Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 10 Ақпан, 2022

Қанат СҮЛЕЙМЕН:БОЛАШАҚТА МҰНАЙШЫ МАМАНДАР ЖҰМЫС ТАППАЙ ҚАЛУЫ МҮМКІН

Қанат СҮЛЕЙМЕН, 
«Petro service» оқу орталығының бас тренері, 
Директордың бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары,
мұнайшы-консультант:

Бүгінгі қоғамның тіршілік бүлкілін жастардың көзімен қарап көрсек, көп дүниеге жаңаша бойлай алатынымызды сезіп қаламыз. Мұнай-газ саласында оқыған, тоқығаны мол Қанат Сүлейменмен тренинг барысында танысып, пікір алмасқан едік. Елдегі жұмыссыздықтың себеп-салдары, мамандыққа баулудың ерекшелігі, ғұмыр бойы оқу мен ізденудің жаңа заман талабына үйлесуі туралы пікір-пайымдары ұнап сұхбатқа тартқанбыз. Сол ойды оқырманмен де бөлісуді жөн санадық...

МҰНАЙСЫЗ БОЛАШАҚ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

– Мұнайсыз болашақтың әйтеуір бір келері анық. Ол кезде біздің экономика­мыздың жай-күйі не болады?

– Біріншіден, мұнайсыз болашаққа қатысты дүниежүзі сарапшыларының айтқан, әлі де айта түсер болжамдары көп. Мысалы «Хабберт Пигі» теориясы. Оның пікіріне сенсек, энергия көзі болып саналатын кез келген ресурс  белгілі бір уақытқа дейін қолданысқа ие болады, сосын ол өзінің белгілі бір шарықтау шегіне жетеді де оны тұтынудың құлдырау дәуірі басталады. Мұнай –  шарықтау шегінен өтіп кеткен ресурс шығар, оны да нақты болжап айтып отырғандар бар. Себебі қазір Tesla электромобильдер шығарып жатыр. Мұнай дәуірі мұнайдың таусылуына байланысты аяқталмауы мүмкін. Мұнай бола береді, ал энергия ресурстары басқа көзге ауысады. Газды қолдану деңгейі біршама тұрақты қалыпта болуы ықтимал. COVID–19 пандемиясынан байқап отырмыз, қарапайым жұмыс, оқу онлайн форматқа көшті. Болашақта технологияның дамуына байланысты мұнайға тәуелді барыс-келіс, қажеттіліктер азая бермек. Екіншіден, мұнайдың табиғи қоры азайғанын да мойындауға тиіспіз. Оның белгілі бір көрінісі Өзен кен орнында байқалады. Мұнай өндіру көлемі айтарлықтай төмендеген. КСРО кезінен кен өндіріп келе жатқан орындарда мұнайдың табиғи қоры, өндіруге оңай қоры азайған. Бұл белгілі бір мөлшерде мұнай өндіріп отырған компанияға түсетін табысты төмендетті. Соның айқын болмаса да кейбір көріністері батыс өңірлердегі толқулар, ай сайын болып жататын митингілердің себептерінің біріне айналды. Көптеген уақыт бойы біздің үкімет сол компаниялар тіпті пайда әкелмесе де, кейде субсидия берумен, кейде қосымша қаржы бөлумен ол мәселені ушықтырмай, жылы жабуға тырысып келе жатыр. Бірақ бұл қанша уақытқа созылатынын айта алмаймыз. Бизнес немесе жергілікті мұнай өндіруші компаниялар тарапынан бәсекеге қабілетті, ерікті бір орта пайда болмағандықтан, жұмыссыздықты реттеу  механизмдері ашық нарықтық ортада қалыптаспағаннан кейін мәселе толық шешіледі деп айта алмаймын.

– Жұмысқа қамтудың ашық нарықтық ортасы қалыптасу үшін не істеу керек? Күні кеше Жаңаөзендегі бейбіт шеру талабының түп төркінінде де лайықты жұмыспен қамту мәселесі жатқан жоқ па?

–  Нақты Жаңаөзеннің ­мысалында айтсақ, ол жердегі қала 1960 жылдардан, өндіріс пайда болғанда бой көтеріп, дамыды. Қала тарихына үңілсек, бастапқыда адамдар вагондарда тұрып, қаласының іргесін қалады. Ол жерде өндіріс ошақтарын бірге құрысты. Сонда жұмыс істеп жүріп өндірістік қаланың ауыртпалығын татты, қиындығын көрді. Қазір ол жақтағы тұрғындардың лайықты жұмыс пен кәсіби біліктілігін арттыруға деген талап-ескертпесі де сол маңдай тердің өтеуі деп қабылдаған дұрыс шығар. Екінші, тағы да сол Жаңаөзеннің немесе мұнайда жұмыс істеген еліміздің батысындағы халықтың мысалында айтар болсақ, ол жақта вахталық әдіспен жұмыс істеуге келісімге келе алатын мамандар бар. Мәселен, Алматы қаласында бір өндіріс ошағы ауысыммен немесе вахтамен жұмыс істейсің десе, адам табу қиын болуы мүмкін. Ал Өзеннің халқы вахтамен жұмыс істеуге үйренген. Бұл да әлеуметтік мәселе.

– Батыс өңіріндегі студенттердің көпшілігі мұнай, газ мамандығында оқитыны туралы әлеуметтік желідегі парақшаңызда жаздыңыз. Сол саланың оқуын бітірген жастардың тұрақты, кәсіби біліктілігін көрсете алатын жұмысқа тұру мәселесінде қандай қиындықтар кезігуі мүмкін?

– Қазақстан Республикасына шетелдік үлкен инвестор Шеврон компаниясы Теңіз кен орнын келісімшарт бойынша 1993 жылдардан игере бастады. Сол келісімшарттың аясында елге көптеген маман келді. Екіншіден, жергілікті мамандар Теңізшевройл компаниясында жұмыс істеп бастады. Теңізшевройлдың мердігер компанияларында жұмыс істеген азаматтар, біліктілікті арттырып, тілді  меңгеру деңгейін де көтере білді. Тап сол сияқты басқа да шетелдік  инвесторларда жұмыс істеген адамдардың біліктілігі жоғарылай түсті. Оның айқын бір көрінісі Батыс технологиялары Ресейге қарағанда бізге жылдам енді. Ресей ол уақытта Кеңес өкіметінен қалған технология, стандарттармен отырған еді. Қазақстан инвесторларға ашық болды. Соның жарқын бір мысалы: Ресейге, Украинаға Батыс технологиялары енді кіріп жатқан 2005, 2010, 2015 жылдары біздің кадрлар осы елдерге барып жұмыс істеді, тәжірибесімен бөлісті. Екіншіден, Батыс компанияларында жұмыс істеген біздің мамандар  қазір Кувейт, Иран, Еуропа мемлекеттерінде еңбек етіп жүр. Себебі бізде қандай стандарт қолданылады, олар да сол стандарт бойынша жұмыс істейді. Тағы бір жайт, ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясында да Батыс технологияларымен таныс маман көп. Олар жайлап реформалар жасап жатыр. Қазақстанның заңнамасы бойынша мұнай өндіруші компания тапқан табысының бір пайызын жұмысшыны оқытуға, мамандардың біліктілігін арттыру курстарына бөлуге міндетті. Соның арқасында мамандардың біліктілік деңгейі едәуір көтеріліп қалды. Таза қазақстандық мекемелердің өздерінде де қазір кадрлардың біліктілігін арттыруға көп мән береді. Бірақ біздің ұлттық ерекшелігімізге қатысты кейбір факторлар бар екенін де мойындауға тиіспіз.

– Мысалы?

– Біздің менталитетімізде ұжымдық мінез-құлық басым. Шетелдік мекемелерде бір адам дұрыс жұмыс істемесе, техника қауіпсіздігін сақтамаса, жұмыс процедураларынан ауытқыса, әуелі сол адамға, басшыларға, тіпті анонимді болса да форма толтырып, міндетті түрде хабардар етеді. Бізде ондай кемшілікті көре тұра, байқамағансиды. Тіпті алда-жалда жұмысшының біреуі ондай кемшілікті басшылыққа ескерткен күннің өзінде ол ескертуді жұмысқа деген жанаршырлық есебінде емес, біреудің соңына шам алып түсті деп қабылдауы мүмкін. Бұл жаппай барлығымызға тән мінез дей алмаймын, бірақ ондай мінез-құлықтың бары рас. 

– Мұнайшы, газ мамандығында оқитындардың қатары артпаса кеміген емес. Мемлекет оған арнайы грант та бөледі. Жеке қаржысына оқитын студенттер де көп. Осы оқулар болашақта студенттердің, оларды оқытқан ата-аналардың үмітін ақтай ма? Сол мамандықты бітірген адамдар, Қазақстанда болсын, дүниежүзілік секторда болсын, жұмыс таба ала ма?

– Өзім оқып бітірген Қазақ Британ техникалық унверситеті студенттің болашаққа деген үмітін ақтай алады...

– Оқу орнының барлығы бірдей ҚБТУ емес қой. Өңірлердегі университеттер, мысалы...

– Өңірлерде университеттер ғана емес, колледждер де бар. Жалпы жақсы маман даярлау қай оқу орнының да басты мақсаты болуға тиіс. Оқу орнын бітіретін түлектер арасында «жұмысқа қалай орналасасың, таныс іздейсің бе, ақша ұсынасың ба?» деген секілді сауалнама жүргізсе, егер ол сауалнамаға респонденттер шын жауап берсе, біраз жайттың беті ашылуы мүмкін.

Елімізде мұнай және газ саласы б­ойынша білім алған жастар көп. Оның сыртында мұнай саласында еңбек етіп, қазіргі уақытта жұмыссыз жүрген азаматтар бар. Барлығы да жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасқысы келеді. Ешкім де Үкіметтің жұмыссыздарды жіберетін көше тазалау жұмыстарына барғысы келмейді. Ол дұрыс. Тіпті кейбір мұнай-газ мекемелерінің қызметкерлері өздерінің балаларын да сол мекемеге жұмысқа орналастыруды талап етеді. Бұл – елімізде мұнай-газ саласының мамандары өте көп деген сөз. Өңірлерде болып жатқан митингтердің кейбір себебі де – осы.

Кейде құзырлы органдар тарапынан  мамандар даярлау туралы сөз қозғалып, оған қомақты қаржы бөлінетіні туралы айтылады. Мұнай-газ саласында осы қарқында мамандар даярлауды жалғастыра берсек, түптің-түбінде үлкен қиындықтар туғызуы мүмкін. Себебі сөзімнің басында айттым, еліміздің басым көпшілік кен орындарында мұнай өндіру көлемі төмендеп келеді. Яғни мамандарға сұраныс азаяды. Екіншіден, «адамсыз кен орындар» мен цифрландыру технологиясы дамуы мамандарға сұранысты азайта түскен. Кейбір өндіріс операциялары тұтастай автоматтандырылып, кейбірі роботтардың көмегімен жүзеге асуға көшті. Ендігі 5-10 жылда мұнайшылардың жұмыссыз қалу қаупі күшейе түспек... Жалпы Өзен болсын, еліміздің басқа аумағы болсын, жұмыссыздықты шешудің жаңа жолдарын мемлекеттік деңгейде қарастыру қажет-ау. Жалпыұлттық масштабтағы өндіріс орындарын ашу, кластерлер дамыту, шағын және орта бизнесті дамыту сияқты шаруаларды қолға алу керек. Үкімет бірнеше бағдарлама қабылдап жатыр ғой. Сол бағдарламалар аясында халықты жұмыспен қамту арқылы кедейлік мәселелерін шешу жолдары да көрсетілсе. Қиын да болса елімізде Үкімет өндіріс ошақтарын көбейтпей, шағын және орта бизнесті дамытпай, білікті кәсіп иелерін даярламай бұл мәселе оңтайлы шешілуі мүмкін емес. Жергілікті компанияларды пайдаланып, мәселен, газ өңдеу зауыты бар, жартылай өңделген өнімдерден экспортқа бағытталған тауарлар өндіру деген секілді мұнай-химия кешендерін дамытуға болар еді. Бірақ мұндай бастамаларға үкіметтің араласқаны дұрыс. Себебі, біріншіден, шикізатты арзан бағаға беру керек болады. Мемлекетіміз бәсекеге қабілетті Қытаймен көрші отыр. Мұнай өнімдерінен Қытайдан арзан бағаға өнім даярлай алмаймыз. Қытаймен бәсекелесуге, біздің жерді жалға беру мен арзан шикізат көмектеседі. Екінші, Үкіметтік бағдарламалар, мәселен, Қазақстанның үдемелі-индустриялық даму жоспарлары бар. Сол жоспарлар бойынша экспортқа бағытталған, әсіресе Шығыс Еуропа мемлекеттеріне бірнеше өнім түрлерін, оның ішінде мұнай-химия, химия саласынан  қандай өнімдерді ұсына аламыз деген зерттеулер жасалған. Экспортқа да үкімет көмектесіп, Ресей, Еуропа мемлекеттеріндегі үлкен нарыққа шығармаса, ішкі нарыққа бағытталған жобаның ұзақ өмір сүруі мүмкін емес. Себебі бізде халық саны, яғни тұтынушы аз.

– «Осы салада маман жеткілікті, енді студенттер қатарын азайту керек» деген секілді зерттеулер жасалмай ма?

– Оны Kazenergy қарастырып жатыр. «Болашақта мұнай-газ саласында қандай кәсіп иелері керек болады?» деген зерттеу жүргізілген. Сол зерттеу аясында еліміздің бір-екі университеті тестілік деңгейде студенттерді даярлап көрмекші. Болашақта сұранысқа ие болатын жағдайларға сәйкес кейбір пәндерді қайта қарастырады. Жаңа технологиялар, автоматтандырылған, роботтардың көмегімен жүзеге асатын процесстер орнауына аз-ақ уақыт қалды. Бірақ біздегі үкіметтің сылбыр қозғалысынан әрі әлеуметтік жағдайды ушықтырмайық деген ұстанымынан бұл процесс кешеуілдеуі мүмкін.

– Қанша сылбыр қимылдаға­ны­мызбан, ол технологиялар бізге де жетеді ғой.

– Қазірдің өзінде ол процесс еніп ­жатыр. Бұрынғы дәстүрлі тәсілмен жұмыс істеп келе жатқан адамдар, жаңа технология­лар келіп, барлығы автоматтандырылған сәтте жұмысшылар дайын болуы үшін оларды мамандандыру, жұмыспен қамту мәселесін қазірден ойлағанның өзінде кеш қалдық деп өкінетініміз анық.

 

ЦИФРЛЫ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ЖЕТІК МЕҢГЕРУ – БҮГІНГІНІҢ

БАСТЫ ТАЛАБЫ

  – Коронавирус пандемиясы Қазақ­станның ғана емес, талай мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік саясатын қайта қарауына итермеледі. Қалай ойлайсыз, бұл пандемияның, карантиндік шектеулердің Қазақстан бизнесі мен жеке секторларына, жалпы Қазақстан экономикасына тигізген әсері қандай?

– Пандемияның бастапқы уақытында екі айдай қатаң карантин режимінде халық әрі-сәрі күй кешіп қалғаны рас. Қарапайым жұмыс, оқуға деген ұстаным, көзқарас өзгерді. Қарапайым тренинг жүргізуші маман ретінде айтсам, осы салада сұраныс артты. Тренингте қолданылатын оқу-әдістемелік құралдарды пайдалану, тіпті қарапайым слайдтар жасауды үйренгісі келгендер көбейді. Цифрлы әлемнің талаптары басқа екенін көптеген адам дәл осы пандемияда сезінді. Себебі пандемияға дейін дамыған елдерде ғана өзекті болған онлайн-әлем пандемия кезінде күллі дүниежүзінде толық салтанат құруға көшті. Цифрлы технология кейбір салаларға түбегейі өзгерістер енгізгеніне осы пандемияда көз жеткіздік.

– Цифрлы технологияны халыққа үйрету мәселесінде кеш қалған жоқпыз ба?

– Мемлекет ол мәселені ертеден қолға алғаны рас. Былтырғы жылдары билік тарапынан халықты Egov порталымен  жұмыс істеуге тәрбиелейтін онлайн курстар өткізуге арнап мемлекеттік сатып алулар жүргізілді. Шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға арнап мемлекет курстар ұйымдастырды. Басында Даму қоры, кейін кәсіпкерлердің Атамекен ұлттық палатасы айналысты. Жеке кәсіпкер ретінде кейде салық комитетіне барғанда көптеген адамның Egov-ты пайдалана алмай, электронды кілтін жаппай, тастап кеткенін көзім шалып қалады. Мұның барлығында да цифрлы технология талаптарын, мәдениетін, талаптарын білу керек екенін әлі де түсінбейтін немесе елең қылмайтын топ бар, өкінішке қарай.

– «Елімізде шет елдік компаниялар бар, сонымен қоса олармен иық тіресетін отандық бәсекеге қабілетті компаниялар бар. Ол жерде жұмыс істеп жатқан жастар әлемнің кез келген мемлекетінен жақсы жұмыс таба алады. Кәсіби орта бар, жоқ емес. Бір қызық жері, ол мекемелерде жұмыс тілі – орыс немесе ағылшын тілі. Ауылдан шыққан жастардың жұмыссыздыққа ұрынуына бір себеп осы – тілдік барьер» дейсіз. Бұл өзіңіз көріп, куә болған жағдайлар ма?

– Жеке тәжірибемнен мысал келтірейін. ҚБТУ-да оқып жүрген кезімде американың мұнай-газ компаниясына жұмысқа тұру үшін дайындалдым. Университетте ағылшынды жақсы оқытты. Компания унверситетке келіп іріктеу кезеңін өткізді. Сөйлесу тілі – ағылшынша. Кейін АҚШ-қа жіберді. Қазақстанға келгеннен кейін басқа компаниялармен жұмыс істеп бастадық. Ол ортада орыс тілін меңгеру деңгейіміз белгілі бір дәрежеде төмен екені байқалды. Бұл белгілі бір қиындықтар туғызды. Бұл біздің қоғамда айтылмағанымен, өте үлкен мәселе. Мысалы, қараңыз, бізде универсиеттерде қазақ топтары бар. Өзім унивеситетте қазақ тобына түскенімменен кейбір пәндер орысша, кейбір пәндер ағылшынша жүрді. Соның арқасында орысша, ағылшынша қарым-қатынас орнатудан қатты қиындық көрдім деп айта алмаймын. Ал кейбір университеттерде барлық пәнді қазақша оқиды. Өте жақсы. Бірақ қосымша тілді үйрету сабақтарының өтуі, ол сабақтарда студент білімді сапалы алып шығуы маңызды. Тілді жақсы меңгерген сайын адамның жалақысы жоғары жұмысқа тұру мүмкіндігі де ұлғаяды. Мұны мойындауымыз керек, қанша қиын болса да. Ал мемлекеттік тілге қатысты айтар болсақ, оның іскерлік салада аясы кеңуіне мемлекет те, халық та мүдделі болуға тиіс.

Қазір дүниежүзі бойынша кез келген бизнес саласында маманға қойылатын талап – коммуникацияны белгілі бір деңгейде меңгеру қабілеті мықты болуы керек. Қазақстанда  өндіріс саласында коммуникацияның белгілі бір бөлігі орыс тілінде жүргізілетіні де рас. Оны реттеудің тетіктерін билік баяғыда қолға алуы керек еді. Қолға дұрыстап алмаған соң бұл жағдайды реттеу қарапайым жұмысшының қолынан келмейтінін де түсінуге тиіспіз. Ауылдан келген жастардың мансапқа қол жетуі қиын. Жұмыссыздыққа әкеп соқтыратын себептің бірі тілге қатысты ұстанымның о бастан дұрыс құрылмағандығы. Коммуникацияны көп талап ететін салада жұмыс істесе, тіл білу маңызды. Қазақстанда отырып ағылшын, орыс тілін үйрен деп насихаттағым келмейді.  Бірақ қазіргі өмір шындығында мұндай талаптардың бар екенін мойындайық. Оған қоса тіл білуді қажет етпейтін де салалар бар. Ол салаларда тілді білу емес, істеген жұмысыңның сапалы әрі дұрыс болуы маңызды. Мемлекет мемлекеттік тілдің аясын кеңітеміз дейді, бірақ іскерлік ортада ол жағы қатаң реттелмеген. Батыс өңірлерде тілге қатысты кейбір мәселелер оң шешімін тапқан. Нақты қайсысы екені есімде жоқ, бір банктің қазақшалануына батыс өңірдің несие алуы ықпал етті деген ақпаратты естіп едім. Батыс өңірінің төлем қабілеті жақсы ғой. Ал олар тек қазақ тілінде қызмет алғысы келген. Ал Алматы, Астана секілді үлкен мегаполистерде ірі іскерлік ортада жұмысқа тұрып, мансап сатыларынан өсу үшін тіл білу өте маңызды. Қазақ жастарының көбі такси жүргізіп, құрылыстың қара жұмысқа жегіліп кеткені де сондықтан деп ойлаймын. Мансап сатыларынан өтіп, тұрақты жұмысқа қарайламай, маусымдық, ауысымдық жұмыстарда еңбек етуге бейім болып тұратынымыздың бір себебі осы ма деймін. Оған итермелейтін қоғамдық факторлар бар. Физикалық күшті талап ететін салада жұмыс істеу дұрыс емес дегім келмейді. Ол жерге де жақсы маман керек. Бізде құрылыста бірнеше жыл жүрген адамның өзінен кәсіби біліктілік, шеберлік байқалмайды. Жемқорлық жайлаған қоғамда/компанияда тамыр-таныстықпен жұмысқа тұрған адамдар мансап сатысынан кәсіби білігі үшін емес, сол тамыр-танысы арқылы көтерілетінін білген соң кім кімнің де кәсібилікке ұмтылуға деген ниеті төмендемей ме?

Екінші жағынан, әлеуметтік желілер арқылы тез ақша табу жолын білемін дейтіндердің, тез кәсіп ашып жылдам байып кететін адамдарды насихаттайтындардың қатары көбейіп тұрғанда маңдай термен еңбектеніп, ерінбей-жалықпай оқу оқып, білімін көтеріп, білігін шыңдайтындар тасада қала береді, тиісінше олардай болғысы келетіндердің қатары азая түседі.

– «Қанды қаңтардан» соң елдегі әлеуметтік мәселелер, кедейлік пен байлардың арасының алшақтығы, тіпті бір қоғамда жүріп бір-бірінің жағдайын түсінбейтін, сөзін естімейтін қоғамдардың қақтығысы бар екеніне көз жетті. Сіз жассыз ғой, бүгінгі білімді, білікті ­жастар қай қоғамның пікіріне көбірек сенеді? Қайсысының жағдайына көбірек алаңдайды?

– Бұл жерде бірнеше факторлар бар. Бұл сұраққа сырттай бақылаушы ретінде жауап беріп көрейін. Жеке өзім қандай талап болса да заң аясында айтылуы керек деп есептеймін. Иә, митинг туралы заңмен келіспейтіндер де бар. Бәлкім сол заңды қайта қарастыру, қоғам талқысына салу керек болар.

2011 жылдағы Өзендегі жағдайдан соң батыс өңіріндегі мұнайшылар арасында коммуникацияны дамыту курс­тары оқытылды. Екінші, орталық БАҚ біреуін жазады, біреуін жазбайды, ол жақта ай сайын деуге болады, мұнайшылар келіспеушілігін айтып, талаптарын қойып, шеруге шығамыз деп ескертіп жатады. Үшіншіден, батыс өңірлерінде осындай шерулердің жиі болуынан митингіге шығу мәдениеті қалыптасып келеді. Кешегі қаңтар оқиғасында салыстырмалы түрде алғанда батыс өңіріндегі митингінің бейбіт өткенінің бір себебі де сол ма деймін. Төртіншіден, біздегі митингінің бір ерекшелігі, халық митинге шығады, билік субсидия бөледі. Алайда оның негізгі себебін тергеп-тексеруге құлықсыз секілді көрінеді.

– Бұл зиян емес пе?

– Мемлекетке зиян. Неге халық қалаға келді? Ауылшаруашылық дамымай қалды. Университетте оқып жүрген бала болашағын, арманын, мақсатын ауылмен байланыстырғысы келе бермейді. Жаңа өмір салты, сән, урбанизация бар – қалаға жастар ағылды. Ешкімді ауылға барсын деп үгіттемеймін. Алайда ­ауылда тұрғысы келетіндерге де қаламен тең дәрежеде жағдай жасалуы керек: ол инфрақұрылым, интернет желілері, қолайлы өмір салты – мұның барлығы да ауылға да қолжетімді болса, өмірін ауылшаруашылығымен байланыстыратындар қатары да артар ма еді?

Жаһанданудың бір шарты – әлемдегі қолайлы жағдайлар интернет желілері арқылы біздің қоғамға жылдам жетті де, әлеумет сол ыңғайлы өмір салтын талап ете түсті. Ал ол ыңғайлы өмірді орнатуға экономикалық қуатымыздың шама-шарқы белгілі болып қалды. Экономикалық дамудың басты шарты Unlimited wants (яғни, адамның тауарларды, игіліктерді, қызметтерді шексіз тұтынуға құмарлығы), ал оған тежеуіш limited resources екенін ескерсек, ашық нарықтық бәсеке болмағасын, барлық әлеуметтік топтарға өз қабілетін толық пайдалануға мүмкіндік тумағасын, елімізде қарызға батқандар көбейді ме деп ойлаймын.

– Тренерсіз, қандай салада білімін арттырамын деп талпынатындар көп? Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде тренингтер өткізіп жүрсіз. Осы күні қандай салада білімді арттырғысы келетіндер көбірек?

– Жалпы адамды бір кәсіп иесі қылып дайындағанда, болмаса қысқа тренингтерде ақпарат ұсынудың тәсілдері көп. Жалпы аудиторияға дәріс оқуға болады, практикалық сабақ өтуге болады. Белгілі бір кәсіп иелеріне симулятор немесе компьютермен болсын, істейтін ісін көрсету керек. Мысалы, дәнекерлеушіге қанша теориялық білім бесеңіз де, практика жағы өте маңызды. Адам алған білімін бір айға дейін қолданбаса білімінің тоқсан пайызы ұмытылады. Өзім оқитын курстардың бірі: Мұнай мен газдың атқылауын болдырмау, атқылаған жағдайда не істеу керек екенін түсіндіру.  Бұл курсты мұнайшы мамандар екі жылда бір рет оқып отыруы керек. Қазір білім алу көзі ұлғайды. Сондықтан жалпы емес, өте тар мамандық саласындағы білімді үйретудың маңызы артты дер едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

"Ана тілі" газеті

1201 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз