Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Ақпан, 2022

«МАЭСТРО» ЖӘНЕ БАСҚАЛАР ТУРАЛЫ

Зәкір Асабаев журналистік қызметін 1958 жылы бұрынғы «Лениншіл жас» қазіргі «Жас алаш» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған қаламгер. Одан кейін 5-6 жыл Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында мұғалімдік қызмет атқарып, сол аудандық, облыстық газеттерге мақала жазып тұрған. 1964 жылы Алматыға қайта оралып, сол кездегі «Мәдениет және тұрмыс» журналына әдеби қызметкер болып орналасады. Одан кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып елу жылға жуық осы басылымда қызмет ақтарған. Бүгінде сексеннің сеңгіріне келіп отырған қарт қаламгерге жолығып, өткен мен бүгіннің көкжиегіне көз салып, қаламгерлік және қоғам жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Зәкір аға, өткенге көз салсақ, балалық шағыңыз қалай өтті, мектепте қалай оқыдыңыз, жоғары оқу орнына қайтіп түстіңіз, студенттік өмірдің қызық кезеңдері туралы сөз сабақтасаңыз.

– Менің туған жерім  бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының ­Келес ауданының  «1 май» ұжымшары болатын. Балалық балғын күндеріміз соғыстың зұлмат жылдарымен тұспа тұс келді. Ашаршылық, соғыстан кейін елде бала да аз болатын. 1953 жылы мектепті бітірдік. Мектепте гуманитарлық пәндерді өте жақсы оқыдым. Сөйтіп, 1953 жылы Ташкенттің Низами атындағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Әкем соғысқа қатысқан, көзі ашық, ал анам момындау үй шаруасындағы адам. Үйдің үлкені болған соң әкем оқығанымды қалады. Мені Ташкенттегі өзбек тамырының үйіне орналастырды. Біздің студенттік жылдарымызда қазіргідей қызықтан гөрі қиындық көп болды. Бар уақытымызды сабақ оқуға арнайтынбыз. Ауылдан келетін көмек шамалы. Ашқұрсақ болып жүріп оқыдық. Әйтеуір Ташкентте нау­байхана мен шайхана көп. Қалтаңда кішкене тиын-тебен болса жүрек жалғауға болады. Бір жылдан кейін Төлеген Айбергенов те осы факультетке түсіп оқыды. Ол студент кезінде-ақ өлең жазатын. Өлеңдері сол кездегі газет, журналдарда жарық көріп тұратын. 1957 жылы институтты үздік дипломмен бітіріп, Ташкент облысы Пскент ауданы «Ленинизм» орта мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Себебі орыс тілінен сабақ беретін мұғалім жоқ екен. Балаларға күнде сөздік жаттатамын. Өзім де әр күн сайын 30-40 сөзден жаттаймын. Бірақ мұғалімдік ұнамады. Институтта соңғы курста оқып жүргенде жоғары Шыршықтың мектебінде өндірістік тәжірибеден өткенмін. Сонда белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов сабақ береді екен, сол кісі маған «әкең елде ғой, күнін көреді, оқимын, жұмыс істеймін десең Алматыға бар» деген. Есіл дертім – Алматыға кету. Менімен бір мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Аппаз Қаражігітов деген мұғалім бар еді. Ол бұрын Алматыда оқыған. Алматыға бару туралы ойымды оған да айттым. Содан жазғы демалыс кезінде елге де бармастан  1958 жылы шілде айының басында сол Аппаз мені Алматыға ертіп келді. Ойым – газет-журналдардың біреуіне жұмысқа орналасу.

– Иә, ойыңыз қалай жүзеге асты, Алматыда алғаш кімдермен таныстыңыз?

– Алматыда алғаш Жұбан Молдағалиев, Қуандық Шаңғытпаевпен таныстым. Содан бір күні сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің редакциясына бардым. Төртінші қабатқа көтеріліп бара жатыр едім бір жігіт қарсы жолықты да, менен жөн сұрады.

– Бауырым неғып жүрсің, – деді.

– Жұмыс іздеп, – дедім.

– Не жазасың, – деп екінші сұрағын қойды. Өзім сатираны, фельетонды қызығып оқитын едім.

– Фельетон жазамын – дедім. Шындығында фельетон тұрмақ, газетке хабар-ошар да жазып көрмеген адаммын ғой. Әлгі жігіт маған «жүр» деді де, бір кабинетке ертіп келді. Оншақты адам жұмыс істеп отыр екен. Столының ­суырмасынан бір бума машинкаға басылған қағаз алды, бәрі фельетон екен. Бұрышына «жарамайды» деп жазып қойған. Арасынан біреуін алды да, «мынаны дұрыстап жазып, ертең алып кел» деді. Пәтер жалдап қойған едім, соған келдім де, отыра қалып әлгі фельетонды оқып, ішіндегі деректері жақсы екен, өзімше қайтадан жазып шықтым. Ертесі жазғанымды алып келіп едім, «машбюроға» ертіп барып, «диктовка жаса» деді. Мен оқып отырмын, орта жастағы әйел тез және қатесіз терді. Фельетон төрт бет болған екен, әлгі жігітке алып келіп оқып бердім. Өзі де тез бір оқып шықты да, «отыра тұр» деп фельетонды  алып шығып кетті. Бір уақытта қайтып келді де «бірінші орынбасар оқып ұнатты, қазір редакторға алып кетті» деді. Біраздан соң қайта шығып кетті де, бір айналып келіп, «фельетоның редакторға да ұнапты, ертеңгі газетке шығады», – деді, қуанышты жүзбен. Сөйтті де, суырмасын ашып, тағы бір жарамсыз фелетонды маған ұсынды. «Мынаны да ертеңге дейін қайта жазып кел», – деді. Тағы да пәтеріме барып, әлгі жарамсыз фельетонды оқып шығып, деректерін алып, қайта жазып шықтым. Ертесі редакцияға тағы бардым. Әлгі ақсары елпілдеген жігіт те жұмысқа ерте келеді екен, алдымнан шығып, «газетті көрдің бе?» деді. Ашып қарасам, кешегі жазған фельетоным бүркеншік атпен шығыпты. Не керек, осылайша қатар-қатар газеттің үш санына үш фельетоным шыққан соң әлгі жігіт «ертең түстен кейін диплом, басқа да құжаттарыңды алып кел, бас редакторға кіреміз, сені жұмысқа қабылдау жөнінде бас редакторға ұсыныс жасаймыз» деді. Ертесі айтқан уақытында бардым. Алдымен газеттің бірінші орынбасары Сапар Байжанов пен жауапты хатшысы Кәкімжан Қазыбаевқа кіргізді. Ал әлгі маған тапсырма беріп, фельетон жаздырып жүрген бөлім меңгерушісі Камал Смайылов екен. Сөйтіп, олар мені бас редактор Мұса Дінішевке кіргізіп, жарық көрген фельетондарымды мақтап, жұмысқа алу жөніндегі ұсыныстарын айтты. Мұса Дінішев құжаттарымды қарап, өзіммен танысып, жұмысқа қабылдады. Оларға фельетон жазатын адам керек екен, сөйтіп мен «Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкері болып шыға келдім. Әдеби қызметкер болған соң жалғыз фельетон жазып ғана жүрмейді екенсің, бөлімге келген хаттарды қорытуды да үйрендік. Газетке кезекші болуды да меңгердік. Осылайша сынаптай сырғып бір жыл өте шықты.

– Өмірбаяныңызға қарап отырсақ бір жылдан соң Сарыағашқа елге кетіп қалыпсыз. Өзіңіз аңсап келген Алматыдан кетуіңізге не себеп болды?

– Сарыағашта бір ағайынымыз тұрушы еді. Өзі соғыстан кейін бір әулеттен жалғыз қалған болатын. Кезінде оны әкем үйлендірген еді. Сол ағам «бірге болайық, елге кел, үйлен» деп шақырды. Әкем де аурушаң болатын, оған да қарайладым. Содан Сарыағашқа барып, мектепке мұғалім болып орналастым. Сонда Алматыдан барып емханада мемлекеттік практикасын өтеп жүрген Рауза атты бір қызбен танысып, отбасын құрдым. Өзі орысша оқыған, өте білімді дәрігер болатын. Сол апаңмен 46 жыл өмір сүрдім. Маған үйленген соң араласатын адамдарым ақын, жазушылар болған соң ол қазақ тілін керемет меңгеріп алды. Тіпті кейін ақындардың өлеңін жатқа оқитын да болды. Сонымен, мен мектепте мұғалім болып, ол емханада дәрігер, төрт-бес жыл Сарыағашта тұрып қалдық. Ол аралықта әкем жарықтық та өмірден өтті. Екі жылдан соң қайтадан Алматыға кеткім келді. Бір күні «Социалистік Қазақстан» газетін қарап отырсам, бір хабарландыру шығыпты. Алматыдағы көз аурулары институтының ординатурасына байқау жарияланыпты. Жұбайым көз дәрігері еді, әлгі хабарландыруды апарып беріп, «сен Алматыға барып осыған түс, оқы» дедім. Оның түсетініне сендім. Содан ол Алматыға келді де, жаңағы институттың байқауына қатысып, оқуға түсіп кетті. 1964 жылы Алматыға мен де келіп, жұмыс іздесем, баяғы мені жұмысқа алған Сапар Байжанов «Мәдениет және тұрмыс» журналында бас редактор екен. Менің жазу қабілетімді білетін ол бірден әдеби қызметкер етіп жұмысқа қабылдады. 80 сом айлығым бар, пәтер жалдап, күнімізді көріп жаттық. Бір кабинетте 10 адам отырамыз. 1964 жылдың соңына таман бас редактор болып Мұса Дінішев келді де, Сапар Байжанов комсомолға хатшы болып кетті. Жауапты хатшымыз Сұлтанғали Қадыров дейтін Ақтөбенің қазағы еді. Сол кісі бір күні Маңғыстауға автопойыз шығатынын, соған іссапарға менің баруым керектігін айтып, бас редакторға менің кандидатурамды ұсынатынын жеткізді. Редакторымыз Мұса Дінішев шақырып, Маңғыстауға бір айлық іссапарға  баратынымды айтты. Редько деген фототілшіміз бар еді, сол екеуміз баратын болдық. Сөйтіп, 1965 жылдың мамыр айында жолға шықтық. Алматыдан Маңғыстаудың өзіне үш күн жүріп жеттік. Одан Ақтауға екі күн жүрдік. Автопойыздың жұмысы 12 мамырдан басталып, 26 мамырға дейін жалғасты. Жол бойы ойланып, бұл сапарды күнделік түрінде жазуды жоспарладым. Әр күні автомагазин қанша сауда жасады, дәрігерлер қанша малшының отбасын қарап, тексерді. Мал дәрігерлері қанша малды емдеді, бәрін блакнотыма түсіріп отырдым. Келген соң 3-4 күнде жазып шықтым, 25 беттік мақала болды. Мақаламды редакторымыз Мұса Дінішев ұнатыпты. Журналдың тоғызыншы санына үштен бір бөлігін алып, суреттерімен жарық көрді. Айлығымыз 80 сом болса, 170 сом қаламақы қойды. Бұл әріптестерімнің алдында менің беделімді көтерді.

– Жалпы сіздің өміріңізде белгілі қаламгерлер, қоғам қайраткерлері көп кездесіпті. Солардың арасында Мұса Дінішевпен көп уақыт қызметтес болыпсыз. Сол кісі туралы кеңірек тоқталсаңыз...

– Мұсекең соғысқа қатысқан, көп сөйлемейтін, тұйықтау адам еді. Жоғарыдағы Маңғыстау сапарынан мақалам шыққан соң маған көзқарасы күрт өзгерді. Жауапты мақалаларды маған тапсыратын болды. Қызметімді көтерді. Келер жылы меңгеруші жасады. Одан соң жауапты хатшы, орынбасар етіп бекітті. Осының бәрін ешбір бұлдамай, шынайы көңілімен істеді. 1973 жылдан бастап жауапты хатшы, орынбасарлық қызметті 2000- жылға дейін істедім. 1973 жылы журналдың таралымы 200 мың еді. Мұсекең маған сеніп, журналдың барлық шаруасын тапсырып қоятын болды. Партияға да өзі өткізді. Осы сыйластығымыздың әсерінен шығар, қайтыс боларының алдында туысқан інісіне «Зәкірге хабар бер, ол өзі біледі» депті. Ол кезде бас редакторымыз Баққожа Мұқай еді, соған барып Мұсекеңнің өмірден өткенін жеткіздім. Баққожа жүргізушілерін жіберіп, қонағасына екі қой алдырып, елу мың теңге қаржы апарып бердік. Бұл сол уақытта кәдімгідей қаржы болатын. Кейін Мұсекеңнің 100 жылдығы қарсаңында ардақты ағаға арнап мен «Парасат» журналына көлемді эссе жаздым.

– Енді сіздің Ермек Серкебаев туралы «Маэс­тро» атты кітабыңыз уақтысында  көп оқылып, үш рет басылыпты, сол туралы айтсаңыз. 

– Ермек Серкебаев атақты әнші бол­ғанымен, уақтысында шығармашылығын талдаған дұрыс бір мақала  да жарық көрмепті. Оған бастамашы болған «Парасат» журналының сол кездегі редакторы Баққожа Мұқай еді. «Журналға сұхбат алуы­мыз керек, оған сіз барғаныңыз жөн» деп телефонын берді. Ермек Серкебаевтің үйіне хабарласып, сұхбаттасатын уақытты белгілеп, сұрақтарымды дайындап, оны компьютерден тергізіп, шығарып алып бардым. Жалпы ол кісінің талантын қатты бағалаушы едім. Бірақ ел арасында «мінезі нашар» деген пікір де айтылып жүретін. Үйіне бардым. Отырып сұхбатты бастайын десем, сары баспасөз туралы бір қыңыр пікір айтып кетті. Содан даусымның тонын өзгертіп, ресми сөйлеп, «Парасат» журналының сары баспасөзге жатпайтынын, сұхбат алуға өзінің келісімі бойынша келіп тұрғанымды есіне салдым. Сөйтіп едім, мырс етіп күліп жіберді де, «жарайды сұрақтарыңа жауап берейін» деп, ыңғайға келді. Сұхбатты алдым да, кеттім. Жазып болған соң өзіне әкеліп оқытып, қолын қойдырып алдым. Содан сұхбат журналда жарық көрді. Баққожа «кітапқа айналдырсақ қалай болады?» дегендей пікірін айтты. Бірақ мен басында оны қабылдамадым. Дегенмен сұхбат журналда жарық көрген соң оқып қарасам, тағы бір сұхбатқа сұранып тұрған сұрақтардың шеті қылтиды. Сонымен екінші сұхбатты алдым. Осылайша жалғасып кете берді де, «Маэстро» деген эссе кітап жарыққа шықты. Кітап жарық көрген соң керемет оқылымды болды да, қаламгерлердің бірқатары пайымды пікірлерін де білдірді. Мәселен, Мағира Қожахметованың «Мың бір түнді» оқығандай болдым» ­деген пікірі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Қали Сәрсенбай «Егемен Қазақстан» газетіне талдап жазды. Осыларды оқыған сол кездегі министр Мұхтар Құл-Мұхаммед хабарласып, кітаптың сәтті шыққанын айтып, өзінің ризашылығын білдіріп, мемлекеттік тапсырыспен тағы бір басып шығаруға пәрмен беретінін жеткізді. Сөзінде тұрып, шынында да, екінші рет басып шығарды.

– Ал қазір Зәкір аға, не нәрсеге шүкіршілік етесіз...

– «Өмірде көргеніңнің бәрі қызық» деп бас­талатын бір халық әні бар еді. Сол айтқандай, жақсылыққа да, қиындыққа да шүкіршілік етемін. Өмірде не көрсек те соның бәрі – Алланың сынағы. Бәріне сабыр керек. Ең алдымен, тәуелсіз ел болғанымызға шүкір етемін. Халқымыз үшін жақсы күндер көп болса екен, болашағымыз баянды болсын деп тілеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ
 

898 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз