білім жүйесімен, өзге ұлттың мәдениетімен танысуға, өмірге деген көзқарасымызды жақсарта түсуге мүмкіндік туды. Ең бастысы еліміздегі білім жүйесіне жаңа көзқарастар, жаңа идеялар алып келдік деп ойлаймын. Университетіме осындай мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын».
Гүлсара ЖАЙБЕРГЕНОВА
«6B01506-Информатика» мамандығының 3 курс студенті:
«Шетелге оқу сапары – бұл жаңа тәжірибе. Оқытудың өзге әдісі біліктілік пен дағдыларымды жетілдіруге, бәсекеге қабілеттілігімді арттыруға зор мүмкіндік берді. Жаңа мәдениетпен, тарихпен, тілмен танысу бұл ерекше сезім».
Жаннұр ЖҰМАБЕКОВА
«6B01506-Информатика» мамандығының 3 курс студенті:
«Сүйікті Университетіміздің академиялық ұтқырлық бағдарламасын ұйымдастырып отырғанына алғыс білдіремін! Осы бағдарлама шеңберінде практикалық дағдыларымды арттыруға, өздігіммен білім алу деңгейін өсіру мен үзіліссіз оқуды қамтамасыз етуді үйрендім».
Інжу СЫДЫҚЖАН
«6B01506-Информатика» мамандығының 3 курс студенті:
«Менің ойымша, академиялық ұтқырлық – бұл мүмкіндіктер әлемі. Бұл – студенттердің өзін-өзі дамытуына, жаңа перспективаларға жол ашады. Осындай жағдай жасаған Университет басшылығына алғыс айтқым келеді».
Мәдина ІЗБАСАРОВА
«6B01506-Информатика» мамандығының 3 курс студенті:
«Әр адамда оқуға, өзін дамытуға әрқашан мүмкіндік табылады. Сол мүмкіндікке QyzPU-дың арқасында жеткеніме өте қуаныштымын. Білімімді еліміздің пайдасына жаратсақ бізге артылған үміттің ақталғаны деп білемін».
P.S.: Биылғы оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 17 білім алушысы академиялық ұтқырлық және қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша шетелдің іргелі жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды.
Атап айтқанда, «Информатика» мамандығы бойынша білім алатын студенттер Латвияның Менеджмент және ақпараттық жүйелер Жоғары мектебінде, «Шетел тілі: екі шет тілі», «Аударма ісі» мамандықтары бойынша білім алатын студенттер мен магистранттар Польшаның Силез Университетінде, «Химия», «Биология», «География» мамандықтары бойынша білім алатын студенттер Түркияның Нийде Өмер Халисдемир Университетінде академиялық ұтқырлық және қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша біліктілігін жетілдірмек.
Айта кетейік, қазіргі күнде Университетте шетелдік жоғары оқу орындарымен 70-тен астам халықаралық шарт бар.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру мақсатында әлемнің 9 жоғары оқу орнымен келісім орнатылған. Олардың қатарында АҚШ, Түркия, Франция, Ұлыбритания, Польша, Оңтүстік Корея, Ресей сынды мемлекеттердегі жетекші университеттер бар.
Біздің Университет интернационаландыруды дамыту мақсатында АҚШ-тың Миссисипи алқабының мемлекеттік университетімен, Польшаның Силез университетімен және Ресейдің Томск политехникалық университетімен қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыруда.
1543 рет
көрсетілді0
пікір