Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Ақпан, 2022

Алмаш ТІЛЕСПАЕВА, әлеуметтанушы: БІЛІМ САЛАСЫНДА ӘЛІ ДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК БАР

Қазақстандық білім беру жүйесінде заман талабына сай реформалар уақытылы енгізілетініне қарамастан, әлі де ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер жетерлік. Мысалы, бір ғана 2021 жылы PaperLab орталығы жүргізген Орта Азиядағы білім беруге қатысты зерттеулері Қазақстан мектептеріндегі жаңарту мен толықтыруды қажет ететін біраз мәселенің бетін ашты. Осыған орай еліміздің орта білім ордаларында кездесетін ауқымды мәселелер жайлы әлеуметтанушы Алмаш Тілеспаевамен сөйлесуді жөн көрдік. 

– Пандемия білім беру саласындағы бұрыннан қордаланған мәселелердің өзектілігін одан сайын айшықтап берді. Қазір де коронавирусқа байланысты еліміздің кейбір оқу орындарында онлайн оқу әлі де жалғасын тауып отыр. Бұл мәселе білім берудегі теңсіздікті тудырмай ма? 

– Білім саласындағы теңсіздік түйткілі бар екені рас және бұл пандемия мәселенің одан әрі шиеленісуіне едәуір ықпал етті. Қашықтан оқытудың дүниежүзінде кең таралғандығы және жаһандық әлем қауымдастығына кіру әдістерінің бірі екендігіне қарамастан, Қазақстанда оқытудың дәл осы түрі кең дами қойған жоқ. Бұл инфрақұрылыммен және цифрлық сауаттылықпен тікелей байланысты.

Статистикаға сүйенсек, 2021 оқу жылы қазақстандық білім беретін мектептердің жалпы саны – 7440, оның 2200 жуығы қалада орналасса, қалғаны (яғни 70%) ауылда. Ал ауылдың ­проблемалары қандай? Ауыз су, газ бен жарық, автомобиль жолдары, байланыс. Осының барлығы ауылдағы мектепке де қатысты. 

Осылай, қашықтан білім беру процесін қамтамасыз ету үшін мұғалімдердің кәсіби дағдылары мен санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуынан бөлек, кең жолақты интернетке қолжетімділік жайында (әңгіме онлайн форматта білім алуға арналған арнайы бағдарламалық қамсыздандырумен жұмыс жасау туралы). Ал ауылда интернет болса қымбат, кең жолақты интернет, әдетте, әкімшілік, емхана немесе аурухана, мектеп, мәдениет үйі сияқты мемлекеттік мекемелерге ғана тартылған; қала мен ауыл мектептеріне ортақ мәселе – материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету  мәселесі (компьютерлік жабдықтар, құралдар көбіне ескі және бағдарламалық қамсыздандыру үнемі жаңарып отырған мета/кибер кеңістік талаптарына жауап бермейді).

Екінші түйткіл – цифрлық сауаттылық. 

Қазақстанда білім беру секторын цифрландыру 1997 жылы білім беру саласын, оның ішінде онлайн-оқытуды автоматтандырудан басталды. Алайда, қоғамның маңызды салаларын цифрландыру процесіне тартылған қатысушылардың рөлі мен жауапкершілігін анықтаудың өткір қажеттілігі ұзақ уақыт бойы сақталды. Осы жағдайға байланысты 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның логикасына сүйене отырып, цифрландыру білім беру саясатын оңтайландыру мен акселерациялаудың инфрақұрылымдық-технологиялық негізі болуға тиіс. Ол үшін, алдымен, халықтың цифрлық сауаттылығының іргетасын қалап әрі цифрлық дағдыларды жетілдіру қажет. Осы бағытта мемлекеттің атқарып жатқан іс-шаралар кешені белгілі бір нәтижелерді көрсеткенімен, қарапайым халық басым бөлігінің цифрлық сауаттылығы мобильді қосымшаларды пайдаланудан әрі аспайды.

Қашықтан оқытуға өту кезінде осы жайт білім сапасына едәуір ықпал етті. Оқу процесіне тікелей қатысы бар мұғалімнің де, оқытушының да, ата-ананың да цифрлық сауаттылық дағдылары қажетті деңгейде сапалы оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік бермеді. Әрине, қалалық жерлерде, әсіресе, элитарлық мектептерде цифрлық сауаттылық жоғары, себебі оларда оқу процесіне қажетті (қаржылық, техникалық, байланыс/желі) капитал қолжетімді. Коронавирус пандемиясы кезінде білім саласында айқын көрініс тапқан әлеуметтік теңсіздік осыдан байқалады.   

–Қазақстан мектептерінде сыныптағы оқушы санының көптігі, мектеп жетіспеушілігі әлі де байқалады. Бір ғана мысал, биылғы оқу жылының басында елорда маңындағы Қосшы ауылында бірінші сыныптар саны «Ш» әрпіне дейін жетіп, оқушылар үш ауысымда оқуына тура келгенін көптеген БАҚ көтерді. Осындай мәселенің туындайтынын алдын ала болжап, алдын алу қаншалықты мүмкін?  

– Әрине, қай саладағы мәселе де жан-жақты талдауды және кешенді іс-шараларды талап етеді. Мысалы, сыныпта оқушы санының көп болуы немесе мектеп санының жетіспеушілігі. Біріншіден, әлеуметтанушылар, демографтар мен әлеуметтік статистикамен айналысатын мамандардың сараптамалық жұмысы қажет, яғни урбанизация, ішкі және сыртқы миграция процестерін ескере отырып мектепке дейінгі балалар саны, мектепке баратын балалар санын болжау. Әлеуметтанушылар мен әлеуметтік жұмыскерлер инклюзивті топтағы балалардың жалпы білім беретін мектептерге бару, бейімделу қажеттіліктерімен, қоғамның осы топтағы балаларды қабылдауына байланысты мәселелерді талдауы және тағы басқа. Осы мәселеде қаржы мамандары мен сәулетшілердің өз бағыты бар. 

– Білім беру инфраструктурасы қаншалықты маңызды?

– Бірінші сұрақтағы материалдық-техникалық база мәселесін жалғастырсақ, қала-ауыл бөлінісіндегі ғимараттар жағдайы, қажетті ақпараттық-технологиялық қамсыздандыру (компьютерлер, зертхана құрал-жабдығының болуынан басқа, олардың жұмыс жасауы және балалардың қолжетімділігі) арасындағы айырмашылықтан бөлек, қалалық жердегі мектептердің инфрақұрылымы арасындағы теңсіздік айтарлықтай терең. Мысалы, жылдық ақысы 1 млн теңгеден басталатын жеке меншік мектептер, НЗМ, ҚТЛ мен жалпы білім беретін мемлекеттік мектептердің оқу процесін жүзеге асыру барысындағы кеңістікті ұйымдастыру (ғимараттың сапасы, жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, ауаның  дұрыс айналымы, қысқы мерзімде сыныптардың жылы болуы), материалдық-техникалық және ақпараттық қамсыздандырудың деңгейі (кітапхана қоры және оның жаңартылуы, әлемдік кітапхана қорларына қолжетімділіктің болуы, интернеттің үзіліссіз жұмыс жасауы) арасында да айырмашылық бар.

Бұл да әлеуметтік теңсіздіктің бір көрінісі. Мысалы, PaperLab зерттеу орталығы жүргізген білімдегі әлеуметтік теңсіздік туралы зерттеуі дәретхананың мектепте болуы, не болмауы, оның орналасу жері сияқты қарапайым нәрсе арқылы білімдегі әлеуметтік теңсіздікті және оның салдарын жақсы түсіндіреді. Зерттеу нәтижелері дәретхананың мектеп ғимаратының ішінде, не сыртында орналасуы санитарлық-гигиеналық қажеттіліктерге жұмсалатын уақыттың көлеміне ықпал етеді, сәйкесінше, сырттағы орынға барып-келуге көбірек уақыт кетеді, ал осы аралықтағы уақытты білім алу үшін тиімді пайдалануға болады. Қысқы уақытта жағдай тіптен қиын. Осындай мән берілмейтін нәрселер әлеуметтік теңсіздіктің негізінде жатыр.  

– Инклюзивті білім беру мәселесіне келсек. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны өсіп келе жатқандығы білім беру жүйесін одан сайын күрделендіре түсуде. Жалпы, осы мәселені шешуде неге бет бұруымыз кекрек? 

– Инклюзивті білім беру мәселесі қоғамда енді ғана белсенді талқыланып жатыр. Неге? Себебі ұжымдық жадымызда біздің қоғамда «мүгедектер» жоқ. Бұл Кеңес үкіметінен қалған ұстаным және біздің одан арылуымыз өте баяу жүріп жатыр. Осы мәселе жоғарыда аталған зерттеуде де қарастырылған. Зерттеушілер пікірінше, мемлекет үшін инклюзивті білім берумен қамтамасыз ету дегеніміз – кедергісіз ортаны қалыптастыру, көп жағдайда мәселе пандустарды орналастырумен ғана шектеледі. Яғни, инклюзивті топтар туралы айтқанда, біз негізінен мүмкіндігі шектеулі балалар туралы ойлаймыз және олардың оқу процесін жалпы білім беретін мекемелерде ұйымдастыру туралы мәселе туындағанда ең оңай шешім – үйде оқыту формасы таңдалады. Қажеттілікке байланысты балама жолдарды іздеу, әдетте, ҮЕҰ немесе халықаралық ұйымдар тарапынан жүргізіліп жатыр.

Ерекше қажеттілігі бар балалардың мектепке қабылдану қажеттілігі бойынша мектеп, білім басқармасы, денсаулық басқармасы, әлеуметтік жұмыскерлер мен ата-ана өзара іс-қимыл жағдайында жұмыс жасауы қажет, яғни мектептерді және мектеп ұжымын әрбір инклюзивті топқа (көру мүмкіндігі шектеулі, құлағының мүкісі бар, девиантты балалар) бағыттап жинақтау.  

– Орта Азия елдерінде мектеп жасындағы балаларға қатысты үлкен мәселе – ерте тұрмыс құру мен ерте еңбекке араласу әлі де толықтай шешімін таппай келеді. Бізде де оңтүстік аймақтарда ерте тұрмыс құрған мектеп жасындағы жасөспірімдер кездеседі. Бұл мәселенің негізгі себептері қандай? Менталитеттік, салттық ерекшелік пе, әлде білімге немқұрайлы көзқарастың әсері ме?

– Біз әлі де консервативті, яғни дәстүрлі қоғамбыз. Отбасындағы патерналистік қатынас қоғамдағы қарым-қатынастың бейнесі, яғни ер адам – асыраушы, әйел – ошақ ұйытқысы. Осы ұстанымның білімдегі әлеуметтік және гендерлік теңсіздікке алып келетіндігіне PaperLab ұйымының зерттеуі дәлел бола алады. «Қоғам үшін қыз баланың миссиясы тұрмысқа шығу және бала табу», – дейді орталық зерттеушілері. Қыз баланы осы миссияға итермелеудің бір формасы – үй шаруашылығындағы жұмыстың басым бөлігін қыздың мойнына арту. Яғни қыз баланың үй жұмысына жұмсаған уақытын ұл білім алуға жұмсай алады.

Әрине, жаһандану мен модерн қоғамының тұлғаға қоятын өз талаптары бар (жетістікке жеткен тұлға болу үшін үздіксіз білім алып, кәсіби дағдыларыңды жетілдіріп отыруың қажет) және «сен» осы талаптарға жауап бере алмасаң, аутсайдер болып қаласың. Дегенмен, қоғамның қай саласын алсаңыз да осы патернализмге тап боласыз, себебі «ұжымдық сана» өз ережелерін таңады.

– Білім беру теңсіздігі сақталатын болса, оның соңы неге ұласуы мүмкін?

– Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жеңу мүмкін емес. Әлеуметтік теңдікті аңсаған утопиялық бірде-бір режим сәтті аяқталмаған және дәл қазір ондай режим жоқ. Біз әлеуметтік топтар арасындағы теңсіздікті ғана қысқарта аламыз. Ол үшін билік экономикалық, әлеуметтік және саяси салада кешенді жұмыс атқаруы тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, әлеуметтік теңсіздікпен тығыз байланысты әлеуметтік әділеттілікті әркім әрқалай түсінеді. Бірі үшін бұл – игілікті қажет-қажет емес болсын барлығын тең бөлу (әлеуметтік масылдыққа алып келеді және қазақстандық қоғамда осы құбылыстың көріністері бар), бірі үшін бұл – игілікті қажеттілігіне қарай бөлу. Сондықтан, халық ішінде мемлекет жүргізіп жатқан реформаларды халыққа түсінікті тілде түсіндіру және насихаттау маңызды.  

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гауһар ТҮСТІКБАЕВА

1860 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз