Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 22 Ақпан, 2022

Алматыда әйелдер кәсіпкерлігіне арналған "Women in Business" форумы өтті

Бүгін Алматы қаласындағы «Рахат Палас» қонақүйінде әйелдер кәсіпкерлігіне арналған «Women in Business» экономикалық форумы өтуде.

Оңтүстік шаһарда осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған шара «Мегаполистің экономикасы мен тіршілігін қалпына келтіру перспективалары», «Кәсіпкерлікті дамыту және дағдарыстан шығу жөніндегі тиімді кейстер» тақырыптарына арналды. Форум барысында түрлі салада табысқа жеткен көшбасшы әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, сарапшылар бизнестегі және ел экономикасындағы қыз-келіншектердің рөліне баға берді.

Бүгінгі жиын қатысушылары қазақ әйелінің отбасы, ошақ қасынан бөлек ел экономикасы, сонымен қатар, әлемдік нарықта да өзінің мүмкіншілігін көрсете білетін жоғары потенциалды азамат екенін дәлелдеді.

Мәселен, бір ғана мейрамхана бизнесінде ерекше табысқа жеткен Айзада Үсенованың жетістігі бүгінгі жиынға қатысушы көпшілікті ерекше ынталандырған кейстердің бірі болды. Кәсіпкердің қазіргі таңда  Бішкекте 14, Алматыда 7 және Дубай қаласында 8 мейрамханасы бар. Алайда, бұндай нәтижеге жету  кәсіпкер үшін оңай болмаған. Табысқа жету жолында ол үлкен тәуекелдерге барып, қиын сәттерде күрделі шешімдер қабылдауына тура келген.

- Өзімнің сүйікті ісіммен айналысқаныма 14 жыл болды. Алғашқы мейрамханамды 23 жасымда аштым. Қазір 31 жобаны басқарамын. Бұл нөлден басталған концепция десем де болады. Олай дейтін себебім, оған құрылыс, басқару, маркетинг, бизнесті дамыту секілді барлық қызмет түрлері кіреді. Алматыда ашылған мейрамханалар өз жемісін бере бастаған соң, бизнесімді Дубайда жалғастырсам деген ой келді. Неге ол қаланы таңдадым? Өйткені, Дубай мен үшін өте қызықты шаһар, әрі мүмкіндігі мол орталық. Ол жақтағы мейрамхана нарығын зерттеп, жұмысымды бастауыма 6 ай уақыт кетті. Отбасыммен сонда көшіп бардық. Дубайдың мейрамхана нарығы бізден өзгешерек. Өйткені, онда халықтың демографиялық ерекшелігі, өмір сүру дағдысы, тағамдық таламдары бізге ұқсамайды. Сондықтан, жергілікті халыққа лайық бренд жасау оңай болмады. Кейін Saya cafeе жобасы дүниеге келді. Айтайын дегенім, ойыңызға алған дүниені қолға алудан қорықпаңыз. Екінші мәселе, тәуекелге бару, егер тәжірибе жинақтап, табысқа жеткіңіз келсе тәуекелге бет бұрыңыз, - дейді Қазақстандағы «Social group» кофеханалар желісінің жетекшісі.

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің Төрайымы Елена Бахмутова Дүниежүзілік Банктың 2021 жылғы бизнестегі әйелдер және заңға арналған зерттеуі туралы баяндамасында әлем экономикасындағы қыз-келіншектердің алатын үлесіне тоқталды. Оның айтуынша, соңғы 5 жылда әлемде әйелдердің менеджментте, бизнесте белсенділігі едәуір артқан. Мәселен, егер 5 жыл бұрын әлемдік топ менеджментте әйелдер 25 пайызды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 31 пайызға артқан. Ал, Қазақстанға келер болсақ, әйелдердің кәсіпкерліктегі үлесі 75 пайыз, жұмыспен қамтуда ғы көрсеткіші - 50 пайызды калса, тек зейнетақымен қамту жағынан ғана төменгі көрсеткішке ие болған.

2021 жылдың маусым айынан бастап Atameken Business Club онлайн-жобасы іске қосылған болатын. Ол барлық салалардан 50 000-нан астам кәсіпкерлердің басын біріктірген. Жоба арқылы әр сейсенбі сайын онлайн тікелей эфирде бизнес, есеп, салық және кадр мәселелері талқыланады. Бүгінгі форум аясында алғаш рет Қазақстанның 10 қаласында Atameken Business Club офлайн форматында ашылды.

Экономикалық Форум Алматы қаласы "Атамекен" Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Форумның бас серіктесі – «Қазақстан Халық банкі» АҚ және шараға Қазақстан Баспасөз клубы ақпараттық қолдау көрсетті.

Жиын барысында әлемдік экономикаға дағдарыс әкелген пандемия, қоғамдағы гендерлік теңсіздік, Алматыдағы қаңтар трагедиясының қала экономикасына әсері және қаланы қалпына келтірудегі кәсіпкерлердің рөлі мен жалпы қоғамдық трансформация мәселелері форум қатысушылары үшін басты назарда болды.

Гауһар Түстікбаева,

Бейнематериалды әзірлеген 

Әлихан Жанарбек

"Қазақ газеттері" ЖШС

 

Qazaq Gazetteri

 

 

25682 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз