Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 20 Ақпан, 2022

Түркістан облысында экзотикалық жеміс өнім беріп жатыр

Түркістан облысында жылыжайға лимон көшетін жерсіндіріп, одан өнім алу сәтті жүзеге асып жатыр. Оңтүстік өңірдің шаруалары еліміздің климатына қолайсыз келетін экзотикалық жемістен былтыр 90 тонна өнім жинады.

Шипажай аумағында шағын жылыжай тұрғызған кәсіпкер дайын өнімді емдік тәсілге де қолданады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қияр мен қызанақтың орнын алмастырған экзотикалық жеміс жылына екі рет өнім береді. Сондықтан жылыжайдағы лимон көшеттерін қырқып, шақтап кетуден сақтау маңызды. Ал мамандар артық шыбықты жерге егіп, дұрыс күтіп қарасаңыз дереу жерсініп кетеді, - дейді.

Тропикалық аймақтың ауа температурасына бейімделген лимон енді арыстық шаруалардың жылыжайына жерсініп, өнім беріп жатыр. Көшеттерді көрші Өзбекстаннан алдыртқан тұрғындар жеті соттық жерге 26 түп лимон ағашын еккен. Қазір тұқымы өздігінен көбейіп, екпе шыбықтар ерте бой түзеуде. Жылыжай жер астынан шығатын ыстық сумен жылытылып, құнарлы топырақ ешбір қоспасыз табиғи дәрумендермен тыңайтылады. Абылайхан Қосаев, бағбан:

– Бұл өсімдік ылғалды жақсы көреді. Ауа температурасы 60-80% ылғал болуы керек. Жаздыңгүні қиындау болады. Біз ол кезде таңертең аздап су сеуіп тұрамыз. Сөйтіп ылғалды сақтап тұрамыз. Алып бара жатқан шаруа жоқ. Уақытында суғару керек. Уақытында жер өңдеу жұмыстарын жасап, қарап тұрса болды. Қазір жиын-терім науқаны аяқталуға жақын қалды. 1 тоннадан астам өнім алған шаруалар жемісті емдік тәсіл ретінде қолданып жатыр. Емделушілерге бір мезгіл ыстық шәйға лимон қосып береді.

Қуанышбек Ерназар, демалушы:

– Бізге екі күнде бір рет лимонмен шай келеді. Соған қарағанда өзінің диетологтарының қойғаны шығар. Балшық пен ыстық судан келгеннен кейін сыртқа шығып лимонмен шай ішкен кезде терлеп, иммунитетің көтеріліп отырады.

Алмагүл Танкеева, демалушы:

– Лимон шайінің пайдасы өте керемет. Біріншіден, адамның ағзасына жақсы әсер етеді, екіншіден, менің жүйке жүйем тозған, қан қысымым бар, соған күнделікті қолданамын. Болашақта шипажай аумағына салынған қос жылыжайды кеңейту жұмыстары күтіп тұр. Осылайша келушілерді лимон бақта серуендетіп, ауасының өзін пайдаға жаратпақ. Жылына екі рет гүлдейтін жемістің өзіндік иісі мен ауа айналымы денсаулыққа пайдалы, - дейді. Айтуларынша, бұл әлемдік тәжірибеде бар.

Әбдіәлім Ысқақ, шипажай қызметкері:

– Лимонның өзі гүлдегенде ауа өте керемет болады. Адамның көкірегін ашып, сондай жақсы ем береді. Сол жағын кеңірек дамыту жоспарда бар.

Түркістан облысы бойынша өткен маусымда 8,5 гектар жерден 90 мың келі лимон өндірілді.

Арыс, Сайрам, Жетісай, Мақтарал, Сарыағаш, Ордабасы мен Сауранның шаруалары осы кәсіпті кеңінен меңгеріп, дайын өнімді ел ішінде саудалауда.

517 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз