Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 14 Ақпан, 2022

Гүлфаридат Кампитова: Апорт жоғалған жоқ, апорт өсіретін мамандар жоғалып кетті

Алматы дегенде көз алдыңызға не елестейді? Тау елестейтін болар. Бірақ Қазақстанның халқын таумен таңғалдыра алмайсың. Бәлкім, Көктөбе еске түсетін шығар? Бірақ оған баратын қанатты жолдар басқа елдерде де бар. Шымбұлақты айтып тіпті мақтана алмаймыз. Сондықтан апортқа іздеу салған жөніміз бар. Өйткені ол Алматының бренді еді. Бір жарым ғасырлық тарихы бар апорт аңыз іспетті. Байырғы Алматы туралы видеоларды қарап отырсаңыз, апорт бақтарды, апорт ұстаған балаларды көресіз. Ал бүгінде апорт жеп көрмеген алматылықтар бар. 

Гүлфаридат Кампитова – апорт қандай болғанын, қалай азайып кеткенін, оны қайтадан қайтару үшін не істеу керек екенін білетін,  қанша сұрасаң да алма туралы айтудан жалықпайтын бірден-бір маман. Ғалымға қояр негізгі сұрақтарымыз «Апорт қайда кетті? Қайтып орала ма?» болып еді. Алайда апорттың мәселесін айтамыз деп, ғылымның да мәселесіне тоқтала кеттік. Апорт өсіретіндер туралы айтамыз деп, ауылшаруашылығы мамандарын оқытудағы кемшіліктер де айтылмай қалмады.

Аз балл жинағандар ауылшаруашылығына түседі

– Қазір гектарлап алма өсіретіндер көп. Олар алма туралы қаншалықты жақсы біледі?  

– Өндіріспен айналысып жүргендер алманы қалай өсіру керек екенін біледі, қандай да бір қиындықтар болса, қазір оны жеңе алатын жағдайға жетті. Бірақ алма өсіргенде туындайтын сұрақтарға жауап таба алмай жатады.  Бұл алма бақтың қурап, құлдырауына әкеледі. Ал ғалымдар кезінде кеңес өкіметінің мектебінен өткен мамандар болғандықтан, алма өсірудің көптеген сұрақтарына жауап бере алады. Студент кезімізде ақпан айы бастала салысымен өндірістік тәжірибеге кететінбіз. Барлық жұмысқа қатысатынбыз. Көктемде барғаннан, күзде шаруашылықтың есігін жауып бір-ақ келетінбіз. Дипломалды тәжірибеден 6-7 ай өтетінбіз. Ол жерде кәдімгі маман сияқты жұмыс істейтінбіз. Сондықтан алған біліміміз терең, тәжірибеміз де бар. Өкінішке қарай, қазір өндірістегілердің көпшілігі біз секілді мамандардың біліміне жүгінбей, шетелдік мамандарды көмекке шақырады. 

– Қазір ауылшаруашылық мамандарын қалай оқытады? Сіздер секілді өндірістік тәжірибеде айлап жүрмей ме? 

– Қазір ауылшаруашылығы мамандарын дайындауға басқа көзқараспен қарауымыз керек. Білім берудің жалпы ережелері ауылшаруашылығы мамандарын дайындауға келмейді. Біріншіден, ауыл шаруашылығы мамандығын оқып, ауылына келіп жұмыс істейтін мамандар керек. Онда да ауылдан шыққан, ауылдың тіршілігін жақсы білетін ер адамдар болғаны жөн. Ауылшаруашылық маманы болып істегісі келетін қыздарға мотивация керек. Қазір ҰБТ тапсырған соң, аз балл жинағанның көбі ауылшаруашылығы мамандықтарына түседі. Биология таңдап, медицинаға, педагогикаға түсе алмағандар бізге келеді. Оның 95 пайызы – қыз балалар. Бәрі грант үшін келгендіктен, мемлекеттің ақшасы далаға кетіп жатыр деген сөз. Мұның бәрі, айналып келгенде, ауыл шаруашылығына зиянын тигізеді. Дегенмен нақты осы мамандық бойынша жұмыс істеп жатқандар он, ары кетсе он бес пайызға жетті деп айтуға болады. Қандай саланы озық технологиялармен жабдықтап, жасақтап қойсаң да, ол жерде істейтін мамандар болмаса, бәрі бекер. Жемқорлықтың кесірі де бұл саланы оқытатын оқу орындарын айналып өткен жоқ. Аудиторияға келмеген балаға төмен балл қойылып, сессиядан өтпей қалса да, қандай да бір жолмен диплом алып, университет бітіріп жатады. Ертең ол бір жерге маман болып орналасып, миында білім жоқ болса, ауыл шаруашылығына деген қиянат деген осы емес пе? Оқу барысында студенттер өтетін тәжірибе көлемі бар болғаны бір, екі апта, ал өндірістік тәжірибе 2-3 ай көлемінде, оның өзін үзіп-жұлып өткізеді. Мұндай аз уақытта студенттер ауыл шаруашылығындағы барлық үрдістерді үйренуі мүмкін емес. Ал шетелден келген мамандардың біздің ауыл шаруашылығына жаны ашиды дегенге сенбеймін. Жастар – біздің келешегіміз, еліміздің болашағы солардың қолында. Қазақстан аграрлық мемлекет болғандықтан, бұл саланы тек білікті мамандармен қамтамасыз етіп, елімізді көркейте аламыз. Сондықтан жастарға айтарым: көшеге шығып айғайлап, талап қоюдан бұрын, ең алдымен, өздеріңе талап қойыңдар, сапалы білім алыңдар, сол кезде ғана мемлекетімізді өзіміз ғана дамыта аламыз.

– Қазір апорт жоқ деп айтып жүрміз. Осы білімсіздіктен апорттан айырылып қалдық па? 

– Апорт жоғалған жоқ. Ол бар және болашақта болады да. Бірақ апортты өсіретін мамандар жоғалып кетті. Апорттың азайып кетуіне бірнеше себеп бар: апорт өсіп-өнуі үшін өте керемет жағдай талғайды. Тау бөктерінде, теңіз деңгейінен кем дегенде 800-900 метр биіктікте, тіпті 1200-1500 метр биік деңгейде өскен болса, бұрынғы апортымызбен қайта қауышар едік. Апорт жабайы алма, әсіресе Сиверске телінген болатын болса, өзінің сорттық қасиетін жақсы сақтайды. Негізі жеміс ағашы екі бөліктен тұрады. Жер асты бөлігі – телітуші, жер үсті бөлігі – телінуші, яғни сорт. Ал жер асты бөлігінің, яғни телітушінің екі түрі болады. Біреуі табиғи тұқымнан алынған болса, екіншісі – клонды телітуші, яғни жасанды. Қазір көптеген бақтарда клонды телітушіге телінген апорттың өсіріліп жатқанын байқап жүрміз. Сондықтан оның қоршаған ортаға төзімділігі төмен, аурулар мен зиянкестер тез зақымдайды, иммунитеті төмендейді.  Егер себінді телітуші, алайда астыңғы бөлігі табиғи болса, сорт қоршаған ортаға өте бейім болып келеді. Клонды телітуші болғандықтан, бұрын-соңды болмаған вирустар және аурулармен тез зақымдалғыш болып келеді. Бұған қарқынды заманауи  бақ өсірушілері де «үлес» қосты. Олар баққа отырғызған екпе көшеттердің көпшілігі аурулармен зақымдалып келеді. Сорт қаншалықты жақсы болған сайын, соншалықты күтімді қажет етеді, апорт – сондай талғамшыл сорт. Апорт өсіретін шаруашылықтар бұрын тау бөктерінде орналасқан еді. Қазір ол жерлер демалыс аймақтарына, тұрғын үйлерге айналды. Апорт бақтары біртіндеп қурап, қатты азайды. Апорт неғұрлым төмен жақта өсетін болса, соғұрлым өміршеңдігі төмендейді. Шаруашылықтар жазық жерлерде орналасқан қарқынды бақтарда  апортты өсіруге тырысады. Алайда бұл дұрыс емес. Қарқынды заманауи аласа бақтар өсіруге еш қарсылығым жоқ, бірақ ол апорт өсіруге келмейтін бақтар. Әрбір сорттың өзіндік қасиеті бар екенін естен шығармау керек. Апорт көп күтімді қажет ететін болғандықтан, оны көпшілігі өсіргісі келмейді. Міне, апорттың жоғалып кетті деген себептері осы. 

– Апортпен айналысу үшін адамға табандылық пен еңбек қажет болғаны ғой.  

– Қазір апортты бұрыннан бағбандықпен айналысқан, әкесінен қалған кәсіп ретінде алып жүретін, апортқа жанкүйер болып жүргендер ғана өсіріп жатыр. Жаппай апорт өсіруіміз керек деп айтпаймын. Бренд болғаннан кейін аз өндіріп, қымбатқа сатуға болады. Оған көп жердің керегі де жоқ. Апортты өсіру үшін 7-8 жыл керек. Сиверске телініп, барлық жағдайды жасаған болатын болса, апорт 5-6 жылда жеміс береді. Ал тауарлық өнімді 8-9 жылда береді. Сондықтан апортты өсіру үшін кем дегенде он жылдық бағдарлама керек. Сол кезде ғана апортты жаңғырта аламыз. Айналысқысы келетін адам тау бөктерінен жер алып, он гектар жерге отырғызып көру керек. Апорттың «Салтанат», «Рашида» сияқты клондалған түрлері қандай жағдайда өсетінін анықтауға болады.

– Апорттың клондалған түрлері жағдай талғамай өсе бере ме? 

– Өсе береді, бірақ жылдан-жылға зерттеулер жасап, ауруларға қаншалықты төзімді екенін білу керек. Біреуі таз қотыр ауруына төзімді болса, біреуі ақ ұнтаққа төзімсіз болуы мүмкін. Мысалы, қазір апорттың 146 клонын шығарып отыр. Оның бірнешеуі ғана шаруашылықта қолданыста. Апортпен айналысатын адамдар аз болғанымен, оған деген қызығушылық әлі де басыла қойған жоқ. Қазақстаннан көшіп кеткендер, еліміздің алма отаны екенін білетіндер, әсіресе шетелдіктер апортты сұрайды, аңыз болып тарағанын біледі. Бренд болғаннан кейін бәрі тұтынғысы келеді. Тағы бір айта кететін нәрсе, апортты экологиялық тәсілмен өсіру өте тиімді. Яғни алма өсіруде дәрі-дәрмек қолданбай, органикалық бақ отырғызып өсіруді айтып отырмын. 

– Апортты сонша іздейтіндей қандай ерекшелігі бар? 

– Басқаларға қарағанда дәмі өзгеше, қышқылдылығы төмен, өте тартымды, тауарлық сапасы және дәмі өте жақсы сорт. Басқа алмалардың құрамында қандай заттар болса, апортта да сондай заттар бар. Оның кемшілігі – өндірістік сорт емес. Ұзақ сақталмайды. Ең ұзақ дегенде жаңа жылға дейін ғана сақталады. Сатылымға жіберген күннің өзінде тез бұзылады. Жалпы алманың үзуге дейінгі пісу мерзімі және үзгеннен кейінгі пісу мерзімі бар. Күздік, қыстық алманы жұлып алған кезде қатты болып тұрады. Қоймада сақталғаннан кейін сорттық қасиетіне келеді, пісу мерзіміне жетеді. Ал апорт үзіп алғаннан кейін тез пісу мерзіміне жетеді. Сондықтан бұл экономикалық тұрғыдан ұтымды емес. Қарқынды бақта өсірілетін Голден Делишес (Золотое превосходное), Стракримсон (Американка) секілді сорттар, әсіресе шетелден жерсіндірілген алмалардың сақталу қабілеті әлдеқайда жоғары. 

– Біз қандай алма жеп жүрміз? Базарға барсақ, алманың түр-түрін көреміз. Қайсысын аларын білмейміз. Өзіңіз базарға барғанда қандай алма аласыз? 

– Әрине, базарға барғанда маман ретінде жақсы алма аламын. Қарапайым халық денсаулығын ойласа, алма алудың бірнеше тәсілін білу керек. Біріншіден, сенімді шаруашылықтан алу керек. Ол болмаса, саяжайда апалар өсіретін алманы алған жөн. Егер алманың бір жерінде құрты болса, дәрілермен өңделмеген деген сөз. Ал жылтырап, әдемі болып тұрса, күмәнмен қарау керек. Саяжайы, шаруашылығы жоқ таныстарыңыз болмаса, базардағы әртүрлі алмадан бір келі алып, үйге келген соң ортасынан бөліп қойыңыз. Егер 15 минуттан кейін қарая бастаса, ол алма таза деген сөз. Себебі, таза, тірі организмде ауа, зат алмасу процесі жүреді. Бөлген алма қанша уақыт тұрса да өзгермейтін болса, ол денсаулыққа қауіпті.
Қазір алмаларды вирустарын, бактерияларын жою үшін көп дәрілейді. Кейбір пайдалы бактерияларды да дәрі жойып жібереді. Кейбір шаруашылықтар 24-25 рет дәрілік өңдеу жасайды. Еуропада бұл қалыпты жағдай, өйткені олардың өндірген алмасының 50-60 пайызы экспортқа шығады. Түйін тастағанға дейін дәрілік өңдеуден көз ашпайды, әсіресе қарқынды бақтарда. Дәрілемесе, өнім ала алмайды. Түйін тастаған алмаға жемір деген құрт үйір болады. Оған қарсы тағы дәрілейді, сақтау мерзімінен кейін тағы да дәрілейді, сақтаудың алдында да дәрілейді. Мұндай алмалар денсаулыққа зиян, әрине. Егер қолыңызда осындай алма түсіп қалса, жемей тұрып 15-20 минуттай суға салып қою керек. Суға улы заттары бөлініп шығады. Содан кейін ағып тұрған сумен шаю керек. Кейде маған шаруашылықтардан алма беріп жіберейік дейтіндер болады. Олардың алмасын жемейтінімді бірден айтамын. 9-10 рет өңдеуден өткізу ғылыми тұрғыда жеткілікті болып саналады. Ал өте жиі және көп рет өңдесек, жемістің өзіндік иммунитетін сақтауға мүмкіндік бермейміз. Дәрілей салғаннан гөрі балама түрлерін қарастыруымыз керек. Мысалы, көрші бақтардан аурулар «ұшып» келмес үшін, алма бақтың айналасына қорғаныш жолақтар отырғызу керек. Құрт-құмырсқаларды ұстайтын тосқауылдар қою қажет.

– Үлкен жолдардың бойында алма бақтары бар. Көлік жүретін жерлерге бақ отырғызу, одан алған өнімді пайдалану денсаулыққа зиян емес пе?

– Жол бойында жеміс-жидек өсірген жағдайда, жаңа айтқанымдай, жолдың бойында көліктерден келетін зиянды заттардан қорғайтын қорғаныш жолақтарын отырғызу керек. Қорғаныш жолақтары дегеніміз – жасыл желектер. Орташа, биіктеу етіп отырғызса, жемістерді зиянкестерден, зиянды заттардан қорғайды. 

– Яғни жолдың бойына бақ отырғызу да білместікпен болып тұр ма? 

– Жоқ, көптеген бақ отырғызылған жер телімдері жолдың бойында, тек бақ отырғызбас бұрын, жер жағдайын анықтап алған жөн. Су, ауа дұрыс келе ме? Сақтайтын қоймасы, техникасы бар ма? Бәріне мән берген дұрыс. Әйтпесе өнім алу қиынға соғады. Бірден жүз гектар жерге емес, он гектар жерге отырғызып, мүмкіндігіңді сынап көр. Егер жақсы игеріп кетіп жатсаң, ары қарай гектарды кезең-кезеңімен игере берсең болады. Алайда бұл қағиданы бәрі сақтай бермейді. Бірден пайда тауып, байып кеткісі келетіндер бар. Тағы бір айта кететін жайт, бақ өсіретіндер мақсатын анықтап алмаған, нарығын зерттемеген болып шығады. Бұл салаға да менеджер, маркетинг керек екенін білмейді. Шетелдерде бірде-бір жеміс ағашын отырғызбай тұрып, нарықты зерттейді. Қайда өткізеді, кімге сатады, қай жерге жібереді, қай жерлерді қамтамасыз ете алады, өндіріп сата ма, әлде жасаң күйінде сата ма, бәрін зерттейді. Ресурсы қанша жерге жететінін де білген жөн. Менен кеңес сұрайтындарға айтарым, алма бағын отырғызу алдында үлкен талдау жасау керек, әрбір қадамын терең ойлап басқан жөн. Егер 100 алма ағаш отырғызсаң, 100 бала бағып отырғанмен тең. Әрбір түпке күтім керек, егер біреуі ауырса, бәрі ауырады. Ал оны күтіп-баптауға білімі болмаса, бәрі бекер. Айналып келгенде, маман тапшылығы туралы мәселеге тап келеміз. Бақты қалай отырғызу керек, оған қандай дайындық жасау керек екенін мамандар біледі. Мақсат түсініксіз, ресурс пен білім жоқ, бірақ ақша ғана бар болса, жалпы ауылшаруашылығы кері кетеді. Ақшаның күшімен бақ өсіремін деп шығынға кетіп қалған адамдарды да білеміз. Шетелден жемістер алып келеміз деп, түрлі ауруды қоса ала келгендер бар. Ең сорақысы, сол ауруларды емдейтін дәрілерді сатып жүрген ғалымдар бар. Бұл салаға білімнің күші керек. Әйтпесе Қазақстанның қай аймағының да климаты өте қолайлы. Әсіресе ауылшаруашылығын, малшаруашылығын дамытуға. Ол үшін білім керек. Ауыл- шаруашылығын білімді және білікті мамандармен қамтамасыз етпей, бұл тығырықтан шығу қиын. Мемлекет бұл салаға ақша бөліп жатыр, түрлі ғылыми жобаларға тапсырыс береді. Бірақ ол ғылыми жобалардың нәтижесі қайда? Неге өзіміз шығарған сорттарымыз өсірілмейді? Неге қоршаған ортаның кері әсерлеріне төзімді келетін сорттар шығарып, селекцияны дамытпаймыз? Ғылыми зерттеу институттары неге бұл мәселеге немқұрайды қарайды? Неге ғылымның нәтижесін өндіріске енгізу өте баяу жүріп жатыр? Неге мамандарды дұрыс дайындамаймыз? Меніңше, бұл сұрақтардың жауабын іштен іздеуіміз керек. 

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

1312 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз